03.03.2022
151
ЖАҢБЫРЛЫ КЕШТЕ, КӨШЕДЕ
Жаңбырлы кеште, көшеде
Жүрді жалғыз жас жігіт.
Дем алады күрсіне,
Өңі қашқан сұп-сұрғылт.
Құйып тұр жауын нөсерлеп,
Алас ұрып ойнап бұлт.
Ұялған құстардай,
Үйінде отыр барлық жұрт.
Жалғыз ғана жігіт жүр,
Жапанда жалғыз батырдай
Онда сірә бар не сыр,
Білер ме еді, япырм‑ай!
Жүр ме әлде, жауыннан
Жан ләззатын табам деп.
Ескен желмен тілдесіп,
Алыстан хабар алам деп.
Кенеттен ол жанғандай,
Жарқ-жұрқ етті нажағай!
О, жоқ! Емес нажағай,
Жарқ-жұрқ етті ақ маңдай.
Жарқ‑ жұрқ етіп ақ маңдай,
Қыз келеді жарқылдап.
Қыз магниті тартқандай
Жетті жігіт жақындап.
Жас жүрегін қолына ап,
Қызға жігіт ұсынды.
Кетті сұлу ғайып боп...
Жігіт ауыр күрсінді.
Бұл бір кәміл ақиқат,
Мұнда терең бір сыр бар.
Кімде күшті махаббат
Болса, мұны сол ұғар.
1938, Алматы