03.03.2022
  198


Автор: Қасым Аманжолов

ЖЫЛҚЫШЫ ЖЫРЫ

(Романс)
Жылқым жатыр жайылып көкорайда,
Аш қасқырлар ұлиды әлдеқайда.
Жерде тұрып ым қағам қалғыма деп,
Аспандағы серігім алтын айға.
Қоңырау үнді құлыншақ, құрау-құрау!
Еркін ойна, асыр сап, жіберме жау.
Алтын жалды астымда арғымағым,
Сауырыңнан ай сүйсін, жас пырағым.
Маған орден тағылса, саған тұмар,
Сым жібектей тарармын құйрық- жалын.
Ай тұяқты сал күрең, саларым сайран.
Жүйткітермін сенмен болса майдан.
Бұлбұл қақты қанатың, таң да таяу,
Мезгіл жетті салатын әнге баяу.
Жас жүрегім тербетсін, әнім жетсін,
Жатқан шығар жан сәулем ұйқылы- ояу.
Тай-құлыншақ арда емген, жуса-жуса,
Өргізермін өлеңмен шолпан туса.
Шопылдатып ойнаса суда шортан,
Нұр шапаққа шомылар таңда шолпан.
Сол сықылды махаббат шұғыласына
Шомылармыз біз-дағы, сүйген қалқам.
Сал күреңмен салдыртып келген шақта,
Ақ білегін талдыртып бір құшақта.





Пікір жазу