03.03.2022
  198


Автор: Қасым Аманжолов

Ақындар бесжылдығы

(Достық әзіл)
Біреулер кетті кезіп ақша бұлтты,
Біреулер бір-ақ аттап шыңға шықты.
Біреулер айға барып айғай салып,
Жұлдызбен алтын кірпік сырласыпты.
Аспандап алыс кеткен не бір мықты,
Не қылсын төмен қарап , жерді ұмытты.
Күндердің бір күнінде бір сонау көктен
Төгер деп жыр нөсерін, мен үміті.
* * *
«Өлсем орным қара жер сыз болмай ма?!»
- Жібермейміз, қорықпаңыз сізді ондайға;
Өлген жан «қайтып келіп ойнап-күлмес»,
- Ол қате,пожалуйста, күл де ойна! –
Деп Мұхаң жіберді ашып сахналарды,
Тіріліп ән сап Абай тұра қалды:
«Мен бір жұмбақ адаммын,оны да ойла».
- Ойлап жазып жатырмын төрт романды;
«Жұп-жұмыр келсін тегіс айналасы»,
Деді Абай. Мұхаң біраз ойға қалды.
* * *
«Сұлушаш» қашты шошып «Ақ аюдан»,
Сәкең жоқ қашқан қызды соңнан қуған.
Сырласып Асқар, Темір, Балуанмен,
«Сөз – советтік Армия» сапын құрған,
«Біздің заман батыры» мына тұрған,
«Есілдей» есіп жатқан көғілі бар,
Сәкеңе өкпелейтін «қай антұрған»
* * *
«Қыз-Жібек, Ақтоты мен Баян сұлу,
Қыз тусаң, о дариға, солардай ту!»
Деген жыр шалынған соң құлағына
Ғабеңнің жүрегіне бар ма тыншу!
Ыза бопҚозы менен Төлегенге,
Қаратпай үш сұлуды өле-өлгенге.
Ертіп кеп театрға енгізіпті,
Білмеймін ештенесін одан өңге.
* * *
Әбділда таңғаламыз мінезіңе,
Кіргізбей «Көтерілген күмбезіңе».
Дейсің-ау «Біз де қазақ» баласымыз,
Күмбезді салып па едің бір өзіңе?
Ала кір ең болмаса Шахметіңді ,
Бұл Шахмет алмай қойды біздің тілді.
Жіберді өкпелетіп «Марабайды»,
«Алдармен» дос болған соң, аяр кімді?
* * *
Шомылып Асқар отыр сонау Сырда,
Берерін бергендей-ақ бір ғасырға,
«Қолдай көр Қожахмет Яссауи» деп,
Ол отыр, «Уборщица» тұр қасында.
* * *
«Миллион қол», «Күн тіл қатты», «Тасқын», «Нарын»,
Тайыр ап, таусып қойды-ау гонорарын.
«Ақылдан қайғы» жасап алғаннан соң,
Білмеймін «Сұр құлынмен» не табарын.
* * *
«Астында қызыл тудың қызыл тайынша»,
Япырым-ай, «ыңқылдайды» ол қалайша?
Құдіреті Ғабиденнің күшті емес пе,
Балқытты темірді де осылайша!
* * *
«Әлжаппар қолына ұстап «Жас түлегін»,
Кетіпті көремін деп көмір кенін,
Шаршап-ақ жүрген шығар шахта астында,
Ол өзі жек көруші ед семіргенін.
* * *
Түбінде Ғали отыр Еменінің
Ақ шалып бара жатыр бастың түгін.
Қайтсын бұл қажыған ғой көтерем деп,
Жамбылдың тастап кеткен ауыр жүгін.
* * *
«Дөң асып», «Жанар тауға» барды Ғабдол,
«Жанар тау» жолы өте бір қия жол.
«Ақ тары», «Шұбар таяқ» асулары
Асырмай, қатты шаршап қалды Ғабдол.
* * *
«Егерде қазақ ұлы екенсің сен»,
Қалижан, қайтер едің сөзге көнсең.
Шашылмай онда-мұнда жазсаң өлең,
Кетер ме Жұмабайда сенің есең?
* * *
Әкелші Жұмағали лириканды!
Жанында Күләндаңның ұйқым қанды.
Жырлашы өз тілімен әр дәуірдің,
Мінгізбей Тайбурылға Бауыржанды.
* * *
Қуандық, сен шыққанда шын қуандық,
Аялап алдымызға «Ар» ыңды алдық.
«Құлақ тос көрден сен де аруақтар!»
Айтпаймын арғы жағын,аллауақпар.
* * *
«Әлхамды Әбу Эльмин Атрауын»,
Ақшамда аралапты Балқан тауын.
Оқыпты таң намазын Балатонда,
Бәйіт қып гүл жайнауын, құс сайрауын.
* * *
«О,Вольтер!» Қайда Қапан Сатыпалды,
Сатыпалды баласы жатып алды.
Жатып алды, аққудай ақын даңқын
Атып алды, тарихта аты қалды.
* * *
«Маскападтың» шығарып масқарасын,
Алмаиыда жортып жүр ерке Қасым.
Мазасын ап Қаратай Құрманычтың,
Жыр етіп жүр өзінің баспанасын.
* * *
Бар Семейді жеке алып Қайым, Жәкеш,
Талай есік сартта-сұрт ертелі-кеш.
Екеуінің алдынан жалғыз-ақ тек
Поэзия есігі ашылмайды еш.
* * *
Қайдасың, ақын Зияш Қалауова,
«Кавказдың» шығып едің қай тауына?
Мариям екеуіңдң сыйлаймыз біз,
Болмаса қап жүрерміз қыз дауына.
* * *
Ассалаумағалайкум, Есмағамбет!
Сіз үшін атқарам деп мен бір міндет.
Байқаусыз жеріңізге кеттім түсіп,
Ағайын адамбыз ғой, кеш, ғафу ет!..
1945





Пікір жазу