03.03.2022
  170


Автор: Қасым Аманжолов

Ғабдолға

I
Ғабдолым, алдым хатыңды,
Жарқ етті кеште бір бақыт.
Сенің от махаббатыңды
Шырақ еттім бейуақыт.
Елестеп өтті алдымнан
Жаралы жылдар бейнесі
Қаралы туын жамылған,
Шіріген қанмен жейдесі.
Жалдап бір жүріп қан жұтқан,
Адамды қыл ғып тірідей.
Түскендей жерге «тамұқтан»
Қап-қара алып бір дүлей,
Ырситып темір тістерін,
Жалақтап, жалмап, жұтынып.
Істеп бір алып істерін,
Тұр әлі тоймай, құтырып.
Жүрегім шоққа көмілді,
Жанымды жайдым өртеңге.
Сұмдықта кеткен кегімді
Қайтара алмай өтем бе?
Жеді ғой іштен өкініш.
Қайратымды үңгіп, қыстап.
Кеудеде тыңған дауыл күш
Шығасың қай күн ту ұстап?
ІІ
Сырласып,досым,сенімен,
Кеш еді оймен табысқан.
Айдаhар соғыс лебімен
Тартты кеп мені алыстан.
Құлдырап Қиыр Шығыстан,
Бұлдырап қырда,тауларда.
Жазылып көңлім құрысқан,
Жұлдызым жүзіп заңғарда.
Шабытпен түлеп,шарқ ұрып,
Құдіретті бір күш қонғандай.
Алысты көзбен шақырып,
Мерекем менің болғандай.
Қып-қызыл дария майданға
Басыммен сүңгіп келемін.
Бойлап бір шығып қайраңға,
Ойлап бір кешіп тереңін.
Білмеймін,қайда жоғалттым
Сескену,қорқу дегенді?
Есігін қақтым дозақтың
Өлеңмен келіп мен енді.
Жанымды салсам жалынға,
Жанады-ау деп те сескенбен.
Жап-жасыл балғын шағымда
Шомылып өртке өскем мен.
Қалсам бір қаусап мен өліп,
Достарым,аңсап,өкінбе!
Нажағайлы қара бұлт болып,
Жаңбыр боп жауып өтті де.
Подполковник Әлпинге
Ққттықтаймынбірімен майдың,
Подполковник, жолдас Әлпин!
Біздің ағажан еді жайқын,
Жымия күліп оқыр, бәлкім.
Етіңіз қабыл жүректің нәрін,
Ақын солдат махаббатын;
Ылтифатыңыз өзіме мәлім,
Мен бе оны ұмытатын?
Балтырың таңған, сұр шинель киген
Осы бір солдат өтер өрттен.
Тасқындай еркін поэзиясымен
Шығар бір барып келешектен.
Ұмытармын ба қасіретімді,
Қатыбас күндер қан соққысын?
Қабыл ал осы қабілетімді,-
Махаббат, достық жоралғысын.
1944





Пікір жазу