Сұңқар жыры
(М. Горький туралы)
І
Бір уһілеп, бір өксіп,
Жатты дүние дөңбекшіп,-
Азап шеккен арудай.
Тұншықтырып түн түнек,
Тұнжыраулы жер мен көк,
Күйзелгендей күн мен ай.
Сонда сонау қиядан
Ұшты сұңқар ұядан,
Ұшты самғап саңқылдап.
Қара түнді қақ жара
Қанатымен жол сала,-
Нажағайдай жарқылдап.
Ұшты сұңқар самғады,
Жиһан жүзін шарлады,
Көрді, ұқты түн сырын:
Екі басты самұрық
Шеңгелге сап тұр бүріп
Бостандықтың бұлбұлын.
Шықты сұңқар көкке өрлеп,
Көкірегін кек кернеп,
Бостандық деп жырлады.
Құмарта сұңқар үніне,
Таңшыл құстар сүйіне,
Бақыт жырын тыңдады.
Тау тулатқан толқын жыр,
Жосып аққан жойқын жыр
Солқылдатты жер-көкті.
Аңыз болған арман жыр,
Құлақ құршы қанған жыр
Дүниені тербетті.
Сұңқарды тез құртам деп,
Қос қанатын қырқам деп,
Бар қаһарын тікті түн.
Қауіп-қатер төнгенде,
«Сұңқарға сын» дегенде,
Естілді бір күшті үн.
Топшысымен тау жыға,
Қанатымен бұлт сыра,
Келе жатты қос қыран.
Жер жеңдетін жайрата,
Таң құстарын сайрата,
Қара түнге салды ойран.
Саңқылдап сұңқар күшті үні,
Шарықтап таңның бұлбұлы,
Бастап ұшты қос қыран.
Нажағай бұлтты қамшылап,
Түн қорқауы қансырап,
Жарқырап атты алтын таң.
ІІ
Өмірдің асқар шыңында,
Бақытты алтын тұғырда
Жырлайды таңның сұңқары.
Гүлді, нұрлы алтын жаз,
Асыр салған аққу-қаз,
Шалқып шаттық шалқары.
Жердегі бір жырадан,
Жылжып жендет сұр жылан
Шықты шыңға өрмелеп.
Қапыда жылан шақты деп
Сұңқар қаза тапты деп,
Азаланды жер мен көк,
Бірақ сұңқар өлген жоқ.
Иланады кім оған?!
Өзге өлсе де, - өлмейтін,
Өліміңе көнбейтін
Ол бір туған ұлы жан.
Сұңқар жыры – жарқылдай,
Жауға атылған нажағай;
Ол біздің жыр, бізге ұран.
Шыңдағы алтын тұғырдан,
Сұңқарларын ұшырған
Ұлы Отан –тау қыран.
1936