03.03.2022
  190


Автор: Қасым Аманжолов

* * *

Ішім пысты. Жалықтым,
Жүре алман енді аяңдап.
Кендеп қаппын, жаңа ұқтым,
Не болса, соған аялдап.
Көңіл күй екен деп
Күнделік тұрмыс ызыңын.
Өмір сыйы екен деп
Квартбюроның тізімін
Жүргенімде, тиісті
Сыбағамнан құр қаппын.
Егде тартып, сүйінішті
Жас шағымды ұрлаттым.
Қайта оралмас жиырма бес
Қоштасқанын сезбесппін.
Жас та емес, қарт та емес
Бір уақытқа кез кеппін.
Өткен күннен белгім аз,
Беттегі әжім болмаса,
Шимайлаппын көп қағаз,-
О- дағы бір далбаса.
Өкінгеннен не пайда?
Кеш болса да, қал сілтеп.
Кім өкпелер Абайға
Қырықта қызды жаздың деп!
1940





Пікір жазу