03.03.2022
  325


Автор: Қасым Аманжолов

КӨКШЕТАУ

Жаннаты жер мен көктің сұлу Көкше,
Ризамын бар ғұмырым Көкшеде өтсе.
Табиғат, таңғаламын тамашаңа,
Қандай күш жаратты екен сені ерекше.
Көп шығар көрмеген жер, дүние кең.
Сонда да тау бар ма екен Көкшеме тең?!
Берсе де Гейне- Рейнін, Гомер – Парнас,
Көкшемді мен айырбас етем бе екен?!
Құмарың Көкшетауды көрсең тарқар,
Адам түгіл аңның да көзін тартар.
Көктемде көреміз деп Көкшетауды,
Жосылар бұғы, марал, құлан, арқар.
Екі уақ ерсіл- қарсыл қайтқан құстар,
Көкшеге бір қонуға болар құштар,
Сықылды тіршіліктің жәрмеңкесі.
Ғажайып нендей сыр бар, нендей күш бар?!
Ұлпан бұлт бейне торғын орамалы,
Толқып кеп тау мойнына оралады.
Жайғандай жасыл ала жібек кілем,
Көкшенің кең құшағы, бар алабы.
Көк қасқа Көкшетаудың бетегесі,
Сықылды сепкен алтын күн сәулесі.
Тыңдаған бұлбұл үнін ойшыл орман,
Толықсып бас изесер ерте – кеші.
Сықылды тоқсан ауыл тоқсан көлді,
Жалтылдап қара-дағы тартар сені.
Аралап сұлу Көкше сай- саласын,
Шығады саяхаттап самал желі.
Тұп-тұнық қара барқыт түні қандай,
Рақат дүниесі ұйығандай.
Сұлудың алтын гауһар сырғасындай
Көкшенің иығында шалқиды ай.
Көкшеге құмартқандай «көк қыздары»,
Жымыңдар алтын кірпік жұлдыздар.
Айналар аспан жайлап дөңгеленіп,
Көкшенің күмбезіндей жылжымалы.
Кербез тау көрінеді түстегідей,
Қарайсың түсіне алмай, тырс үндемей,
Бұп-бұйра төбелері қызықтырар,
Сұлудың сүп-сүйкімді бөбегіндей.
Шалқыған шымылдықтай атады таң,
Алқадай қойған қадап алтын шорлпан.
Ішінде сол шымылдық Көкше сұлу,
Қарайсың көркіне сен болып аң-таң.
Суреттеп жеткізе алман қанша мақтап,
Келеді Көкше сұлу көп сыр сақтап.
«Өзгемнен осым қымбат» дегендей – ақ,
Көкшетау Бурабайын тұр құшақтап.
1939





Пікір жазу