03.03.2022
  197


Автор: Қасым Аманжолов

Ақша бұлт

(Бір ақынның өлеңі жайлы)
Асқар тауда ақша бұлт
Жүзуші еді жалтылдап,
Кеттім алыс, қалды ұмыт,
Бір жалтылдақ қызға ұсап:
Қызыл майдан, алтын ту,
Қыза жортып келем мен,
Бұлдыр бұлттар, қыз –қиқу
Алдағандай жас емен.
Ақын қиял – ақ сұңқар,
Қанатыңды қанға мал.
Ақша бұлт- ақ орамал
Шын жіберсе сүйген жар.
Түссін жерге үлбіреп,
Таңайын мен жарамды,
Не жаңбыр боп сіркіреп,
Бассын өрт пен тозаңды.
Не тері боп солдаттың
Сіңсін туған жеріне,
Не жасы боп сан қарттың
Құйсын қасірет көліне.
Аспандама ақша бұлт,
Алдандырма ақынды.
Жер деп жанын тосты жұрт,
Жерде оқтар атылды.
1945





Пікір жазу