Ағайыма
Жан аға, жазыпсыз хат, жан елжіреп,
«Қайда жүр, қайда менің бауырым» деп.
Дариға, бар екен ғой есіркеушім,
Алыстан адал тілеп, жүрген жебеп.
Жан аға, сізден жақын табам кімді?
Тебірентіп жібердіңіз көкірегімді.
Есіме еріксізден түсірдіңіз
Жылдардың артында ұмыт қалған күнді.
...Қыс. Қыстау атамекен Қызылдағы,
Ерттеулі аттар толы қора маңы.
Томпаңдап үйге жалғыз келе жаттым,
Тойдырып күресіннің сырғанағы.
Жармасып босағаға үйге енгенде,
Түскендей болды жүрек ыршып жерге,-
Сұп-сұлық жатты әкем алдлдыңызда,
Бүркеніп жайнамазың оң жақ төирде.
Көл-көсір жылау- сықтау үйдің іші,
Неткен күй күңіренген үлкен- кіші!
Құшақтап жыладыңыз сіз кеп мені,
Жалын боп өткен әке күйініші.
Жыламай, қарай бердім ынтамды сап,
Көзіме көріндіңіз әкем ұқсап...
Дариға, енді бүгін қан майданда,
Тағы да сізсіз мені жүрген аңсап.
Арқалап долы соғыс қанды жүгін,
Алдыңғы сапта жүріп келді інің.
Шығыстың шолпанындай тартады көз
Жұққан қан өңіріне шинелінің.
Өзгердім, ағатайым, мен азырақ:
Көрінем бұрынғымнан сәл жасырақ.
Қарая түсті қайта шашым менің,
Естірек болдым енді, ақылдырақ.
1945