02.03.2022
  204


Автор: Қасым Аманжолов

ҰЛЫ КҮТІС

Күтудеміз! Асығып эшелондай:
Өтіп жатыр зулап күн, шұбалып ай.
Күтудеміз тықыршып, мың құбылып,
Қазір, қазір бар тілек болатындай.
Тұтылған күн дәл қазір шығатындай,
Талып жатқан досың ес жиятындай.
Ауыр азап үстінде қиналған жан
Рахат тауып ,талықсып тынатындай.
Күтудеміз тұрсақ та әзілдесіп,
Арпалысып жүрсек те қан‑ сел кешіп.
Күтідеміз сонау сұр окоптарда,
Өліп бара жатсаң да талып өшіп.
Мейлі күтіп, шыдамай темір сынсын,
Мейлі көлдер суалсын, тас үгілсін.
Қасарысып біз күттік! Шыда, жүрек,
Бұл ақырғы , ең ауыр болсын бір сын.
Жараланған жауыздық қашты аң боп,
Атылса екен тезірек ең соңғы оқ.
Әділ сағат, сын сағат сенсің жүрек,
Сезіп – біліп тұрсың ғой, қаттырақ соқ!
***
Дүние қандай жап­- жарық!
Осындай ма еді бұрын да?!
Байқамаппын аңғарып,
Ойдың тапшылығында.
Дүние қандай жап – жарық!
Көңілім неге жабырқау?
Көкірегіме дақ салып
Кетті ме соғыс япырм-ау?!
Дүние қандай жап-жарық!
Жырдың алтын бұлағы –
Жалт-жұлт етіп жатшы ағып,
Жарқылдайын мен-дағы.





Пікір жазу