02.03.2022
  170


Автор: Қасым Аманжолов

Төртінші сөз

Жұлып жеп жер мен көкті от тұмсығы,
Долының ұстағанда қояншығы.
Қанатын ақша бұлттар қанға малып,
Өртеніп күп- күрең боп таудың шыңы.
Сырылдап қос өкпесі , іздеп жемтік,
Самолет сумаң етіп, келсе жетіп.
Бұлттағы долы сайтан найзасындай
Қадалса қара бомба жерге кеп тік.
Жылытып бауырымды ып- ыстық қан,
Кезімде өлі досты барып құшқан.
Үстіме сен кеп төніп тұрғандай- ақ
Болушы ем , атамекен Қазақстан!
Ес жиып тұрушы едім мен орнымнан ,
Қараушы ем жалын шарпып жанарымнан.
Шегініп сен кетуші ең білдірместен,
Бұлтқа ұсап аспандағы аударылған.
Жалын боп қалушы едім жерді шарпып,
Көруші ем сонда анық көз құмартып .
Алтын ту, арайлы таң төккен нұрын ,
Шұғыла боп аспанында жүзген шалқып.
Туған ел, бұл дүниеде сен болмасаң,
Өзімді отқа атар ем әлдеқашан.
Сен деген қасиетті бір махаббат
Жүр сақтап , көкірегіме жуытпай шаң.





Пікір жазу