02.03.2022
  207


Автор: Қасым Аманжолов

* * *

Сыйса егер өмір сыры бір жаныңа,
Ой таста ол жағың мен бұл жағыңа.
Аумағын алақанда еркін ойнат,
Көнбесің сонда тағдыр қылжаңына.
Жерде тудың қадірін сен біле біл,
Аспанға ұшсаң, сонда да жерге үңіл.
Туған жерде тік бассан аяғыңды.
Сен мықтысын, еркіндеп ойна да күл.
Қанат болмас жігіттер өктем желік,
Кішіпейлік дегенді жек көрпмелік.
Желігем деп, орынсыз секірем деп
Жатқандар бар аяғы көктен келіп.
Қанша қуат алса да қасқыр қаннан,
Мерт болатын бір ғана басқа ұрғаннан.
Игілікпен жақсылық болсын бойда,
Қалар түсіп сыртыңнан жапсырғанмен.
Дән піспейінше қауызы жарылар ма,
Желге ұшар қауызда мағына бар ма.
Сырттан өспей, шырағым, іштен өссең,
«Жеңіл қауыз» деген ат тағылар ма!
Келіп қалған көңілге бұл бір сөзім,
Келген сөзді бөгерлік жоқ мінезім.
Ғибарат айтар сәуегей болмасақ та,
Құрбы-құрдас оқы да, ойла өзің.
Жақсылық пен жамандық шекаралас,
Ойсыз пенде екеуін айыра алмас.
Жаздым мұны жанымен түсінер деп,
Жері жерлес, бауырым, қаны қандас.
Тек мен емен бұл сырды талай айтқан,
Күні кеше өз атаң Абай да айтқан.
Тағы қайта айтамын, тағы-тағы,
Болғаннан соң не кеще құдай атқан.
1950. Қарауыл





Пікір жазу