БЕЗ!!!
(Қ ...дың әсері)
«Мен білем» деп кеудесін кергеннен без,
Жоқты бар деп, барды жоқ дегеннен без.
Өз еркімен өмірге түсіне алмай,
Не болмаса әркімге ергеннен без.
Ондайлар көп әлі де арамызда,
Тәрбиелеп, амал не, бағамыз да.
Өмірдің екі аяқты адамы боп,
Еріп жүр ғой, әйтеуір, қарамызға.
Сырты бүтін олардың, іші қуыс,
Адамшылық маңызы жоқ жалғыз уыс.
Қайтіп қана кетерсің мүлде безіп,
Болғаннан соң не шара бірге туыс.
Талай жанмен болдым дос өмірімде,
Шын достықты таппадым әлі күнге.
Көбінің –ақ ісі жоқ, жігері жоқ,
Сүйенеді тек қана мылжың тілге.
Кейбірінің байқасаң сырт тұлғасын,
«Мынау бір жан керемет» деп ұғасың,
Егер тартып байқасаң ішкі сырын,
Ішің қайнап, ыза боп, аһ ұрасың.
Іші қуыс болар да, сырты күмбез,
Алтындай боп көрінер болса да жез.
Адамшылық ары жоқ ,жігері жоқ,
Құр беталды мыжыған досыңнан без.
27 Февраль, 1935. Орал