02.03.2022
  332


Автор: Қасым Аманжолов

КҮЛЕМІН ДЕ ЖЫЛАЙМЫН

Күлемін де жылаймын,
Жылаймын да күлемін.
Неге ғана бұлаймын,-
Өзім ғана білемін.
Өкінбеймін өмірге
Босқа келген екем деп.
Өкінемін бір күнде
Түк бітірмей кетем деп.
Мен сүйемін өмірді
Құшақтаймын жарымдай.
Бірде болам көңілді,
Бірде тұрам қайғырмай.
Білмеген жан өлерін
Қайтып сүйер өмірді.
Білмей қайғы келерін,
Қайтіп болар көңілді?
Дәл осыны түсінбес
Адамдар бар, не шара!
Іші қуыс, сырты мес,
Тас бауырлы бишара.
-Жылама сен, күл,- дейді.
Күлсем және сенбейді.
Қаратер боп тергейді,
-Неге күлдің сен?- дейді.
Күле білмес қуыршақ,
Жылай білмес,- ақиқат.
Күлсек, яки қайғырсақ –
Бәрі болар оған жат.
Ол сорлының ойынша –
Дауруғумен күн өтсін.
Бар арманы- тойынса,
Құлқын үшін күнелтсін.
Бас көтерсе төсектен,
Өз үйіне сыймайды.
Дүниедегі өсектен
Дым қалдырмай жинайды.
Ішкенге мас, жесе тоқ,
Құр даурығу, бос ыржаң.
Қуаныш жоқ, қайғы жоқ,
Неткен сонша сорлы жан.
Осындай дос көргенде,
Қайтіп қана шыдарсың.
Ойлап- ойлап келгенде,
Күлерсің де жыларсың.
1940





Пікір жазу