02.03.2022
  189


Автор: Сұлтан Оразалы

АЗАМАТ ЖОЛЫ – АР ЖОЛЫ

Сенатор Қуаныш Сұлтанов


 


(Деректі фильмнің сценарийі)


 


Жоңғар Алатауының басын мұнар шалған қарлы шыңдары. Сұлу- төрдің кең аңғары. Асау толқыны көбік шашқан Өссек өзені. Оның екі қапталын ну ағаш көмкерген. Жаннаттай сұлу жасыл əлем. Мөлдір су. Біреу сол мөлдір суды алақанымен алып бетін жуады. Сұлутөрдің аңғарындағы таңбалы тастар. Тас бетіндегі сан түрлі суреттер. Оларды аралап көріп жүрген адамдар. Биік қабақтан төменгі өлкеде жасыл желекке бөленген «Еңбекшіл» ауылы көрінеді. Камера жылжи келіп өзен жағасындағы ағаш саясына тігілген киіз үйлерге тоқтайды. Ұста дүкені. Екі адам қызыл шоқтан балқыған темірді төске салып, қос балғамен қамырша илеуде. Үй жанында абыр-сабыр болып жүр- ген жұрт. Толғатқан жас əйел. Ірі планда «іңгəлаған» сəби бейнесі. Шапқылап келіп Өссек өзенін кешіп өткен атты адам. Қуанышты хабар. Камера киіз үйдің дөдегесінен кері шегінгенде бүгінгі адамдар мен қонақтарын қарсы алып жатқан жұрт көрінеді. Жайыла аққан Өссек өзенінің кең аңғары, жасыл өлке. Фильмнің титрлары шығады.


С.Оразалы (кадрдан тыс): Осы бір сұлу өлкені əлімсақтан Суан елі жайлайды. Жоңғар Алатауының мұзарт шыңдарынан бастау алатын көк мұздай таза су бейне көгілдір аспаннан нұр болып құйылып жатқандай. Суанның Мырзакелдісінен тарайтын Қожеке тұқымының он екі атасы осы байтақ мекеннің шүйгініне аунап, кəусар ауасын жұтып, жүйрігін


баптап, қасиетті қара дүкенде ұсталық құрып өмір кешті.


Талай үйдің отын өшірген кешегі қан майданда, бір қол, бір аяғы- нан жараланған Мұсаның Сұлтаны еліне аман-есен оралған еді. Келесі Жеңіс жылы шаңырағында бір ұл дүниеге келді. Жер де, көк те тойға ұласқан сол жылы бір атаның жалғасы, ат ұстары болған, сəбидің есі- мін азан шақырып қалайша Қуаныш қоймассың! Қуаныш! Сұлтанның Қуанышы!


Қара арғымақ мінген адам өзенді бойлай келіп, биік жотаға қарай өрлейді. Камера оны əр түрлі планда алады. Атты адам жақындап келе- ді. Ол таяған кезде Қуаныш Сұлтанов екені айқындалады. Домбыра үні аттың жүрісіне сай үдей түседі. Бұлыңғыр тұман арасынан таудың бауырындағы ат жарысы көрінеді. Аспанға шапшыған қара тұлпар Алатауға қарай жүйткіп барады. Сай арасында бір үйір жылқы жайы- лып жүр. Арасында арқыраған қара айғыр екі құлағын тік шаншып, үйірін айналады. Бұл Сұлтанның Найзагері еді. Сол жазда Жеңістің құрметіне өткен ұлы дүбір, үлкен тойда атбегі Сұлтан өзінің Найзагер деген қара тұлпарын бəйгеге қосқан. Жүздеген аттың ішінде топ жарған арғымаққа таңырқаған Жақай есімді əулие кемпір: – Япыр-ай, Сұлтеке, мына арғымақ үйіңдегі жас сəбиіңмен тағдырлас екен-ау. Құдай көп


 


көрмесе, ұлың тоятты алыстан іздер. Пешенесіне жүйріктігі құландай мына арғымақтың алғырлығы жазылыпты. Бағы ашылсын, – дейді.


Бұл сəуегейлікке құлай сенген Сұлтан сəбидің қарын шашын қырып алып, ақ шүберекке орап, Найзагердің жалына түйеді де, атты құзар шыңдардың арасындағы табынға еркіндікке жібереді. Жаралы жауынгер ақ тілегін осылайша ақбас шыңдарға тапсырған көрінеді.


Перзентхананың алды. Қ.Сұлтановты бір топ жас отау иелері қарсы алады. Сəбилерін Қуанышқа көрсетеді.


С.Оразалы (кадрдан тыс): Бұл сəбидің аты да Қуаныш. Бүгінгі заман- ның Қуанышы. Жас ата-ана тұңғыштарын əйгілі жерлестері Қуаныш ата- сындай еліне қадірлі азамат болса екен деген үкілі үмітпен қойған екен.


Қуаныш Сұлтанов баланың тұсауын кеседі.


Қ.Сұлтанов (кадрда): Жерде де, көкте де жүрген жүрісіңе Алла қуат берсін. Ештеңеден сүрінбей, шарықтап жүр!


Баланы жетектеп жүргізеді. Сəби өз аяғымен аттап келеді. Қ.Сұлтанов (кадрда): Жаса, мықты бол!


С.Оразалы (кадрда): Бұл күнде қалың жұртқа танымал Қуаныш Сұлтановты Қазақстан жастарының көшбасшысы ретінде саясат əле- міне жұлдыздай жарқырап шыққан кезінен танып, білсек те, тіпті əр жылдары аралас-құралас жүрсек те, оның туып-өскен жерін көріп, қиындыққа толы балалық шағын естіп-білгенім таяуда ғана. Бір қараған адамға төрт құбыласы тең, жолы болғыш адамдай көрінгенімен, ол да соғыстан кейінгі əкесіз өскен бізбен тағдырлас өмір кешіпті.


Бір атқа мінгескен екі бала «Еңбекшіл» ауылының жоғарғы жа- ғындағы канал бойын өрлеп келеді. Төменде ауылдың əдемі суреті. Қуаныш бала кезінде анасымен түскен сурет. Анасы ірі планда алынады. Кешкі батып бара жатқан күн астындағы қызғылт мұнар- ға бөленген дала бейнесі. Жайылып жүрген мал. Камера қайтадан ана мен бала суретіне тоқталады.


С.Оразалы (кадрдан тыс): Əкесі Сұлтан соғыс салған жарадан қай- тыс болғанда, Қуаныш не бары 12 жаста екен. Шешесі Шəрбан жетім қалған бес баласын асырау үшін Жаркенттегі педагогикалық училищеге еден жуушы болып орналасады. Тұрмыс тауқыметі қабырғасына батқан жас əйел жиі торығатын.


Түнгі алау. Қ.Сұлтанов пен С.Оразалы əңгімелесіп отыр, Қуаныш қолындағы таяғымен отты көсеп қойып əңгімесін жалғайды. Ескі мектеп. Ұзын дəлізде ағаш қолтықтаған жас əйел көрінеді. Ол келесі бөлмедегі пешке от жағады. Пештегі оттың сəулесі əңгіме айтып отырған Қуаныштың бетіне түседі. Оның жанында отырған немересі атасының əңгімесін ықыласпен тыңдайды.


Қ.Сұлтанов (кадрда): Бір күні түннің ортасында оянып кеттім. Шешем жұмыстан келіп, пештің түбінде жылап отыр екен. Мен қасы- на барғаннан кейін: – Жоқ, мен жылаған жоқпын, ұйықтай ғой, – деді. Бірақ ұйқым келмеді.


 


Шешем кешкі алтыдан кейін жұмысқа барады, өйткені күндіз сту- денттер сабақ оқиды ғой. Пештердің күлін шығару керек, оның орнына көмір əкеледі, ағаш тамызық салады. Ең соңынан кластардың еденін жуады. 32 бөлме бар, класымен, кеңсесімен қосқанда. «Контрамарка» дейтін пеш болатын. 17 пеш жағылатын. Шешемнің айтқанына қара- мастан, от жағуға жəне көмектесуге бардым. Түнгі бір-екілерге дейін қасында жүріп, бəрін бітіріп, шешеммен бірге үйге келсем, шешемнің көңіл күйі бұрынғыдай емес, ашылғандай көрінді. Содан кейін күн сайын баратын болдым.


Шешем мені қасына серік қылып ертіп, түннің ортасында үйге кел- генде мені мүсіркемейтін, керісінше, «Қуантайым менің мықты, аз ұйықтаса да ұйқысы қанады. Ұйықтамаған жылқы алады, ұйықтаған ұйқы алады. Сен жылқы аласың», – дейді. Кейін есейгенде түсіндім. Ол баланы ширату, қайраттандыру екен.


Музыка. Ескі қорым. Қ.Сұлтанов əке-шешесінің зиратын аралап жүр. Анасының зиратына келгенде басын иіп, тағзым етеді. Құлпы- тастағы жазуды оқиды:


С.Оразалы (кадрдан тыс): Анасының құлпытасына Қуаныш бір шу- мақ өлең жазыпты.


Дəм-тұзың таусылды, Араша түсе алмадым. Естімей қалдым даусыңды, Тірлікке сеніп алдандым.


Тастыөзек ауылы. Тау баурайындағы əсем қойнау. Ағаштарында алма, өрік сыңсыған берекелі мекен. Той өтіп жатыр. Ауыл еңбеккері Балтабайдың алпыс жасқа толу тойы. Үлкен-кіші, бала-шағасына дейін мəз-мейрам, би билеп жатыр. Алыстан осы тойға арнайы келген жиендері Қуанышты құшақ жая қарсы алады.


...Ағайын-туыс ықыласы қандай ыстық!


Жеке тігілген киіз үйде ауылдың бетке шығары жиылыпты. Қо- нақтар сонда кіреді. Қуанышты өз замандастары қарсы алады. Əн- күй. Ұйғыр əйелі мен Қуаныш ұйғырша əн айтып, би билейді.


С.Оразалы (кадрдан тыс): Осы өлкеге жолы түссе соқпай өте алмай- тын Тастыөзек жұрты – Қуаныштың нағашы атасы Мəжиттің ауылы. Бүгін бұнда той. Қарапайым еңбеккер Мəжитұлы Балтабай алпыс жасқа толыпты. Нағашы атасының көзі. Бұлар да тағдыр тəлкегін көп көр- ген əулет. Жиырмасыншы жылдардың соңында ірі байларды тəркілеу басталғанда Көкшетауды жайлап отырған Мəжит өзінің тізімге ілігіп Сібір айдалғалы тұрғанын біліп, бір түннің ішінде дүние-мүлкін тəрік етіп, жалғыз қызы Шəрбанды жетектеп, қашып шығыпты. Содан айлар жүріп, осы Тастыөзекке табан тіресе керек. Сол Шəрбан шиеттей бес баламен жесір қалып, тарыққанда тіреніш болған, зарыққанда жұбат- қан, өзін еңбекке баулыған Мəжит атасын Қуаныш қалай ұмытсын.


Қ.Сұлтанов (кадрда): Балтабай кішкентай, ойнап жүреді. Таңертең


 


атам сағат алтыда оятады. Сонда ұйқымызды аша алмасақ: – Əй, аш көзіңді. Сенің шешеңді кім асырайды? – дейді. Сол кезде «шешемді асырау керек қой» деген оймен ұйқы да ашылады. Содан, міне, өмір бақи алтыда тұрам.


Сирек келеді деп маған ренжімеңіздер. (Би билеп, ұйғырша өлең айтады.)


Жұрт бұлақтың басына келеді. Ғажайып гүлге оранған, жап-жасыл шалғынның ортасында бұлақ ағып жатыр. Қуаныш бұлақтан су алып ішеді. Жан-жағын аралап көреді. Отырады. Шалғынға шалқасынан жатады. Ойына балалық шағы түседі. Кинокадр. Шөп шауып жүрген бала. Шөп тиелген арбалы ат ауыл ортасымен кетіп барады.


С.Оразалы (кадрдан тыс): 13 жасар Қуаныш жаз бойы осы ауылда еңбек етеді. Шөп шабады, картоп жинайды, кірпіш құяды. Буыны қатпаған немересіне жүрегі елжіреп, жаны ашыса да, нағашысы жет- кіншегінің шымыр, қайратты, еңбекқор болып өсуін қалайды.


Қ.Сұлтанов (кадрда): Мəжит атамыз шалғымен шөп шабуды үйре- тетін. Алдымен шабамыз, сонан соң бірнеше күннен кейін аударамыз айырмен. Сəл кептіріп, ат арбаға тиеп, үйге жеткіземіз.


Бұлақ суы. Қуаныш оны қолымен арши бастайды.


Қ.Сұлтанов (кадрда): Жағадағы шөбін шауып, он екі метрге дейін су- дың жолын ашып қоямыз. Су сарқырап жатады. Тап-таза... Осы суды ішіп көріңізші, дəмі қандай... Керемет, кəдімгі тамақ ішкендей боласыз...


Көк шалғын, бұлақ суы. Тау жолы. Жаркент өлкесі, ауыл көрінісі.


Фотосуреттер. Жастық шақ, əскердегі фотолары.


С.Оразалы (кадрдан тыс): Қуаныштың қанаты осы өлкеде қатайды. Қаламгерлікті армандаған жас өркен ел дəстүріне қанығып, сөз мəйегін бойына сіңірді. Мектеп бітірді, əскерге барып, борышын өтеді. Кейіннен аудан жастарын басқарды. Соның бəрінде де жастық жігермен құлшына еңбек етті.


Түнгі алаудың қасында Қ.Сұлтанов əңгімесін жалғастырады. Алматыдағы Орталық алаң. Мыңдаған жастар бас қосып, мереке- лік шеру өткізуде. Қызылды-жасылды киінген жастар би билеуде. Орталарында космонавтар, комсомол жетекшісі Қ.Сұлтанов бар. 28 Панфиловшылар паркінде мəңгілік алауға гүл шоғын қою. Қалың жұртты бастап келе жатқан Қ.Сұлтанов. Республика сарайы. Президиумда Д.Қонаев бастаған ел басшылары. Қ.Сұлтанов баянда- ма жасауда. Ол Д.Қонаевпен құшақтасады. Залдағы жастардың қуа- нышты жүздері, тік тұрып ел басшыларын құттықтауда. Осы көрі- ністер Қ.Сұлтанов сөзінің ортасынан бастап көрсетіледі.


Қ.Сұлтанов (кадрда): Өзіме тапсырылған қызметті адал атқаруға тырыстым. Шешем не жұмыс жасаса да өте тыңғылықты адам бо- латын, кішкентай кезімнен соған мені үйрететін. Үй сыпырсаң да, тамақ жасасаң да бардым-келдім, тиіп-қашып жасама, дұрыстап жаса деп үйрететін. Панфилов ауданының жастарын басқардым. Сол кезде біздің аудандық комитеттің жұмысы облыс, республика көлемінде,


 


тіпті одақ көлемінде баға алды. Мəскеуге бірнеше рет есеп беріп қайт- тым. Пленумдарда біздің аудан жақсы айтылып жүрді... Мен обком ком- сомолдың бірінші хатшысы болып жүргенде Орталыққа шақырылдым. Республикалық активте сөз сөйледім. Димаш Ахметовичтің назарын- да қалған екен... Орталық комсомол комитетіне идеолог хатшы ретінде шақырды. Содан соң республикада жүргенде көріне бастадым ғой.


Көптеген шаралар, жиналыстар болатын еді. Ешқашан жұмысты ақсатқан емеспін. Содан соң Орталық партия комитетіне мені шақы- рып, сені комсомолдың бірінші хатшысына ұсынамыз деді... Сол кезде Қазақстан комсомолында бір миллион мүше бар, содан бір талантты адам таңдап алуға болатын шығар. Кейін білгенім, мені он екі адамның ішінен таңдап алған екен. «Жол болған шығар, сəті түскен шығар, бағың жанған шығар» дейді қазақ. Комсомолдың бірінші хатшысы болғаннан кейін Димаш Ахметовичтың қамқорлығын көп көрдім. Ол кісі маған үлкен сенім көрсетті.


Мінбеде сөз сөйлеп тұрған комсомол жетекшісі Қ.Сұлтанов. Жас- тар қызу еңбек үстінде: тыңдағы егін ору науқаны, шахтадағы, завод, фабрикадағы еңбек майданы. Солардың ортасындағы жүрген Қ.Сұлтанов. Мінбеде сөйлеп тұрған Теміртау түлегі – Н.Назарбаев. Республика алаңындағы жастардың шеруі. Орталық стадиондағы мерекелік той. Жастардың ойын-тойын қызықтап отырған ел бас- шыларының ортасында Қ.Сұлтанов та бар.


С.Оразалы (кадрдан тыс): «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, Ақылың мен қайратың екі жақтан» деген Абай сөзін бала күнінен жүрегінде жаттап өскен Қуаныш бұл талабынан айныған емес. Республика жас- тарының басшылығында жүргенде қайнаған өмірге белсене араласып, замандастарының əлеуметтік мəселелерін, жас өнерпаздардың таланты- ның ашылуына табанды еңбек етті. Қандай еңбекте болса да тиянақты, сөзі салмақты, мінезі жұғымды жас қайраткер өзінен бұрынғы ағалары- ның үлгілі істерін дамыта білді. Оның бойындағы айрықша қасиеттерінің бірі – жақсының мерейін көтеріп, өзі де солардан үйрене білетіндігі.


Қ.Сұлтанов (кадрда): Адамға берілген екі өмір жоқ. Мен сол кез- дегі қоғамның алдыңғы қатарлы жастар ұйымында болдым жəне оған өкінбеймін. Жастар ұйымынан кейін партия қатарында, партия ұйымында болдым. Біздің бүгінге дейін қызмет етіп келе жатқан талай жігіттер де, мен сияқты, сол заманнан келген адамдар. Адал қызмет жасадым. Қоғамыма адал сеніммен келдім жəне сол ұйымдардың ең жақсылық жағына қарай жүруге ұмтылдым.


Бүгінгі қоғамның өзі сол қоғамның дамуынан кейінгі келген заң- дылық. Мен сол тұрғыдан қараймын. Қоғамдық іске, мемлекеттік іске, елге қызмет етуге адалдық адамның өзінің жүрегі мен санасында болуы керек деп есептеймін.


Кадрде Республика алаңы, бұрынғы Орталық партия комитеті- нің ғимараты. Осы ғимараттың ішіндегі кабинетінде жұмыс істеп отырған жəне журналистермен, шетел делегациясымен кездесу сəті.


 


С.Оразалы (кадрдан тыс): Жастармен жұмыс істеу – алдағы келелі істерге жол ашатын, болашақта ел басқаратын азаматтың шыңдалу мектебі болатын. Бұл мектепте көзге түскен үздіктері іріктеліп, ел ісі- нің сан саласына басшылыққа жіберілетін. Қуаныш Сұлтанұлы Ор- талық партия комитетінің мəдениет бөліміне, кейіннен партиялық ұйымдастыру бөліміне меңгерушілікке бекітілді. Бұл оның азаматтық болмысына, іскерлігі мен алымдылығына берілген баға еді.


Əбіштің фотосы экранның бір бөлігіне ығыстырылады да, сөзі жазу түрінде көрінеді.


Ə.Кекілбаев (кадрдан тыс): Қуаныш іске бірден қызу кірісті. Ешқан- дай мəселеде ешкімнің бос белбеуленуіне жол бермейтін талапшыл басшы екенін бірден танытты. Сондай қатаң талапшылдықты адамдар- ға деген үлкен құрметпен үйлестіре білді... Əбіш Кекілбаев.


1986 жылғы 16 желтоқсандағы Қазақстан Орталық партия ко- митетінің пленумы. Газеттердегі ресми хабарлама. Г.Колбиннің портреті. Сол портреттің фонында жастардың Республика алаңын- дағы шайқасы тарихи хроникадан көрсетіледі.


Г.Колбиннің портреті экранның бір бұрышына ығыстырылады да, екінші жартысынан Д.Қонаевтың суреттері кинокадр сияқты тізі- ліп өтеді. Ол суреттердің ішінде Қ.Сұлтановты құшақтап тұрғаны да бар.


С.Оразалы (кадрдан тыс): Қайта құру дəуірінің қара бұлты 1986 жылы Қазақстанға да жетті. Мемлекет басшысы ғана ауысып қоймай, қазақ халқын қорлау саясаты, іске татыр азаматтардың көзін жоюға əрекеттер жасалып жатты. Көшеге шыққан жастарды баудай түсіріп, атқанын атып, көпшілігін түрмеге қамап, ел ортасына үрей шашты.


Сол кезде партиялық ұйымдастыру бөлімін басқарып отырған Қуаныш Сұлтановтың басына да бұлт үйіріліп, оны қазақ ұлтшыл- дарының қатарына қосты. Отыз жыл ел басқарған Димаш Ахметұлының қолдауын қылмыс деп бағалады. Қаршадайынан көзге түсіп, жауапты қызметтер атқаруын əлдекімнің арқасы деп айыптады.


Ө.Байгелді (кадрда): Сол кезде басшы қызметте жүргендерге қиын, сын кездер болды. Өзім Орталық Комитеттің мүшесі болдым, қайта- қайта Пленум шақырылып, жиналыстар өткізіледі. Тұнжырап келіп, тұнжырап қайтамыз, пəле болды мынау деп. Бір кезде осы Қуаныштың төбесіне бұлт жиналды. Сол жолы қалай болады екен, жас жігіт кетіп қалады-ау қиылып деген кезде бұл жігіт ерлік көрсетіп сөз айтты. Пленумда қақыратып сөйледі. Бар шындығын айтты, өмірбаянын, кім екенін, қалай өскенін... Колбиннің өзі, бүкіл аудитория Қуаныш жағына құлады... Бұл тарихи сөз болды.


Қарағанды қаласындағы теміржол вокзалы. Көшеге шыққан шахтерлер. Солардың ортасында сөз сөйлеп тұрған Қ. Сұлтанов. Алматыдағы Абай ескерткішінің түбіне жиналған халық. Тілді қор- ғайтын түрлі транспоранттар көтерген жұрт кезек-кезек мінбеге шығып сөз сөйлеуде. Қ. Сұлтанов та солардың ішінде жүр. Президент


 


сарайындағы, Үкімет үйіндегі, түрлі қоғамдық ұйымдардағы жиынға қатынасып отырған, пікірін білдіріп жатқан сəттер.


С.Оразалы (кадрдан тыс): Тоқсаныншы жылдар екі дүниенің тай- таласы еді. Кеңес одағының үстемдігі күйреп, тəуелсіздікке ұмтылған халық көшеге шыққан. Қазақ халқы тілін, дінін, ділін қорғауға кірісті. Қарағанды шахтерлерінің ортасында ашық сөз сайысында ысылған Қуаныш Сұлтанов жиындарда бұғып қалған жоқ. Ол да топ алдында ұлт мүддесін қорғаумен болды.


Алматы көшесі, Үкімет Үйі, парламент жиналысы. Кадрда Қ.Сұл- тановтың Президент жанында отырғаны, Парламенттің орын- тағындағы сəті, түрлі қызметте жүрген кезіндегі фотодеректер көрсетіледі.


С.Оразалы (кадрдан тыс): Осы жылдарда тəжірибелі саясаткер, Қуаныш Сұлтановқа үлкен сенім көрсетілді. Ол Ақпарат министрі, Премьер-Министрдің орынбасары, Парламент төрағасының орынбасары қызметтерін атқарып, жас мемлекетіміздің буыны қатып, бекуіне ат салысты. Тəуелсіздігіміздің елең-алаң кезеңіндегі аласапыран оқиғаның ортасында жүрді. Заманның ыстық-суығына бірдей көніп, қызығы мен қиыншылығын қайыспай көтерді. Президенттің сенімді серігіне айналды.


Дегенмен Парламенттің тосыннан таратылуы – саясаттың құбыл- малы мінезі Қуаныш Сұлтановқа да оңай тиген жоқ. Бірақ ол сабыр сақтай білді.


Қ.Сұлтанов (кадрда): Саясаттың құбылмалы мінезін бұдан сəл ер- терек көрген едім. Колбин келген кезден бастап оны көргем. «Ащы- ның дəмін татқан біледі» деген. Əрине, мен алақайлап қуанған жоқпын. Мемлекеттің мүддесі бəрінен жоғары тұрды.


Жаркент қаласындағы Уəлібай мешіті. Қ.Сұлтанов мешіттің маң- дай алдындағы порталды, оның ою-өрнектерін көріп, аралап жүр. Мешіттің ішкі залдарының, сыртқы қабырғаларының айшықтары көрінеді. Қытай сарайларының үлгісінде салынған бұл ғимарат ХІХ ғасырда бой көтерген. Қазір толық жөндеуден өткен.


С.Оразалы (кадрдан тыс): Бұл əсем құрылысты ХІХ ғасырдың соңында Жаркенттегі мұсылман қауымы қаржы жинап, Қытайдан сəулетші алдырып, ағаштан қидырып салдырған. Сұлулыққа жаны құ- мар Қуаныш бала кезінде оның көркіне қызығып, талай аралап көрген. Қытай сəулет өнерінің тамаша өрнектері мен айшықты оюлары, ағаштан шеберлікпен жымдастырып салған кең залдары жəне əсем ғимаратты жасаған сəулетшіні еліне барған соң «өнеріміздің құпиясын жат жұртқа жайдың» деп айыптап, өлтірген көрші елдің жұмбақ сыры талай ойға батыратын. Бірақ көп жылдар өткен соң осы алып мемлекетке елші болып баратынын ол, əрине, білген жоқ.


Кадрда Қытай елінің басшысы Қ.Сұлтановты қабылдап жатқан кез. Ол өзінің сенім грамотасын тапсырды. Қытайда жүрген күндерден біраз көріністер алынады. Республика күніндегі қабылдау, Қ. Тоқаев-


 


тың Қытайға сапары, тағы басқа Қытай басшыларымен түскен фотосуреттер көрсетіледі.


С.Оразалы (кадрдан тыс): Жаңа елшінің сенім грамотасын Қытай елінің бірінші басшысы Цзян Цзяминнің өзі қабылдап, жас мемлекетке зор құрмет көрсетті. Əрине, Қазақстандағы бұрқ-сарқ қайнаған саяси өмір елшілік жұмысқа барған соң сəл бəсеңсігенмен, алып мемлекет басшыларының тілін тауып, өз елінің мүддесін қорғау оңай болған жоқ. Сондықтан Қуаныш Сұлтанов сан ғасырға созылған Қытай Қазақстан қарым-қатынасын, мəдени, тарихи, саяси, экономикалық байланыстарды түптеп зерттеуге ден қойды. Ұлы көршімізбен арадағы шекара мəселесі, шекаралық өзендерді дұрыс пайдалану, Қытайдағы қазақтардың жағдайы сияқты өзекті мəселелер оның көкейінен ешқашан шыққан емес. Президент те осы үшеуіне ерекше көңіл бөлуін қадағалап тапсырған. Табиғатынан адамдарға үйірсек қасиеті, қарапайым жайдары мінезі, ғылым, білімге құштарлығы, адамгершілік парасаты Қуаныштың дипломатиялық жұмысқа тез төселіп, өз əріптестерінің ортасында биік беделге ие болуына жол ашты. Бұл сапарда Қуаныш елшілік өнерді игеріп қана қоймай, Қытай мəдениетінің құнарынан тына жұтты. Еліне пайдалы еңбектер жазды. Ғылыми атақ қорғады.


Қ.Тоқаев (кадрда): Қуаныш Сұлтанович туралы көп сөз айтудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Өйткені бұл кісі біздің қоғамға, бүкіл жұртқа танымал адам. Қалай болса да, Қуаныш Сұлтанович үлкен азамат, нағыз мемлекеттік тұлға деп айтуға болады. Мемлекетшіл адам. Біз өткен ға- сырдың тоқсаныншы жылдарының ортасында жақын таныстық. Себебі 1995 жылдан бастап Қуаныш Сұлтанович Қытайға елші болып барды. Сол кезде мен Сыртқы істер министрі болдым, бірге жұмыс істедік. Қуаныш Сұлтанович Қытайда алты жыл жұмыс істеді. Қазақстан мен Қытай, осы алпауыт мемлекетпен қарым-қатынастың дамуына елеулі үлес қосты деп айтуға болады. Алты жыл деген қысқа мерзім емес, үлкен жұмыс, сондықтан Қуаныш Сұлтанович Қытайды, Қытайдың салт-дəстүрін, саясатын егжей-тегжейлі біледі деп ойлаймын. Əлі күнге дейін қытайлықтар Қуаныш Сұлтановичті қытай халқының ең жақын достарының бірі деп айтады. Бұл өте жоғары баға. Қытайда керемет жұмыс істеді деп күмəнсіз айтуға болады.


Астана көріністері. Парламент үйі. Жаңа алаң. Сенат мəжілісі. Қ.Сұлтанов осылардың ортасында. Келесі бір мəселені талқылап жатыр. Бəрі көңілді.


С.Оразалы (кадрдан тыс): Елордада туған жаңа ойлар, басталған келелі істер, қабылданған жаңа заңдар елімізге сан тарау жолдармен таралып, мемлекетіміздің бағыт-бағдарына, тіршілік қимылына ай- налады. Ел басқарудың барлық тармақтары осы алаңда топтасқан. Соның бірі – Қазақстан Парламентінің Сенаты. Заң қабылдау, əлем елдерінің парламенттерімен байланыс, мемлекетіміздің ішкі, сыртқы саясатына белсене араласу тағы басқа қым-қуат істер ешқашан толас таппайды. Ақыл мен ойды, білім мен табандылықты, саясаткерлік пен


 


мəмлегерлікті мейлінше қажет ететін, кернеуі күшті осы ортада сенатор Қуаныш Сұлтанов еңбек етіп келеді.


Кадрда Қ. Сұлтановтың кабинеті. Ол жұмыс үстінде. Оған бірінен кейін бірі сенаторлар кіріп-шығып жатады.


С.Оразалы (кадрдан тыс): Сенаттың халықаралық қатынас жəне қорғаныс комитетінің төрағасы Қуаныш Сұлтановтың өзімен-өзі оңаша қалатын сəттері өте сирек. Соның өзінде де телефон бір сəтке тыным таппайды. Келелі істің алдында келісіп, ақылдасып алу өте қажет. Сон- дықтан белгілі де беделді сенатор Өмірбек Байгелді, Əбіш Кекілбаев, Оралбай Əбдікəрімовті оның жұмыс кабинетінен жиі кездестіруге болады.


Кадрда дөңгелек стол басында Н.Ə.Назарбаевпен бір мəселелерді талқылауда, Цзян Цзяминмен, Ху Цзянь Таомен, С.Демирельмен, Назар- баевпен, Очирбатпен, Ақаевпен түскен суреттер. Өзінің заң талқылау үстіндегі қызу айтысы. Парламентте (қос палатаның біріккен), ОБСЕ- нің Вильнюстегі сессиясында сөз сөйлеуі, 8 шет елдік делегацияны қабылдаған сəттер ...


С.Оразалы (кадрдан тыс): Саяси өмір, мемлекет қайраткерлерінің тыныс-тіршілігі сырттай қарағанда кейде арнасы кең, тып-тымық ағып жататын алып өзенге ұқсағанмен, тереңірек зерттеген адам оның да түбінде иірімдер, оқаптар, асау толқындардың бар екенін сезер еді. Ты- нымсыз тіршілік, домбыраның ішегіндей тартылған жүйке, ойың мен бойыңды үнемі бабында ұстау, небір қиын түйіндерді шешу үшін ақыл мен қайратыңды аямай жұмсау – шынайы қайраткер, нағыз саясаткер- лерге тəн. Қуаныш Сұлтанов сондай адам. Ол қандай мəселелерге араласса да, елдік тұрғыдан көз салып, мемлекет мүддесін көздейді.


Осы уақыта дейін оның қаншама жиынға қатынасып, жауапты кез- десулер мен келіссөздер өткізгенін санап шығу оңай емес. Ол бейне толассыз ағылған толқын тəрізді, ұшы-қиыры жоқ.


Қуаныш – Еуропадағы ең беделді қауіпсіздік жəне ынтымақтастық ұйымындағы даналар кеңесіне мүше. Кеңестің мақсаты осы ұйымның болашақтағы даму стратегиясын анықтау. Əлемдік мəні бар осындай істердің талайына араласып жүрген ол сан жорықта сыналған сардар тəрізді. Қапысыз қимылдайды.


Орталық Азия жəне Кавказ бойынша НАТО Бас хатшысының арнайы өкілі Симонспен кездесу.


Германия Федеративтік Республикасы Бундестагының депутаттары Райнер Венд, Иоахим Пфайффер, Йоханнес Зингхаммер, Ханс-Юрген Кайльхольцпен əңгімелесу.


Франция Сыртқы істер министрлігінің континенттік Европа де- партаментінің директоры Жак Форменмен сұхбат.


Біріккен Ұлттар ұйымы Бас Ассамблеясы 62-сессиясының Төрағасы Кериммен кездесу.


Мексиканың Қазақстандағы Төтенше жəне өкілетті елшісі Сальвадор Кампос Икардоны қабылдау.


 


Қатар мемлекетінің Қазақстандағы төтенше жəне өкілетті елшісі Насер Рашид Мұхаммед Аль-Наймимен əңгіме.


Қ.Тоқаев (кадрда): Қазір Қуаныш Сұлтанович Сенатта жұмыс істеп жатыр. Халықаралық қарым-қатынас жəне қорғаныс комитетіне бас- шы болып табылады. Жұмыс істегеніне жеті жыл. Қуаныш Сұлтанович болмаса Сенат басқа болатын еді деп айтсақ, артық болмайды. Себебі біздің арамызда Қуаныш Сұлтанович үлкен абыройға ие болып тұр. Білімді адам, заңдармен жақсы жұмыс істейді, сондықтан Сенат жұ- мысына үлкен үлес қосып отыр.


Кадрда Қ.Сұлтановтың мəдениет, өнер адамдарымен түскен фотосуреттері. Далада кино түсіріп жатқан топтың ортасында жүрген кезі. Шоқанның ескерткішін, мұражайын аралау. Баласы Айдын салған мешітте құран оқу. Əулие ағашқа сапар.


С.Оразалы (кадрдан тыс): Мемлекет қайраткерлері мен саясаткердің бойынан шығармашылық талант жиі кездеседі. Бірі – ғалым, бірі – ақын, енді бірі – шынайы өнерге табынушы, оның қамқоры дегендей. Он- дай адамдар қай дəуірде де, қай қоғамда болса да кездеседі. Біздің қазақ басшылары да құралақан емес. Жастайынан сөз өнеріне, шығармашылық- қа құштар болып өскен Қуаныш Қазақстандағы əдебиет, мəдениет, өнер саласына тікелей басшылық жасаған жылдарында осы саланы терең зерттеп, білгірлікпен іс тындырды. Əкім қараға көп жуыса бермейтін өнер мен мəдениет өкілдері де онымен тез тіл табысып, тонның ішкі бауындай араласып кете барды. Ұлттық мұраны сақтау, халық өнерін дамыту, өнер адамдарына қамқорлық жасау – Қуаныштың туа біткен қасиеті.


Мына мешіт Сұлтан əулетінің туған ауылына тартуы. Оны салдырған жас кəсіпкер Айдын Қуанышұлы Сұлтанов.


Қандай қызметте жүрсе де халқымыздың ұлы перзенті Шоқан Уəлихановтың зираты мен мұражайы назарынан тыс қалған емес. Оған жиі-жиі ат басын бұрып, жай-жапсарын біліп тұруды парыз санайды. Қажет кезде қол ұшын созып, көмегін де аяған емес.


Сегіз жүз жылдан бері өсіп тұрған Əулие ағаш – сонау Шыңғысхан заманының көзі. Халқымыздың ұлы мұрасы. 1758 жылы Нұралы Сұлтан Қытайға елші болып барғанында император Цзянь-Лунь Жетісу деген жерде саясына 50 солдат сыйып кететін осы ағаш туралы сұрағанын іздестіріп құжаттардан тауыпты. Бұл бəйтеректің кепкен бұтақтары бейне піл сүйегіндей сарғыш тартып, маңайында балалап өскен ағаштар түгелдей алып анасына басын иіп тұрғаны таңырқатады. Халық оны əулие тұтып, басына түнеп жатады.


Кадрда Қуаныштан интервью алып, жанталасқан журналистер. Олар бірінен кейін бірі алмасады. Əр түрлі киімде, əр түрлі ортада, əр түрлі мəселеде пікірін білдіруде. Екінші экспозицияда газеттерде шыққан сан түрлі мақалалары. Кітаптарының тұсаукесер жиыны (хроника). Одан кейін кітаптары көрсетіледі. Ең соңында «Алтын Самұрық» сыйлығын беру рəсімі (хроника).


С.Оразалин (кадрдан тыс): Журналистер аса сезімтал, кірпияз халық.


 


Олар да өз көңілдеріне жаққан, айтар ойы, өзіндік пікірі бар қайраткерлер- ге үйір. Қуаныш Сұлтановтың негізгі мамандығы журналист болғандық- тан ол да əріптестерінің көңілін қалдырмауға тырысады. Əрине, талантты көсемсөз иесі өз жүрегінің сөзін айтады. Оның сөздері мен мақалаларын- да бүгінгі күннің өзекті ойлары, мемлекеттік мəселелер, қалың жұртты толғандырған оқиғалар кеңінен қамтылып, заманның, уақыттың шежіре- сі іспетті əсер береді. Қуаныштың мемлекет қайраткерлері, жазушылар, өнер адамдары туралы очерктері ғылыми дəйектілігімен, көркем тілі- мен, тосын пікірлерімен ерекшеленеді. Ол өзі білетін сапарлас серіктері, қанаттас қайраткерлер туралы тебірене сөйлейді.


Қытай елінің тарихы, саясаты, экономикасы туралы кітаптары елі- мізде жаңадан туындап келе жатқан халықаралық тақырыптағы тың ізденіс, сүбелі еңбек дер едік.


Сондықтан да Қазақстан Журналистер академиясының «Алтын қыран» сыйлығы лайықты берілген.


Кадрде Өссек өзенінің бойы. Қос атқа мінген Қуаныш пен С.Оразалы əңгімелесіп келеді.


С.Оразалы (кадрдан тыс): Серігіңнің сыры жол үстінде аңғарылады ғой. Қуанышпен ел ішінде де, шет жұртта да талай сапарлас болдық. Сонда қабағын кір шалмайтын жайдары мінезі, адамның ойындағы- сын тез аңғаратын сұңғылалығы, қызметін, мансабын бұлдамайтын қарапайымдылығы бойына тартып, баурап алады.


Сені де өзіндей көретін ішкі тазалығы болса керек, əншейіндегі ұстамдылығы ұмытылып, сырын ашық айта береді.


Кадрда биік тау баурайындағы балық шаруашылығы. Аудандық мəслихаттың мүшелерімен кездесу.


С.Оразалы (кадрдан тыс): Туған еліне барған сапарында жазғы демалыста жүргеніне қарамастан жұртпен көп кездесті. Міне, ежелгі Жаркент жерінде балық өсіретін жаңа кəсіп иелері пайда болыпты. Бұл жерде жүзден аса жастар жұмыс істейді.


Кадрда Қуаныш Сұлтанов салдырған перзентхана мен Ы.Алтын- сарин атындағы мектеп ғимараты. Қуаныштың оқушы кезіндегі суреті екінші экспозицияда көрсетіледі.


С.Оразалы (кадрдан тыс): Мына перзентхана да Қуаныш Сұлтан- ұлының тікелей көмегімен бой түзеді. Жас ұрпақтың келешегі, халық санының өсуі, сəби мен ананың денсаулығы қашанда оның көңілінің төрінде. Сондықтан депутат ретінде осы іске белсене кірісіп, бұл өңірде бұрын-соңды болмаған осы ғимаратты салдырды. Оның іші қазіргі заманғы медициналық құралдармен толық жабдықталған.


Бір кезде балалық шағы өткен алтын ұя – мектебі кім-кімге де ыстық қой. Əбден тозығы жеткен білім ордасын қайта жаңғыртып, сəулетті ғимаратқа айналдыру Қуаныштың көптен бергі арманы еді. Сол істің ретін келтіріп, ескі үйді жөндетіп, оның қасынан жаңа мектеп құры- лысы басталып та кетті. Бүгінгі ұрпақ өзі көрген жұтаңдықты сезбей, осы заманға сай ортада білім алып өссе дейді.


 


Кадрда Роза Мұхамедқызының үйі. Бұл кісі Қуаныштың мектепте сабақ берген ұстазы. Екеуі құшақтасады. Қуаныш гүл, сыйлық тап- сырады. Көңіл толқытар сəт. Кейбір сөздер (синхрон) естіліп қалады. Екеуі бірігіп орысша өлең куплеттерін оқиды. Ұстаздың жазған хаттары көрінеді.


С.Оразалы (кадрдан тыс): Адамгершіліктің бір сипаты бойыңа білім нəрін құйған ұстазға деген қарым-қатынастан да байқалады. Қуаныш мектепте əдебиет пен өнерді сүюге баулыған ұстазы Роза Бекболатқызын туған анасыдай қадірлейді. Екеуі, міне, жиырма жылдан бері үзбей хат жазысып тұрады. Ұстазының шын жүректен шыққан пікірлерін шəкірті қалтқысыз қабылдап, үлкен құрметпен қарайды.


Ө.Байгелді (кадрда): Жоғары қызметте жүрген азаматтар көп. Бірі келіп, бірі кеткендері бар. Келген күнде елге танымал болады, кеткен кезде ұмытылады. Олардың бəрі қайраткер емес. Қайраткер деген əр мемлекетте санаулы болады. Халықтың алдында жанкешті іс атқарып, басын тігіп, сынақтан өткен адамдар бар, тек соларды қайраткер дейді. Міне, Қуаныш сондай жігіт. Ауыртпашылыққа не үшін түсті? Халық үшін түсті. Халықтың ішіндегі мына жастарға жаны ашып тұрған, халықтың сөзін айтып тұрған адам екенін көріп, сол үшін тиісті. Колбин біздің мықтылардың ішінде тек мықтыларын ұрып, соларды жазалағысы келді. Халыққа ауыр тисін деп əдейі істеді. Міне, соларға қарсы тұрған, мінезімен, ісімен көрінген жігіттерді қайраткер деп атауға болады. Сол қатарға Қуанышты кіргіземін.


Опера жəне балет театрының іші. Қ.Сұлтановтың 60 жасқа тол- ған мерейтойынан көріністер. Бірінен-кейін бірі құттықтап жатқан саясаткерлер, жазушылар, өнер адамдары. Қуаныштың галстуктері- нің көрмесі. Сахнада Н.Əбіқаев, О.Əбдікəрімов, О.Мұхамеджановтар құттықтауда. Қызы Гауһар музыка ойнады. Ақ Орда көрінеді.


С.Оразалы (кадрдан тыс): «Сүйер ұлың болса, сен сүй, сүйенерге жарар ол», – дейді ұлы Абай. «Ұлым деген елі болмаса, елім дейтін ұл қайдан шығады?» дейді данышпан халқымыз. Қуаныш – халқына қорған, тіреніш болуға, елім деп еміреніп, іс тындыруға жараған ұл болғандықтан, халқы да ұлым деп сүйіп, құрмет тұтады.


Оның мерейтойы да жаңаша, көпірме сөзден гөрі əн мен күйге, əзіл-күл- кіге бөленіп өтті. Ал талай дəрежелі сахнада өнер көрсетіп жүрген қызы Гауһардың күйсандықта ойнаған музыкасы бүкіл кештің көркіне айналды. Қ.Сұлтанов (кадрда): Малиновкада ескерткіш ашқан кезде айтып қалып едіңіз. Музейді қарап жүргенде осы коллективтендіруді де ой- лануымыз керек деп. Мен соған біраз ұсынысымызды айтсам деп


кішкентай хатымды да жазып алып келдім.


Н.Ə.Назарбаев: Коллективтендіруден бастаймыз ба, жоқ, қырғын- ның өзі 19291932 жылдары деп санаймыз ба?


Қ.Сұлтанов: Аштық1928 жылдан басталады. 1928 жылы алғашқы коллективтендіру, яғни бірден тəркілеу басталған. Тарихи деректер, барлығы бар. Соны енді бүгінгі Астанамен байланыстырып Өзі


 


Астанамыз болмаса, біздің тəуелсіздігіміз толық болуы да қиын болар еді деп ойлаймын. Əсіресе демография жағынан.


Есіңізде ғой, 1990 жылы Целиноградта бес-ақ пайыз қазақ болды.


Қазір, міне, қараңыз, Астанада...


Н.Ə. Назарбаев: Бұл ең қазақи қала қазір.


Қ.Сұлтанов: Иə, 60 пайызға жетіп отыр. Астанасыз тəуелсіздік то- лық болмас еді. Өзіңіз қарарсыз, бірақ сол сөзіңізде демографиялық бағдарлама жасау мəселесін көтерсеңіз.


Кезінде, 19201930 жылдары Ресейге кеткен қазақтар бар. Индияға кетті. Түркияға кетті, Германияға кетті. Сол туралы саяси бір ишарат жасасаңыз. Н.Ə. Назарбаев: Севкрай деген Ресейге кеткен қазақтар ғой,


Омбыдағы қазіргі, Алтайдағы...


Қ.Сұлтанов: Миллион халық қазір сол жақта тұрады. Болашақта, 2015 жылы 20 миллионға жетеміз деген межеміз бар. Мысалы, соны бір ескертсеңіз. 80 жыл толуын алдымен сіз айтыңыз.


Н.Ə. Назарбаев: Не істейміз оған, не ой бар?


Қ.Сұлтанов: Оның аясында конференциялар, зерттеулер өткізуге болады. Сіздің баяндамаңызда айтылып кетсе болды...


Сол сияқты, Астанада салтанатты жиналыста сөйлейтін сөзіңізді, үш тілділік деп айтып жатырсыз ғой. Соны орыс, ағылшын, басқа тіл- дерге алдымен аударып қойып, жақсылап бір қазақша айтып берсеңіз... Тіл статусына қатысты дұрыс əрекеттер болар еді, мен ол туралы да өз ұсыныстарымды бердім. Сізге осындай мəселелерді айтайын деп едім.


Түнгі алау. Жоңғар Алатауының үстіне төнген қаракөк аспанда бауырын ақшыл сəуле шалған бұлттар қалқиды. Камера лаулаған жалыннан көтеріліп, сөйлесіп отырған адамдардың бетіне тоқталады. Ірі планда Қ.Сұлтанов пен С.Оразалы.


Қ.Сұлтанов (кадрда): Берік ұстанатын өзімнің тəртібім – адамдық қасиеттерді сақтау, адалдықты сақтау, шындықты сақтау, ешкімге қиянат жасамау. Кеше қандай болған күніңді ұмытпау. Мысалы, біз бір-ақ күнде министр бола қалғанымыз жоқ, бір-ақ күнде сенатор бола қалғанымыз жоқ. Əр кезеңде əр түрлі адамдармен араластық, дəмдес-тұздас болдық. Соның бəрі біздің өмірбаянымыз деп есептеймін.


Кадрда Сұлутөрдің көркем көріністері. Арқырап ағып жатқан Өссек өзенінің асау толқыны. Астында қара арғымағы бар Қуаныш биік қыратқа қарай жортып келеді. Домбыра күйі төгіліп тұр.


С.Оразалы (кадрдан тыс): Мансап биігінде жүрген қайраткер тын- дырған істерімен ғана қадірлі. Қуаныш Сұлтановтың өмір жолы жақ- сылық пен ізгілікке, іскерлік пен парасаттылыққа толы. Ол – ата аманатын ақтаған азамат. Бір кезде əкесі Сұлтан ақ үмітін Найзагердің жалына түйіп, ақбас шыңдардан тілек тілеген еді. Ұлы əлі де Найзагердің үстінде. Елі үшін, халқы үшін ол аттан түспей, еңбек етіп келеді.


 


2009 жыл








Пікір жазу