Туындылар ✍️
АҚ ШАҒЫЛДА ТУҒАН АРМАН
Жазушы Əбіш Кекілбаев
(Бірінші фильмнің сценарийі)
Тікұшақ Маңғыстау өлкесінің көгінде қалқып келеді. Бұлтсыз ас- пандағы шақырайған күннің телекамерада шағылысқан сəулесі мың- сан бөлшекке бөлініп, көгілдір көк те, жердегі таңғажайып құз-қия- лар да сан түрлі бояуға малыныпты. Камерадан бірде көкпен астасып төңкерілген жер, енді бірде аспан төңкеріліп жерге түскендей су- реттер пайда болады. Тік ұшақтың илюминаторынан туған жеріне ынтыға қарап отырған Ə.Кекілбаев көрінеді. Онымен бірге ұшып келе жатқан адамдар да үнсіз, Маңғыстау өлкесіне биіктен көз тігеді. Осы фонда титрлар көрінеді.
Көгілдір өлке, зеңгір тау. Əрбір құз-қияның өзі қиял-ғажайып ертегідей көзіңді арбайды. Теп-тегіс даланың бір тұсында жер күрт төмен ойылып түскендей, кенересі сан түрлі жолақтарға боялған алып ойпат пайда болады. Енді бір тұста сол терең ойпаттың дəл ортасынан бойын көкке созған жалғыз тау көрінеді. Ол – Шерқала. Оны айналып өткен тікұшақ осы шыңның адамның миына ұқсайтын бүйірін, күн мен желдің құдіретімен сан түрлі бейнеге айналған, адам денесіндегі қан тамырлары сияқты тарам-тарам жолдарды көрсін дегендей. Əр тұстан қарауытқан тас қорымдар, қия беткейлерден адам қолымен ойылып жасалған жер асты мешіттерінің кіреберісте- рі мен маңайындағы қора-қопсысы белгі береді. Камера тік ұшақтан бүкіл алқапқа панорама жасағанда көк жиекке дейінгі аралықтан ақ шағылды тау мен қорғасындай қара тау, əр ойпаңнан оймақтай жап-жасыл ну мен су, көкпек басқан теп-тегіс даланың бетін аяусыз шимайлаған машина жолдары мен толқыны жағаны ұрған көк теңіз көрінеді. Теңіз суы тынымсыз толқып, жағадағы құлап түскен алып тастарды сабалайды. Камера тік ұшақта отырған Ə.Кекілбаевтың жүзіне тоқталады. Оның көздері ірі планда алынады. Жазушының ойын кадрдан тыс актер оқиды. Музыка.
Актер даусы (кадрдан тыс): «Маңғыстау... Тарих пен табиғаттың бірге толғаған тамаша дастаны, бірге салған таңғажайып суреті, бірге шерткен тағлымды шежіресі. Оны таңданбай көріп, тамсанбай түсінуің мүмкін емес...
Оны көргенде – Жалғыз Жаратушының шеберханасына кіріп кет- кендей, өз көзіңе өзің ие бола алмай қаласың.
Бір аймақта – бүкіл əлемнің бар кереметі топтасқандай. Бір аймақтан – бүкіл дүниенің бар сырын ұққандайсың...
Біреулер оны Маңғыстау елі, мыңдаған жолдар өлкесі, мыңдаған шың құздар мен шыңырау құдықтар аймағы деп атап жатады. Ал
маған əлі де сырын аша қоймаған мың құпия, мың жұмбақ ордасындай көрінеді де тұрады...»
Əбіш Кекілбайұлы.
Тікұшақ жерге қонады. Ішіндегі адамдар сыртқа шығып, ұшы қиырсыз кең далаға көз тігеді. Жусанды өлке. Ə.Кекілбаев жерден бір жусанды үзіп алып иіскеп келеді. Жағасы жайлауда, өте көңілді. Жазушы үйінде, жұмыс бөлмесінде отыр.
Ə.Кекілбайұлы (кадрда): Маңғыстауда туған адамның арманшыл болмауы, қиялшыл болмауы мүмкін емес сияқты. Өйткені онда шай- қалып тұрған жасыл бақ жоқ, шалқып жатқан теңіз болғанмен, мөлдір бұлағы жоқ. Барлығы зəру, барлығы қат. Соның бəрі бос екен дейтін адам алыстарға, қияндарға қиялын жұмсап отырады.
Шерқаланың түбіндегі желегі төгілген тоғай мен мөлдір бұлақ. Доп тəрізді домаланған алып тастар бейне ай бетінен түскендей, тау- тау болып үйіліп жатыр. Жазушының жанына ерген адамдар осы бір ғажайып құбылысқа таңырқай қарайды. Əбіш өзі бастап көрсетіп жүр. Бейне алып текше тастардан қолмен қалағандай биік қияның екі сағасында жасыл тоғай жайқалады. Сол қия беткейдің ішін араның ұясындай етіп су мен жел не түрлі өрнек салған. Адам қолымен жер- ге қадалған алып жақпартастар бір жолақ болып алысқа созылып жатыр. Тұрғанына бірнеше ғасыр болған ескі мұнара. Осының бəрі қиялдағыдай көріністер. Тік ұшақтан алып алқап көрінеді. Есте жоқ ескі заманда адам қолымен жасалған тас қабырға еріксіз таңыр- қатады.
Ə.Кекілбайұлы (кадрдан тыс): Маған сөздің дертін, өмірдің дəмі, өнердің қадірін ұқтырған менің туған топырағым. Біздің буын атасының атына мінгесіп, əкесінің тізгінін алып, ағасының соңынан еріп өскен жоқ. Соғыс өмірінің ауыртпашылығын бастан аямай кештік. Сол кезде ауыр тұрмыстың қиыншылығына қарамай, қалмай өзіңнің арманыңа ілесіп кету үшін қанша күш керек болды?! Сонда бізді кім тəрбиеледі? Бойымыздағы жігерді кім өшірмеді? Жүрегіміздегі отты кім үрледі десек, соның бар сиқыры туған жерге байланысты болып көрінеді. Мен егер Маңғыстауда тумасам, бəлкім, басқа адам болуым мүмкін. Қалам ұстап жазушы болсам да, басқа жазушы болуым мүмкін. Тақырып, ұнайтын мінез-құлықтар, суреттейтін көріністер басқаша болуы мүмкін еді деп ойлаймын. Мен өмірім үшін, тағдырым үшін де туған жеріме қарыздармын деп есептеймін.
С.Оразалы Алматыдағы парктің ішінде қыдырып жүріп сөйлей- ді. Камера оны əр түрлі қырынан алады. Сөзінің арасында Əбішпен бірге Маңғыстауды аралағандағы (мұрағаттан алынған) киноүзінді көрсетіледі.
С.Оразалы (кадрда): Əбіш Кекілбайұлы – бұл күнде кемеліне келген, толғауы тоқсан сөз өнерінің жемісін көрген, алапат еңбегі мен таланты
арқылы атақ-абыройдың биігіне шыққан, бірегей адамның бақ талайы- на бітетін қызық-қуаныштың бəрін татқан суреткер дер едім. Ол – биік мансаптың да буына пісіп, отына шарпылған адам. Бұл ретте отызға келмей ел үкіметін басқарған Сəкен Сейфуллиннен басқа Əбіш шыққан мансап биігіне қазақ қаламгерлерінен ешкім де көтерілген емес.
Өркениетті елдерде бұндай ауқымдағы тұлғалар туралы көзінің тірісінде-ақ көлемді зерттеу еңбектері, ғұмырбаяндық кітаптар жазы- лып, деректі фильмдер түсіріліп жатады. Бізде, əрине, олай емес. Сол олқылықтың орнын толтырайын деп осы фильмді түсіруді қолға алған едік.
Ұлы Гетенің «Ақынды танығың келсе, оның туған жерін барып көр» дейтін ұлағатты сөзі бар. Маңғыстау өлкесін осыдан он бес жыл- дай бұрын Əбіш ұйымдастырған экспедициямен барып, аралап көр- генмін. Оған көптеген қоғам, мемлекет қайраткерлері, депутаттар, ақын-жазушылар қатынасқан болатын. Сонда Əбіш туған жерінің əрбір сай-саласының, қырат-дөңінің тарихын, өткені мен бүгінін соншама сүйіспеншілікпен əңгімелеп, өзінің энциклопедиялық мол білімімен ғажайып əсер қалдырған еді.
Əдебиетімізге Əбіштей кесек талантты берген осы өлкені тағы бір аралап көру суреткер табиғатын тереңірек түсінуімізге жол ашар деймін.
Жазушы мен оның қасына ерген адамдар мінген жеңіл көліктер Маңғыстау даласында жүйткіп келеді. Көктем. Жер гүлдей баста- ған. Жас төлін ерткен қой-ешкі, табын-табын сиырлар мен түйелер шашырай жайылып, толысқан қыздай құлпырған далаға өң береді. Тік- ұшақтан түсірілген құздар мен құлама жарлар, кейде сарғыш, кейде ақ шаңқан түсті бұйраттар дөңгеленіп қалып барады. Тастан қиылған құдықтың кенересіне жайғасқан Əбіш С.Оразалыға əңгімесін айтып отыр. Бұл – жазушының кіндік қаны тамған Мырзайыр деген жер. Маңайда тікенек сияқты жантақ шөптер қараяды. Алыстан ақтөс кенерелі тау мен екінші бүйірден жал-жал құм төбелер сарғаяды. Əбіштің балалық шағындағы əңгімесіне ұқсас 7–8 жастағы балалар құм сапырып ойнап жүр.
Мырзайырда қонақты қарсы алу үшін үйлер тігілген. Ағайынның қалтқысыз көңілі, ағыл-тегіл пейіл мен мол дастарқан. Əрқайсысы жазушыны құшақтап, өз ықыласын білдіруде.
Шегенделген құдықтың түбі көрінеді. Шелекпен тереңнен алын- ған су-тас астауға құйылады. Біреу оған бетін жуады. Жаңа туған нəрестені осы суға шомылдырған.
Ə.Кекілбайұлы (кадрда): Мен үшін ең қымбат ел-жер, ол, əрине, қазақтың даласы. Қазақтың даласындағы маған айырықша қымбат нүкте керек болса – ол осы отырған жеріміз. Бұл жердің аты Мырза-айыр деп аталады. Мен туған күні анам анау жатқан шағылдан қысқа отын алып келген. Өзі екіқабат, жүкті кезі, айы-күніне жетіп отырған, соған
қарамастан барып, екі түйе томарды артып əкеліп, үйдің қасына түсірген бойда өзі оң жаққа келіп отыра кеткенде абысындары көріп қалыпты. Сонда мен жерге түсіппін, сəскенің шамасы еді дейді. Мен туған кезде осы құдықтың суымен мені шомылдырған. 1947 жылдың май айында мені анам алғаш рет туған жеріңді көрсетемін деп осында алып келді. Осы жерде анам мені анау шағылдардың арасына алып барып аунатып еді. Мынау сенің туған жерің деп. Менің есімде қалған ең үлкен оқиға осы деп білем. Сол күннен бастап бұл жердің маған ыстық жер екендігін сезінумен келе жатырмын.
Түсі суық қара бұлттар Маңғыстау аспанын торлап алған. Соғыс кезіндегі ауылдың жүдеу кейпі (кинохроника). Жел өтінде тұрған екі- үш киіз үй қалт-құлт етеді. Жұпыны киімді жеті-сегіз жасар бала жалаңаяқ құм кешіп, жүгіріп келіп, тоқтай қалады. Аспаннан свас- тикалы жау ұшағы төмен қарай шүйліккенде, ол бейне Қапыға төніп келе жатқандай. Жау бомбалары жердің астан-кестенін шығаруда. Бір топ əйелдер мен балалар киіз үйге қарай жүгіріп барады.
С.Оразалы (кадрдан тыс): Соғыс кезінің балалары. Бұлардың тағ- дырларында ұқсастықтар өте көп. Жыртық киім, аш құрсақ, алаң көңіл. Міне осы аңғардағы бірнеше жертөледе Əбіштің балалық шағы өтіпті. Ол тұңғыш рет неміс ұшақтарының осы жердегі шахталарды бомбалағанын көзбен көрген. Əкесі Сталинград майданында. Шешесі осы арадан төрт шақырым жердегі көмір шахтасында таңның атысы – күннің батысы көмір қазады.
Таушықтағы көмір шахтасы. Оның ішінде беттерін қара күйе басқан əйелдер жұмыс істеуде. Сол кездегі шахтерлардың көмір қазу əрекеттері бейнеленген. Шахтаның қараңғы түкпірінде қайламен кө- мір қазып, вагонға тиеп, оны алыстан ағарып көрінген шахтаның шы- ғар аузына сүйреп келе жатқан əйел-манекендер. Мұңды музыка сай- сүйегіңді сырқыратады. Қапыдағы темір жолмен паравоз аңыратып келеді (кинохроника). Жол жағасында оған қарап тұрған бала-шаға көрінеді. Ə.Кекілбаев бір топ дамдардың ортасында əңгіме айтып тұр. Оның балалық шағы өткен Қапы аңғары көрінеді.
Ə.Кекілбайұлы (кадрда): Күніне ерсілі-қарсылы көмір тиеген пойыз- дар өтіп жатады. Ата-аналарымыз кешкі жұмыстары біткенде көмір тиеген вагонеткаларға мінгесіп үйге келеді, таңертең кетеді. Күні бойы ата-аналарды күтіп сағынып жүреміз. Осы жерден басқа ел-жер көрмейміз. Көріп отырсыздар ғой, затворничество. Жаз шыққан кезде əрқайсысының кішкентай шаруашылықтары бар. 20–30 үй, олардың əрқайсысы мына таудың əр қолатына бөлініп кетеді. (Жазушы сөйлеп отырғанда кадрда ауыл тұрмысы, туған жер көріністеріне де орын берілген.) Бір екі-үш үй осында қалады. Солардың біреуі менмін. Біздің көршіміздің бір қызы бар, менің екі апам бар, біреуі мектепке барады, біреуі бармайды. Мектепке бармайтынымен көрші үйдің қызы – үшеуі-
міз қаламыз. Бір үйдің хозяйкасы қалады. 20–30 шақты ешкі-лақ бар, ол осы жерде өзі бағылады. Жаңағы апай қарайтын шығар, қалғанымыздың күшіміз жетпейді. Бүкіл соғыс тұсындағы балалық шағымыз осылай өтті. Бірінші рет майданнан келе жатқан кісіні көргенім де осында. Жүзбай деген ағам болды, бір қолы шолақ. Мына жерде Сағи деген кі- сінің үйі болды, сол үйге барамыз, көрісеміз деп, мені арқалап алып кетті. Күндіз болатын, кешке ол үйден қонағасы ішіп қайттық, қайтарда сумен жүрейін десе, судан бəрі қорқады, үлкен кісілер рельстің бойымен келе жатыр. Мені арқасына арқалап алды əлгі фронтовик. Қылғынып өліп бара жатырмын, себебі оның екінші қолы жоқ қой. Жалғыз қолы бар, мені құлатып аламын деп əбден қысқан.
Қапы аңғары. Тек жақпартастардан əдейі қалап қойғандай қия беткей. Төменде селдір-селдір тал өскен. Бұл қия тастан ауыл адам- дары су алатын. Бала Əбіш те одан талай рет су тасыған. Ə.Кекілбаев тауға өрмелеп келеді. Тас астауда мұздай суық мөлдір су көрінеді. Ол балалық шақта шахтадан қайтатын анасын тосатын жерге келіп отырады. Көзінде жас бар, көңіл толқыны сезіледі. Төменде поезд жүретін тар жолдың сілемі əлі жатыр. Ал қия бетте жалғыз шынар өсіпті.
Ə.Кекілбаев Маңғыстаудағы ежелгі тарихи жерлерді аралап жүр. Ол жанындағы адамдарға сол ескерткіштер туралы əңгімелейді. Жазушының қасында оның балалық шағын жақсы білетін ауылдас ағайындары да бар.
С.Оразалы (кадрдан тыс): Бұл Қапы тұрғындарының ауыз су алған жері. Осы қия тасқа өрмелеп шығып, белі қайысып бірнеше шақырым жерге су тасығаны есте қалыпты. Мына жартаста шахтадан қайтатын анасын күтіп, күн бойы зарығып отыратын. Сонда бала қиял қайда шарықтамады дейсіз. Алыс қияндағы қайнаған өмір, қан майданда жүр- ген əкесі, күн сайын үзбей оқитын кітаптағы адамдар тағдыры жас жүрегін толғандыратын. Бəлкім, болашақ жазушының бойындағы талант, суреткер болсам деген арман осы жерлерде оянған болар.
Бірде Əбіштің «Екпінді егін салмай ма?» деген көлемді мақаласы аудандық газетте жарық көрісімен, колхоз басқармасына шақыртыла- ды. Келсе, туған аулының ақсақалдары, соғыстан қайтқан əкесі тұстас адамдар мен егде əйелдер бас қосып, мақаланы талқылауға кіріседі.
Ə. Кекілбаев пен С. Оразалы Астананың саябағында əңгімелесіп отыр. Жазушының сөзінің арасында өзімен бірге өскен құрбылары, үлкен аға-жеңгелерінің киіз үйдің маңында ас қамдап жүрген сəті, тойға жиылған маңғыстаулықтардың бет-пішіндері көрінеді. Оның жастық шағының куəгерлері осылар.
Кең далада жайылып жүрген отар-отар қой мен түйелер, Қапы өңірінің табиғаты ауық-ауық сол заманның тынысын сездіргендей.
Ə.Кекілбаев (кадрда. Далада түсірілген): Ұрсатын шығар деп отыр- сам, колхоздың бастығынан бастап, бірінен кейін бірі сөйлеп, Кекіл-
баев жолдастың мақаласында кемшіліктер дұрыс көрсетілген, оны жою үшін былай істейік деп жатырмыз, олай істейік деп жатырмыз деп ақпарат-мəліметтер берді. Мен аузымды ашып, қайран болып отырмын. Ең соңында қаулы алды: аудандық «Сталин жолы» газетінде басылған Кекілбаев жолдастың мақаласында көрсетілген кемшіліктерді талқылай келіп, қаулы етеді деп. Сөйтіп, қорқып барған бала атқа мінгендей, ауыл- ға көңілденіп оралдым. Газеттің құдіретіне сенгенім сонша, көп ұзамай колхоз басшылары мені шақырып алып, қабырға газетін шығаруға көмектестіретін болды. Қабырға газетін халық қатты қадірлейтін. Пішен бригадасына барып, «Жауынгерлік листок» деген болады ғой, соны шығардым. Сонда шөп шабу машинасына түйені уақытында жеткізбеген түйешіні сынап, əзіл сурет салып шығарып едім. Кешке қарай шөптен шаршап келе жатқан адамдар шөлдеп, шайға асыққанына қарамастан, жаңағы листок ілінген жерге үймелеп, қауқылдасып, біреуі күліп, біреуі басын шайқап жатыр екен. Мен зып беріп үйге кіріп кеттім. Сол түйеші біздің ағайынымыз екен, соның əйелі, жеңгем, есіктің табалдырығына отыра кетіп: «Қарғайын десем – жалғызым, қарғамайын десем – жалмауызым» деп аңырап жылап қоя берді.
Сұлтан: Ол кезде нешінші класта оқитын едің?
Əбіш: Төртінші класта оқимын.
1960 жылдардағы Алматы. Хроника. Мұрағаттан алынған кино- кадрда Əбіш жастардың арасында кетіп барады. Сол кездегі фото- суреттер. Каз-ГУ-дің ғимараты. Кітапханада отырған студенттер. Əбіштің кітап оқып отырған суреті.
С. Оразалы (кадрдан тыс): Əбіш студент кезінде де өз қатарласта- рынан оқ бойы озық еді. Баспасөзде шығып жатқан өлеңдері мен ма- қалалары, университеттің əдебиет бірлестігіндегі белсенді жұмысы, білім жинап, шарқ ұра ізденген талапты жасты даралап тұратын.
Пушкин атындағы кітапхананың ескі ғимараты. Мұрағаттан алынған алпысыншы жылдардағы кітапхана залдарының көрінісі. Ə.Кекілбаев өз замандастарының ортасында. Олардың арасынан оның курстас достарымен қоса, сол кездегі жас жазушылар С.Мұратбеков, А.Сүлейменов т.т. суреттері көрінеді. Бұл бейнелер Ə.Кекілбаев сө- зінің арасында беріледі.
Ə. Кекілбаев (кадрда): Біз тек қана сабақпен шектелген жоқпыз. Уни- верситет аудиториясынан кітапхана залы ыстық болып көрінетін. Оны менсінбей, Ғылым академиясының кітапханасына ағылып барушы едік. Көбіне тыйым салынған, жасырын қоймаларда сақталатын кітаптарға, ескі қолжазбаларға құмар едік. Пушкин атындағы кітапханада осындай арнайы қор болды. Сол кітаптарды жарыса оқимыз. Осы ыждаһат тек қана қазақ əдебиетімен ғана шектелмей, басқа əдебиеттерге де құлшына ұмтылуға мəжбүр етті. Орыс əдебиетіндегі қара тізімге ілінген көпте- ген есімдермен оқу залында таныстық. 1934 жылға дейін атақты баспа
«Академия» болған. Əлемдегі не бір үздік туындылар, əдебиеттегі,
оның ішінде XIX ғасырдың аяғы – XX ғасырдың басындағы декаденттік əдебиет, фрейдизмнің алғаш шыққан кезі, Ницшенің еңбектерімен біз сол алғашқы курста жүріп танысқанбыз. Осы күні айтсам, біреу сенетін, біреу сенбейтін жағдай болып көрінеді. Бұл тек қана қызық құмарлық болмады. Біздің санамызда, дүние түсінуімізде өшпейтіндей із қалды деп айта аламын.
Əбіш пен Клараның саябақта отырған жас кездері. Сол кездегі дəстүрмен иегіне сақал қойған, достарымен емен-жарқын əзілдесіп тұрған, қаламдас жазушылар Қ.Мұхамеджанов, Ə.Əлімжанов, А.Сү- лейменов, Ж.Нəжімеденов, Қ. Ысқақовтардың ортасында тұрған сəті. Шетсіз-шексіз қазақ даласы. Мұңды музыка.
С. Оразалы (кадрдан тыс): Алпысыншы жылдар студенттерінің ойын ел тағдыры, жер тағдыры да қатты толғандыратын. Жасырын əдебиеттерді күн-түн демей оқумен қоса, жиі-жиі жолығып ой бө- лісу, есімдері ұмытыла бастаған ардагерлеріміздің арманын айту, та- рихымыздың жазу шындықтарын ұғуға ұмтылу, қаптаған келімсектер өктемдігі, азап-тозып жатқан жеріміздің, тіліміздің тағдыры бейжай қалдырмайтын.
Əбіштің сөзіне аты аталған қаламгерлердің суреттері беріледі. Сол алпысыншы жылдардағы С.Оразалы, Р.Нұрғалиев, М.Мағауин, Т.Тлеухановтардың бірігіп түскен жəне жеке-жеке суреттері мен Ə.Кекілбаевтың сол тұстағы бейнесі экранға шығады.
Ə.Кекілбаев (кадрда): Үшінші курстан жатақханадан пəтерге шы- ғып кеттік. Ол байлық қысқаннан емес еді. Оңаша отырып оқитын, оңаша отырып қиялданатын, көкірегіңе қонған сөздерді қағазға түсіруге қолайлы жер деп санадық. Панфиловшылар паркінің күнбатыс жағында, Арасан моншасы тұрған жердегі бір ескі қоражай көз алдымнан кетпейді. Көк бояумен боялған, бір жарым қабаттық аласа үй еді. Дм.Фурманов сол үйде тұрыпты. Тұтқындарды тергеген бөлмесінде менің достарым
- Төлек Тлеуханов, Мұхтар Мағауин пəтер жалдап тұрды. Ұйқыдан тұра біз баратынбыз. Ауыл шаруашылығы институтынан Рымғали Нұрғалиев келетін. Мектеп бітіріп Шыңғыстау, Семейден – Сұлтан, сен келдің. Сол кездегі кездесулеріміз көз алдыңда болар. Төлек пен Мұхтар жарысып Европа романистерін оқып, біреуі Бальзакты, біреуі Флоберді мақтап, қызыл-шеке болып отыратын. Ал мен ол кезде өлеңнің соңында жүретінмін. Верхарнды, Блокты, тағы сондайды айтып кетемін. Со кезде сендер, Шұбартау, Шыңғыстаудан келгендер, мен үшін тек аты ғана таныс, шығармалары бейтаныс Мағжанның, Шəкəрімнің өлеңдерін, Нарманбеттің өлеңдерін жатқа айтатын едіңдер. Мен қайран болатынмын. Неғып бұл өлеңдер бізге жетпеген? Сөйтсек, біздің ұлан- байтақ даламыздың тарихы мен сырын əлі зерттеп үлгермеген кез екен. С. Оразалы (кадрда): Бірде университеттің дəлізінде, сол кезде үшінші курста оқитын Мұхтар Мағауин жолыға кетіп: – Əй, Оразалин, жүр, қазір бізге Мұхаң, Мұхтар Əуезов дəріс оқиды. Басқаларды қай-
тесің, жүр сонда барамыз, – деп дедектетіп ала жөнелді. Кіші акт залы жұртқа лық толы екен. Алдыңғы қатардағы орында бір бұйрашаш, мойны қылдырықтай, басы қазандай, жүзі мейірімді, қара торы жігіт, Мұхтарды тосып отырса керек, ығысып екеумізге орын босатты. Мен ортаға отырдым. Мұхтар əлгі жігітті таныстырды: – Əбіш Кекілбаев, ақын, сыншы, өзіміз сияқты болашақта классик болайын деп жүр, – деді. Міне, сол күннен бастап Əбіш екеуіміздің арақатынасымыз үзілген емес.
С.Оразалы сөзінің соңында Əбіштің автограф жазып берген көп томдық шығармалар жинағы көрінеді. Онда «Құлын кезінен бірге өс- кен Сұлтан досыма ең ізгі тілектермен. Əбіш» деген сөздер жазылған. Оның ой үстінде отырған суреттері беріледі.
Əбіш Кекілбайұлы (кадрда): Біздің мемлекеттік университетімізде үлкен əдебиет бірлестігі бар еді. Бірлестіктің танымалболғандығы сонша, ол бірлестікте тек талапкер студенттердің шығармалары ғана емес, сол кездегі сақа жазушы, жазушылар одағының біріншісі басшысы болып жүрген Ғабиден Мұстафиннің «Дауылдан кейін» романы талқыланып еді (төралқада отырған Ғабиден Мұстафинді көрсеткен кинокадрлары көрсетіледі). Əбдіжəміл Нұрпейісов қазіргі атышулы «Қан мен тердің» алғашқы кітабын сол бірлестікте талқылатып еді.
Ə.Нұрпейісовтің үйі. Ол кабинетінде отырып сөйлейді. Столының үстінде Ə.Кекілбаевтың бірнеше кітаптары жатыр. Кітап сөрелері, қабырғаға ілінген суреттер көрінеді. Əбіштің «Дəуірмен бетпе-бет» кітабын парақтайды, «Есболай» əңгімесін сызып оқып, кітаптың бетіне өз ойларын жазыпты. Қабырғада Əбіш екеуінің бірге түскен суреті рамаға салынып, ілініпті. Бұл сурет оның сөзінің соңында ірі планда көрсетіледі.
Ə.Нұрпейісов (кадрда): 1960–1961 жылдары «Жұлдыз» журналында
«Қан мен тер» романының бірінші нұсқасы жарияланды. Оны КазГУ- дың филфак студенттері талқылады. Басқарған Зейнолла Қабдолов болды. Баяндамашы студент жігіт екен. Қазір де көз алдымда. Қызыл шыт көйлектің жауырыны мен екі иығын күн жеп, жел қағып, бояуы бозара бастаған. Үрпек бас, қол-аяғы шидей, арық бала екен. Елпілдек емес сияқты. Тумай жатып сүйектеріне қорғасын құйып тастағандай, ар жағында бір мығымдық бар. Өзіне-өзі сенетін нығыз салмақ жатқандай. Сірə, кекірлеу неме боларсың деп ойладым. Өзі де кекірейтіп тұрып баяндамасын оқыды.
Мен Əбіштің баяндамасын тыңдағаннан кейін...
– Иə, үрпекбас бала, кекірейетін жөнің бар екен, – деп ойладым...Мен қатты тəнті болдым... Бұрын дəл осындай талдау жасаған, дəл осындай жазушының шығармасын ар жақ, бер жағын бірдей талдай отырып, тереңнен толғаған ойшыл кемелдікті аңғара бермейтінмін.
Əбдіжəміл сөзінен кейін Əбіш оны жалғастырып əкетеді. Ол кадр- да аздап көрінген соң экранға кинохроника шығады. Жұмыс бөлмесінде
ойлы қалыпта отырған, машинисткаға сөздерін жатқа айтып тұр- ған, кітап сөресінен керекті шығарманы іздеп, тауып, оқып отырған М.Əуезов көрінеді. Мұхаңның 60 жылдығына арналған салтанатты жиынның төралқасы. Ұлы жазушыны құттықтып жатқан К.Си- монов, жанында отырған Сəбит Мұқанов, Ғабит Мүсіреповтер. Мұхаң маңдайы жарқырап сөйлеп тұр. Осы көріністер Əбіш сөзінің арасында кірігеді.
Ə.Кекілбайұлы (кадрда): Бірлестіктің өз-өзіне жауапкершілікпен қарағаны соншама, біз өзіміздің ең бас ұстазымыз Мұхтар Əуезовпен қазіргі қазақ поэзиясы, оның ішінде жас поэзия жөнінде сұхбаттасқы- мыз келді. Бір күні лекция арасында мен əдебиет кафедрасына барып, Мұхаңа ұсынысымды айттым жəне болашақ əңгімеге керек болады деп анкета тапсырып, жауап алдым. Мұхаң ол кезде қолға түсе бермейді. Шетелге, бірінен соң біріне баратын жəне Лениндік сыйлығын жаңа алған, өзінің даңқ пырағына жаңа мінген кезі. Əрі шабытты, əрі көңілді, сондай бір əсем шағындағы кезі. Біздің кешіміз 22 желтоқсан күні болды. Қазіргі театр институтының акт залында өтті. Сонда Мұхаң бір сағат- тан астам үлкен шабыт үстінде сөз сөйледі. Ол кештің стенограммасын
«Лениншіл жас» газеті асыл, алтындай қолқалап, менен алды, өз бетінде жариялады. Бұл ұлы жазушының халқымен қоштасқан соңғы сөзі еді. Одан кейін ол кісі Алматыда еш жиында сөйлеген емес.
Мұхаңның 100 жылдық мерекесі. Алматыдағы Республика сарайы. Мерекеге лайық жасанған. Əбіш баяндама жасап тұр. Сарай ішінде бос орын жоқ, халық лық толған. Алдыңғы қатардан ел Президенті, Үкімет мүшелері, шетелдік қонақтар көрінеді.
С. Оразалы (кадрдан тыс): Қазақ жерінің ұлы суреткері Мұхтар Əуезовтің жүз жылдығын ЮНЕСКО арқылы бүкіл əлем халқы тойлап өтті. Міне, осы дүбірлі тойдың ең басты жиынында, қырық жылдан соң, кешегі бала шəкірті, бұл күнде кемеліне келіп толысқан, өзі де жеті жұртқа аты жайылған суреткер Əбіш Кекілбайұлы баяндама жасады. Музыкалық пауза.
Əбіштің үйі. Ол кабинетінде жұмыс істеп отыр. Сөреден кітап алады. Оны столына отырып парақтай бастайды. Жалпақ блокнотқа əлденені жазады. Ойланады. Əбіштің əр тілде шыққан ондаған кітап- тарын объектив шолып шығады. Солардың арасынан «Күй», «Шыңырау»,
«Елең-алаң», «Үркер», «Абылайхан» туындыларына тоқталады.
Тəуелсіздік жылдары жазылған публицистік кітаптарымен қоса, ең соңында оның көп томдығы біртіндеп жылжып өтіп, жазушының үйінде тұрған үлкен портретіне тоқталады.
С. Оразалы (кадрдан тыс): Əбіш – қазақ əдебиетіндегі өнімді жазу- шылардың бірі. Ол поэзия, сын, проза, драматургия, публицистика, ғылыми зерттеу саласында көптеген шығармалар жазып, бұл еңбектері- нің көпшілігі əдебиетіміздің алтын қорына қосылды. Оның алғашқы
«Ең бақытты күн», «Тасбақаның шөбі» сияқты əңгімелерінен бастап,
«Күй», «Шыңырау», «Ханша-Дария хикаясы» повестері, «Аңыздың ақыры», «Елең-алаң», «Үркер» романдары, əсіресе тəуелсіздік жыл- дарында жазған публицистік шығармалары, «Абылайхан» драмасы Əбіштің тұлпар шабысты жүйрік екенін, көркем сөздің нəзік құпияларын игерген зергер, оқушы көкірегіне ақылдың нұрын құятын ойшылдығын танытты.
С. Оразалы (кадрда): Бір ғажабы, Əбіштің он екі томын тағы бір парақтап отырып, көзім айқын жеткен шындық – ол Əбіш туын- дыларында балаңдық дəуірдің болмауы. Кемшілігі бар, əлсіздеу туын- дысы кездеседі, бірақ солардың бойында да алмастың қырындай жал- тылдап талант ұшқыны көрініп тұрады. Мұндай қасиетті біз Мұхтар Əуезов пен Ғабит Мүсіреповтің алғашқы қадамдарынан білеміз. Əбіш те алдыңғы ағалары тəрізді балаңдық дəуірге соқпастан, өрімдей жас кезінде «Күй», «Шыңырау» тəрізді классикалық туынды бере білді.
Əбіш шеген құдықтың қасында отырып əңгімесін жалғастырады. Маңғыстау даласы. Ол машинаның ішінен сол далаға құштарлықпен көз тігеді. Жазушы өз шығармаларының кейіпкерлері туралы айтқанда экранда ауылдастырының бет-əлпеттері көрінеді. Олар қонақтарды қарсы алған киіз үйдің іші мен сыртында, тарихи орындарды аралап жүрген адамдардың арасында да бар. Олар тойға жиналған қалың топтың ортасында, Əбішті құшақ жая қарсы алған замандастары- ның қатарында тұр. Жастары, жасамыстары, қариялары, қыздары, келіншектері, кемпірлері – бəрі де жазушы туындыларында көрініс берген таныс-бейтаныстар. Кинооператор оларды тобымен де, жеке- даралап та көрсетеді.
Ə. Кекілбайұлы (кадрда): Негізінде менің бүкіл шығармаларымның басты тақырыбы туған жерім деп айтуға болады. Мен осы жер туралы
«Ұйқыдан оянған ару» деген шығарма жаздым. Осы жер туралы өзімнің прозадағы алғашқыповесім «Бір шөкім бұлтты» жаздым. Осы жердеөткен балалық шақтағы көргендерім, естігендерім, менің көзтаныстарымның басынан өткен оқиғаларды суреттедім. Оны қойғанда кейіннен «Бір шоқ жиде», «Автомобиль», «Бəсеке», басқа да көптеген повестерімнің оқиға желісінде, кейіпкерімдегі мінез-құлықтардың барлығы осы жердегі халықтан алынған еді. Қажет десеңіз, мен басқа өлкеден, басқа өмірден жазған көлемді прозаларым мен поэмаларымда өзім көрген адамдардың мінезі мен сөзін пайдалануға тырыстым. «Аңыздың ақыры» бір қарағанда бұл жерлермен байланысы жоқ, Самарқанда өткен оқиға сияқты болып көрінеді. Бірақ мен сол кездегі адам психологиясы, сол кездегі характер, қажет десеңіз, соның басты кейіпкерлерінің бірі болып табылатын Жаппар ұстаға дейін, мен сол Самарқанда өскен адам емеспін, мына ұлы даладан барған адаммын, кішкентай бала кезімдегі оқиғаларды суреттеген кезде мен өзімнің ауылдағы бастан кешкен оқиғаларды суреттедім. Қажет десеңіз, «Үркер», «Елең-алаң» деген кітаптардағы көптеген мінез-құлықтар, тарихи тұлғалардың тарихи
өмірбаяны сақталып қалған ғой, біреуінікі толық, біреуінікі кем, бірақ əйтеуір тарихи құжаттарда ізі бар. Бірақ олардың мінез-құлқы, қандай адам болғаны, қайтып күлгені, қайтып сөйлегені, қайтып ренжігені жоқ. Соның бəрін, əрқайсысына психологиялық тип, типаж іздеген кезде менің көз алдыма бала шағымда көрген адамдарым келеді. Соларды егер батыр қылсаң, солар би болса, солар егер хан болса дəл осындай тұста қайтып сөйлер еді, қайтып ренжуі мүмкін, бұлардың бет-аузындағы мимика қандай болуы керек деп ойлаған кезде сол адамдар есіме түсті. Сондықтан менің өмір бақи еміп келе жатқан негізгі емшегім туған жерім деп есептеймін.
Маңғыстаудың тақтайдай тегіс даласы. Г.Бельгер сөйлеп отыр. Оның сөзінің арасында Əбіштің жас, жіңішке, бұйра шашты кей- пі сақталған фото суреттері көрінеді. Əбіш пен Г.Бельгер екеуі Гер- манияны аралар жүр. Бельгердің əр түрлі кейіптегі фотосуреттері ара-тұра экранға шығады.
Г. Бельгер (кадрда): Əбіш менің шығармашылық өмірімде ерекше орын алған кісілердің бірі. Əбіш неліктен қызықтырды мені? Ол кезде Əбіш қазіргі Əбіш емес. Қазіргі Əбіш – жуан Əбіш. Ал ол кезде Əбіш – жіңішке, арықтау болған. Тек қана басы үлкен, шашы дудыраған, ұзын бойлы жігіт еді. Білім жағы Əбіште ұшан-теңіз. Сол кезде мен таңқалатын едім. Білмейтіні жоқ. Маған хандар, бек-сұлтан, билер туралы көп айтатын, ал ол менің басыма бəрі сыймайтын.
Əбіштің бірінші жазған əңгімелері, повестері, əсіресе балладалары жұртты қызықтырды. Мен оны қуана аудардым. Оның алдында мен Нұрпейісовты аударып жүрдім. Оны аудару қиынның қиыны. Ол кісі əрбір сөзді бақылап, қадағалап: «Əй, мына сөз аударылмай қалды ғой» деп ренжіп, сол қалған сөзді қалайда болса кіргізеді. Ал Əбіштің табиғаты басқа. Ол – кең. Өзі де, кітаптары да, сөйлемдері де кең. Ойы – кең. Сондықтан Əбішті аудару маған қызық болды. Мен оны анда-санда қысқартамын, ұзын сөйлемдерді екі-үшке бөлемін. Оған ренжитін Əбіш жоқ. Бəріне көнеді, төзімді. Мен аударған қазақтардың ішінде бұл ерекше адам.
Президенттің мəдени орталығының сыртында Т.Əбдік пен С.Оразалы қыдырып жүр. Т.Əбдіктің сөзі кадрдан тыс басталып, орталықтың ішінде отырған кезінде аяқталады. Сөзінің арасында Ə.Кекілбаевтың Қ.Мырзалиев, Ш.Мұртаза, Ə.Əлімжановтармен түс- кен суреттері көрінеді.
Т. Əбдіков: Қазақ əдебиетіне жаңалық болып енген Əбіштің роман- дары – «Үркер», «Елең-алаң» секілді.
Əбіштің үлкен романында бір адамның ішкі жан дүниесі арқылы бүкіл халықтың тағдырын, ол тығырықтан қалай шығуға болады, ха- лықты қалай құтқаруға болады деген мəселелерді əрі əдеби тəсілмен, əрі философиялық ойлармен беру – бұл біздің əдебиетте үлкен жаңалық болды деп айтуға болады. Алпысыншы жылдардың ортасында Əбіш-
тер басқарған топ ұлттың тағдырын бірінші орынға қойып, бүкіл өмірін соған бағыттау деген үрдіс қалыптасты. Соны қалыптастырғандардың бірі – Əбіш.
Əбіштің шет тілдерде шыққан ондаған кітаптары. Олар əлемнің 14 тілінде шыққан. Немересімен отырған сурет. Оқушыларына қол- таңба беруде. Германиядағы қабылдау. Бұл топтың ішінде Г.Бельгер, А.Сейдімбеков, Д.Қасенов т.б. бар.
Г. Бельгер (кадрда): Əбішті басқа тілдерге көп аударды. Əсіресе Əбіштің шығармаларына неміс елі тəнті болды. Бірнеше роман-повесте- рін екі-үш мəрте аударды. Оларды Əбіш несімен қызықтырды? Əбіште философиялық тұғыр бар. Қазақ жазушыларының көбісінде, ренжімесін, сол философиялық тұғыр жоқ. Олар көрген, естігенді көңіліне қалай түсті, солай жаза береді. Оны проза деп қабылдайды. Ал Əбіштің кез келген шығармасын алсаңыз, онда философиялық тұғыры бар.
Екіншісі – рухани əдеби концепция деген болады. Əбіштің шығар- маларында ол кездеседі. Мағауинда бар. Осы шығарманы не үшін жазды? Түпкі мақсаты қандай? Соны оқырман білуі керек. Концепция деген сол. Əбіште соның бəрі бар. Не жазса да, оның бəрі – əлемдік деңгейдегі əдебиет. Оны мойындау керек. Соны неміс елі жақсы түсінген. Соған көңіл аударған.
Тағы бір ерекшелік – ол көркемділігі. Қазақ елінің табиғаты, ұлттық менталитеті, қазақ тілі, ұлттық санасын халықаралық көркемдік деңгейге көтере білді. Əбіштің стилінің ерекшелігі сонда деп білемін. Енді бұны бəрі мойындайды. Əбіштің білімділігі – энциклопедиялық деңгейінде. Шығармаларының тереңдігі, ұлттық құндылықтарды халықаралық биіктікке көтеру – сондықтан Əбіштің шығармалары мəңгілік болады деп ойлаймын.
Бұл көріністер Ə.Кекілбаев өлеңінің əр шумағына сай келуге тиіс. Қаратаудың биік жоталары. Бауырын көлеңке басып, қарақошқыл тартқан. Тікұшақтан түсірілген алып дала бір-біріне кереғар – ақ- қара, сары-жасыл, көгілдір түспен құбылады. Биік дөңнің баурайын- дағы белуардан келетін селеу желмен тербеліп, теңіздей толқиды.
Биік қия тастың иығынан көрінген Шопан ата қорымы шағын қалаға ұқсайды. Əппақ əк тастардан тұратын тау сілемі табиғаттың өзі жаратқан қорған тəрізді. Ескі обадағы бедерлерде қылыш, найза, садақ суреттері таңбаланыпты. Қаратаудың бауырында əсем жабуы бар атпен кетіп бара жатқан жолаушы. Екінші шетте бір жерлесімен əңгімелесіп келе жатқан Əбіш.
Қия тастар, құлама құздар. Шерқаланың жанындағы мөлдір бұлақ пен жайқалған құрақ. Тік ұшақтан түсірілген бейне көріністе дүние шырқ айналып, Маңғыстаудың бар аумағы көз алдыңа келеді. Селеулі беткейде Əбіш жалғыз өзі ойға батып келе жатыр. Ол ірі планда алынады.
С.Оразалы (кадрдан тыс оқиды):
Өстім қырда, қиырда Естімей орман шуылын. Жүзімді қақтап құйынға Селеудің тыңдап суылын. Қиып та кеткем қиясын, Шағылын, тауын, обасын. Шағынып тамған көз жасым, Бабамның қара моласын.
Сол кеткеннен мол кеттім, Бармаған жерім қалмапты. Ай сайын алыс жол шектім Шар тарапты шарлаппын. Қырымнан көріп қиянды, Ұрымнан танып ұяңды.
Бұлағыңды ойлап мұхитта, Құрағыңды ойлап хан бақта, Самғатқам сансыз қиялды. Жүресің ылғи есімде, Өзіңнен жүрек босамай.
Құлын боп ойнап төсіңде Боздармын шетте ботадай. Өзгенің мұнда ісі не?
Өзің, сірə, ұғарсың. Пейіште де түсімде. Сен кіретін шығарсың.
А.Сейдімбек (кадрда): Суреткер ретінде Əбіш тек қана қазақ əде- биетіне емес, тек қана түркі халықтарының əдебиетіне емес, меніңше, əлемдік əдебиетке олжа салған қаламгер. Ол қалай өмір сүруді емес, не үшін өмір сүруді шегіне жеткізе уағыздаған жазушы. Əбіштің суреткерлік үні əлемдік əдебиет оркестрінің ішінде айқын естіледі (Əбіштің жалғыз өзі ой үстінде отырған бейнесі.)
Əбіштің жеке портреті. Екінші суретте Ə.Нұрпейісов екеуі бірге отыр.
Ə.Нұрпейісов (кадрда): Əбіш не жазса да, бəрін оймен, сезіммен қабат өрбітетін, бір жағынан сезіммен көңілді тербейтін болса, оймен біздің əркезде өзіміздің көкірегіміз иə сезген, иə сезбеген, біздің зердеміз иə жеткен, иə жетпеген деңгейден асып түсіп, əр кезде тереңіне тартып отырады.
Клара Кекілбай келіні (кадрда): Əбіш өз өмірінде бір күн дема- лыс алып көрген адам емес. Отыз жылдан аса мына аппаратта жұмыс істейді. Мезгілімен жұмысына барады, мезгілімен жұмысынан шыға- ды. Жолда кітапханаға кіріп, қалған уақытта үйге келіп, кейде таңғы 4–5-ке дейін жұмыс істейді. Жазу жазып отырады. Сол кейін өзінің денсаулығында белгі берді. Себебі жұмыс жасағанда өте ширығып, тістеніп отыратындықтан, тістері босап қалады екен.
Клараның сөзінің арасында екеуінің бірге түскен, бала-шағасы, Əбіштің анасымен бірге отырған суреттері кірігеді. Ə.Кекілбаев жазу столында жұмыс үстінде отыр. Ол орнынан тұрып, кітап сөрелеріне барады. Камера оның кабинетін толық көрсетеді. Əлемнің көптеген тілінде шыққан, ондаған суретшілер безендірген, мұқабасы алуан түр- лі Əбіш кітаптары жылжып өтіп, көркімен көз тұндырады. Оның алған атақтары мен сыйлықтарының, атқарған лауазымдарының құжаттары, Германияда басылған əлемнің атақты жүз жазушысы плакаты мен Түркиядан шыққан түркі дүниесінің даңқты ұлдары маркасы көрінеді.
С. Оразалы (кадрдан тыс): Осыншама мол еңбек, əрқайсысы жау- һардай асыл мұра қиямет-қайым ауыр еңбектің, жан қияр ерліктің, еліне, жеріне деген зор сүйіспеншіліктің жемісі. Əбіш еңбегі лайықты бағасын да алды. Оның шығармалары əлемнің 14 тіліне аударылып, жүз мыңдаған данамен басылды. Ол көптеген университеттердің құрметті профессоры, Мемлекеттік сыйлықтың, Президент сыйлығының, «Отан» орденінің иегері. Германияда Дүниежүзілік кітап көрмесіне арналған плакатта əлемнің даңқты жүз жазушысының қатарында суреті басылса, Түркияда түркі əлемінің даңқты перзенті ретінде почта маркасында бейнеленген. Бұның бəрі жазушының зор еңбегіне лайық марапаттар.
М. Жолдасбеков (кадрда): Мен 4 данышпанды көрдім. Бірі – Қаныш Сəтбаев, бірі – Мұхтар Əуезов, үшіншісі – Əлкей Марғұлан, төртіншісі, Алла бəріміздің көзімізге көрсетіп отырған замандасымыз – Əбіш, Кекілбайдың баласы.
М.Жолдасбековтың сөзінің соңында Астана көшесінде серуен- деп келе жатқан Ə.Кекілбаев. Ол орындыққа отырып тыныстайды. Ойлы.
С.Оразалы алдымен кадрда сөйлеп, артынан оны бейнекөріністер алмастырады, даусы кадрдан тыс естіледі. Маңғыстаудың ең əсем, ең қасиетті орындары, теп-тегіс даласындағы сан тарам жолдары, құз-қиялары мен дара таулары, толқыған теңізі тікұшақтың ішін- де отырған суреткердің көз алдынан өтіп жатыр. Осы сыры терең жұмбақ өлкенің ұлы жыршысы туған жеріне емірене қарайды.
С. Оразалы (кадрдан тыс): Əбіш табиғаты өзінің кейіпкерлері Еңсеп пен Абылға да ұқсайды. Бірінде табанды еңбегімен шыңыраудың түбіне жетіп теңіз тапқан Еңсептей ой-тұңғиығынан маржан терсе, екіншісін- де өнерімен қас көңілді жібіткен Абыл тəрізді көркем сөзімен халқына тілеулестерді көбейтуде. Оның туындыларының даңқы ел көгінде шарықтап барады.
Бірінші фильмнің соңы.
2007 жыл