02.03.2022
  167


Автор: Сұлтан Оразалы

ДАҢҒЫЛ

Академик Ғайрат Сапарғалиев


 


(Деректі фильмнің сценарийі)


 


Алматыдан шыққан поезд Семейге қарай жүйткіп келеді. Көк шал- ғынға бөленген дала, Қапшағайдың көгілдір айдыны, бауырын кертіп темір жол өткізген биік қия тастар, əр аялдамадан бірі мініп, бірі түсіп жатқан жолаушылар. Купеде жалғыз өзі, кең даладан көзін алмай ынтызарлықпен қарап отырған жолаушы – академик Ғ. Са- парғалиев көрінеді. Оның жүзінде сағыныштың табы бар, өйткені туған жеріне көптен бері бармаған еді. Жолдың бір бұралаң тұсында иретілген поезд бен даланың фонында титрлер көрінеді. Музыка.


Ғалымның үйі. Дастарқан басына жұбайы мен бала-шағасы тегіс жиналыпты. Жайдары күлкі, көңілді отырыс. Камера байыппен оның үй ішін, жақындарының жүздерін əр түрлі планда көрсетеді.


Жүргізуші (кадрдан тыс): Академик Ғайрат Сапарғалиевты көптен бері бара алмай жүрген туған жеріне шығарып салу үшін дастарқан басына ең жақын туыс-жақындары жиналған еді. Жетпіс алтыға толған туған күнін өзінің кіндік қаны тамған жерде өткізіп, бір сергіп қайтқысы келді. Ол көп ұзамай балалық шағы өткен өлкеге де келіп жетті.


Дауыс кадрдан тыс естіліп тұрған шақта Ғ. Сапарғалиевтың үйінде, вогонда отырған сəті мен жол бойының көрікті жері кезек алмасып отырады. Поездың сартылдаған жүрісі толастамайды.


 


ӨМІР ЖОРЫҒЫ


 


Күллі адамзат тірлігінің мағынасы: күту мен үміттену деген екі сөзден тұрады.


Белгісіз данышпан


Поезд Шар станциясына келіп тоқтайды. Перронда қолдарына гүл ұстаған бір топ адам тосып тұр. Олардың арасында аудан басшы- лары, Ғайрекеңннің мектепте бірге оқыған замандастары, оқушылар т.б. адамдар бар. Бəрі ғалым мен оның қасына ерген адамдарды құшақ жая қарсы алуда. Бір кейуана Ғайрекеңмен сағыныса көріседі, ол мектепте бірге оқыған екен. Көздерінде қуаныш, жүздері жайдары, қол беріп амандасып жатқан жұрт.


Мектеп. Залдың іші лық толған. Бұл Ғайрат оқыған мектептің жаңа ғимараты. Ұстаздар да, оқушылар да ғұлама жерлестеріне құр- мет көрсетіп, иығына шапан жабуда.


Жүргізуші: (кадрдан тыс) Көптеген ғұламаның, өнер адамының алдыңғы өмір жолын айқындап, болашағына бағдар сілтейтін тұғыр шамы – оның балалық шақтығы көргені мен сезгені, пəк, адал бала


 


көңілмен түйгендері көрінеді. Ғайрекең де адал, ақ көңіл адамдардың ортасында, қиын да қызықты, жоқтық пен аш құрсақтың арасында соғыс жылдарының ауыртпалығын жеңе отырып, алғы өміріне ұмтылған өреннің бірі.


Отызыншы жылдарғы Семей қаласы. Ғ. Сапарғалиев сөзінің ара- сында анасының жас кездегі жəне əкесімен бірге отырған суреті, алдындағы жас нəресте – ұлдары Ғайрат көрсетіледі.


Ғ. Сапарғалиев (кадрда): Анам Орынбор рабфагын бітіріп, Қазақ- станға мұғалім болып келеді. Мұғалима болып жүргенде менің əкем- мен танысады. 1930 жылдың жазында мен Семейде туыппын.


Бір қызық нəрсе куəлік алуға шешем барады, əкемнің қолы тимейді. Əкем айтады баланың атын Қайрат қой деп. Шешемнің тілі Қайратқа келмей, Ғайрат депті. Осы күнге дейін Ғайратпын.


Кадрде анасы мен əкесінің жас кезі. Анасының рабфакта оқып жүргенде құрбыларымен тұрғаны, есейген шағында жас Ғайратты ертіп жүргені т.б. суреттері көрсетіледі. Музыка. Ахмет, Міржақып, Жүсіпбек суреттері.


Жүргізуші: (кадрдан тыс): Шешесі татар қызы еді. Орынбор раб- фагінде оқып жүргенде Ахмет Байтұрсыновтан тəлім-тəрбие алған. Өмір бойы баласына өз ұстазының қасиеттерін айтып, шығармаларын құлағына сіңірген.


Ғ. Сапарғалиев (кадрда): Ол кісі кім деп сұрағанда: – Оны қайте- сің? – дейтін. Ахмет Байтұрсынов туралы сөйлеу ол кезде қауіпті еді.


Ғайраттың сөзінің арасында əкесінің соғыс жылдарындағы суреттері мен ауылдың жүдеу кейпі көрінеді. Буыны қатпаған жас бала орақпен шөп шауып, оны шөмелелеп, арбаға тиеп жатқанын бейнелеген кинохроника беріледі.


Ғ. Сапарғалиев: (кадрда) 1943 жылы əкем соғысқа кетті. Үйде қалған шешем, 4 жастағы кіші інім, 6 айлық қарындасым. Күн көру керек. Бір-екі сиыр, ешкі, тауық-қаз бар. Сонымен күн көріп отырдық. Шөп, отын жинау керек болды. Салмағы маған түсті. 13 жастамын. Мен төрт дөңгелек арба жасап алдым. Сонымен шөп шабуға шығам. Мені үйрететін əкемнің екінші шешесі. Оның аты Əдемі. Өзі Абай ауылынан екен. Ақылды, керемет зерек, қолынан іс келетін. Ешкімге ренжімейтін. Сол кісі маған көп дүниені үйретті.


Ғайрат өзінің балалық шағы өткен тоғайлы, сулы Белтерек өлке- сін аралап келеді. Бір кезде осы жерден шөп шапқан. Гүлді теріп алып, құшарлана иіскейді. Мұнартып Шыңғыс таулары көрінеді. Сол таудың фонында Абай, Шəкəрім суреттері жылжып өтеді. Мөлдір бұлақ, сыңсыған ақ қайыңдар. Соларға сүйсіне қарап тұрған ғалым бейнесі.


Жүргізуші (кадрдан тыс): Ғайрат өскен ауыл мен Абай ауылының арасы не бары түстік қана жер. Əдемі деп аталып кеткен апасы Абай мен Шəкəрім өмірінен сан түрлі сыр шертеді.


Ол тұңғыш рет қазақ жерінің басқыншысы, қанқұйлы Ермак пен Сəтбек батырдың қалай шайқасып, басқыншыны өлтіргені туралы


 


жырды осы кісіден естіп, əсершіл жас жүрегінде отаршылдарға қарсы кек оты ояна бастайды.


Ғ. Сапарғалиев: (кадрда) Менің əкем өте сабырлы адам болатын. Дене жағынан келетін болсақ, таудай үлкен денелі, батыр адам, бірақ күреске қатыспаған. Өздігінен өлең шығаратын. Еш уақытта, ешкімге залал келтірмеген адам. Білімді, ғылымды жақсы көретін.


Ғайраттың, əкесінің əр түрлі суреттері. Ол əскери киімде немесе қарапайым қалпында өте зор денелі екені көрінеді.


Жалғызтөбе даласы, Георгиевка ауылы, Қалба тауларының əсем көрінісі. Ғайрат ауыл адамдарымен бірге өзінің жастық шағы өткен жерлерді аралап көреді.


Жүргізуші (кадрдан тыс): Əкесінің алғашқы жырлары балаларына, туған жеріне арналыпты. Ол өмір туралы, өзі кешкен майдан жолдары туралы жазыпты. Соның бірінде ол баласының болашағын армандап, жеті жасар Ғайраттың атынан өлең жазады:


Əкем Сапыш, өзімнің атым Ғайрат Балалық дəуірінде жүрмін жайнап, –


деп бастап:


Ғылымның тылсым сырын оқып біліп, Ғалым болам, білімім жұрттан асқан... –


деп армандаған əке ұлының өз тілегін орындағанын көре алмай кетеді. Ғайрат (кадрда): Əкем аңшы болатын. Аңшы болғанда қасқыр ау- лайтын. Тіпті аулаған қасқырларынан жасаған ішігі де болатын. Қас- қыр ішік. Бірде қасқырлар туралы қазақша шыққан кітап əкеп берді. Мен ол кезде 5 сыныпта оқып жүргем. Өте қызық кітап. Ол керемет ақылды қасқыр, адаммен арбасады. Адамның көзіне қарайды. Адам- ның мінезіне қарайды. Адам қорқатын болса, қасқыр бірден сезінеді де, адамға шабады. Егер адам қасқырдан қорықпайтын болса, қасқыр


бұрылып кетіп қалады. Сол жағдай менің есімде қалған.


Əлдебір қауіпті сезгендей, мазасыз музыка ойналады. Тау бөктері. Төменде қара жол жатыр. Ғайрат бала кезінде өзі жаяу өткен сол жолмен келе жатыр. Жан-жағына қарайды, тоқтайды. Есіне əлдебір оқиға түскендей.


Жүргізуші (кезектен тыс): Соғыс кезі. Көлік жоқ. Жұрт бір ауылдан екінші ауылға жаяу қатынайды. Ғайрат та Жалғызтөбеге жаяу келе жатады. Он төрт-он бестегі кезі. Қасында ересек əйел бар. Дəл осы төбенің тұсына келгенде алдарынан екі қасқыр шыға келеді. Əйелдің зəресі ұшып кетеді. Қасқырлар дəл қарсы алдарында, жол үстінде екеуін күтіп отыр. Қолда ешқандай қару жоқ. Сол кезде Ғайраттың есіне өзі оқыған кітап түседі де, өз жолдарынан таймай қасқырларға қарсы жүре береді. Əйелдің қолынан мықтап ұстап:



  • Жан-жағыңа қарама, əйтпесе жем боламыз, – дейді.


Жиырма қадамдай қалғанда, қасқырлар орнынан көтеріліп, далаға қарай бүлкектей жөнеледі.


 


Ғ. Сапарғалиев (кадрда): Бір туғаным бар. Соның айтуынша:



  • Ол сіздің жолыңызды ашып отыратын қасқыр – дейді. Кім білсін. Себебі екі қасқырдың біреуі сұр болатын болса, екінші ақ қасқыр. Оны кейін білдім. Альбинос қасқыр екен.


Жан-жағы дала. Шалғыны белуардан келеді. Ғайрат сол шалғын- ды кешіп келеді. Еліне, жеріне қызыға қараған жүзінде ерекше нұр сезіледі. Елуінші жылдарғы əкесінің суреттері. Ол түрме киімін киген. Ауыртпалыққа мойымаған балауса жігіттің бейнесі. Беліне дейін жалаңаш тұлғасы құрыштай білектегі бұлшық еттері ойнап тұр. Бозбала кезіндегі суреттері. Ол өзі оқыған мектептің орнын көріп жүр. Қазір шымнан қаланған ол үй жоқ. Орны бос жатыр. Уақыт өзгерген. Ғалымның ойлы жүзі.


Жүргізуші (кадрдан тыс): Кім білсін, ағайынның айтқаны рас та шығар. Бірақ қиыншылық пен жоқшылық, əлгі екі қасқыр сияқты, Ғайраттың жолын бөгей берді. 1945 жылы соғыстан аман келген əкесі көп ұзамай жалалы болып, сотталып кетеді. Ауыртпалық тағы да жас баланың мойынына түседі. Бірақ қайсар жігіт оқудан қалмай, мектепті үздік бітіреді.


Елуінші жылдарғы ел тұрмысы. Колхозды ауылдың мерекесі. Əлі де əскери гимнастеркасы үстінен түспеген колхоз бастығы, ат үстіндегі адамдар (фотохроника). Бұл көрініс Георгиевка селосының бүгінгі тіршілігіне ауысады. Ат-арбалы жүргінші жатаған үйлер, ауласын сыпырып жатқан əйел. С. Нұрпейісовтің даусы кадрдан тыс естіліп, артынан өзі көрінеді. Ол үйіндегі каминнің жанында отыр.


Советхан Нұрпейісов (кадрда): Бала кезіміз... Белтерек деген ауыл- дан бір топ жігіттер біздің орта мектепке оқуға келді. Олардың ішінде Ғайрат Сапарғалиев те болды. Өзі қызыл шырайлы, ақ құба, сондай əсерлі жігіт. Табиғаттың өзі сұлулық, əдемілік берген адам. Сол кезден бастап мəдениетті, сабырлы жігіт болды.


Екіншіден, Ғ. Сапарғалиев керемет спортшы болды. Турникке асы- лып, футбол т.б. ойнайды. Сол кезде бұл кісінің əсем мүсіні көрініп қалатын еді. Біз осындай болсақ деп армандайтынбыз. Мені Ғайрат аға бір қолымен белден ұстап алып, турникке отырғызып қояды. Ал енді айнал, – дейді.


Олар оқу бітіргеннен кейін біз ойнайтын болдық. Алған əсердің кереметі сондай.


1950 жылдар. Москва поезы. Одан түсіп жатқан адамдар. Вокзал. Москва мен Алматы қаласының сол жылдардағы бейнесі кинохроника- дан көрінеді. Алматы көшесі. Студент шақтағы Ғайраттың əр түрлі суреттері. Саратов қаласы. Оқу залы. Иін тіресіп отырға студент- тер (кинохроника). Көше. Сол уақыттағы троллейбустар, адамдар... Ғайраттың Саратовта оқыған жылдарындағы замандастарымен, ұстаздарымен түскен суреттері.


Жүргізуші дауысы (кадрдан тыс): Мектепті үздік бітірген жас жігіт Москваның ет-сүт технологиялық институтына оқуға түседі. Бір


 


апта жүріп Москваға келген ауылдың аңқау баласы оқуға түскен соң, қалтасындағы бар ақшасы мен бір жылға берілген тамақ-карточкасын трамвайда ұрлатып алады. Көмек берер бір пенде жоқ. Оқуды жал- ғастырудың ешбір мəні қалмай, аш-жалаңаш, жадап-жүдеп, Алматыға келіп, ауыл шаруашылығы институтында оқиды. Бірақ жазықсыз жапа шеккен əке тағдыры жанын жеген бозбала заңгер болуды армандайды. Ақыры Саратов қаласында тұратын нағашы апасын паналап барып, заң институтына оқуға түседі. Түнімен қара жұмыс істеп, қаражат тауып, күндізгі оқуына барады. Оқу орысша. Ауыл баласына бұл оңай соқпай- ды. Бірақ бойға біткен табандылық, алғы өмірге деген үміт оның бойына қуат құяды. Бірде аспирантурада оқитын Андрей Иванович Ким деген кəріс жігітімен танысады. Ол (Ғ. Сапарғалиев кадрда) Ғайратқа:


«Ей, Ғайрат, сен осы жоғары оқу орнын соңғы жоғары оқу орны деп ойлайсың ба? Ғылымның шегі жоқ. Бұдан кейін аспирантура болады, одан кейін докторантура болады. Егер ғылымға ниетің шабатын болса, соны есіңнен шығарма», – дейді.


Алматы. Ғылым академиясының ғимараты. Ғ. Сапарғалиев сол маңайды аралап келіп, Шоқанның ескерткішінің түбіне отырады. Субұрқақ, көгілдір шыршалар, ғалымның жүзі ірі планда алынады. Ол ойлы, сабырлы кейіпте. Бөгенбай батыр, 103 үйдің сырты. Бұл Ғылым академиясының бұрынғы ғимараты. Соның жанында бір топ жастар ғалыммен шүйіркелесіп, амандасады. Оңаша орындықта С. Оразалы- мен əңгімелесіп отыр.


Жүргізуші (кадрдан тыс): Балалық қой. Кимнің сөзі көңіліне ұя- лап қалған Ғайрат бірінші курсты бітірісімен Алматыдағы Ғылым академиясына келіп, бірден аспирантураға түспекші болады. Мына ғимаратта академияның қызметкерлері отыратын. Құқық бөлімін Тайыр Күлтөлеев деген адам басқарады. Ғайрат сол кісіге өзінің ниетін білдіреді. Уыздай бозбала жігітке таңырқай қараған ол:



  • Институтты бітіріп келдің бе? – деп сұрайды.

  • Жоқ, – дейді Ғайрат. – Бірінші курсты бітірдім.


Ол кісі көзіне үңіле қарап, барынша байсалды жүзбен:



  • Сен алдымен оқуыңды бітір. Содан кейін аспирантураға міндетті түрде аламын, – дейді.


Ғ. Сапарғалиев (кадрда): Күлтөлеев өте дана, ақылды адам болатын. Сол кісі бірінші курсты бітіріп келгенде маған күлмегеніне, тіпті мысқыл етпегеніне мен таң қалдым. Ол кісі маған:



  • Əй, бала, ерте ғой əлі, – деп айтатын болса, менің көңілім қалар ма еді. Əрі қарай оқуды жалғастыратын ойым болар ма еді, кім біл- сін? – деп кейін ойлайтынмын.


Саратов заң институтын бітірген студенттер. Институттың ғылыми кеңесінің шешімі бойынша 300 адамның ортасынан үш адамға аспирантураға түсуге ұсыныс болды.Сол тарихи шешімнің көшірмесі. КСРО Ғылым академиясының Мемлекет жəне құқық институтының аспирантурасы. Фотосуреттер. Москвадағы ғылымға бас қойып,


 


ізденген жылдары. Заң институтының алдындағы жас ғылымның ескерткіші. Ғ. Сапарғалиевтің аспирант кездегі бейнесі.


Жүргізуші (кадрдан тыс): 1952 жылы Саратовтың заң институтын 300 адам бітірді. Соның тек үшеуіне ғана ғылыми кеңес аспирантура- ға түсуге ұсыныс береді. Сол үштің бірі – Ғайрат Сапарғалиев еді. КСРО Ғылым академиясының Мемлекет жəне құқық институтының аспирантурасында оқыған жылдары жас жігіт ғылым тұңғиығына терең бойлап, таңды таңға ұра еңбектеніп, өнімді істерімен барын- ша табандылығын танытады. Оған қатарластары сүйіспеншілікпен


«танк», «бульдозер» деп ат қойып, көз алдарында болашақ ірі ғалым- ның қалыптасып келе жатқанына қызыға қарайтын. Арада бірнеше жыл өткен соң, жас ғалым Москвада диссертациясын табыспен қорғады. Сөйтіп, ғылым айдынына алғыр ойлы, жігерлі жас ентелей кірді.


 


ПАРАСАТ МАЙДАНЫ


Білім үйрену ғибадаттан да артық...


(Мұхаммед Мұстафа с.а.с. хадистерінен)


С. Оразалы (кадрда): Жас ғалымның алдында таңдау бар еді. Бірі – өзінің қабілетіне, іскерлігіне сай тезірек атақ алып, мансап жасау болса, екіншісі ғылымның қиын да қатерлі, бірақ түбі баянды, өрісті жолына түсу. Ғайрекең екінші жолды таңдады. Өйткені биік мансап, ғылыми атақтары болса да, можан топай ғалымсымақтар ол кезде де аз емес еді. Сондықтан өз өмірін Ғылым академиясымен тығыз байланысты- рып, аса қиын да күрделі зерттеу жұмыстарына ден қойды.


Ғ. Сапарғалиев Алматы көшесінде серуендеп жүр. Ол бір кезде өзі іздеп келген Ғылым академиясының Бөгенбай батыр 103-тегі ғимаратына, одан кейін қазіргі ғимаратқа келіп кіреді. Оның Академия сессиясында сөз сөйлеп тұрған сəті.


Жүргізуші (кадрдан тыс): Ол 1953 жылдан осындағы Философия жəне құқық институтында кіші ғылыми қызметкерден бастап, бөлім меңгерушісі, директордың орынбасары, кейіннен қоғамдық ғылымдар бөлімшесінің ғылыми хатшысы қызметтерін атқарды. Бұл жылдары жас ғалым қызмет бабымен көптеген ірі ғалымдармен араласады.


Ғ. Сапарғалиев (кадрда): Өзімнің адам ретінде қалыптасуыма əсер еткен адам – Қаныш Сəтпаев болды (фотосы). Ол кісімен жəне Мұхтар Омархановичпен (фотосы) біраз байланыста болдым. Себебі, ғылыми хатшы болғаннан кейін үнемі жиналысқа шақыратынмын деген сияқты, əңгімелерін тыңдайтынмын. Кездескенде Ғайрат қалқам, қалың қалай деп жүретін.


Ғ.Сапарғалиев өз үйіндегі жұмыс кабинетінде жазу жазып отыр. Кітаптарды ақтарып қарайды. Ойланады. Оның шығармалары, кітап- тары көрінді. Кейбір монографиялары ірі планда алынады. Соның бірі – өзінің докторлық диссертациясы – «Қазақстандағы патша үкі-


 


метінің жазалау саясаты» кітабы. Кітап ашылып, оның ішіндегі карикатура көрінеді. Академиктің басқа да еңбектері мен өзінің ғалым достарымен түскен суреттері сөйлеген адамдардың сөзінің арасында да көрсетіледі.


Жүргізуші (кадрдан тыс): «Жақсыдан шарапат» деген осы бір ұлы адамдардың ғылымдағы ерліктері рух берді ме, яки бала кезінен Əдемі анасы айтатын «Сəтбек батыр» жырындағы ерлік мінез демеді ме, Ғайрат өзінің докторлық диссертациясына ешкім аяқ баспаған


«Қазақстандағы патша үкіметінің жазалау саясаты» деген тақырыпты таңдап алып, соны түбегейлі зерттеді. Дүниедегі ең ауыр күнə – адамның азат ойына бұғау салып, сол үшін қуғын-сүргін көрсету. Ғайрат еңбегінде сол кезде Алаш орда қайраткерлерінің атын атаудың қауіптілігіне қарамастан, олардың демократиялық ойларын көптеген деректермен дəлелдейді.


Ғ. Сапарғалиев (кадрда): Ол тақырыптың өте қиын жəне сондай ауыр əрі өте қауіпті екенін ол кезде мен түсіне қоймағам... Бұл тақырыптың қауіпті екенінің бір белгісі патша үкіметіне қарсы айтылған əңгіме орыс халқына қарсы айтылған əңгіме сияқты көрінетін. Міне, осындай жағдайда кітап шығарып, докторлық диссертация қорғадым. Сол қорғаудың алдында диссертациялық кеңестің мүшесі Бекежан Сүлей- менов деген адам: – Сен бүгін не қорғап шығасың, не басыңнан айрылып шығасың, – деді... Қорғап шықтым.


М. Баймаханов (кадрда): Ғ. Сапарғалиұлы өзінің докторлық дис- сертациясын қорғады. Ол қорғаған кезде залда мен де тыңдадым. Оның сөзі өте мазмұнды, өте салмақты. Шығып сөйлеген ресми жəне бейресми оппоненттер, барлығы оны толық қолдап, жоғары баға берген болатын. Бұл диссертацияның кейбір мəселелеріне тоқталатын бол- сақ, ең алдымен, ұлттық қозғалыстың қатынасын, біздің халқымыздың əрбір топтары, олардың ішінде интеллигенция да бар, солардың бəріне Ғ. Сапарғалиұлы өзінің мінездемесін береді. Сонымен қатар патша өкіметінің сол қозғалысқа деген саясатын зерттейді.


М. Құл-Мұхаммед (кадрда): Ғайрекең үнемі қаламы құрғамай жа- зып келген адам. Жəне ылғи қиын тақырыптарға барады. Кеңес Одағы кезінде, біздің бəріміз Қазақстанның Ресейге қосылу концепциясын негіздеп жүргенде, Ғайрекең «патшалық Ресейдің Қазақстандағы жазалаушылық саясаты» деген тақырыптағы өте бір қиын тақырып- тағы докторлық диссертациясын қорғады. Мен өзім академик Ғайрат Сапарғалиевтің шəкірті болғанымды мақтаныш етемін. Ғайрекең өмір бақи қиын тақырыптарды жазған кезде талай архивтерде жұмыс істеген адам. (Кадрда Алаш қайраткерлерінің суреттері көрінеді.) Мысалы,


«Алаш қайраткерлерінің саяси құқықтық көзқарасы» деген тақырыпта докторлық диссертацияға даярлық барысында мен Орталық мемлекет- тік архивке келіп, біраз материалды ақтаруға тура келді. Солардың ішінде көптеген істердің басында алпысыншы жылдың аяғында жас ғылым кандидаты Ғайрат Сапарғалиевтің қолтаңбасын көрдім. Сонда


 


өзім таңғалып едім. Ғайрекең сол кездің өзінде, шығармаларын айтып өтуге тыйым салынған – Əлихан Бөкейхановтың, Жақып Ақпаевтың, Əлімхан Ермеков сияқты қазақтың үлкен қайраткерлерінің еңбектерін архив деректерінен іздеп, қарастырып, өзінің шығармаларына арқау еткен. Бұл да Ғайрекеңнің бойындағы үлкен бір азаматтық келбетінің, қасиетінің бір белгісі деп білемін.


Ғалым Алматының гүлзарларын аралап жүр. Ол үнемі ой үс- тінде. Шығармалары топ-тобымен де жеке-жеке де көрсетіледі.


«Қазақстанның мемлекеттік жəне құқықтық тарихы», «Революцияға дейінгі Қазақстанға жер аударылған поляктардың қоғамдық-саяси іс-əрекеттері», «Əл-Фарабидің мемлекеттік-құқықтық көзқарасы»,


«XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басындағы Қазақстандағы əлеуметтік ойлар» т.т. кітаптары ірі планда алынады. Ғалымның кітапханада, жұмыс кабинетіндегі суреттері. Жүргізуші сөзінің соңында жалындап жанып жатқан кітап көрінеді.


Жүргізуші (кадрдан тыс): Заңгер-ғалым ретінде əбден қалыптасқан Ғайрат Сапарғалиев осы кезеңде тарихи-құқықтық мəселелерге терең үңіліп, халқымыздың тұтас бір дəуірінің құқықтық болмысының күр- делі, өзекті сəттерін терең зерттейді. Ғылыми тұрғыдан алғанда бұл ерекше табандылық пен батылдықты, өзі зерттеп отырған кезеңдегі əлеуметтік ойды терең игеріп, ауқымды түйіндер жасауына жол ашқан еді. Бір топ авторлармен бірігіп жазған «Қазақстанныңмемлекеттік жəне құқықтық тарихы», «Революцияға дейінгі Қазақстанға жер аударылған поляктардың қоғамдық-саяси іс-əрекеттері», «Қазақстандағы патша өкіметінің жазалау саясаты», «Əл-Фарабидің мемлекеттік-құқықтық көзқарасы», «ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басындағы Қазақстандағы əлеуметтік ойлар» деп аталатын монографиялық ең- бектері ғалымның атағын шартарапқа жайып, осы саладағы ірі зерт- теушілердің қатарына қосты. Бұл біреуге ұнады, екінші біреулерге ұнамады. Қуғындағы поляктар туралы ғылыми зерттеуіне «Польша Республикасына сіңірген еңбегі үшін» медалі берілсе, «ХІХ ғасырдың аяғы мен өткен ғасырдың басындағы Қазақстандағы əлеуметтік ойлар» монографиясы қуғынға ұшырап, халыққа жетпестен өртелді.


 


КЕЙІС


 


Жақсылық ұзақ тұрмайды Жамандық əркез тозбайды...


Абай


 


С. Оразалы (кадрда): Ғылым адамының əділетсіздікке ұшырап, қиянат шегуі əлімсақтан белгілі жайт. Оған маңайындағылардың қыз- ғанышы, өкіметтің өктемдігі, қоғамның түсінбеуі себеп болуы сөзсіз. Ал Ғайрат Сапарғалиев сияқты өмір бойы əділеттілікті жақтап, оны


 


қорғайтын заңдарды жасаған, ешкімнің ала жібін аттамайтын сыпайы мінезді адамның ел аман, жұрт тынышта қуғын көруі мүмкін бе? Мүм- кін екен.


Қып-қызыл өрт жалыны. Отқа өртеніп жатқан кітаптар. Ғ.Са- парғалиевтің «Социологическая мысль в Казахстане» кітабы. Типог- рафияның сартылдаған дыбысы. Онда кітап басып жатқан жоқ, оны турап жатыр. Екінші экспозицияда Орталық партия комитетінің қаулысы. Кітап туралуда, өртенуде.


Жүргізуші (кадрдан тыс): Қазақстан Коммунистік Партиясы Орта- лық комитетінің қаулысы. 6 май 1972 жыл. Құпия.


«ХІХ ғасырдың аяғы – ХХ ғасырдың басындағы Қазақстандағы қо- ғамдық ойлар» кітабында жіберілген қателіктер туралы


Қазақстан Коммунистік Партиясы Орталық комитетінің Ғылым жəне оқу орындары бөлімі мен үгіт-насихат бөлімі бірігіп жазған Сапарға- лиев пен Дүйсенованың «ХІХ ғасырдың аяғы – ХХ ғасырдың басындағы Қазақстандағы қоғамдық ойлар» кітабында кеткен қателіктер туралы жазбасын талқылап, тиісті шара қолдануы үшін Қазақ ССР Ғылым ака- демиясы Президиумының қарауына тапсырылып, кітаптардан осыған ұқсас қателіктер мен бұрмалаушылыққа жол берілмеуінің алдын ала- тын шара қолдансын.


С. Оразалы (кадрда): Осы қаулының негізінде аталмыш кітап қай- тадан жинап алынып, өртелді, типографияда пышаққа түсті.


Бұл еңбектің советтік идеологияның қаһарына ұшырауына не себеп болды?


Ғ.Сапарғалиев демалыс паркін аралап келіп бір орындыққа оты- рып, сөйлей бастайды. Үкімет қаулысы. Онда ғалымның кітабын жою туралы шешім бар. Кітап отқа өртеніп жатыр. Кадрда біресе Ғайраттың өзі, біресе өртенген кітап көрінеді.


Ғ.Сапарғалиев (кадрда): 1972 жылы бір кітап шығардым. «Социо- логическая мысль в Казахстане» деген. Сонда Шхапский деген адамға көбірек көңіл аударған болуым керек. Себебі оның қазақ туралы жаз- ғандары көп. «Қазақ халқы керемет халық, өзінің ата-бабаларынан қалған жерінде тұрады. Соларды қазір қудалап жатыр, құмға айдап жатыр, соларға қысымшылық жасап жатыр. Ол дұрыс емес», – деп. Соның бəрін, жазғанын жинап, өзімше сол кісіге тұжырым жасадым. ЦК-ның бюросы 1972 жылы мен туралы қаулы қабылдады. Кітапты жою керек деген. Сондай пікірге келіп, кітап жойылды. Ол сатылуға шығып кеткен кітап. Əрине, ол қатты батпады десем, жалған болар, өте қатты батты.


Əйтеуір, менің құтылғаным, қатаң сөгіс берді. Бірақ жұмыстан қу- ған жоқ, орнымнан алды. Мен ол кезде директордың орынбасары бола- тынмын.


Ғалым өз əріптестерінің ортасында. Қазақстан Жоғарғы Кеңесі сарапшыларының фотосы. Жоғарғы Кеңес сессиясынан көрініс. Ғ.Сапарғалиев заң қабылдау кезінде депутаттармен кеңесуде. Ол


 


Қазақстан Конституциясын жазушылардың бірі. Түрлі жиыннан түсірілген фото-деректер ғалымның тынымсыз ісін танытады.


Жүргізуші (кадрдан тыс): Шынайы ғалым, ақылды адам қашанда қиынды қиялап, тығырықтан жол тауып шығады. Ғайрекең де осындай қиын-қыстау шақтарда тоқтап, тоқырап қалған жоқ. Жоғарғы Кеңестегі Заң сарапшысы ретінде əзірленіп жатқан көптеген заң жобалары мен заң актілеріне бірде басшылық жасаса, енді бірде пікірін білдіріп, оның халыққа жақын болуына, ғылыми негізділігіне қатты мəн берді. Ғайрат Сапарғалиев 1978 жылғы Кеңестік Қазақстан Конституциясының жо- басын жасауға қатынасты. Ол ештеңеден қаймықпай, өмірдің күйіп түрған мəселелеріне заңгердің көзімен қарап, талай өзекті мəселелерді баспасөз бетінде жариялады.


С.Нұрпейісовтың даусы кадрдан тыс естіледі. Оның Жоғарғы Кеңес жұмысына қатынасуы, Мемлекет басшысымен бірге түскен, ғалымдармен жұмыс істеп отырған сəті бейнеленген суреттер. Ол үйіндегі каминнің жанында отырып əңгімесін жалғастырады.


С. Нұрпейісов (кадрда): Мені 1987 жылы Жоғарғы Кеңестің хатшысы етіп сайлады. Жоғарғы Кеңестің мақсаты – Заң шығару. Менің мойнымда комиссия басқарып, заң шығару болды. Комиссия мүшелері кім? Қарасам, кілең ғұлама ағаларымыз – Салық Зиманов, Сұлтан Сартаев, соның ішінде баяғы Ғайрат Сапарғалиұлы!


Ғайрат Сапарғалиұлының заң жасаған кездегі еңбегі нағыз ғұламаға тəн. Бұл кісі не жасаса да тиянақты жасайды. Шалалық, қалай болса, солай – ондайы жоқ. Айтқан сөзі – керемет терең ойлы. Сондай азамат. Ғайрат Сапарғалиұлы өмірінде өзінің еліне, жұртына Конституция туралы талай жақсы ой айтқан адам. Қазақ еліне, маңдайына туған ардақты, аяулы азамат. Біртуар дейді ғой қазақ, сондай азамат деп есептеймін.


Ғалымның түрлі фотосуреттері видеокөрініспен жалғасады. Ол өзі басқаратын институттағы əріптестерімен жұмыс үстінде .


Жүргізуші (кадрдан тыс): Халқымызда «Жамандықты – амандық жеңеді» деген сөз бар. Алмас пышақ қын түбінде жатпайды. Ғайрат Сапар- ғалиев сол бір қиын күндердің өзінде талабымен тас жарып, іргелі еңбек- терімен заң ғылымындағы көшбасшылардың қатарына еркін қосылды.


 


ҚОС ҚАҒЫС


«Құқық дегеніміз – ізгілік пен əділдік өнері».


(Халық даналығы)


Ғ. Сапарғалиев туралы кинокадрлар. Ол көшеде жүр, лекция оқып тұр, кітапханада, жұмыста жұрттың ортасында тұр. Кітаптары қоса көрсетіледі. Тəуелсіз еліміздің алғашқы Конституциясын қабыл- дау. Оны əзірлеген адамдардың арасында Ғ.Сапарғалиев те бар.


 


Жүргізуші (кадрдан тыс): Ғайрат Сапарғалиевтің ғылыми ізденіс- терінің ең өнімді кезеңі еліміздің тəуелсіздік алған жылдарымен ұла- сады. Дарынды ғалым туған елінің тəуелсіздігін баянды етіп, құқықтық жүйесін қалыптастыру жолында кешенді зерттеулер жүргізді. Ол жас мемлекетіміздің құқықтық негіздерін қалап, оның Ата заңын əзірлеуде, мемлекеттік билік пен басқарудың, мемлекеттік қызметтің тиімділігін арттыруда, ел тағдырына, болашағына тікелей қатынасты негізгі заң- дарды əзірлеуде өлшеусіз үлес қосты. Осы істердің бəрінде де ол əлемдік тəжірибені жəне еліміздің өзіндік ерекшелігін терең білетін сұңғылалығымен, байыптылығымен, ел ісін, мемлекет тағдырын биік қоятын азаматтығымен, адамдық адалдығымен ерекшеленді. Еліміз- дің белгілі ғалымдары Ғайрат Сапарғалиевті конституциялық құқық ғылымының əлемдік деңгейдегі аса ірі маманы ретінде бағалайды.


Кадрда М. Баймаханов: Ғайрат Сапарғалиұлы соңғы кездері құ- қық саласында көп еңбек етті. Оның «Қазақстан Республикасының Конституциялық құқығы» деген оқулығы екі басылымнан өтіп, қазір тағы үшінші басылымға дайындалып жатыр. Сондықтан оны біздің студенттер, сонымен қатар зерттеу жəне практикалық қызметкерлер үнемі пайдаланады.


Е. Нұрғалиева (кадрда): Мен Ғайрат Сапарғалиұлын заңгер ретінде 1993 жылғы Конституцияның іргесін қалаған адам деп айтсам – көп болмайтын шығар, өйткені ол кісі сол конституцияны жасау тобының жетекшісі болған адам. Бұл конституцияны жазу оңайға түскен жоқ. Онда біз нарық жағдайына көшкенде Конституцияның қандай бола- тынын білмейтінбіз, сондықтан да сол топ өркениетті мемлекет Конс- титуцияларын сараптай отырып, сол кісінің жетекшілігімен жазылып шықты.


Онан кейін, өмірдің ағымына қарай, 1995 жылғы жаңа конституция қабылдауға тура келді. Өйткені ол конституцияны мемлекетіміздің дамыған деңгейін ескере отырып, экономикалық-саяси деңгейін есеп- тей отырып жəне де келешекте біздің мемлекетіміз қандай болмақ, соның барлығын ескере отырып, соңғы конституция жазылды. Өзіңіз білесіз, осы конституция бүгінгі күні өте жақсы жұмыс жасап жатыр.


Жоғарғы Кеңес сессиясында баяндама жасап тұрған Ғ.Сапарғалиев. Залдан көрініс. Қазақстанның Гербі. Президент жаңа Конституция- ға қол қойып жатқан кинодерек. Осы салтанатты сəтке қатынас- қан мемлекет жəне қоғам қайраткерлері Президент сарайына жинал- ған. Президент жаңа Конституцияны көрсетеді. Қуанышты жүздер. Тарихи кинодерек.


Н.Назарбаев (кадрдан тыс): Біз бүгін еліміз үшін аса маңызды тарихи оқиғаның куəсі болып отырмыз. Өз күшіне енген жəне енді- енді жұмыс істей бастаған Қазақстан Конституциясын халқымызға, бүкіл адамзат қауымына таныстырмақпыз. Осыған орай мен барша халқымызды біздің еліміз үшін, қоғамымыз үшін аса маңызды осы оқиғамен шын жүректен құттықтаймын!


 


Н.Назарбаев сөзінің соңын кадрда аяқтайды. Қатынасушылардың арасында Ғ.Сапарғалиев те бар. Президент оның омырауына орден тағады. Құрмет, қошемет көрсеткен көпшілік. Ғалымның ұлан-ғайыр еңбегі, кітаптары кадрдан тізіліп өтеді. Олардың ортасынан ерекше тоқтатылатыны «Төре бітігі». Кітаптың алғашқы беттері ашы- лып, оның орта тұсындағы армянша-қыпшақша жазулар көрінеді. Ірі планда қазақшаға аударып, сөздігін жасаған Ғ.Сапарғалиев екені танылады. Гүлмен көмкерілгенжасылбаудың арасында Ғ.Сапарғалиев пен С.Оразалы қыдырып жүр. Екеуі əлденеге қызу пікір алмасып келеді. Ғалымның жүзі ірі планда көрінеді.


Жүргізуші (кадрдан тыс): Ғайрекең заң шығару ісіне белсене ара- ласумен бірге, өзінің жанына жақын, халқымыздың мемлекеттік жəне құқықтық тарихын зерттеуін жалғастырумен болды. Халқымыздың қоғамтануы мен мəдениетіне үлкен үлес болып қосылған орта ға- сырлардағы армян-қыпшақ іс жүргізу кодексі – «Төре бітігін» зерттеп, оны қазақшаға аударып, сөздігін жасап, ғылыми айналымға қосты. Көне қыпшақ тілінде жазылған бұл құқықтық ескерткіш – біздің халқымыз- дың асыл мұрасы, əлемдік құқық ғылымына қосқан зор үлесі.


Жүргізуші (кадрдан тыс): Ғайрекең «Төре бітігін» тереңдей зерт- теумен бірге, «Кодекс куманикуске» – халқымыздың əдет-ғұрып заң- дарына үңілді, «Төре» сөзінің түп-тамырын табуды мақсат етті.


Ғ.Сапарғалиев (кадрда): Бұл мəселені мен ары қарай зерттей бер- гім келеді. Айтайық, мына «Кодекс куманикус» деген жұртқа белгі- лі қыпшақ сөздігі бар. Қыпшақ сөздігі тек қана сөздік емес, фило- софиялық, заңгерлік маңызы бар құжат. Соны зерттесем бе деген ойым бар, ол туралы біраз деректер жиналды. Атам заманнан келе жатқан қазақтардың əдет-ғұрпы туралы заңдар, мəліметтер. Ол туралы екі-үш мақала шықты. Соған байланысты тағы да зерттеу жүргізбекшімін.


«Төр» деген мəселе жан-жақтан шығып жатыр. Норвегиядан шығып жатыр, Израильден шығып жатыр, Анау Ирактан шығып жатыр. Сол бекер ме, немесе түріктермен байланысты ма? Түріктердің «төр» деген түсінігіне байланысты ма? – деген. Менің соңғы кездегі зерттеулерім бойынша, норвеждердің тамыры түріктерде жатыр...


 


КЕМЕЛ ШАҚ


 


Оқымысты ғалымдар – Алла тағаланың


алдындағы сенімді адамдар


(Мұхаммед Мұстафа с.а.с.


хадистерінен)


С. Оразалы (кадрда): Мен Ғайрекеңді жетпісінші жылдардан бері білсем де, онымен жақынырақ танысып, араласқаным соңғы тіл заңын əзірлеу кезеңі. Осы заңды дайындаған жұмысшы тобын мен басқардым


 


да, Ғайрекең оның аса белсенді мүшелерінің бірі болды. Бүкіл ел көз тігіп отырған аса күрделі, түйіні қиын, жауапты жұмыста ғалымның біліктілігі мен оның табандылығы аса қажет еді. Ғайрекең сол үдеден шыға білді. Ол өзінің парасатты да кемел ойларын осы жолы да танытты.


Кадрде Қазақстан Ғылым Академиясының үлкен залы. Заманымыз- дың белгілі ғұламаларының бəрі осы залға жиналған. Ғылыми сессия өтіп жатыр. Олардың жүздері, бір-бірімен шүйіркелесіп отырғаны. Арасында Ғ.Сапарғалиев те бар. Ол мінбеде сөз сөйлеп тұр. Оған қошемет көрсеткен əріптестері.


Жүргізуші (кадрдан тыс): Ол – академиялық стильдегі ғалым болу- мен бірге, жастарға етене жақын, өзінің өмір бойғы жиған білімін солар- дың бойына сіңіруге тырысатын ұстаздардың бірі. Орыс, қазақ тілін- де бірдей көсіліп, еркін сөйлейтін ғұлама адамдарды үйіріп алып, заң ғылымының небір тылсым сырларын, қиын түйіндерін оңай ұғындыра біледі. Мектеп оқушыларынан бастап, студенттер мен аспиранттар, заңгер мамандардың бəрі ол жазған оқулықтар арқылы құқықтанудың, заң ғылымының əліппесін үйренеді. Міне, елу жылдан бері ол жас ұрпақтың бойына ізгілік дəнін сеуіп, білім нəрін құйып келеді. 4 ғылым докторын, 30-дан астам ғылым кандидаттарын тəрбиелеп шығарып, құқықтану ғылымында өз мектебін қалыптастырды. Ұстаздық қызметі үшін Ахмет Байтұрсынов атындағы медальмен марапатталған.


Ғ. Сапарғалиевтің түрлі жиындарға қатынасып отырғаны, шет елдерде, ғылыми ортада болған сəттері көрсетіледі.


Жүргізуші (кадрдан тыс): Ол азамат ретінде де, қоғам, ғылым қай- раткері ретінде де өз ортасында өте сыйлы адам. Оны замандастары сегіз қырлы, бір сырлы адам ретінде қадірлейді. Ғайрекең заң ғылымын қазақ тілінде сөйлетуге барынша күш жігер жұмсап келеді. Оның көп- теген шығармалары қазақ тілінде жазылған.


Саңлақ ғалым Мемлекет жəне құқық институтының директоры, Президент жанындағы Жоғарғы Сот Кеңесі мен Құқықтық саясат кеңе- сінің, көптеген редколлегиялардың, ғылыми кеңестердің мүшесі.


М. Баймахановтың жас кездегі бейнесі. Ол Ғайрат екеуі аңшылық- та жүр. Үлкен жиында бірге қатынасып отыр. Бұл суреттер оның сөзінің арасында көрсетіледі.


М.Баймаханов (кадрда): 1959 жылы философия жəне құқық инс- титутына келіп аспирантураға түсем деген арызымды əкелген кезде мені қарсы алған Ғайрат Сапарғалиұлы болатын. Содан бері біз бірге қызмет істесіп, талай ғылыми еңбектерді бірге жазғанымыз бар. Сондықтан мен Ғайрат Сапарғалиұлының адамгершілігін толық білетін шығармын деп ойлаймын. Ол жағынан алып қарайтын болсақ, Ғ.Сапарғалиұлы өте адал, кішіпейілді, оның қасиеттері ылғи көрініп тұр. Ол өте еңбекқор кісі. Ертеден кешке дейін кітапханадан шықпайды. Өзінің кабинетінде отырса да жазады, инемен құдық қазғандай еңбек етеді.


 


Е.Нұрғалиева (кадрда): Менің білетінім, бұл кісі бір жиын бола қалғанда, басымыз қосыла қойған жерде өте жақсы əн салады. (Ғай- рекеңнің əн салған даусына сай фотолары, бəйбішесімен əзілдесіп отырғаны көрінеді).


Адамгершілік жағынан қарайтын болсақ, ол кісіні сыйламайтын адам жоқ шығар. Жас та, кəрі де тəлім-тəрбиесіне, өмірден алған тəжірибе- сіне қарап, ол кісімен əрқашанда сырласып, сол кісінің айтқанын тың- дап отырамыз. Өте кішіпейіл адам.


С.Нұрпейісов (кадрда): Біз Ғайрат Сапарғалиұлымен тек қана қыз- метте емес, жерлес, дəмдес болып өміріміз жалғасып келе жатыр. Майнұра деген алтын жеңгеміз бар. Ғайрат Сапарғалиұлы – ғаламат адам. Өмір өзгеріп жатыр. Ал Ғайрекең өзгермейді, баяғы мінез, баяғы қалып.


Кадрда вагон терезесінен көсілген кең далаға қарап отырған Ғ.Сапарғалиев. Көз алдына туған ауылы келеді. Жасыл шалғынның ортасында Қалба тауларына қарап келе жатыр... адамдармен емен- жарқын əңгімелесуде, ел махаббатын жанымен сезгендей өзінің ту- ған аулындағы ағайын-туыс, кəрі-жасы бірдей қимай қоштасқан сəт. Ғалымның жүзі, көздері ірі планда алынады. Жүрек шымырлатар музыка поезд жүрісімен астасып кетеді.


Жүргізуші даусы: Туған жер, өскен орта! Ел үмітін, ана сүтін ақ- тағанға не жетсін! Осы ортадан бозбала күнінде аттанып, арман қуып кеткенде бүгінгідей құрметке бөленіп, пайғамбар жасынан асқан- да балалық қуанышқа кенелемін деп ойлап па еді? Ақ көңіл, адал, бауырмал халқым-ай десеңші! Халқыңның арманына арманыңды жал- ғап, мұратыңды онымен ұштастыру бақыт қой.


 


 


ТҮЙІН


 


Күшіңе сенбе, адал ісіңе сен.


Мұхтар Əуезов


 


Алматыдағы Республика сарайы. Залда халық лық толы. Сахна əсем безендірілген. Бұнда қоғамдық ұйымдардыңтəуелсізсыйлықтарытап- сырылуда. Жүргізушінің саңқылдаған дауысы Ғайрат Сапарғалиевті атайды. Қошемет. Құрмет. Ғалым сабырлы басып сахнаға шығады. Салтанатты музыка.


Жүргізуші (кадрдан тыс): Ғайрекең адал іс, ерен еңбегімен да- налыққа жеткен, сабырлы мінезі ерлікпен ұласқан, азаматтығы мен адамгершілігін биязылығы көркейткен. Бір сөзбен айтқанда, мұратына жеткен ғұлама.


 


Ғалымға сыйлық тапсырылады. Зал ерекше құрмет көрсетуде. Ғ.Сапарғалиев (кадрда): Бұл жалғыз менің ғана еңбегім емес, бар-


ша ғалым-заңгерлердің еңбегі. Біздің мақсатымыз мемлекет жақсы, пайдалы заңдар қабылдаса екен дейміз. Бұл заңдар халыққа, əрбір аза- матқа қызмет етсе, халықтың тұрмыс жағдайы жақсарса – мақсаттың орындалғаны.


Кадрда ғалым жалғыз отыр. Ол өз ойын қорытындылайды. Оның сөзіне өзінің туған жерін аралап жүрген, ғылыммен айналысып отырған сəті беріледі.


Ғ.Сапарғалиев (кадрда): Бақыт деген, қытай оқымыстысы Конфуций айтқандай: бірінші бақыт – денсаулық, екінші бақыт – ақ жаулық, үшінші бақыт – жүз саулық. Төртінші бақыт – мемлекетке, қоғамға қызмет ету. Бесінші – соның бəрін істеу үшін ұзақ өмір сүру бақыты.


Поезд жүйткіп келеді. Ол ағылып жатқан өмір-дүние суреттеріне кұлімдей қарайды. Музыка.


 


2006 жыл


 





Пікір жазу