02.03.2022
  223


Автор: Сұлтан Оразалы

ТАРЛАН

Академик Сұлтан Сартаев


 


(Деректі фильмнің сценарийі)


 


Көктөбенің биігінен Алматы қаласының тұрпаты аса сəулетті көрінеді. Аспалы жолдың үстінен түсірілген көріністер қаланың əсем ғимараттарын байыппен шолып шығады. Музыка, титрлар.


Алматы қаласының көшелерін, алаңдарын, адамдарын, сəулетті үйлерін көрсету жалғасады. Камера біртіндеп жылжып, «Жібек жолы» көшесіне тоқталады. Ығы-жығы ағылған адамдар, солардың ортасында көптің бірі болып аяңдап келе жатқан Сұлтан Сартаев көрінеді. Камера жақындай түсіп, оны ірі планда көрсетеді. Музыка сазды, ойлы əуенді ойнайды.


С.Оразалы (кадрдан тыс): Алматы. Бұл қала – біздің еліміздің əр азаматының жүрегіне жақын, жастардың ыстық махаббатын оятқан, ғылым, білім қуғандардың үміт отын жаққан, ғұламаның санасына ақыл нұрын төккен, ақын-жазушылардың шабытына – шабыт, қиялына қанат бітірген алтын орда. Бұл қалада туып-өскендердің ғана емес, жолы түсіп бір рет болып кеткендердің өзі оның салтанатын ешқашан ұмыта алмайды. Осы көшелерде қарапайым халық ортасында өмірге енді ұмтылған жасөспірім де, не бір дана адамдар да жүріп өткен. Елінің мақтанышына айналған мемлекет қайраткерлері, ғұламалар, ақын-жа- зушылар, өнер шеберлері қазақтың кең сахарасының əр түпкірінен келіп, осы қалада талантын ашқан, бақытын тапқан. Халқымыз ға- сырлар бойы аңсаған, талай ұрпақ қанын төккен тəуелсіздігіміз осы қалада жарияланды. Осы қалада көтерілген ұлттық рух халқымыз- дың бүгілген белін жазып, еңсесін көтерді, еліміздің түкпір-түкпіріне таралып, рухани қуатымызға айналып келеді. Қуатты қазақ мемлекетін құру, оның көркейіп, гүлденуіне жол ашу, еркін ойлы, тəуелсіз ұрпақ тəрбиелеу, əділетті қоғам орнату туралы идеялар осы қаладан таралып жатады. Өйткені бұл қала – халқымыздың рухани ортасы, ғылым мен мəдениеттің, жаңашыл елдің астанасы.


Біздің фильмнің кейіпкері де осы қалада тұрады. Ол – бүкіл ғұмырын ғылым мен ұстаздыққа арнаған, халқына танымал қайраткер, атақты заңгер, академик Сұлтан Сартаев.


С.Сартаевтың таудағы үйінің жанына өскен биік мəжнүн тал, екі қапталын гүл көмкерген саяжолда. С.Оразалы жүре сөйлеп келе жатыр.


С.Оразалы (кадрда): «Мен бұл адаммен көптен таныспын. Осы- дан 30 жыл бұрын батыс Украинаның Трускавец қаласында алғаш рет жолдыққан едік. Біз бір санаторийде демалдық. Бірінші көргенде-ақ оның өте талғаммен киінген сұлу тұлғасы, еш адамды жатырқамайтын ашық мінезі ұнаған еді. Содан бері Сұлтекеңнің ғылыми, қоғамдық, ұстаздық, мемлекеттік істері көз алдымызда. Ол – Салық Зимановтай


 


ірі ғұламаның ізін баса шыққан, кейіннен екеуі иық тіресе қатар тұрып, заң ғылымының іргесін бекітіп, тəуелсіз еліміздің құқықтық негіздерін жасасқан тұлға.


С.Сартаев жұмыс кабинетінде əлденені жазады. Оның қаламы- нан туған кітаптар, көлемді томдар кезек-кезегімен көрінеді. Ға- лым орнынан тұрып, кітап сөрелерінен өзіне керекті шығарманы алып, бетін парақтап қарай бастайды. «Материалы по истории государство и права Казахстана», «Юристы Казахстана в лицах» т.б. кітаптары ірі планда алынады. Кең столдың үстіне жайылған ғалымның барша туындыларын тұтас шолып көрсеткенде оның тынымсыз еңбегі танылғандай. «Материалы члена президентского совета Казахской ССР С.Сартаева» деген ондаған томға созылған еңбектері бөлек көрсетіліп, оған ерекше мəн беріледі.


С.Оразалы (кадрдан тыс): Сұлтан Сартаев – тек өз елімізде ғана емес, есімі Еуропа мен Азияға кеңінен тараған құқықтық күрестің ірі майталманы, аса күрделі теориялық мəселені қоя білетін жəне оның шешімін білгірлікпен нақты ұсынатын батыл да жаңашыл заңгер, мұрағаттық деректерді терең зерттеп, оның тарихи тамырын жіті аңғарып, өзінің теориялық ауқымды ойларымен шебер қиыстыратын, қоғамның даму заңдылықтарына сай пайымдайтын ғұлама. Оның елуінші, алпысыншы жылдары жазған қазақ мемлекеттігінің негіздері туралы, Қазақстанның мемлекеттігі мен құқығының тарихы, халық өкілдерінің ең жоғары органының өзекті мəселелеріне арналған қо- мақты монографиялары заң ғылымына үлес қосқан тың еңбектер бо- латын. Оның ғылыми ойлары, заңның əр саласындағы тың пікірлері елуінші жылдардан бастап көптеген заң актілеріне, оқулықтар мен құқықтық əдебиеттерге еніп, халықтың құқықтық санасын тəрбиелеуге зор үлес қосты. Мемлекеттің құқықтық тарихын, мемлекеттіліктің негіздерін жетік білудің нəтижесінде Сұлтан Сартаев тəуелсіз елі- міздің алғашқы конституциясын жазуға, тұңғыш тіл заңын əзірлеуге, елді президенттік басқаруға көшіру туралы жəне тəуелсіздік заңдарын жазуға белсене араласып, оны парламентте жанын сала қорғады. Ол жазған 450-ден аса ғылыми еңбектер, оның ішінде он бір монография ғалымның тынымсыз еңбегін, ой қуатының молдығын, ұлтына, еліне деген перзенттік парызын абыроймен орындағанын танытады.


Академик   С.Зимановтың    сөзінде    оның    жұмыс    кабинетінің


іші, ондағы кітаптар, кейбір мəні бар кəдесыйлары көрсетіліп, ғаламды қоршаған ортаның    тыныс-тіршілігі сезілді. С.Зиманов пен С.Сартаевтың бірге жүрген, С.Сартаевтың дəріс оқып тұрған, заңгер ғалымдармен бірге отырған суреттері беріледі.


С.Зиманов (кадрдан тыс): Мына өмір дегенің өзгеше ғой. Кей уа- қытта бір адамның басына жақсы қасиеттерді үйіп-төгіп береді де, кей уақытта сараңдық жасайды. Сұлтан Сартаев дейтін, өзі, біріншіден – ғалым, екіншіден – ұстаз, үшіншіден – ақын адам. Ал осы бір адамның


 


басына аз қасиет пе? Жаңа айтып кеттім, ғалым адам деп. Мен өзім ғалымдарды үш топқа бөлемін. Бірінші топ – ол ғылымға бе- рілген, өмір бақи ғылымның артына түсіп жүргендер. Олар зерттеу институттарында жұмыс істейді. Ал екінші топ – бұл ғалымдар жұ- мысты ұстаздықпен ұштастырады. Оны ғалым-педагог дейді. Мына Сұлтан Сартаев – ғалым əрі ұстаз. Кей уақыт ұстаздық жұмысы басым жүретін сияқты. Ал үшінші түрлі ғалымдар бар, мен олардың көзінше жекелеп, фамилиясын айтпағанмен, аты бар да заты аздау, я ғылым- нан ертерек кетіп қалған, я болмаса ғылым əлеміне кездейсоқ кіріп қалды ма, бұл өзгеше мəселе, дегенмен де олардың аты ғалымдардың қатарында болғанымен, жасаған   еңбегі   көрінбейді. Ал Сұлтекең – əрі ғалым, əрі ұстаз. Соңғы он бес жыл ішінде тындырған жұмысы өте көп болып кеткен сияқты. Жылына бір кітап, екі кітап жазып жүр. Оның Азат дейтін жұбайы бар. Сол бұрын айтатын көрінеді: «Əй, Сұлтан, осы сен көп жүресің, отырып кітап жазбайсың ба?» – дейді екен. Ал қазір: «Таңертеңнен кешке дейін шықпай, үстелдің басында отырасың, қашан демаласың?» – деп ұрсатын болды дейді. Айтып отырмын ғой, соңғы он бес жыл ішінде көп кітап жазды деп. Бұның себебі – ол мұқият адам. Сол жаңағы ұстаздық жұмыспен   жүріп те ғылымға керекті деректі жинай берген, қоржынға сала берген. Қазір ұстаздықтан қолы босап, сабақты аздау беріп, дүние кеңейген уақытта, жас болса да келіп қалды, енді жинаған мұраларды жарыққа шығарып жатыр. Оның ғалым ретінде тағы бір ерекшелігі – көкей- тесті, бүгінге керек, халық қазір таңдап оқиды деген мəселелерді іріктеп ала біледі. Сол жөнінде айта біледі. Сондықтан ол жазған кітаптар тез тарап кетеді. Өзі кей уақытта айтады: «Бір шыққан кітаптарымның екінші басылымын тез əзірлесең» деп ұсыныс жасап жатыр дейді. Мұндай қасиет барлық ғалымдарда бола бермейді. Бір шыққан кітап жылдар бойы жатады, ал бұның бір жылдың ішінде шыққан кітабы екінші, үшінші жылы қайтадан басылып шығатын əдетке айналып бара жатыр. Бұл ғалымдығының үлкендігі. Енді бір ерекшелігі – қай мəселені зерттесін, қай   мəселемен   шұғылданса да, ар жағында адамды, азаматты, халықты көріп отырады. Еңбегін соларға арнайды.


Алатаудың баурайындағы С.Сартаевтың жазғы демалыс үйі. Ол


жерден бүкіл қала алақандағыдай көрінеді. Мəжнүн талдың арасы. С.Сартаев пен С.Оразалы əңгімелесіп келеді. Ғалым жастық шағын айтқанда оның 1012 жастағы жəне студент кездегі суреттері көрінеді. Елуінші жылдардағы Москва бейнесі, сол уақыттың жас- тары кинохроникадан алынды.


Сұлтан Сартаевтың жастық шағымен тұспа-тұс кезеңдегі Алматы көріністері де қысқа ғана көз алдыңнан өтеді. Бұл бейне- көріністер сөз болып отырған уақыттың тынысын танытқандай.


С.Оразалы мен С.Сартаев кадрда. – Сұлтеке, сіз жиырма бес


 


жасыңызда ғылым кандидаты болып, қырықтан аса бере докторлық диссертацияны Мəскеу университететінде қорғадыңыз. Заң ғылымы саласында қыруар іс тыңдырдыңыз. Ауылдан, өркениеттен алыс жатқан жерден келіп, ғылымға ерте бет бұруыңызға қандай себептер болды?


С.Сартаев (кадрда): Кім боламын деген ойдың өзі кішкентай кезіңнен басталады екен. Сол бір 4–5 жасар кезім болуы керек. Біздің елде Мəди арбакеш болды. Ол арбасының үстіне түрегеп тұрып біздің есіктің алдынан азанда, кешке құйындатып өтетін. Соны көріп армандап, «ойпырмай, өскенде мен сондай арбакеш болсам ба екен» дейтінмін. Біраз уақыт өткеннен кейін мектепке барып, тарихты оқи бастағанда, ойладым, «жоқ, тарихшы болған дұрыс екен, тарихты оқыған адам бір күні Римде, бір күні Вавилонда, бір күні Москвада жүреді екен» деп. Ал сөйтіп жүрген кезде, оқуды бітіруге жақын қалғанда, Щейниннің əңгімелері шыға бастады. Ол «Следователь по важнейшим делам прокуратуры Союза СССР» болатын. «Жоқ, мен юрист боламын деп, Алматыға келіп, Алматының Заң институтына түстім. Институтты бітірген жылы Бекет Амантаев деген жолдасымыз екеуміз: «Осы аспирантураны бітіріп жатқандар бізден артық емес қой, біз де аспирантураға түсейік, оқиық» деген ойға келдік. Сөйтіп емтиханды тапсырып жүрген кезде, Мəскеуден Федькин деген (начальник главного управления юридических ВУЗов) келіп маған:


«Сіз аспирантураны Мəскеуден оқығыңыз келмей ме?» – деді. «Оқығым келеді», – дедім. Мəскеуге бардым. Степан Степанович Кравчук деген профессор айтты: «Менің өзім алайын деген екі адамым бар, екеуі де қызыл дипломмен бітіріп отыр», – деді. «Конкурсқа түсіп көріңіз», – деді. Конкурсқа түстім. Олар, əрине, бəрінен бес алды да, мен ағылшын тілінен үш алдым, мамандықтан төрт алдым, бір сабақтан тағы төрт, сонымен екі төрт, бір үш болып қалды. Аспирантураға түсе алмадым. Енді елге қайтайын деп тұрғанда Федькин ойыма түсе кетті. Сол кісіге барып едім, ол кісі бір қосымша орын беріп, аспирантураға алғызды. Мен аспирантураны бітіріп шықтым, ал жаңағы екі жігіт əлі күнге дейін диссертациясын қорғаған жоқ. Ұстазым айтты: «Екі адамым болғаннан кейін сізді алғым келмегені рас еді», – деп. «Бірақ сіз менің ойымнан шықтыңыз», – деді. Мен айттым: «Сізге үлкен рахмет, мені осылай етіп дайындадыңыз, сіз қатал болғандықтан, мен жұмысты барынша табанды атқардым», – дедім.


Үлкен Алматы өзенінің жағалауы. Алатаудың əсем бейнесі. Сарқырап жатқан тау суының жағасында С.Сартаев жалғыз өзі қыдырып жүр. Ол табиғаттың əсем көркіне қызыға қарайды. Кеңес заңгерлерінің съезінде түскен, шетел ғалымдарының ортасында тұр- ған, халықаралық ұлы жиындарда сөз сөйлеп немесе президиумда басшылық жасап отырған, Мальтада, Грецияда, Америкада, Арген- тинада, Польшада, Болгарияда, Испанияда, Въетнамда өткен жиындар мен осы елдерді аралағандағы суреттер ғалымның ау-


 


қымды істері мен ғылым жолындағы зор еңбегін танытады. Бұл суреттерден ол əлемнің көптеген атақты ғұламаларымен сапарлас, пікірлес болғанын байқаймыз. Олардың ішінде қазақ жазушылары мен ғалымдары Ə.Кекілбаев, А.Қошанов, Ғ.Сапарғалиев т.б. бар. Иран елінің, Үндістанның, Вьетнамның басшыларымен болған кездесулер оны қоғам қайраткері ретінде танытады.


«Əлем құрлықтарына сапар» атты кітабы. Осы сапарлардың əсе- рімен туған бұл кітапта ғалымның көрген-білгені мен ой түйіндегі жинақталған.


С.Оразалы (кадрдан тыс): «Атың барда ел таны желіп жүріп» дейтін халқымыздың тамаша нақылын Сұлтекең өзінің өмірлік мақсатына айналдырған адам. Ол 46 мемлекетте болып, сол елдердің əлеуметтік жағдайымен, мəдени, саяси, құқықтық құрылымдарымен, мемлекеттік басқару жүйелерімен танысып, заң саласындағы əлемнің көптеген ірі ғалымдарымен жүздесті, пікірлесті, қазақ елінің атынан сөз сөйлеп, ұлтымыздың мерейін өсірді. Ол Саясаттану ғылымдары Халықаралық ассоциациясының Бүкілдүниежүзілік конгресіне екі рет қатынасып, сөз сөйледі, əр жылдары Мальтада, Грекияда, Америкада, Аргентина- да өткен Заңгер демократтардың халықаралық ассоциациясының конгрестерінде өзінің ғылыми ой-пікірлелерін бөлісті. Сұлтан Сар- тайұлының ғылыми еңбектері əлемнің шартарабындағы мамандардың ықыласына бөленіп, оны өздеріне дəріс оқуға жиі шақырып келеді. Əсіресе оның Польшадағы, Болгариядағы, Испаниядағы, Вьетнам- дағы, Америкадағы адам мен азамат құқығының аса маңызда мəселе- лері, мемлекет құрылымы мен мемлекеттіліктің негіздері туралы терең ойлы, мол деректі, шабытты сөздері тыңдаушыларын бейтарап қалдырған емес. Сұлтекең шет елге мейлі турист болып барсын, мейлі ғылыми орталықтардың шақыруымен, немесе ірі ғылыми-теориялық конферецияларға, конгрестерге қатынасуға барсын, ол сол елдердің ерекшеліктеріне жіті назар аударып, ең маңызды деректер мен көрген- білгендеріне ғылыми сараптама жасап, сұлулығы мен салтанатына ақын жанымен сүйсінеді. Оның «Əлем құрлықтарына сапар» атты көлемді кітабын оқи отырып, ғалымның ой түйіндеріне, оқушыға аса қажетті тың деректерді таңдай алатынына жəне шебер, нақты, көркем тілмен баяндайтынына көңіліңіз толады. Бұл сапарлар ғалымның біліміне білім қосып, рухани байи түсуіне, əр елдің ғұламаларымен араласу – өз білігін сараптап, жетілдіре беруіне көп септігін тигізеді.


«Ақыл – ауыс, білім – жұғыс» дейтін халқымыздың даналық сөзінің мəнін осындайда тереңірек түсінесің.


С.Сартаев (кадрда). Ол кітабын қолына ұстай отырып, өзінің қорытқан ой түйіндерін əңгімелейді:



  • Осы кітапта мен барған елдерден алған əсерлерімді жаздым. Бұл кітап бір жылда емес, соңғы 35 жылда жазылған кітап. Өйткені барған жерімде мен қойын дəптеріме сол елде не көрдім, нені білдім, нені түй- дім – бəрін жазып жүретінмін. Кітаптың аяғында өзімнің қорытындым-


 


ды жасадым. Қорытындым өзім үшін қиын да болды. Өйткені біз бүкіл дүние жүзіне Кеңес мемлекетінен демократиялық ел жоқ деп жүретін едік. Бірінші рет менің санамдағы өзгеріс Польшадан басталды. Неге дейсіз ғой? Қарасам, Польшадағы өмір біздің өмірімізден артық кө- рінді. Олардың демократиясы біздікінен артық екен. Əсіресе бүкіл Еуропаны аралаған кезде оған көзім анық жетті. Біз баяғыдан бері қателесіп жүрген екенбіз. Демократиямыз – демократия емес екен. Тұрмысымыз – тұрмыс емес екен. Мына дүниежүзілік конгрестер, конференциялар, симпозиумдар халықтың, ғылымның интеграциялық процесін алға апаратын оқиғалар болды деп ойлаймын. Өйткені əрбір конгреске, симпозиумға барған сайын елдің қажетіне жарайтындай ойды арқалап қайтасың. Конгрестерде əр түрлі адамдармен жолыға- сың, соның ішінде ой-өрісі кең саясаткерлерді тыңдағанда өзің рахат- танып, осындай істерді біз де атқаруымыз керек деп ойлайсың.


Ғалым-педагог студенттер аудиториясында дəріс оқуда. Қазақ мемлекеттік университетінің жаңа ғимараты. Осы ғимараттың қасындағы əл-Фараби ескерткіші. С.Сартаев аудиторияда студент- термен сұхбат құруда. Ол өзі құрған заң институтын бітірушілерге диплом тапсыруда. Салтанатты сəт. Жаңа жыл кеші. Ғалым жас- тардың ортасында кешті бірге қарсы алуда. Ол мінбеде жастарға арнап сөз сөйлеп тұр. Оны мұқият тыңдап отырған адамдардың жүздерінде риясыз сенім бар.


С.Оразалы (кадрдан тыс): Тегінде ғалымдық пен ұстаздық – егіз ұғым. «Шəкіртсіз – ғалым тұл» дейді халқымыз. Ғалымның жылдар бойы көз майын таусып жазған еңбегі, тапқан жаңалығы, ақынның мөлдір сыры, жазушының қаламынан шыққан өмір-дүние суреттері – бəрі де халыққа, ұрпаққа арналады. Шын талант шəкіртсіз қалмайды. Ал Сұлтан Сартайұлы ғылыми еңбектерімен олардың жүрегіне жол тапқан жан. Сонау елуінші жылдардан бастап күні бүгінге дейін əл-Фараби атындағы ұлттық университет пен түрлі институттарда дəріс оқып, мыңдаған шəкірттерінің санасына заң ғылымының терең сырларын сіңіріп келеді. Қазір Қазақстан мен бұрынғы Кеңестер елінің қай түкпіріне барсаңыз да, одан сабақ алған маман-заңгерлерді кездестіреміз. Өмірінің ширек ғасырын Ұлттық университеттің заң факультетінің деканы, кафедра меңгерушісі бола жүріп, ол жиырмадан аса ғылым кандидаттарын əзірледі.


Сұлтан Сартайұлы бұрынғы «Білім» қоғамының тұрақты лекторы ретінде сан ортада баяндама жасап,   радио-телеэкраннан   үнемі жұрт алдына щығады. Ол құрған мемлекеттік емес құқықтану мен халықаралық қатынастар институтында жүздеген мамандар білім алды. Бұл институтта еліміздің ең таңдаулы заңгерлері сабақ береді.


«Ұстаздық еткен жалықпас» дегендей, табанды еңбектің нəтижесінде институт базасы нығайып, шəкірттердің терең білім алуына жағдай жасалған.


Сұлтекеңнің терең білімі, жан-жақты ғұламалығы, шебер де шешен


 


тілі, дəріс оқуға, тыңдаушы санасына білім нұрын құюға деген ынты- зар көңілі, зор жігері қашанда аудиторияны баурап алады.


С.Сартаевтың дəріс оқып тұрғанын бейнелейтін киноүзіндінің фонында С.Зимановтың даусы естіледі. Оның сөзінің мазмұнына сай С.Сартаевтың жас кезіндегі, студенттердің ортасында тұрған сəті мен дəріс оқып тұрғандағы бейнесі көрінеді. Оның сұлу да сымбаты тұлғасына қызыға қарап отырған адамдар.


Салық Зиманов (кадрда): Сұлтан КазГУ-дегі заң факультетінде талай жылдар декан болды. Ол жақсы декандардың бірі еді. Сұлтан қазір де көрікті, ал жас кезінде өте көрікті болатын. Сонда бұны іздеп, ұстаздық, декандық жұмысын үлгі тұту үшін танысуға көп адамдар келеді. Сол кезде мен КазГУ-де істедім, ол оқытушы болып жүрді, сонда басқа факультеттің оқытушылары мен декандары айтатын: – Біздің қыздарымыз, – дейді, – оқушы қыздарымыз осында заң факультетінің деканы бар, əдемі, көркем деп соны көру үшін лекциясына барады екен. Себебі оның жұмысына да қызығады, өзіне де қызығады, көркіне де қызығады. Міне, осындай ұстаз адам.


Қазақ мемлекеттік университетінде С.Сартаевтың мерейтойы өтуде. Президиумда университеттің ректоры, белгілі ғалымдар. Зал лық толған. Академик З.Қабдолов сөйлеп тұр. С.Сартаевтың соттың мантиясын киіп түскен, көптеген судьялардың ортасында тұрған, З.Қабдоловпен, С.Зимановпен бірге түскен суреттері. С. Сартаевтың өлеңдер жинағы көрінеді. Академик З. Қабдолов сөзін аяқтай келіп, ғалымның үстіне зерлі шапан жабады.


З. Қабдолов (кадрда): Астанада Жоғарғы соттың жанында тұрған үш бидің ескерткіші бар. Сұлтекең – жай заңгер емес, ол – би. Қазақ қашанда сот, прокурор, адвокаттың бəрін қосып, биді ғана мойындаған. Мен мына екі адамды бөлек айтамын: Салық Зиманов жəне Сұлтан Сартаев. Ал енді ғылыми еңбегін айтсақ, менің кітапханамда біраз кітап бар еді, бір сөрені Сұлтекеңнің еңбектері түгел алды. Бүкіл заңгерлердің, прокурорлардың, соттардың тағы басқаларының бəрін жинап, мынандай бір том кітап шығарған еді. Оны айтып тұрғаным, бұл кісінің 4 том өлең жинағы бар. Əсіресе төртінші томы ұнады. Ақыл- парасат жиналған сонда. Сондықтан сізге арналған бір шумақ өлеңімді айтамын да, мінбеден түсемін. Жаңағы Зиманов пен Сартаевты мен медальдың екі жағы деп ойлаймын. Бір медаль, біреуі – мына жағы, екінші – ана жағы секілді. Сондықтан Зимановтың 80 жылдығында осы өлеңді оқығанымда бетімді сүйіп, риза болып еді. Қазір соны Сұлтанға да арнап тұрмын.


Атың, затың, жер түгіл, айға мəлім, Жатсаң-тұрсаң, ел қамын ойлағаның. Зар тілегім, тек ғана аман жүрші, Заңғар заңгер, бір туар, айналайын!


Ғалым   қарапайым   ел    адамдарының   арасында,   əріптестері Ю.Басин, Ж.Əбділдин т.б. ғұламалармен, ел президенті Н.Назарбаев-


 


пен, ғарышкер Ə.Мұсабаевпен бірге. Ол кіммен кездеспесін, бəрімен де емен-жарқын, тонның ішкі бауындай аралас екені байқалады. Бұл фотодеректерде ғалымның мейірімді жүзі, адамдармен қалтқысыз қарым-қатынасы, азаматтығы сезілгендей.


С.Оразалы (кадрда): Сұлтекеңнің үлкенге де, кішіге де бірдей, кеңпейілді, мейірбан адам екенін, оны білетіндердің бəрі қуаттайды. Сондықтан да оның достары көп, маңайынан қарапайым халықты да, даңқты ғалымдарды да, белгілі мемлекет қайраткерлерін де көреміз. Ол кіммен араласса да бір мінезінен – қарапайымдылығынан, азаматтық биік тұлғасынан айныған емес. Оның замандастары: Сұлтекеңнің ашық- жарқын мінезін, достыққа адалдығын, бауырмалдығын, елгезектігін ерекше атайды. Кімге де болса қалтысыз қол ұшын беріп, шамасы келгенше адамдарға қайырым жасау – оның азаматтық тұлғасын биіктете түседі. Ол – ел намысын, ұлт тағдырын, ғылыми идеяларды қорғауға келгенде жеке бастың қамын ұмытып, азаматтық арын ту етіп шығатын адам.


Ю.Басин (кадрда): Кімге болмасын, жақсылық істеуге дайын тұ- рады. Мен талай жағдайлардың куəсі болдым. Дипломы біздің инсти- тутымызға сай емес, жас жігіті алмаймыз дегенде соған көмекке келгенін ұмытпаймын. Тағы бір – судьяға пара берді деп, ісі сотталуға дейін жеткен бір адвокат əйелдің өтінішін орындағаны əлі есімде. Мəселе мынада еді: сол əйелдің қызы бізде оқитын. Енді соның өзі соттала қалса, қызын институттан шығарып тастамауын өтінді. Сонда Сұлтан Сартайұлы: «Əзірше мен декан болып тұрғанда қызыңызды ешкім оқудан шығармайды» – деген уəде беріп, сол сөзінде тұрды.


Қамысты көлдің жиегі. Сунақ ата ескерткіші. Сырдарияның ға- жайып айдыны кешкі шапақта жарқырап көрінеді. Сол айдында жү- зіп бара жатқан қайық. Камера панорама жасай отырып, Сырдың ұлылығын, əсемдігін, алыптығын танытады. С. Сартаев ойлы, өте бір толғаныс күйде өзен жағасын аралап келеді. Мұнарға малынған даладан қарауытып əлдебір көне ескерткіштің сұлбасы көрінеді. Ақын даусы кадрдан тыс естіледі.


Сұлтан Сартаев (кадрдан тыс):


 


Естен шықпас туған елім, Тағдыр қайда апарса да. Қымбат болар өскен жерім, Ақырзаман болса да.


Сұлу жерлер көп те шығар, Сенен көркі озатын.


Көңілімнің қошы қанар, Жер жоқ сенен озатын. Арым да сен, ерім де сен, Өмірге арқау болатын.


Алыс жолдан шаршап келсем,


 


Құшып мені алатын. Борыштымыз бəріміз де Туған елге – өскен жерге. Жасымыз да, кəріміз де, Бас иейік туған елге.


Сəлем саған, туған елім, Аңсаған сенің балаңнан. Шыққанымша соңғы демім Айналып өтем даламнан.


С.Оразалы (кадрда): Қазақтың қасиетті өлкесі Сыр бойында туып, өскен адамның жүрегінде ақындық сезім, сұлулыққа деген сүйіс- пеншіліктің оянуы, көрікті, көркем сөзге деген құштарлықтың болуы табиғи құбылыс қой деп ойлаймын. Академик Зейнолла Қабдолов айтқандай, бүгінгінің биі атанған Сұлтекең ежелгі ата дəстүрін жалғап, заңгерлік пен ақындықты қатар өрбітіп келеді. Қазақтың кез келген ұлы билерін еске түсіріңіз. Олардың билік айтқан сөздері тұнып тұрған фəлсафа, мөлдір поэзия емес пе? Беріден қайырсақ, ұлы Абай қазақтың Төбе биі болып, өз заманында теңдесі жоқ заң жазғаны мəлім. Ұлы Шəкəрім – ұлтымыздың дəстүрлі заңдарын жетік білген соңғы би, атақты заңгер емес пе? Ал Мұхтар Əуезовтің «Абай жолы» эпопеясы халқымыздың ғасырлар бойы жасаған дəстүрі мен заңдарының тау- сылмас кені, мол қазынасы екенін ешкім жоққа шығара алмайды. Сондықтан Сұлтан Сартаевтың елге, жерге, достарына, сүйікті жарына, ұрпақтарына жазған арнау өлеңдері, өмірден көрген-түйгендері туралы ой толғамдары, ғибраты мен əфсаналары жомарт жүректің, нұрлы ақылдың жемісі.


С.Сартаевтың жазғы саяжайы. С. Оразалы екеуі зəулім ағаштар- дың арасында əңгімелесіп келеді. Камера ара-арасында Алатаудың ақбас шыңдарын, төменде жатқан қаланың əсем ғимараттарын, саябақтың гүлзарларын көрсетеді. Ақын өз өлеңін өзі жатқа оқиды.


С.Сартаев (кадрда): Көшеде кетіп бара жатқанымда бір затты көрсем, сол не түрлі ойға жетелейді. Кейде бір болымсыз зат ойға түсіреді. Жолдастарымның қарым-қатынасы, көзқарасы да талай жыр- ды тудырып тастайды. Бір күні «Алатауда» демалып жатсақ, тротуарға жаңа ғана асфальт төселген екен. Сол асфальтты жарып майда шөптер шығып тұр. Соны көрген соң жігіттерге: «Сендер қыдыра тұрыңдар, мен қазір келемін», – дедім. Сонда мынандай өлең тізбектері ойыма түсті:


Өмір деген – алып күш, Тас бұғауды бұзатын. Басса да жерді қалың мұз, Жарып оны шығатын.


Өмірге деген ынталық, Шөпке де əлсіз күш берер. Күштілігі соншалық


 


Жолда жатса – тас тесер. Кейде шығар емендер, Биікте тұрған жартасқа. Неге шықты демеңдер, Таппағандай жер басқа. Көрсін деп тұр емендер, Алыптығын өмірдің, Білсін деп тұр емендер, Күштілігін өмірдің.


Кейде «Өмір деген не?» деген ойға келесің.


Өмір деген бір өзен, Шалқып ағып жататын. Кейде ақпастан сіресіп, Тас – мұз болып қататын. Арнасы жақсы болмаса, Өзен орнын өзгертер Түбі саздақ болмаса, Дария суы бос кетер.


Азы-көбі жақсы ма, Бұл өмірдің, жігіттер, Өмір аз деп жасыма Алыстай берер биіктер.


Даналық емес көп жасау, Тек қана қалса көңілде. Айып емес аз жасау,


Із қалдырса көңілде.


Осындай бір шумақтар ойыма келеді.


 


С.Сартаев жұбайы Азатпен жазғы саяжайынан шығып, ауланы аралап өтіп, киіз үй тігілген алаңға барады. Екеуі əлденені айтып, кү- ліп келеді. Азаттың əр түрлі фотосуреттері, екеуінің бірге отырғаны, бала-шағаларының ортасында дастарқан басында кездесуі бейне- сюжет арқылы көрсетіледі. Ғалым өз өлеңін кадрдан тыс оқиды.


С.Сартаев (кадрдан тыс):


 


Жан ашырым, жан серігім, жұбайым, Сүйсінемін сені көріп ұдайым.


Тағдыр қосқан балаларымның анасы Болып жүрсің отбасының панасы.


Кейде сезбей, бағаламай жүрмін бе? Кейде ойланбай көңіліңе тидім бе? Мен үшін бар бір сенетін ақиқат – Жалғыз өзіңмен бірге тұрар ар-ұят.


 


Күйінесің, сүйінесің біз үшін Болғаннан соң аса таза бар ісің. Балаларың да, жұбайың да сен деп жүр, Көңіл қойып сен де, жаным, құлақ түр.


 


Маған жұбай болғанменен – анасың, Сүйер ана жұбайы мен баласын.


Сүйе білсең – жұбайыңды қинама, Орынсыз жерде бостан-босқа сынама.


 


Кадрда фотоқұжаттар. Ғалым өз əріптестерінің ортасында. Олардың арасында шет ел ғұламалары, қазақ ғалымдары да бар. Бұл көріністерден ғылыми қарым-қатынастың кеңдігі, адамдармен тіл таба білетіні байқалады.


Шет елде түскен кадрлар. Түрлі қызмет атқарған кездегі жұмыс сəті т.б. Қазақстанның бір түпкіріндегі қылмыстық жазаны өтей- тін түрме ғимараты. Қылмыскерлердің тұрмыс-тірлігі. Олардың сапта тұрып, есепке алынуы. Ғалымның «Ар мен дар алдындағы сөз» кітабы көрсетіледі.


С.Оразалы (кадрдан тыс): Сұлтан Сартаев – белгілі қоғам қайраткері. Ол өзінің ғылыми жəне ұстаздық қызметін қоғамдық істерімен шебер үйлестіреді. Жиырма жылдан аса Кеңес заңгерлер ассоциациясында, Саяси ғылымдар ассоциациясында белсене еңбек еткен Сұлтекең еліміздің тарихында тұңғыш құрылған Қазақстан заңгерлер одағының президенті, Тəуелсіз Мемлекеттер Достастығы заңгерлер одағының үкіметтік емес халықаралық бірлестігі төрағасының орынбасары. Қандай іске болса да зор қайратпен, білгірлікпен кірісетін Сұлтекең Президент жанындағы Кешірім жасау туралы комиссияның төрағасы кезінде ауыр қылмыстары үшін өлім жазасына кесілген адамдардың тағдырына тек заңгер ретінде ғана емес, нəзік сезімді ақынның, өмірден көрген-түйгені мол ақылман адамның көзімен қарайды. Бұл жерде де ол кең пейілді азамат, халық тағдырын, ұрпақ келешегін терең ойлайтын қайраткер екендігін танытады. Осы қызметте жүріп жазған «Ар мен дар алдындағы сөз» атты кітабы тұрпаты бөлек, өмір мен өлім шарпысқан сəтте ғана ар-ұяты оянған кейбір міскіндердің, сондай-ақ адам қанын суша ағызған қанішердің өзі тұзаққа ілінгендегі психологиялық күйін нанымды жазады.


Тоқсаныншы жылдардағы, тəуелсіздігімізді жариялаған депу- таттар тобы. Олардың толық құраммен Жоғарғы кеңестің алдында түскен суреті. Депутат С.Сартаевтың түрлі кездесулерге қатысуы. Кремльдегі КСРО Жоғарғы Кеңесін тарататын шақтағы тарихи сурет.


Белсенді депутаттардың бір тобы. Осылардың бəрінің ортасынан да академик-депутат С. Сартаевты көреміз.


С.Оразалы (кадрдан тыс): Сұлтан Сартаевтың ең жұлдызды шағы


 



  • тоқсаныншы жылдардың басында Жоғарғы кеңеске депутат болып сайланған кезі. Міне, осы кезде оның жаңа қырлары ашылып, майталман заңгерлігімен қоса, ірі мемлекет қайраткері болып жетілгені, пікір таласында зор білім, болаттай берік дəлелдерімен қарсыластарын бет қаратпайтыны танылды. Сұлтекең осы жылдары халқымыздың тағдырын шешіп, Қазақстанның болашағын анықтаған аса маңызды көптеген заңдардың жазылып, қабылдануына белсене араласты.


Көп жылдар бойы Қазақ КСР-ның Жоғарғы Кеңесі өткен Алматыдағы тарихи ғимарат. Залдың іші. Бүгін бұнда ешкім жоқ. Бірақ ауық-ауық сессия өтіп жатқан кездегі шу естіліп қалғандай. Президиум. Бос тұрған орындықтар. Бір шеттен С. Сартаев, екінші шеттен кірген С.Зиманов көрінеді де, бір-біріне қарсы жүреді. Амандасады. Залды шолып қарайды. Екеуі бірге президиумға шығып, əлденені айтып, еске түсіреді. Президиумда отырады. Қолдарымен залды нұсқап көрсетеді. Орындарынан тұрып, депутат кездеріндегі орындарына барады. Залдың шуы.


С.Оразалы (кадрдан тыс): Міне, осы залда елдің егемендігі туралы декларация, мемлекеттің тəуелсіздігі туралы Заң қабылданды. Ғасырлар бойы халқымыз арман еткен тəуелсіздік. Жүздеген рет қан майданға шығып, мыңдаған боздақтар жан тəсілім еткен – бостандық.


Осы залда майданға бергісіз күрес, тайталас жүріп жатты. «Сол кезде ғылыми элита елдің егемендігін алуға ат салысты, рухани тайталаста жеңіп отырды, тізе қосып сол топ бірге қарекет етті», – дейді академик Манаш Қозыбаев. Сол ғылыми элитаны Салық Зиманов ағамыз баста- ды. Біз бірлік пен тірліктің үлгісін таныттық. Сəкең ағалықты даналық- қа жалғастырып, қол бастады. Сұлтекең жекпе-жекке шыққан айбынды батырлардың бірі емес, бірегейі бола білді. Сондықтан да Сұлтекең өз өмірінің сол сəтті шағында елін ісімен сүйсіндіре алды, ұлттың сүйікті перзенттерінің біріне айналды, ұлы істе өз жаратылысын, болмысын танытып қана қоймайды, есімін, затын биік тұғырға қондырды. Қазақ мемлекеттігінің тарихына өз есімін жазатындай еңбек сіңірді».


Алатаудың баурайына шаншыла өскен бəйтерек көгілдір көкке бой созғандай. Камера зеңгір көктен сол бəйтеректің бойымен төмен қарай құлдилап, оның түбінде тұрған С.Сартаев пен С. Оразалыға тоқталады. С.Сартаев сөйлеп отыр. Ол тəуелсіздіктің заңының қалай қабылданғанын айтқанда көк төбелі биік мұнара көрінеді. Енді сол мұнарамен таралып жатқан əуе толқыны əлемге біздің тəуелсіздігімізді паш еткендей.


С.Сартаев (кадрда): Тəуелсіздік туралы заңды əзірлеген автордың бірі мен болдым, жанымда Нұрпейісов пен Донақов деген кісілер болды. Сөйтіп, біз үшеуміз тəуелсіздік туралы заңның жобасын 1991 жылы шілде айында тапсырдық, сол заң желтоқсан айына дейін қаралмай жатып алды. 1991 жылы 9 желтоқсан күні Жоғарғы Кеңес төралқасында осы мəселе қайтадан қаралды. Сонда марқұм Қозыбаев, мен болып: «Заң қашанға дейін жата береді, осы заңның жобасын қа-


 


былдайық, өйткені бізден басқа елдердің бəрі қабылдап болды, біз ғана қалдық», – дедік. Сонда біреулер: «Біз онсыз да тəуелсіз мем- лекетпіз ғой», – десті. Сонда мен: «Тəуелсіз мемлекет болу үшін біз оны дүние жүзіне жариялауымыз керек, тəуелсіздіктің белгілі бір күні болуы керек. Біз тəуелсіздігімізді сол күннен бастап айтуымыз керек. Сондықтан бұл заңды қабылдайық», – деп тұрып алдым. Содан сессия мені баяндамашы етіп тағайындап, желтоқсанның 16 күні мен Жо- ғарғы Кеңестің трибунасына шықтым. Баяндама жасап тұрғанымда, баяндамамды аяқтағанымда менің бүкіл кеудемді кернеген қуанышты көрсеңіз. Оны сөзбен жеткізу мүмкін емес.


Тарихи кадр. 1991 жылғы 17 желтоқсан. Республика алаңы. Прези- диумда Президент. Ол халықты құттықтауда. Транспоранттар, плакаттар, ту көтерген адамдардың жүзінде шексіз қуаныш бар. Алаңдағы халықтың көптігі сонша теңізше толқиды.


С.Оразалы (кадрдан тыс): Тəуелсіздігіміздің жариялануы Желтоқ- сан оқиғасының бес жылдығымен тұспа-тұс келгендіктен, ертеңінде Республика алаңына мыңдаған адамдар жиналды. Халықтың толқыған көңілінде, қуанышында шек жоқ еді. Жаңадан ғана сайланған тұңғыш президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйледі.


С.Сартаев жасыл шыршалардың ортасында жалғыз келе жа- тыр. Терең ойға берілгені жүзінен көрінеді. Алатаудың мұзарт шың- дары, оның төменгі белестерін жапқан жасыл алқаптар, зəулім бəйтеректер. Қаладағы қарбалас тірлік. Сан түрлі құбылған субұрқақ- тар, гүл көмкерген алаңдар. Ғалымның жүзі ірі планда, ойлы қалпында алынады. Өмірдің толассыз ағылуы, адам жанын мəңгілікке баурап алуы, тəуелсіз елінің болашағы оны терең ойға батырғандай.


С. Сартаев (кадрдан тыс): Менің үлкен атам 100-ге келіп қайтыс болған адам. Сол 100-ге жақындап қалған кезінде елге барып: – Асса- лаумағалейкум, Жəке! – деп сəлем бердім. – Балам, келіп қалдың ба? – деді. – Жəке, қалың ойға түсіп отырсыз ба? – десем. – Балам осы өмірде не көрдім екен деп, соны ойлап отырмын, – деді. – Не көріпсіз? – деген- ге: – Балам, аз көргенім жоқ, көп көрдім, аз жасағаным жоқ, көп жаса- дым. Бірақ өткен өмір мына есіктен кіріп, ана есектен шыққандай-ақ болып отыр, – деді. Сондағы менің ойлағаным: «Ойпырмай, адам қанша жасаса да көп болып көрінбейді екен ғой, сондықтан да екен біздің қазақтың айтатыны – «Өмірдің ұзындығы қамшының сабындай, қас пен көздің арасындай» деп. Осы қысқа өмірдің өзін, тəуелсіздік жағдай- да, бостандық жағдайда, бар іс-əрекетімізді халықты жігерлендіретін жұмыс жасасақ – бізден бай ел болмас еді деп ойлаймын».


 


2005 жыл


 





Пікір жазу