02.03.2022
  165


Автор: Сұлтан Оразалы

АРМАН

(Оноре де Бальзактың «Фачино Кане» əңгімесі бойынша жазылған телепьеса)


Экранда Париждің ең бір кедей кварталы бейнеленген. Кірпіштері мүжіліп тоза бастаған, тар, лас көшелеріне ұзын жіптерге жуылған кірлер ерсілі-қарсылы ілінген. Əңгімеші ақырын аяңдап келе жатқан қалпында осы фонда көрінеді. Ойлы, қапталында тұрған орындыққа келіп отырады.


ƏҢГІМЕШІ: Мен ол кезде, сізге бəлкім таныс болмас, Ледьегер ат- ты шағын ғана көшенің бойында тұрған едім; ол Бастилия алаңына таяу, фонтанның қарсысындағы Сент-Антуан көшесінен басталып, Серизеге тірелетін. Ғылымға деген құштарлық мені еріксіз осынау үйшікке əкеп қамады; ол жерде түн бойы оқитынмын да, күндіз бар уақытымды корольдер кітапханасында өткізетінмін. Сүйікті ісімнің бірі – осы маңайдың тұрғындарын, олардың мінез-құлқын, əдет- салтын бақылау еді. Олар да жұмысшылар тəрізді жаман киінетін, сыртқы құбылысқа қалай болса солай қарайтындықтан маған онша мəн бере қоймайтын, сондықтан топтың арасына кіріп, олардың жұмысқа қалай жалданатынына, өзді-өзі қалай дауласатынына, жұмыс күнінің аяқталуына зер салатынмын. Менің көзімнің жеткені сол: бұл маңайдың жасырын сыры, мүмкіндігі қандай мол, кешегі батырлар мен өнертапқыштарды, сұмпайылар мен қанішерлерді, адамгершілігі мол жандар мен жексұрындарды қатар өсірген революция ошағының түбінде бұл күнде жоқтықтан жаншылған, кедейліктен азып-тозған, ішкіштіктен шатасып, арақтан уланған адамдар қалыпты. Сіз осынау аза тұтып, қара жамылған қалада қаншалықты тартыстың, ұмытыл- ған оқиғалардың болып кеткенін ойыңызға да келтіре алмайсыз. Əрі қорқынышты, əрі қызық оқиғалар қаншама десеңізші!


(Əңгімеші орнынан тұрады. Камера оны ірі планда көрсетеді. Ол үлкен қақпадан ішке кіреді. Сөйлей жүріп, киімін ауыстырады. Тойға дайындалады.)


Бірде мені қызметшім, жұмысшының əйелі сіңлісінің тұрмыс құру тойына шақырды. Бізді бір-бірімізбен жоқтық жақындастырған еді. Сондықтан біреуден қарызданып тапқан 10 франк ақшама сыйлық алып, кедей жандардың қуанышына ортақтасу үшін тойға келдім.


Əңгімешінің жүзі ірі планда көрінеді. Ол үнсіз. Той шулы, би, ай- қайлаған дауыстар естіліп жатады. Бальзак соны тыңдап отыр. Камера кейін шегініп, əңгімеші шеткерірек отырған үш музыкантқа тоқталады. Бірі – скрипкашы, екіншісі – кларнетші, үшіншісі – флажолетші. Үшеуі де соқыр. Терезенің жақтауына ұйлыға отырып, бірінің басы, екіншісінің аяғын шатастырып, музыка тартып отыр.


 


Анда-санда тіпті оқыс дауыстар да естіледі. Үшеуіне үңіле қараған əңгімеші көрінеді. Ол орнынан тұрып, музыканттарға жақынырақ келіп отырады. Камера үнсіз жылжып, үш музыкантты ірі планда көрсетеді. Қайтадан əңгімешінің көзі ірі планда алынады. Параллель монтаж арқылы əңгімешінің ой құбылысы, назарының ана үшеуіне қатты ауғаны аңғарылады. Осы сəтте оның көзі кларнетшіге түсіп, үнсіз тұрып қалады.


ƏҢГІМЕШІ: Музыканттардың түрін аңғару үшін жақынырақ келіп отыру керек еді. Мен таяп келісімен бəрі де бірден өзгергендей болды: көз алдымнан той да, музыка да жоғалып кетті. Ақыл-ойымды бірден кларнетшінің алып денесі өзіне баурап алды.


Камера ірі планға кларнетшіні алады. Оның бетіндегі терең əжім іздері, алба-жұлба киімі, Гомер тұлғасына ұқсас ақылды ойлы маңдайы көрінеді. Ол кларнетті сол бойы тарта береді. Анда-санда музыканы қисынсыз созып қояды. Қолы кларнетте жоғарылы-төмен орынсыз жылжи береді. Əңгімеші оның əрбір əрекетін бақылап отыр.


 


ƏҢГІМЕШІ: Осынау Гомер тəрізді жанның бойында əлдебір «Одис- сея» жасырынып жатқандай, тұлғасынан менмендік, тəкаппарлық, қатыгездік сезіледі. Тəкаппарлығы сондай – қазіргі қор тіршілігін ұмыттырғандай, жоқшылығынан өмірлі бейнесі үстем. Оның бойында бар күш-қуат, ашу-ызасын темір шарбақпен алысуда құртқан арыстан жасырынып жатқандай.


Музыканттар аспаптарын жандарына қойып, столға отырып тамақ ішуге кіріседі. Кларнетші – үнсіз, тапжылмай орнында отыр. Оған стаканды толтырып шарап құйып береді. Ол əдеппен басын изейді де арақты іше бастайды. Бағанадан бақылап отырған əңгімеші орнынан тұрып солардың жанына келді.


 


ƏҢГІМЕШІ: Қай жерліксіз, кларнетші? КАНЕ: Венециялықпын.


ƏҢГІМЕШІ: Іштен соқыр болып тудыңыз ба, əлде...


КАНЕ: Бақытсыз жағдайға ұшырағандықтан... лай қара судан...


ƏҢГІМЕШІ: Венеция – əсем қала ғой, мен бір рет көруді арман етуші едім.


КАНЕ: (қатты қобалжып): Егерде сіз мені ерте кетсеңіз, уақы- тыңызды бос өткермес едіңіз.


СКРИПКАШЫ: Біздің дожға Венеция жайлы айта көрмеңіз, ол өзінің кереметін танытудан тайынбайды, байқадыңыз ба, князіміз екі бөтелке арақты сіміріп те тастады ғой.


ФЛАЖОЛЕТШІ (Канеге): Жарайды, жетер, жетер! Фальчино бабай, бастауымыз керек!


 


Үшеуі біраз музыка ойнайды. Каненің жүзі жібіп, бұрынғысынан өзгере түседі. Музыка ойналып бітеді.


ƏҢГІМЕШІ: Неше жастасыз? КАНЕ: Сексен екідемін.


ƏҢГІМЕШІ: Жанарыңыздан айырылғаныңызға көп болды ма? КАНЕ: Таяуда елу жыл болды.


ƏҢГІМЕШІ: Сізді неліктен дож деп атайды?


КАНЕ: Жұрттың қылжағы ғой. Мен венециялық патрициймін, олар сияқты менің де дож болатын хақым бар.


ƏҢГІМЕШІ: Сіздің шын атыңыз қалай?


КАНЕ: Мені бұл жердегілер Кане əкей деседі. Есімімді азаматтық акт қағазына жаза алмағандықтан, солай атап кетті. Марко Фачино Кане, Веразия князі деп аталамын.


ƏҢГІМЕШІ: Қалайша? Сонда сіз көптеген жері Милан герцогіне көшкен даңқты кондетьер Фачино Каненің ұрпағымысыз?


КАНЕ: Солай! Кондетьердің баласы Висконтиден сескеніп Вене- цияға қашып кетті де, ол жерде есімін Алтын кітапқа жазды. Бірақ қазір даңқты Каненің ұрпағы да, оның Алтын кітабы да жоқ.


ƏҢГІМЕШІ: Егерде сіз венециялық сенатор болсаңыз, байлығыңыз да жетерліктей емес пе еді? Бұл қалай, сонда бəрінен де айырылып қалғаныңыз ба?


КАНЕ (ұзақ үнсіз, қайғылы қалыпта): Бəрі де бақытсыздықтан ғой!


Қайтадан музыка ойнала бастайды да, əңгімеші ірі планда жалғыз қалады.


ƏҢГІМЕШІ: Осынау үш адам контраданс ойнап жатқан сəтте менің есіл-дертім венецияндық кəрі мырзаға ауумен болды. Мен оның білеу- білеу əжімдерінен Адриатика мен Венецияның қираған қалдықтарын көргендей болдым. Кондетьерлердің ішіндегі ең ұлысы болған бұл ұрпақтың өмір жолын ойша шолып, олардың бақытсыздығының сы- рын ұғуға, жан дүниелерінің осыншама құлдырауының себебін білуге құштарлығым арта түсті.


Фачино Кане ойынын тоқтатып, бейне көзі бар адамдай-ақ əңгіме- шінің жанына келеді. Əңгімеші оның дауысынан селк ете түседі. Екеуі қолтықтасқан күйі көшеге шығады.


КАНЕ: Сіз мені Венецияға апаруға келісесіз бе? Сенгіңіз келе ме маған? Сіз Амстердам мен Лондонның ондаған бай отбасыларынан да, тіпті Ротшильдтен де дəулеттірек боласыз, былайша айтқанда, сіз


«Мың бір түндегі» байлардың біріне айналасыз.


ƏҢГІМЕШІ (таңырқай қарайды, ойы кадрдан тыс): Есінен шатыс- қан жан емес пе мынау?


Олар ілгері жүреді. Құлаған үйлердің орны. Түн. Жарық екеуінің


 


бетіне ғана түседі. Кане биік тастардың біріне отырады. Əңгімеші оның жанына келеді. Біраз уақыт өлі тыныштық орнайды.


ƏҢГІМЕШІ: Сіз миллиондар жайлы айтасыз да, оны алу үшін жас жігіттен мыңдаған қиындықтан өтуге шыдайтын, шыдамайтындығын сұрайсыз. Мені күлкіге айналдырып отырған жоқсыз ба?


КАНЕ: Егерде айтқандарым өтірік болса, құдайдың қарғысы атып, бұл фəниден күнəмді арқалап-ақ өтейін.


Ол кезде жиырмалардағы жігіт шағым, əрі бай, əрі даңқты, əрі сұлу едім: өмірімнің басын бұл дүниедегі теңдесі жоқ ақымақшылық – ғашықтықтан бастадым. Менің ғашық болуым сондай, бұл күнде ондай махаббат бар ма тəйірі, сүйіктіммен бір дидарласып, оны құшу үшін үмітке елітіп, ұсталудан, өлімнен де қорықпай, сандыққа тығылып жат- қан кездерім де болды. Ол үшін өлу маған ұзақ өмірден қымбатырақ еді. Иə, 1760 жылы Вендрамини руынан шыққан 18 жасар сұлуға құштар болдым. Оның күйеуі Сагредо – сол кездегі ең бай сенаторлардың бірі, əйелін өлердей сүйетін, отыздар шамасындағы жігіт еді. Біз, сүйіктім екеуіміз де, күнəдан пəк жандар едік. Күйеуі екеуіміздің ғашықтық сөздерімізді айтып отырған шағымызда үстімізден түсіп, мені қатты қорлады. Бойымда қару жоқ болатын, сонда да жалаңаш қолмен-ақ оны қылғындырып, балапанның мойнындай бұрап, жұлынын үздім. Мен Бьянканы өзіммен бірге ала қашпақ едім, ол көнбеді. Əйел деген сондай халық қой! Жалғыз кетуіме тура келді. Сыртымнан үкім шығарылып, дүние-мүлкім еншілестерімнің біріне аударылыпты, алайда інжу-маржандар мен барлық алтынды жəне Тицианның ораулы бес суретін өзіммен бірге ала кеткенмін. Миланда тұрғанымда мені ешкім де мазалаған жоқ... (Шал біраз үнсіз отырып қалды.)


Əңгімені жалғастырмастан бұрын, өзім байқаған бір нəрсені айта ке- тейін: əйелдердің екіқабат шағында жерік болған заты балаға əсер ете ме, жоқ па оны – білмеймін, бірақ белгілі нəрсе сол – мен анамның жүрегінің астында жүргенде ол əсіресе алтынға соншама құштар болыпты. Менің де алтын көрсем есім шығады, бейне оның буына уланғандай күйге түсем. Қандай жағдайда болсам да алтын сақтаймын, ал жас кезімде қымбатты бұйымдармен бірге 200–300 дукат жанымда жүретін.


(Кане қалтасынан 2 дукат алтын көрсетеді.)


Алтынды иісінен сезетін сияқтымын. Соқыр болсам да, алтын бұйымдар сататын дүкеннің жанына тоқтамай өтпеймін. Менің түбіме жеткен де осы құштарлық болды, өйткені алтын табу үшін қарта ойнауға салындым. Мен алдауды білмеуші едім, ал басқалар аяусыз алдап, мені ұтты да, бар байлығымнан айырылдым. Осы кезде бойымды Бьянкаға деген есерсоқ сезім билеп, жасырын түрде қайтадан Венецияға жеттім де, алты ай бойына онымен бақытты өмір кештім; ол мені жасырып, асырап-сақтаумен болды. Бұл лəззатты шақ өмірімнің соңына дейін созылса деп армандаушы едім. Бірақ амал не?


 


Камера кəрі Каненің көзінен бұлдырап барып, екінші экспозиция арқылы жас Канені көрсетеді. Ол əсем жиһазды үйдің ішінде іш киім- дерімен Бьянканың төсегінде жатыр да, жас ару оның төсіне басын қойып, үнсіз тынып қалған. Бір-біріне үнсіз қарайды да, ұзақ сүйіседі. Осы сəтте есік сарт етіп ашылып, үйге əскербасы кіріп келеді. Кане төсектен атып тұрады. Бьянка оған іргеде ілулі тұрған қылышты əпереді. Қане мен əскербасы бір-біріне тап береді. Камерада бір- біріне жарқылдай тиген қылыш, у-шу дыбыс. Əскер басы жығылады. Ол сəл пауза жасайды да əңгімені созып кетеді.


 


Бұл кадрларды кинопленкаға түсіріп алса, Канені бір-ақ актер орындауға болады.


КАНЕ: Адам айтқысыз кескілескен айқас болғанын өзіңіз де аңға- рып отырған боларсыз. Бірақ мен оны өлтіре алмадым, соның қыр- сығынан бар бақытым күйреді... Өмірімде Бьянка тəрізді жанды екін- ші кездестірген емеспін; талай лəззатты шақты бастан өткердім, XV Людовиктің сарайындағы ең даңқты əйелдердің ортасында болдым, бірақ олардың бірде-бірінен менің сүйкімді венецианкамның əсемдігі мен құштарлығын, қадір қасиетін кездестірген емеспін.


Əскербасының жасақшылары жақында екен, олар да сарайды қор- шап, бізге бұзып-жарып кірді. Мен ақтық күшім сарқылғанша Бьян- каның көз алдында ақ өліммен өлуді қаладым, ал ол маған жанын салып көмектесті. Бір кезде менімен бірге қашудан бас тартқан əйел алты айлық бақыттан соң бірге өлуді мансұқ көріп, ауыр жарақаттар алды.


 


Жаралы Бьянка етбетінен жығылған күйінде шашы жайылып еңіреп жылап қалады. «Кане, Кане!» деп дауыстайды. Жасақшылар ұзын плашқа Канені орап, арқанмен байлап, сүйрей жөнеледі. Каненің қолында қылыштың үзілген түбірі, өзі қан-жоса, жаралы. Камера зар жылаған Бьянканы көрсетеді. Бұл шақта Кане қараңғы зындан ішінде жатады. Қайғылы, қаралы музыка. Ол ақырын қозғала бастайды. Бір сəтте есін жиғандай болып, жан-жағын шарлайды. Қолына қираған қылыштың сабы ілінеді. Ол оны бауырына қысқан қалпында қайтадан талықсып кетеді.


 


КАНЕ: Кездейсоқтықтан ба, əлде қашу туралы беймəлім ой биледі ме, білмеймін, қираған қылыштың тұқылын өз бойымда жасырып қал- дым. Зынданда жатқанда мені емдей бастады. Жараларым соншалық- ты қауіпті емес еді, ал 22 жасар жігіт неден болса да тез жазылады ғой, бірақ мен уақытты созу үшін өтірік ауырғансып сыр бермедім.


Бірде бұрыш-бұрышты сипалап жүріп араб тіліндегі жазуды таптым...


 


Зынданның түбін сипалап, аласұрып жүрген Кане. Ол шаң басқан араб жазуын табады да, оны жанталаса оқи бастайды. Жөнді ештеңе ұқпайды. Қылыштың тұқылымен қабырғаны қазғылай бастайды. Бір кірпіш босайды, Кане аласұрып екінші кірпішті де суырып алады. Үңгір көп ұзамай бітеді де, терлеп-тепшіген Кане сылқ етіп отыра кетеді.


 


КАНЕ: Бұл жолдың бітпей қалғандығы – белгісіз тұтқынның қаза тапқанын аңғартады. Яғни оны ары қарай қаза берудің де пайдасы шамалы сияқты. Дегенмен ол еңбегі зая кетпес үшін өз жағдайын араб тілінде қалдырған екен. Менің армян мінəжатханасында шығыс тілдерін біраз оқығаным бар еді, соның пайдасы тиіп, сөздің мазмұнын ұқтым. Бейшара тұтқын өзінің шексіз байлығының құрбандығына ұшырапты.


 


Екінші экспозицияда Кане көрінеді. Ол жанталасып жаңағы үң- гірді əрі қарай қаза бастайды. Ол бірдемені көргендей, əлде есті- гендей...


 


Кадрдан тыс КАНЕНІҢ ДАУСЫ:


Өз мақсатыма жету үшін, маған бір ай уақыт керек еді. Кейде жұмыстан талып, шаршап кеткен шақта мен алтынның сыңғырын естігендей, оны көргендей болдым, інжу-маржандар көз ұялтқандай, мені өзіне жетелей түсті...


 


(Кадрда Кане мен Бальзак.)


 


КАНЕ: Құдай үшін, ары қарай тыңдаңыз!


Бір күні түнде қолымдағы тұқылдың ұшы бөренеге келіп тірелді. Мен оны тасқа қайрап алдым да, үстімдегінің бəрін де жұлып тастап, інге кірген жыландай жиырылып, бар күш-қуатыммен ағашты үңги бердім. Дəл сот басталардан екі күн бұрын түн ортасында қылышым- ның ұшы бөренені тесіп өтті.


 


Кішкене тесіктен жер асты қоймасы көрінеді. Бөлменің ішінде əлсіз шам жарығы бар. Каненің сығалаған көзі. Əр жерде қапқа тол- тырылған ақшалар. Стол үстінде інжу-маржандар жатыр. Каненің көзі тұнып, басы айналады. Алтын, алтын... маржан тастар...


Киноролик арқылы көрсетіледі.


 


КАНЕНІҢ ДАУСЫ: Бұл – республиканың жасырын қазынасы екен, онда соғыстан түскен олжа мен дождардың сыйлығы жəне «Венеция- лық ондықтың» мызғымас алтын қоры сақталыпты.


 


Үңгірден атып шығып, шексіз қуанышқа бөленген жас Кане. Ол өзіне-өзі күбірлейді:


Құтылдым, құтылдым!


 


Есіктің салдыр-күлдірі естіліп, зынданның құлыбын ашып жатқан күзетші көрінеді. Жас Кане орнынан тұрып, оған бірдемелер айтады. Дауыстары естілмейді. Күзетші біраз көнбейді. Кане оны жетелеп əкеп, төсектен қазынаны көрсетеді. Күзетшінің көзі оттай жанып, есі шыққаны сонша, қолындағы кілттерді Канеге ұстата береді.


 


(Кадрда Кане мен Бальзак.)


КАНЕ: Қазынаны көрген күзетші менімен бірге қашуға сөз айтпай- ақ келісті. Ертеңіне Левантқа шығып кететін кеме де табылды, қауіп- сіздіктің барлық шаралары жасалып, сезік тудырмас үшін Бьянка бізбен Смирнеде кездесетін болды. Бір түні тесікті кеңейтіп қазынаға түстік.


 


Жас Кане мен түрме күзетшісі аяқтарын аңдап басып, қазына сақталған бөлмелерде жүр. Түрмешінің қуаныштан есі шыққан. Ол алтындарды шашып, қаптардың үстіне секіріп шығып, сақылдап күліп, есірік айқайға басады.


 


КАНЕ (демігіп түрмешінің жанына жетіп барады): Енді үніңді шығарсаң, тұншықтырып өлтірем!


 


Түрмеші тез басылады да, алтынды қапқа толтыра бастайды. Кане стол үстіндегі інжу-маржандарды оған көрсетпей тығып алады. Алтын мен маржандардың бірінен-біріне жүгіріп жүрген екеуі есерсоқ адамдар тəрізді. Камера кері жылжып, рахатқа батып отырған қарт Канеге тоқталады. Ол əңгімесін жалғастырады.


 


КАНЕ: Қаншама қомағайлансақ та, 2 мың фунт алтыннан əрі көтере алмадық. Аман-есен құтылып, ашық теңізге шыққан соң мен түнде көр- гендерімнің бəрін де көз алдыма елестетіп, ғажайып қазынаны қайта аралағандай болдым. Ойша санағанымда ол жерде отыз миллиондай күміс, жиырма миллион алтын жəне миллиондаған маржан мен ақық тастары қалды. Мені бейне алтын мастығы жеңгендей, есімнен адаса жаздадым.


Біз Смирнеден түсіп, француз кемесіне отырарда жанымдағы түр- меші қаза тапты. Сол сəтте маған құдайдың ықыласы түскен болар деп қуанған едім. Бірақ олай емес екен. Ол жексұрынның миы текке ай- налмаса керек, ал менің құдайдың кəріне қалай ұшырағанымды қазір естисің.


 


Лондон мен Амстердамда қымбат тастардың үштен екісін сатып, алтын құмын түгелдей ақшаға айналдырған соң көңілім жайланды да, бес жылдай Мадридте жасырынып жүріп, кейіннен Парижге көшіп келдім. Бұл кезде Бьянка қайтыс болды. Алты миллион байлығым бар мен дүниенің таршылығын сезбесем де, қараңғыда көп жатқандықтан болса керек, көзімнің нұры тайып, жанарымнан айырыла бастадым. Бұл шақта бір əйелге көңілім ауып, өмірімді сонымен жалғастырсам ба деп ойлаған едім. Ол ең бай отбасының бірінен еді, XV Людовиктің өзіме деген ықыласына сенген мен Дюббари ханыммен дос бұл əйелге бар шынымды айтып, жасырын атпен жүргенімді де ашып қойдым.


Бірде менің сүйіктім Лондондағы атақты көз дəрігеріне қаралуға кеңес берді, бірақ онда бірнеше апта болған соң ол мені Гайд-паркте адастырып тастап, бар байлығымды тонап əкетті. Оның соңынан түсуге менің əлім келмеді жəне шын атымды айтуға Венецияның кəрінен қорықтым. Осылайша соқырлар үйіне келіп паналадым.


Егерде менің түрмешім тірі болса, сол зынданның орнын анықтап, Наполеон Венецияда республика жариялаған кезде қазынаны тауып алуыма болатын еді. Дегенмен менің соқырлығыма қарамай, Венеция- ға баралық! Мен ол есікті табамын, ал алтынды жердің тесігіне кірсе де, судың астында жатса да көремін. Құдай үшін, Венецияға кетелік, қайыршы болып барып, миллионер болып қайтамыз; біз менің иелігіме тиісті жерді сатып аламыз да, сен менің мұрагерім болып қалып, Вера- зия князі аталасың.


 


Əңгімеші үнсіз. Кане ұмсынған қалпы жауап күтіп тұрып қалады. Біраздан соң көңілі қалғандай сүлесоқ күйде кларнетін алып, ыңылдап бір қайғылы əн салады. Ол бар азап қайғысын айтқандай.


 


ƏҢГІМЕШІ: Бұл əңгіме оны Венециядағы бақытты күндеріне жетелеп əкеткендей. Бір сəтке бойынан жастықтың, ғашықтық – құштарлықтың лебі жалт етіп, сезілгендей болды. Егерде бұл шақта Бурдон бульварымен өткен жүргінші бір сəтке аялдаса, қуғын көрген жанның соңғы мінəжатын, Бьянкамен байланысты, жоғалған есіміне деген соңғы өкінішін естір еді. Бірақ көп ұзамай сонау алыста жастық шақтағы асыл сезім өшіп, алтын ойын қайта жайлады.


ҚАНЕ: Түсімде де сол қазынаны анық көремін. Бейне ішінде аралап жүргендегідей ақық тастар жалтырамайды, өйткені сіз ойлағандай соқыр емеспін ғой. Алтын мен маржан менің түнімді, ең соңғы Фачино Каненің түнін серпіп тастайтындай, ол болмаса біздің титул Мемми руына көшеді. О, құдайым-ай! Күнəһар жанына соншама қатыгез бол- ғаны не? (Кане аяғын күбірлеп, дұғаға айналдырып жібереді.)


ƏҢГІМЕШІ: Венецияға бірге барамыз!


КАНЕ: (қуаныштан   атып   тұрып,   түнді   қармап,   қалтырап):


 


Ақырында нағыз азаматқа жолыққаным рас па! Онда ертең-ақ кетуіміз керек!


ƏҢГІМЕШІ: Жоқ! Ең алдымен біраз қаражат жинағанымыз дұрыс. КАНЕ: Жаяу-ақ кете беруімізге болады. Мен қайыр тілеймін, оған төзімім жетеді, ал алдан алтын көріне бастағанда өзіңді жас, қайратты


сезінесің. Кетелік!


 


Музыка күшейіп, камералар үнсіз жылжып Бастилияның қираған қалдықтары, хабардың басында көрінген Париждің ескі кварта- лын, олардың есіктерін, терезелерін ірі планда көрсетеді. Қайғылы музыка толастамайды. Камера жылжи отырып, ескі-құсқылардың ортасында, төсекте шалқасынан өліп жатқан Канені көрсетеді. Камера оның бетіне тоқталады.


Əңгімеші қара жамылғышты қолымен əкеп бетіне жабады.


 


ƏҢГІМЕШІ (ұзақ пауза, ойлы, қажыған қалыпта отырып қалады. Көз алдынан бəрін қайта елестеткендей. Біраздан соң қатты күрсінеді): Фачино Кане қыстың күні екі ай науқастанып қайтыс болды. Бейшара көкірек ауруына шалдыққан екен.


 


Қазақ теледидары,


1978 жыл


 





Пікір жазу