02.03.2022
  292


Автор: Сұлтан Оразалы

АДАМ ҚАЙРАТЫ

(Б. Момышұлының əңгiмесi негiзiнде жазылған телепьеса)


 


Iрi планда полковниктiң бет кескіні. Ол баяу, ақырын баяндайды.


ПОЛКОВНИК: Көктем келiп, жер көгере бастаған шақ едi. Мен ди- визия командирiмiн. Полктарды аралап жүрмiн. Машина орманнан шыға берiстегi бiр шұқырда тайғанақтап, шыға алмай қалған соң, орнымнан тұрып алаңқайға келгенiмде, арғы шетiнен бiр рота шеру тартып келе- дi екен. Олар аяқтарын нық тастап, беттерiн маған бұрған қалпында сарт-сұрт етiп жанымнан өтiп бара жатқанда бiр жауынгердiң көкiрек тұсындағы кере қарыс қызыл белгiге көзiм түстi.


Солдаттардың жүрiсi естiледi. Олар бiртiндеп барып алыстай бередi. КАПИТАН: Жолдас полковник, баяндауға…


ПОЛКОВНИК: Сабыр етiңiз. Жолдас капитан, ротаңыздағы бiр сол- даттың көкiрегiнде ұзын қызыл белгi бар ғой.


КАПИТАН: Ол бiзге жақында келдi. Əскери атағы старшина. ПОЛКОВНИК: Онда неге сапта жүр?


КАПИТАН: Атағы старшина болғанмен, қызметi қатардағы жауын- гер.


ПОЛКОВНИК: Қызық екен? Қазiр оны маған жiберiңiз! КАПИТАН: Құп болады!


Камера сəл шегiне түседi. Арғы планда соғыстан ойраны шыққан дала келбетi. Қираған танк, окоп, траншейлер көрiнедi. Ауық-ауық атылған зеңбiрек үнi құлаққа шалынады. Əкiмгерей келедi. Ол аю денелi, қорбиған зор, олпы-солпы, 50–55-тер шамасындағы солдат. Оң көкiре- гiнде ұзын қызыл белгi бар. Бет жүзiнде тыртық таңба көрiнедi.


 


ƏКIМГЕРЕЙ (барынша тырысып, қақшиып тұр): Добарищ бол- кауных!..


ПОЛКОВНИК: Жə, орысшаң жақсы-ақ екен. Атың кiм? ƏКIМГЕРЕЙ: Атым Андрей едi.


ПОЛКОВНИК: О, саған «Андрей» деп ат қойған əкеңе болайын… ƏКIМГЕРЕЙ (сасқалақтап): Жоқ! Шыны сол, жолдас болкауных.


Балалары тұрмағаннан кейiн, ырым ғып, мен туғанда атымды Андрей қойыпты…


ПОЛКОВНИК: Көп қиқалақтамай, шыныңа көш!


ƏКIМГЕРЕЙ: Шыны… жолдас болк… Əскерге менi шақырғанда байүкiметтiң (военкоматтың) бисары (писарi) бiр орыс шал екен… Маған кезек келгенде ол атымды сұрады. Мен Əкiмгереймiн дедiм. Əлгi шалдың құлағы мүкiстеу ме, қайдам… Книжкама Андрей деп жазған екен, содан берi Андрей болдым да кеттiм…


ПОЛКОВНИК: Кейiннен неге түзетпедiң?


ƏКIМГЕРЕЙ: Шынымды айтсам, жолдас болкоуных, ырым ғып едiм.


 


ПОЛКОВНИК: Е, ырымшыл əке-шешең емес, өзiң болып шықтың ғой. Жарайды, кейiнiрек бiр кең отырып сөйлесермiз. Кетуге рұқсат! (Капитанға бұрылып) Байқайсыз ба, мына старшина Отан соғысында аса бiр сирек кездесетiн адам сияқты.


КАПИТАН: Иə, жолдас полковник, оның омырауындағы белгiсi- не қарағанда, он алты жарақаты бар, алтауы ауыр… Қайранмын. Адам қандай сiрi жанды десеңiзшi.


ПОЛКОВНИК: Ол сапта басқалардан кейiн адымдап келе жатқан жоқ.


КАПИТАН: Шындығында да солай. ПОЛКОВНИК: Тексеру керек өзiн. КАПИТАН: Бекер бола қоймас.


ПОЛКОВНИК: Бүгiн кешқұрым маған келсiн, анық-қанығын бiлейiн.


КАПИТАН: Құп болады!


Блиндаж. Алдындағы жайылған картаға үңiлiп полковник отыр.


Жанында капитан. Есiктен имене басып Əкiмгерей кiредi.


ƏКIМГЕРЕЙ: Разрешите, добарищ болкоуных!


ПОЛКОВНИК: Ал, жақсы кепсiз. Төрге шығыңыз, ақсақал! (Əкiм- герей бiр орындыққа отыра бергенде, ол сықыр ете түседi). – Жолдас капитан, старшинаға мықтырақ орындық əкелiңiз. (Столға тамақтар əкелiп қояды. Шай құяды.)



  • Ал, ақсақал, аты-жөнiңiздi айттыңыз. Ендi мына көкiрегiңiздегi он алты белгiңiздi айтып берiңiз.


ƏКIМГЕРЕЙ: Ол ұзақ əңгiме ғой, жолдас болкоуных. ПОЛКОВНИК: Мен сiздi əдейi шақырдым. Ұялмаңыз, қысылмаңыз.


Тамақ алып, шай iшiп отырып, аспай-саспай, жайбарақат баяндаңыз.


ƏКIМГЕРЕЙ: Шешем байғұстың көкiрек ауруы бар едi. Өзiм кеш үйлендiм. Қатыным бiр жұмыскердiң қызы едi. Мен əскерге кеткенде, аяғы ауырлап қалып едi.


ПОЛКОВНИК: Аман-есен босанған шығар?


ƏКIМГЕРЕЙ: Қайдам. Өзiм шоланнан түскелi берi бiр шасқа тұрақ- тай алмастан, қайта-қайта болобой поштамыз өзгерiп, үйге хат та жаза алмадым… Кiм бiлсiн, бiр жаман неме…


ПОЛКОВНИК: Е, елден хабарсызбын деңiз. ƏКIМГЕРЕЙ: Иə, солай.


ПОЛКОВНИК: Неге сонша уақыт хабарсыз жүргенiңiзге мен əлi түсiне алмай отырмын.


ПОЛКОВНИК: Ə, қарағым болкоуных… (сасқалақтап)… Иə, шыра- ғым командир… жолдас, добарищ болкоуных… (қызарып, шып-шып терлейдi.) Беу, Алла-ай, өзiм не деп сандырақтап кеттiм?.. Қай жерде, кiмнiң алдында отырғанымды ұмытып… (Орамалымен ысқылап сүр- тiне бередi.)


ПОЛКОВНИК: Оқасы жоқ. Бiрақ менi қарағым-шырағым дегенiңiздi басқа адам ести көрмесiн.


 


ƏКIМГЕРЕЙ: Иə, солдатпыз ғой, əдеп сақтай бiлуiмiз керек қой… ПОЛКОВНИК: Əңгiмеңiз бөлiнiп кеттi.


ƏКIМГЕРЕЙ: Менi жолдан шығарған сiздiң «ақсақал» дегенiңiз ғой. ПОЛКОВНИК: Жеңгей есiңiзге түспей ме?


ƏКIМГЕРЕЙ: Иə, ол əрқашан да есiмде ғой. Егер аман-есен босанса, жаман неме ме, қызалақ па деп ойлаймын да жүремiн. Бiлгiм келедi, бiрақ та…


ПОЛКОВНИК: Несi бiрақ та? Ендi хабар алу оңай ғой. Сiз бiздiң дивизияда, аманшылық болса, бiраз кiдiресiз деп ойлаймын.


ƏКIМГЕРЕЙ: Қайдам. Бiр шастан бiр шасқа өте көп кiдiрмеушi едiм…


ПОЛКОВНИК: Капитан, старшинаны комендант взводына орналас- тырыңыз! Ал, ақсақал, тағы жолығармыз, əзiрге сау болыңыз. (Теле- фонды бұрайды.) Начсандив пе? Менде бiр старшина болды. Соның құжаттарын, жарақаттарын тексерiп, анықтаңыз. Керек болса, қайта куəландырарсыз.


 


НАЧСАНДИВ: Қайран қалдым, жолдас полковник! Адам да мұнша жансебiл, сiрi жанды болады екен. Старшинаның барлық құжаттарын тексерiп, өзiн рентгенге де салып көрдiк. Денесiнде бiр оқ, бiр жарық- шақ бар екен.


ПОЛКОВНИК: Оларды алуға болмай ма?


НАЧСАНДИВ: Неге болмасын? Бiрақ оның етiне пышақты төрт-бес елi бойлата кесу керек. Əлдеқашан бiтiп кеткен бiтеу жараларға əзiрше тиюдiң керегi де болмас.


ПОЛКОВНИК: Одан кейiн ше?


НАЧСАНДИВ: Балтыр сүйектерi екi рет жарақаттанған екен. Оларға кезiнде дұрыс операция жасапты. Бiр бүйрегiн алып тастаған екен.


ПОЛКОВНИК: Бүйрексiз адам қалай…


НАЧСАНДИВ: Бiр бүйрегi бар адам кəдiмгiдей-ақ өмiр сүре бередi. Сыңар бүйрегi таза көрiнедi, ол жағын да тексердiк… өкпесiне оқ ти- генде операция жасау үшiн екi сүбе қабырғасын алып тастаған екен… Iшiнен оқ тигенде iшектерiн де кескiлептi… Қалғандары жеңiл-желпi жаралар. Оларға анықтамалары бар.


ПОЛКОВНИК: Оның негiзгi дəлелi тыртықтары ғой, дəрiгер. НАЧСАНДИВ: Иə, солай, бiрақ əр тыртыққа айғақ ретiнде госпи-


тальдан анықтамалар керек қой, ол жағынан ұқыпты жiгiт екен.


ПОЛКОВНИК: Рахмет, доктор! Старшинаны кешке маған жiберiңiз.


* * *


Блиндаждағы столда екi полковник отыр. Əкiмгерей кiредi.


ПОЛКОВНИК: Манадан берi айтып отырған старшина осы кiсi, Геннадий Фадеевич.


ГЕННАДИЙ ФАДЕЕВИЧ: Қысылмаңыз, тамаққа отырыңыз, жолдас старшина.


 


ПОЛКОВНИК: Отырыңыз, стол басында əңгiмелесейiк. (Үшеуi


отырады)


Камера жылжып келiп iрi планда полковниктi алады.


ПОЛКОВНИК: Əкiмгерей алғашқыда жасқаншақтап отырғанымен, бiздiң жайдары жүзiмiз, орынды əзiлдер оны жадырата түстi.


(Камера үшеуiн қайта көрсетедi.)


ƏКIМГЕРЕЙ: Ережептiң түбiнде абыройнада тұрғанымызда қатты жараландым. (Екi полковник түсiнбей бiр-бiрiне қарайды.) Ережеп деген қала ғой.


ГЕННАДИЙ ФАДЕЕВИЧ (қарқылдап күлiп): Ржаев екен ғой бұл кiсiнiң Ережеп деп отырғаны. «Абыройнадасы» оборона шығар.


ПОЛКОВНИК: Оқасы жоқ, азаматым, бiз түсiндiк, əңгiмеңiздi айта берiңiз.


(Əкiмгерей қомданып əңгiмесiне кiрiседi. Камера полковниктi iрi


планда алады.)


Старшинаның əңгiмелерiнде одан кейiн кездескен «арпетқа» (артпод- готовка), «корсимис» (горючее-смесь), «биотанкыбай ружие» (противо- танковое ружье), «мерген сопы» (марганцовка), регуляторды «ұрлыбатыр» сөздерiне де бiз екеуiмiз кейде түсiнiп, кейде түсiнбей отырыстық.


Ол көрген-бiлгендерiне өздерiнше аттар қойып алған.


Əскери адамдар соғыс кезiнде жараның қалай жанға батқанын əңгiме етпейдi, нəуетектенбейдi. Əңгiменiң негiзгiсi қандай жағдайда, қай жерде жарақаттану болады. Əкiмгерей де сол ережеден шыққан жоқ.


ƏКIМГЕРЕЙ (iрi планда): Бiрде бiздiң взводқа алдан кейiн қайт деген бұйрық бар деген соң, қайтып келе жатсам бiреу: «Комрад! Комрад!» дейдi, барсам шұқыр түбiнде жаралы немiс жатыр екен. Жас жiгiт. Мен оған ымдап қай жерiңнен жарақаттысың дегендей аяғымды, қолымды көрсеттiм. Ол түсiнiп маған жамбасын сипап көрсеттi. Одан кейiн алыста жатқан автоматын көрсетiп, қолын шекесiне алып, саусағымен


«Менi ат» дегендей белгi бердi.


Жау да болса адамның баласы ғой деп, мен оның жарасын таңып болып, автоматын алып, өзiн көтерiп келе жатқанда балтырым тыз еттi. Бұлшық етiме оқ тиiптi… Жұрт «ей, сен өзiмiздiң бiреудi десек, жүгiң фриц қой!» деп күлiстi.


…Уралап, ентелеп бара жатқанда омақаса құладым. Тұрайын деп ұмтылғанымда сол аяғымда жан жоқ. Жантая құлай кеткенiм тана жiлiгiмдi аралап жатқандай, ауруға шыдай алмастан айқайлап жiбер- генiм есiмде… Госпитальда үш ай дегенде аяғымды зордан тəлтiректеп басуға iлiндiм.


… Пленге түстiм. Қалайша дейсiз ғой. Бiр шабуылда бiздiң рота алды- артына қарамай тым ұзап кеткенбiз. Күтпеген жерден жау қоршады да алды. Жартымыздан көбiмiз қырылдық. Лаж жоқ, қалғандарымыз қолға түстiк. Еңгезердей бiр немiс офицерi стройға тұрғызып қойып, шетiмiзден шапалақпен тартып-тартып ұрып шықты да, офицерлерден тiрi қалған лейтенантты, бiр грузин сержантты стройдан шығарып алып, атып тастады.


 


Кеш батар алдында төрт немiс бiздi айдап келеді. Бiр солдат орыс жiгiтi аяғынан жарақаттанған едi. Қаншама қатты таңғанмен, iлесе ал- май келедi. Стройдың соңында екеулеп сүйемелдеп келемiз. Бiраздан соң қалыңқырап қойдық. Кейiнгi немiс бұрылып келдi де, сүйемелдеп келе жатқан жаралы солдатты қақ маңдайынан атып, бiздi мылтықтың дүмбiсiмен тоқпақтап алдағы топқа қуып тықты.


Қараңғы түстi. Бiр арықтан өте бергенде бұғып отыра берiп, арық- тың түбiне созыла сұлап жата қалдым. Қатардағы жолдастарым көр- мегенсiп аттап өте бердi. Арықтың түбiне жабыса жыландай ирелеңдеп, шынтағым мен тiземнiң томпайына тiрелiп жылжып барам. Орман- ға жеткенде бiр-ақ көтерiлдiм. Осы жолы бiр өзеннен өте бергенiм- де пулеметпен атқылап, санымнан жаралады. Госпитальдан екi айдан кейiн шықтым.


…Екi айдай немiстi өкшелей, қуалай соғысып жүрiп дағдарып қалдық та, кенеттен абыройнаға көштiк. Немiс тынымсыз контратақ жасауда. Бiздердiкi де оны тұмсықтан пердi-ай кеп. Тыныс алмастан соғысқан күндерiмiз де болды. Қолға түскен тамақты жұмарлап ауызға тығып, қақала, түйiле жұтып, алдан көз алмай ата беремiз. Сол күндерi не жеп, не iшкенiм есiмде болса бұйырмасын…


ПОЛКОВНИК (рюмкаға арақ құяды): Тамақ ала отырып сөйлеңiз. ƏКIМГЕРЕЙ: Көбiрек болып кетпес пе екен?


ГЕННАДИЙ ФАДЕЕВИЧ: Алып қоялық.


ƏКIМГЕРЕЙ (iшiп болып): Əрине, мұндай əңгiменi ауылға барғанда соғыста болмағандарға майын да, қанын да тамызып, терiн сорғалатып айтып берермiн, сiздерге тоқ етерiн ғана айтып отырмын. Сiздер де бұл соғыста не көрмедiңiздер. Бiз болсақ өз басымызға, өз қимылымыз- ға ғана жауаптымыз. Бiреулер келiп, бiреулер кетiп жатыр, сiздер бол- саңыздар дамылсыз ой түбiнде, ат үстiндесiздер. Сiздерден қаталдық та есiтемiз, қамқорлық та көремiз. «Көппен көрген ұлы той» да, «əдiл биде туған жоқ» демекшi, командирдiң əдiл болғанын тiлейдi солдат. Оған не керек: уақтылы тамақ, бүтiн киiм, сайманды қару-жарақ, түсiнiктi бұйрық болса солдат байғұс неден аянсын. Олардың бəрi командирдiң қолында. Зекiп, жерлегенше қамқорлықпен көрсетсешi деп ойлайтын да кездерiмiз болады. Əрине, бес саусақ қайдан бiрдей болсын, солдаттар қауымында да əр түрлi адамдар кездеседi.


ГЕННАДИЙ ФАДЕЕВИЧ: Офицерлер арасында да барлығы мiнсiз емес.


ƏКIМГЕРЕЙ: Əрине, бiрақ бiз оны айта алмаймыз. ГЕННАДИЙ ФАДЕЕВИЧ: Бiрақ ойлайсыздар ғой.


ƏКIМГЕРЕЙ: Иə, ойлаймыз, жақын, сенiмдi деген жолдасымызбен күбiрлесiп те қоямыз… Көбiнесе iшiмiзден тынамыз.


ПОЛКОВНИК (Геннадий Фадеевичке): Тiлiнiң ұшындағы емес, iшiндегi ой қауiптi деген ғой, ол дұрыс сөйлеп отыр.


ƏКIМГЕРЕЙ: «Құлды төрем десең, төрге шығады» болып кеткен жоқ па?


ГЕННАДИЙ ФАДЕЕВИЧ: Ол не дегенiңiз, старшина, комдив сiздiң


 


сөздерiңiздi орынды тауып отыр. Бұндай сөздер кез келгендердiң аузынан шыға бермейдi.


ƏКIМГЕРЕЙ: Олар өз аузына мықтап ие болып жүргендер ғой… ПОЛКОВНИК: Еш нəрсе асып кеткен жоқ, ерiм. «Жақсы сөз жарым


ырыс» дегендейiн, сiз ойға ой қосарлық сөздер бастап отырсыз. Аспай- саспай, қысылмай-қымтырылмай сөзiңiздi жалғастыра берiңiз.


ƏКIМГЕРЕЙ: Өзiм де бiр жасағандай болып отырмын… Қысылың- қырап отыр ем, рұқсат болса, далаға шығып келсем.


ГЕННАДИЙ ФАДЕЕВИЧ жəне ПОЛКОВНИК: Ойбай, рұқсат, рұқсат.


ПОЛКОВНИК (ірi планда): Бiр тығыз шаруалармен кетiп қалып, екi- үш күннен кейiн дивизияға қайта оралдым. Жолшыбай Əкiмгерейдiң полкы орналасқан орманға бұрылып, оны тағы ұшыраттым. Бұл жолы ол бiр кiшi командирдiң алдында тұр екен.


Əкiмгерей үстi су-су қалпында бiр лейтенантқа честь берiп тұр.


ƏКIМГЕРЕЙ: Прыказыбай! Прыказыбай! Дэлат бойдым, дэлат бойдым!


ПОЛКОВНИК (iрi планда): Мен Əкiмгерейдi байқамаған болып өтiп кеттiм. Оның «түсiнiктi бұйрық болса, солдат байғұс неден аянсын» деген сөзi есiме түстi.


Блиндаж. Онда тағы да үшеу. Геннадий Фадеевич, полковник жəне Əкiмгерей.


ГЕННАДИЙ ФАДЕЕВИЧ: Ал өзiңiз қалайша старшина атағын алдыңыз?


ƏКIМГЕРЕЙ: Мен өзiм тiл алғыш едiм. Сəл айыға салысымен, қарап отыра алмастан жұмыс сұрайтынмын. Ең алдымен қолыма сыпырғы ұстап қора сыпырып, аяқтанып келе жатқан жаралыларды сүйемелдеп далаға шығарысып, отын жарып, от жағысып, əйтеуiр, əлiм келсе, қарап отырмаймын. Бiр жолы Таржақтағы госпитальда үш айдан аса төсек тартып жаттым. Айыққан соң шама келгенше жұмысқа айналыса бас- тадым. Ауыр нəрсеге жарамаймын. Күзгi суық едi. Орманнан отын əкелу керек болып, бастығымыз маған жаны ашыды ма, айыққан он жетi жiгiттi жаныма қосып берiп, «сен осыларға старший боласың» дедi. Жiгiттер менi сыйлады, бəрiмiз бiрге жатқан болатынбыз. Барып отын дайындап жүрдiк. Кейiннен бəрiмiздi маршабой ротаға жiбергенде де оларды басқаруды маған тапсырды. Барлығы менi «Тобарыш старшина» деп кеттi. Содан берi старшинамын…


ПОЛКОВНИК: Старшина деген атағыңызға бұйрық бар ма? ƏКIМГЕРЕЙ: Қайдан бiлейiн, болса болған шығар.


ПОЛКОВНИК: Өз-өзiне атақ тағып алған бiреу ғой.


ГЕННАДИЙ ФАДЕЕВИЧ: Қалайша, жолдас полковник. Ол нағыз старшина, отын дайындаушылар командасын басқарған, кейiннен оны соғысқа бастап кiрген ғой. Ендi сiз өз бұйрығыңызбен ол атағын бекiт- сеңiз болды.


 


ПОЛКОВНИК: Сiздiң əскери атағыңыз бұйрықсыз атақ көрiнедi. Сiз ефрейтор болған жоқсыз, кiшi сержант, сержант, аға сержант болған жоқсыз, ешқандай бөлiмшелердi басқармағансыз. Командирлiк сатылардың бiрiнен де өтпегенсiз…


ƏКIМГЕРЕЙ: Қайдан бiлейiн, өздерi ғой менi старшина деген… ПОЛКОВНИК: Мына кiсi сiздiң əскери атағыңызды бұйрық жа-


зып, заңды етiңiз деп отыр, оған мен не iстерiмдi бiлмей қобалжып отырмын.


ƏКIМГЕРЕЙ: Өздерiңiз бiлесiздер…


ПОЛКОВНИК: Геннадий Фадеевич, бұйрық бергенiмiз жөн болар. ГЕННАДИЙ ФАДЕЕВИЧ: Өте дұрыс, жолдас комдив.


ПОЛКОВНИК: Ал ендi бұл жiгiттi қайтемiз.


ГЕННАДИЙ ФАДЕЕВИЧ: Еңбекқор кiсi көрiнедi, тылдағы арба- кештердi басқара алар.


ПОЛКОВНИК: Солай iстелiк онда.


ПОЛКОВНИК (iрi планда): Арада екi-үш күн өттi. Əкiмгерей өз ротасында жүр. Старшина деген шен алды. Менде екi рет қонақ болды. Қазiрше оның көрген жақсылығы сол-ақ.


Блиндаж. Камера ақырын жылжып столдың үстiндегi картаны көрсетедi. Геннадий Фадеевич сол картамен жұмыс iстеуде. Полковник телефон трубкасымен сөйлесiп отыр.


ПОЛКОВНИК: Иə... Иə... жолдас командашы. Дəл солай. Тiптi үлкен наградаға да тапсыруға болар едi. Иə… Иə… өзiңiзде таныстыңыз ғой, қайсар адам. Қызыл Ту орденiне дейсiз бе? Құп болады! Əрине, əскери кеңес шешедi ғой. Сол жiгiттi ауылына жiберiп алсақ қайтер едi, жолдас командашы. Өзi кеткенде əйелiнiң құрсағында… Дəл солай! Құп, жолдас командашы!


ГЕННАДИЙ ФАДЕЕВИЧ: Апырай, мына қазақ мүлдем олжалы болды-ау, жолдас комдив. Ал ендi, оны ауылына жiберсек, жақсылап киiндiрiп жiберелiк.


ПОЛКОВНИК: Ол жағын өзiңiзге тапсырдым, Геннадий Фадеевич.


Орта планда Əкiмгерей мен полковник тұр.


ПОЛКОВНИК: Гвардия старшинасы, сəл iлгерi менiмен қатар тұрыңыз.


(Камераға қарап сөйлейдi.) Жолдастар, бүгiн мен сiздердiң полк- тарыңызға арнайы келдiм. Бұл кiсi – гвардия старшинасы Əкiмгерей, сiздердiң полктарыңызға таяуда ғана келген, өздерiңiздей қатардағы жауынгер. Бұл кiсiге жаудан көп оқ дарыған, бiрақ атышулы атақ, дабыл қаққан даңқ дарыған емес. Оларды бұл кiсi керек етiп те жүрген жоқ, қатардағы адал азаматтардың бiрi болғандығына шүкiр етiп жүрген адам. Жолдастар СССР Жоғарғы Советiнiң Президиумы Əкiмгерей жолдасты Қызыл Ту орденiмен наградтады.


Қазақ теледидары,


1975 жыл.


 





Пікір жазу