02.03.2022
  136


Автор: Сұлтан Оразалы

ӨЛIМ ФАБРИКАСЫ

(А.Моруаның «Танатос» қонақ үйi» атты əңгiмесiнiң негiзiнде жазылған телепьеса)


 


Бөлменiң бiр шетiнде орналасқан столдардың үстi толған телефон аппараттары, жазу машинкалары. Хатшы-қыз тынымсыз шырыл- даған телефондарға жауап бере отырып, асығыс жұмыс iстеуде. Телефонның шырылдаған дыбысын бiрде баяулап, бiрде екпiндеген джаз музыкасы бөлiп кете бередi. Сахнаның төрiнен Манхеттеннiң ұзынды-қысқалы небоскребтары көрiнедi. Есiктен Жан Монье кiредi. Жүзi əлем-тапырақ, асығыс жүрiстен ентiге дем алады.


 


МОНЬЕ: «Стильдiң» акциясы не болды?


БIРIНШI ХАТШЫ ҚЫЗ: Елу тоғыз бүтiн, жүзден жиырма бес!


Жан Монье басын қос қолдап қысқан қалпында босағаға сүйенiп тұрып қалады.


ЕКIНШI ХАТШЫ ҚЫЗ: Бұл кiм? Сорлаған ғой…


БIРIНШI ХАТШЫ ҚЫЗ: Холмоннiң Нью-Йорктегi банк бөлiм- шесiнiң қызметкерi Жан Монье мырза. Əрқайсысын 112 доллардан сатып алған акциясының құны қаншама құлдырап кеткенiн көрiп отырсыз ғой. Екi жыл бұрын қалтасында көк тиыны жоқ өзiнiң сек- ретарына үйленген едi, сорлы.


ЕКIНШI ХАТШЫ ҚЫЗ: Иə, тағы бiреудiң жұлдызы сөндi десеңшi… Бейшара… Ендi қойнында жатқан бикешiне де бұралқы иттей құны жоқ қой бұның…


МОНЬЕ (əлде бiр үмiтпен сұрайды): Ендi қаншаға жеттi? БIРIНШI ХАТШЫ ҚЫЗ (шарасызданып): Елу тоғыз!


МОНЬЕ: Ал «Кенникот» ше?


БIРIНШI ХАТШЫ ҚЫЗ: Жиырма сегiз!


 


Есiктен Гарри Кунер көрiнедi. Толық келген жалтыр бас адам. өте қуанышты.


 


КУНЕР (əңгiрлей сөйлеп): Мiне, керемет! Ғажап! Құдай берейiн десе, өстiп төге салады екен ғой! Акцияның құны 20 пайызға төмендесе де, кейбiр ақымақтар құрығанын бiлмей сандырақтайды-ау, ə, не дерсiң?!


МОНЬЕ (тарығып): Иə, бұдан өткен күйзелiс болмас! КУНЕР (бiрiншi хатшы-қызға): Шипасы бiткен-ау, шамасы!


БIРIНШI ХАТШЫ ҚЫЗ: Иə, соңғы тиынға дейiн бəске тiккен бо- латын… Əйелiнiң өзi айтты… Ол да бүгiн кешке тайып тұрмақ.


ГАРРИ (қуанышты): Амал қанша! Өмiр заңы. Күйзелiс деген бiр-ақ сөз, оған ештеңенi де қосып-ала алмайсың! Амал қанша! Ха-ха-ха!


 


Сахна қараңғыланады. Үрейлi музыка үдей түседi. Аласұрып, шығар жол iздегендей арпалысқан Монье жалғыз қалады.


 


МОНЬЕ: Не iстеу керек? Бəрiн қайтадан бастаса, Фанни серiктiкке жарар ма? Аризонада қой бағып жүрiп-ақ кешегi дəрежеме жетiп едiм ғой, қиындықтан қорқатын несi бар?


Жасым отызға жаңа жеттi, əлi де кеш емес. Бəрiн қайта бастау керек. Тек Фанни жiгерлiлiк көрсетсе… Фанни… Əттең Фанни… Ол кешiре қояр ма екен?..


Жүгiрiп үйiне келедi. Есiктi сарт еткiзiп ашып, есi шыққандай тұрып қалады. Үйдегi дүниелер шашылып жатыр. Əйелi кетiп қалған. Монье салбырап үнсіз тұрады да, бiраздан соң құлап жатқан креслоны көредi. Өзi соған отыра кетедi. Бəрiнен де түңiлген. Ойсыз, сүлесоқ қалыпта қалтасын ақтарып, қалған ақшасын санайды.


МОНЬЕ: Алты жүз доллар. Бұл екi ай, ұзаса үш айлық тiршiлiкке ғана жетедi. Одан соң не болмақ? (Орнынан тұрып терезе алдына барады.) Жиырмасыншы қабаттан құлап өлсем бе екен? Несi бар, талай банкирлер мен мырзалар күйреуден құтылудың жолын осылай тауып жатыр емес пе? Төмен қарай қанша секунд ұшар екен? Үш, əлде төрт секунд? Содан соң тасқа соғыласың… Жылдам өлiп кетсең жақсы, ал, егер… Қираған сүйек, мылжа-мылжа болған дене…


(Тiтiркенгендей, буыны босап, көзiн жұмған қалыпта тынши қалады. Шырылдаған телефон үнiнен селк етiп оянады.)


– Алло… Иə, бұл мен!


КУНЕРДІҢ ДАУЫСЫ: Сөйлеп тұрған Гарри Кунер ғой. Жұмыстан неге кетiп қалғансыз? Монье мырза, кассадан алған сегiз жүз тоқсан үш долларды қайтаруыңызды сұраймын. Бүгiн кештен қалдырмағаныңыз жөн. Хош болыңыз!


МОНЬЕ: Сайтан! Бəрiн де бiлiп үлгерген екен ғой! Сыққанда сөлiң- дi алмай тынбас ол!


(Орнынан тұрып, стол үстiнде жатқан конверттi алады. Жүзiнде таңырқау бар).


Нью-Мексико, «Танатос» мейманханасы. Қызық екен? Ол жерден маған кiм хат жазбақ? (Конверттi тез ашып, оқи бастайды.)


 


«ҚЫМБАТТЫ МОНЬЕ МЫРЗА!


Бiз бүгiн сiздiң көңiлiңiздi тектен-текке бөлiп отырғамыз жоқ. Қолымыздағы мəлiметтерге қарағанда, бiздiң көмегiмiз Сiзге өте-мөте қажет болар деп үмiттенемiз.


Өзiңiз де байқаған боларсыз, тiршiлiкте ең қайратты деген адамның өмiрiнде де, тiптi күресуге болмайтын, тек өлiм ғана құтқаратын қиын шақтар туады. Сонда көзiңдi жұмып, ешқашанда оянбайтын болып, алым-салықты, не ұрыс-керiстi естiмейтiндей мəңгi ұйықтап кет- сең… Көбiмiз соны армандап, осы тiлектi тiледiк қой. Осындай шақта бiреулер өз маңдайына қорғасын оқ атқанымен, артынан көз жанарынан айрылып, су қараңғы соқыр боп қалды. Ендi бiреулер мəңгi ұйықтау үшiн деп дəрi iшiп, оның өлшемi дұрыс болмай, бiрнеше күннен соң жарты денесi сал болып, есiнен айырылған, мүгедек қалыпта оянады.


 


Өзiн-өзi өлтiру деген үлкен өнер, ол дилетанттық пен ақымақтыққа көнбейдi. Ол үшiн де тəжiрибелi қол керек.


Мiнекей, бiраз тəжiрибемiз болғандықтан жəне жоғарыда қозғалған мəселе сiздiң де көңiлiңiздi толқытар деп, қымбатты Монье мырза, бiз өз қызметiмiздi ұсынамыз. Америка Құрама Штаттары мен Мексиканың шекарасындағы үкiмет бақылауынан тыс, еркiн жерге орналасқан бiздiң мейманхананың басты мақсаты – сiз сияқты жақын адамдарға көмектесу. Бақытсыздыққа ұшырап, өмiрмен қош айтысқысы келетiн бауырлары- мызға бiз ешқандай қиындықсыз-ақ, артық азап пен мехнат тартқызбай, тiлегiне жеткiземiз. «Танатос» мейманханасында ұйықтап жатқан шақта ешбiр қиналмай-ақ өлiп кетуге мүмкiндiк бар. 15 жыл бойына үздiксiз жұмыс iстеп келе жатқан техникалық аппарат (биылғы жылы келушiлер- дiң саны 2000-нан асты) өлтiретiн улы газды қажеттi мөлшерде мүлтiксiз жiберiп, тамаша нəтиже көрсететiндiгiне əбден сендiруге болады.


Меймандарымыздың қаражат жағы тапшы болатындығы бiзге мə- лiм. Сондықтан артық ысырапқа жол бермей, «Танатостың» шығы- нын барынша арзандатып, не бары 300 доллар жарна төлетуге дейiн жеткізiп отырмыз. Бұл жарна өлген соң жасалатын операцияның жəне жерлеу мен мола шығындарынан да сiздi құтқарады.


Тағы да қосарымыз, «Танатос» мейманханасы аса көркем, сұлу жерге орналасқан. Жүзу бассейнiн, гольф ойнайтын алаңды қажетiңiзше пайда- лануға мүмкiндiк бар. Қонақүйде ерлермен бiрге əйелдер де тұрады.


Бiзге келетiн болсаңыз, Диминг станциясынан түсесiз. Сол жерде қонақүйдiң арнаулы автобусы күтiп тұрады. Бiздiң өтiнiшiмiз: келуiңiз- дi телеграфпен екi күн бұрын хабарлаңыз. Мекен-жайымыз:


«Танатос», Коронадо, Нью-Мексико».


Монье қағазға үңiлген күйi отырып қалады.


Қонақүй. Қазiргi заманғы ең таңдаулы мейманханалардың көрiнiсi. Əдемi креслолар қойылған дөңгелек столдар. Қонақүйдiң кiреберiс бөлмесi. Дөңгелек столдардың бiрiнде бiрнеше қағаздарды толтырып отырған екi қыз бен журнал ақтарып отырған əдемi келiншек. Екiншi столда қағаз толтырып жатқан Монье көрiнедi. Монье қағаздарын жазып, бəрiне қол қояды.


МОНЬЕ: Мiне, бəрi де тiлегендерiңдей болды.


Моньенiң жанына алтын жиектi көзiлдiрiгi бар, толық денелi мейманхана директоры Беретекер келедi.


МОНЬЕ: Мейманхананың иесi сiз бе?


БЕРЕТЕКЕР: Жоқ, сэр, қонақ үй акционерлiк қоғамының меншiгi, бiрақ оны салу идеясы менiкi болғандықтан, өмiрлiк директоры болып тағайындалғанмын.


МОНЬЕ: Айтыңызшы, жергiлiктi өкiмет орындарының тарапынан кездесетiн тергеу-тексеруден қалай құтыласыздар?


 


БЕРЕТЕКЕР: Тергеу-тексеру дейсiң бе? Не үшiн? Бiз заңға қайшы келерлiктей бiрдеңе iстеппiз бе? Бар-жоғы, меймандарымыздың тiлегiн ғана орындаймыз… Былайша айтқанда, Монье мырза, бұл жерде жер- гiлiктi өкiмет дегеннiң өзi де жоқ. Бұл маңайдың кiмге қарайтынын еш- кiм түптеп бiлмейдi. Көп жылдар бойы бұнда адам аяғын басқан емес. Аңызға қарағанда жүздеген жылдар бұрын европалықтардан қашқан индеецтердiң шағын тобы осы жердi паналаған екен. Жергiлiктi халық- тың айтуынша, солардың əруағы бұл маңайды адам аяғынан қорып келiптi. Мiне, бiз де қазiр ешкiмге тəуелсiз, еркiн тұрып жатырмыз.


МОНЬЕ: Ал меймандарыңыздың отбасы алда-жалда сотқа шағым жасап көрген жоқ па?


БЕРЕТЕКЕР: Бiздi сотқа бермек пе?! Қандай кiнəмiз үшiн?! Жəне қандай сот бiздi соттамақ?! Жоқ, сэр, қайта олар бiздiң жұмысымыздағы нəзiк шеберлiкке, мəдениеттiлiкке қуануға тиiстi. Жоқ… жоқ… бiзде осы шаруаның бəрi де соншалықты əдемi, əдептi жасалады, ал мей- мандарымыз – бiздiң достарымыз… Сонымен, сiз өз бөлмеңiздi көргiңiз келмей ме? Егер қарсы болмасаңыз, сiздi 113 бөлмеге орналастырдық. Ырымшыл емес шығарсыз?


МОНЬЕ: Жоқ. Бiрақ мен құдайға сенiп өскендiктен, өзiмдi-өзiм өлтiру қатты толғандырып тұр…


БЕРЕТЕКЕР: Ол не дегенiң, сэр? Өзiн-өзi өлтiру туралы сөз болуға тиiстi емес. Саркони, мына мырзаны 113 бөлмеге ертiп апарыңыз. Ал күнi бұрын келiсiлген 300 долларды, Монье мырза, кассаға тапсыра кетуiңiздi өтiнемiн.


МОНЬЕ: Айтқаныңыз болсын, мырза!


(Монье бөлменiң қабырғасынан көрiнiп тұрған кассаның аузына барып ақшасын төлейдi. Оны үнсiз бақылап тұрған Беретекер жыл- маңдап жанына келедi).


БЕРЕТЕКЕР: О, Монье мырза, əйтеуiр жалғыз жүрсiз ғой, сондықтан осындағы əдемi бiр келiншекпен, яғни миссис Кирби Шоумен таныс- тырсам қайтедi.


МОНЬЕ: Мен мұнда қызойнақ жасағалы келгенiм жоқ қой. Деген- мен… Таныстырмастан бұрын маған көрсетiңiз.


БЕРЕТЕКЕР: Əрине, əрине, солай… Миссис Кирби Шоу – анау жур- нал ақтарып отырған жас келiншек, менiңше, ол əркiмге-ақ ұнайтын болар. Өзi соншалықты ақылды, қылықты əйел…


МОНЬЕ: Қалайша, осынау əсем келiншек те сiздiң мейманыңыз ба?


Ол да мына бiз сияқты тiлекпен келген бе?


БЕРЕТЕКЕР: Ендi қалай ойлап едiңiз? Солай, солай, Монье мырза! МОНЬЕ: Олай болса, таныстырыңыз.


БЕРЕТЕКЕР: Монье мырза, сiз миссис Кирби Шоу өмiрiнiң қайғылы сəттерiн бiлмейсiз ғой. Ол өте бай əрi қамкөңiлдi адамға ерге шыққан екен, бiрақ оны сүймептi. Осыдан жарты жылдай бұрын сол күйеуiн Европада қалдырып, Нью-Йоркте танысқан бiр жас жазушымен Англияға кетiп қалған көрiнедi. Бұрынғы күйеуiнен айрылысса оған


 


үйленбекшi болған жас жiгiт Англияға келген соң сабынша бұзылып, Кларадан құтылуға тырысады. Əбден азапқа түсiп, қиналған Клара оған көңiл күйiн жайып салған екен, жас жiгiт қарқылдай күлiп: – Осыншама ашықауыз болармысың. Бұл сырыңды бiлгенде күйеуiң мен балаларыңнан ұрлап əкетпей-ақ қояр едiм. Амал қанша! Ендiгi берер кеңесiм үйiңе қайт, – деп, өз жөнiне кетiптi. Артынан жаздым- жазылдым деп күйеуiне қайта келген екен, оның туыстары түгелдей өре түрегелiп жолатпай қойыпты. Содан таяу күндерде бiздiң қонақжайға келдi. Өте сүйкiмдi-ақ əйел, бiрақ қолдан келер қайран жоқ. Жүрiңiз, таныстырайын. Ол кiсiге де сiздiң жайыңызды айтқанмын.


(Беретекер Моньенi Кири Шоумен таныстырады да, тез бұрылып кетiп қалады.)


МОНЬЕ: Сiз өлiмнен қорықпайсыз ба?


КЛАРА: Əрине, қорқамын… бiрақ өмiр сүру одан да қорқынышты.


МОНЬЕ: Тауып айттыңыз, Клара.


КЛАРА: Ал өзiңiз ше? Акцияңыздың құны түстi деп оңай өле кет- пексiз бе? Сəл шыдасаңыз, бiрер жылдан соң бəрi қалыпқа келмес пе едi. Бəлкiм, жоғалтқаныңыздың бəрiн қайтарып та аларсыз?


МОНЬЕ: Ол тек сылтау ғана, əйтпесе өмiрде табан тiрер тұғырым болса, осылай iстер ме едiм. Əйелiм тастап кеттi. Бiрде-бiр туған туыс, дос-жаран, жан ашыр жаным жоқ. Кiм үшiн өмiр сүрмекпiн?


КЛАРА: Өзiңiз үшiн. Келешекте сүйетiн, сүйiктi болатын жандар үшiн. Өмiрдiң қиын сəтiнде тастап кеткен бiр əйелге бола, олардың бəрiне өкпелеуге болмайды ғой.


МОНЬЕ: Сiз шын айтып отырсыз ба? Өмiрде менi сүйетiн, бiрнеше жыл бойына менiмен бiрге жоқшылық пен күрестi қайыспай көтеруге шыдайтын əйел болар ма екен?


КЛАРА: Тiптi күмəнiм жоқ. Көптеген əйелдер өмiрдi күреспен өт- кiзудi ұнатады, ал кейбiреулерi жоқшылықтан романтика тауып, соған ұмтылады да. Мəселен, менi алыңыз…


МОНЬЕ: Сiз бе?


КЛАРА: Иə, мен сiзге… Менiң айтайын дегенiм жалғыз қалыппыз, бөлмеге қайтатын мезгiл болған сияқты.


МОНЬЕ (Клараның плащын үстiне жауып жатып): Клара, бəлкiм, бүгiн түнде бiздi…


КЛАРА: Жоқ. Сiз бүгiн ғана келдiңiз ғой. МОНЬЕ: Ал, сiз ше?


КЛАРА: Екi күн болды.


Осы кезде жандарынан екі қыз өтіп, таяудағы орындыққа барып отырады. Соншама жас, əдемі қыздар. Жүздері мұңды.


МОНЬЕ: Мына қыздар да өлім тілеп келген бе? Не үшін?


КЛАРА: Иə, кеше келді. Жігіттері алдап кетіпті. Сол кезде «Танатос»


қонақүйінің шақыруы қолдарына тисе керек.


МОНЬЕ: Қандай ақымақшылық! Екеуi де уылжыған жас əрi əдемi…


 


Одан да Америкаға кетiп қалса, өздерiндей жас жiгiттер табылмас па едi? Бiразырақ шыдаса, бəрi де қалпына келер едi ғой.


КЛАРА: Бұл жерге осындай шыдамсыз жандар ғана келедi. «Бiз- дiң бəрiмiз де басқаның бақытсыздығын қайсарлықпен қабылдаймыз» деген екен бiреу. Сондай күйде отырып айтқанда олар туралы бiз де сайрап кетемiз ғой…


МОНЬЕ: Сiздiң əр сөзiңiз менiң буын-буынымды босатып барады. Клара, қандай ақылды адамсыз?..


Бiр-бiрiнiң қолынан ұстап, елжiрей қарасқан екеуiнiң жүзiнен бақыт лебi сезiледi. Лирикалы музыка олардың көңiл күйiн, ынтық тiлегiн айқындай түседi. Үнсiздiк.


КЛАРА: Мiне, кеш те батыпты. Осыншама ұзақ отырғанбыз ба? Жаным, бұлай отыра берсек ынтызар тiлек, ыстық көңiлдiң шегi тау- сылмас.


МОНЬЕ: Рас айтасың! Ертең өмiрдi жаңаша бастаймыз. Жаным, бар-жоғы бiр-ақ түн ғой. Мен Беретекер мырзаға барайын. Ол сондай асыл адам. Тiлегiмiз орындалатыны сөзсiз. Ертеңге дейiн…


(Сүйiседi. Монье орнынан тұрып көршi бөлмеге кетедi.)


БЕРЕТЕКЕР: Қайырлы кеш, Монье мырза! Менiң сiзге қажетiм болды ма?


МОНЬЕ: Дəл солай, Беретекер мырза! Мен сiзге үлкен үмiтпен келiп тұрмын.


Менiң сөзiме, бəлкiм, таңырқарсыз. Аяқ астынан болған өзгерiс. Бiрақ өмiрде не болмайды. Қысқаша айтқанда, мен өз бетiмнен қайт- пақшымын. Менiң өлгiм келмейдi.


БЕРЕТЕКЕР: Сiз əбден ойландыңыз ба?


МОНЬЕ: Менi өз сөзiнде тұрмайтын, тайғақ адам деп те сөгерсiз. Бiрақ тiршiлiктегi өзгерiс бiздiң тiлегiмiзге де өктемдiгiн жүргiзбей ме? Осыдан бiр апта бұрын, сiздiң хатыңызды алғанда дүниеде жалғыз қалған жетiмдей едiм. Кiм үшiн, не үшiн өмiр сүруiм белгiсiз болатын. Ал қазiр бəрi басқаша. Шынын айтқанда, мен сiзге борыштармын.


БЕРЕТЕКЕР: Маған дейсiз бе?


МОНЬЕ: Иə, иə! Бұл кереметтi жасаған сiз таныстырған жас əйел.


Миссис Кирби Шоу – ғажайып жан!


БЕРЕТЕКЕР: Оны өзiм де айтқан едiм.


МОНЬЕ: Ол əсем де ер əйел… Бiз келешек өмiрдi бiрiгiп өткiзуге бел байладық. Танырқап тұрсыз ба?


БЕРЕТЕКЕР: Жоқ. Ондайдың талайына үйрендiк қой. Сiз жассыз!


Мен өте қуаныштымын сiзге.


МОНЬЕ: Егер сiз қарсы болмасаңыз, ертең Клара екеуiмiз Димингке қайтсақ деймiз.


БЕРЕТЕКЕР: Яғни сiз сияқты, миссис Кибри Шоу да өз пiкiрiнен қайтпақ па?


МОНЬЕ: Əрине, ол жағын өзi де келiп айтар. Тек бiр мəселенi келiсiп алайық. Сiзге төленер 300 доллардан басқа менде түк те жоқ. Ол сумма


 


«Танатосқа» түгелдей көше ме, əлде қайтар жолыма бiразын қайырып бересiздер ме?


БЕРЕТЕКЕР: Монье мырза, бiз адал адамдармыз. Қызмет көрсет- пеген iске ақы алмаймыз. Жатын орныңызға, тамағыңызға шыққан шы- ғынды есепке алып, артығын қайырып беремiз.


МОНЬЕ: Қандай қайырымды, адал жан едiңiз! Қымбатты Беретекер мырза, мен сiзге шексiз борыштармын! Мен бақыт таптым, ендi жаңаша өмiр сүремiн…


БЕРЕТЕКЕР: Қызмет iстеуге қашанда əзiрмiн!


(Моньенiң соңынан жымиып қарап тұрады. Күлкiсiнде ызғар бар.


Монье кетедi).


Саркони берi келiңiз!


САРКОНИ: Менi шақырдыңыз ба?


БЕРЕТЕКЕР: Иə, бүгiн түнде, сағат екiнiң мөлшерiнде жүз он үшке газ жiберiңiз.


САРКОНИ: Соның қажетi бола қояр ма екен? Ол ұйқтағанда да, сеспей қатар.


БЕРЕТЕКЕР: Кешкi шаруаң осы, Саркони. Ал ертең, келiсiм бойынша, ана екi қыздың кезегi.


(Саркони шығып кетiсiмен, сол есiктен Клара көрiнедi). БЕРЕТЕКЕР: Ə, жақында, берi кел. Өзiм де iздетейiн деп отыр едiм. Ал мейманымыз келiп кеттi, кеткiсi келедi.


КЛАРА: Мақтарлықтай шаруа iстедiм емес пе? Жұмыс көңiлдегi- дей шықты.


БЕРЕТЕКЕР: Айтарлықтай жылдам… Қызметiңiздi ескеремiз. КЛАРА: Ол бүгiн кешке ме?..


БЕРЕТЕКЕР: Иə, сағат түнгi екiнiң мөлшерiнде. КЛАРА: Сорлы бала. Сондай адал, сезiмтал екен. БЕРЕТЕКЕР: Олардың бəрi сондай.


КЛАРА: Қандай қатыгез жансың! Өмiрге деген құштарлығы қайта оянған сəтте сен оларды қыршынынан қиясың!


БЕРЕТЕКЕР: Қатыгез!.. Жоқ... Бiздiң өлтiру тəсiлiмiздiң адамгер- шiлiк сипатының өзi сонда.


… Ал жақсы. Ертең боссың. Бүрсiкүнi шаруа бар. Швециялық бiр қаржыгер келмекшi. Кəрi адам.


КЛАРА (арманды түрде): Маған Монье ерекше ұнап едi. БЕРЕТЕКЕР: Жұмысты таңдауға болмайды. Иə, өзiңнiң он дол-


ларыңды ал. Ал мынау сыйлық ретiнде.


КЛАРА (ақшаны сумкасына салады): Рахмет!


Клара бұрылып шығып кетiсiмен, Беретекер алдында жатқан жуан кітаптағы «Жан Монье» деген фамилияның үстiне сызғыш салып, ұқыпты түрде сызып тастайды.


(Музыка.)


Қазақ теледидары,


1975 жыл


 





Пікір жазу