02.03.2022
  156


Автор: Сұлтан Оразалы

МЕНI «МИССИС» ДЕП АТА!

(Оңтүстiк Африка республикасының жазушысы А.Мейманенiң əңгiмесi бойынша жасалған телеинсценировка)


 


Қатысушылар:


ДЖЕЙМС – 17 жасар жiгiт.


КЭТИ – почта бастығы, ақ əйел 22 жаста. ДЖЕЙМСТIҢ АПАЙЫ – 25 жаста.


НОГАННЕС – Джеймстiң əкесi, 50 жаста. ГЕРТ – 25 жастағы, алып денелi полицей.


 


Сəндi киiнген жас негр жiгiтi сыртында «Европалықтардан басқа- лар үшiн» деген жазуы бар есiктен кiредi. Шағын почтаның көрiнiсi. Жалпақ қоршаудың ар жағында терезеден сыртқа үңiле түсiп, қолында қалың кiтабы бар почта бастығы Кэти отыр. Ол етжеңдiлеу келген, сылқымсыған жас əйел. Кiрген жiгiтке көзiнiң қиығымен бiр қарайды да, менсiнбеген кейiпте басын көтермей отыра бередi. Почтада басқа ешкiм жоқ. Жiгiт бiраз күтiп тұрады да, жөткірiнiп дыбыс бередi. Əйел басын жайлап көтерiп бiр қарайды да, қайтадан кiтабына үңiледi. Жiгiт тағы бiр жөткірiнедi.


КЭТИ (басын бұрмастан): Иə, саған не керек?


ДЖЕЙМС: Өтiнемiн, екi пенсi тұратын екi марка берiңiзшi?


(Əйел басын шалқайта көтерiп орнынан тұрады да, қолын мықы- нына таянған күйде қоршаудың жанына келедi. Ол жiгiттiң тура көз алдына таянып, оған шаншыла қарап қадалады.)


КЭТИ: Менi «миссис» деп ата, əйтпесе осы жерден тайып тұр! ДЖЕЙМС: ?


КЭТИ: Егер қазiр менi «миссис» деп атамасаң, бiрде-бiр марка бермеймiн.


ДЖЕЙМС: Тыңдаңызшы, мефрау, маған бар-жоғы екi-ақ марка керек. Мен сiзден өтiнiп тұрмын ғой. Сол да жетпей ме?


КЭТИ: «Миссис» деп ата, əйтпесе көзiңдi жоғалт!


(Жiгiт тесiле қарап тұрады да, бұрылып шығып кетедi.)


КЭТИ: Мектепке барып жүрген зəңгiлердiң бəрi əулиесiнiп барады, менменiн қарай гөр. Тұра тұр, сендей таңқы танау қара-қожалақтардың өзiн-өзi қалай ұстауы керегiн үйретемiн. Сен менi «миссис» деп атағанша бiрде-бiр марка сатпаспын саған.


(Джеймс почтаның есiгiнiң алдынан əдейi жайлап өтедi. Қолында жаңа велосипедi бар. Тiптi бiрдеңелерiн жөндеген болып терезенiң тұсында тұрып қалады. Почтаға қарап күлiп қояды. Оны көрген Кэти- дiң жыны қозып аласұрады.)


КЭТИ: Мына зəңгiнiң басынуын-ай! Тiптi мардымсуын... Тұра тұр.


Көрермiз!


 


Шағын аула. Ағашқа бөленген аула iшiндегi пешке тамақ пiсiрiп жүр- ген Джеймстiң апайы көрiнедi. Велосипедiн жетелеген Джеймс кiредi. Жүзi көңiлдi. Апайы оған бiр қарайды да, өз iсiн жалғастыра бередi.


АПАЙЫ: Өзiң өте көңiлдiсiң ғой.


ДЖЕЙМС (күлiп): Таяуда тағы бiр той болатын түрi бар. Почта- дағы қызбен тағы қылжақтасып келдiк. Ол өзiн «миссис» деп атауымды талап етуде. (Апайына) «Миссис» деп айт, жiгiтiм».


АПАЙЫ: Джейми, сақ бол! Менiңше, сен шектен шығып барасың! Бұл жер саған Иоганнесбург емес қой. Əзiрге сен өзiң туып-өскен Олифаптеуксте тұрып жатырсың, ал бұл жерде ақтармен қылжақтасуға болмайды. Байқа, пəлеге ұрынып қалма?


ДЖЕЙМС: Түкiрдiм оларға! Бəрiбiр мен ешкiмдi де «баас», «мис- сис» деп атамаймын. Мен бұл сөздi өзiм қызмет iстейтiн қожаға да айтпаймын!


АПАЙЫ: Джейми, өзiңдi тым зор санай берме! Сен əлi баласың ғой.


Он жетi жас деген не?


ДЖЕЙМС: Мiне, керек болса! Егер менiң жасым туралы осындай сөздi полицейлердiң бiрi айтса – онда соры қайнаған болар едi. Ал ана қыз… Оның жасы сенен де кiшi. Сонымен қоса мен оның басыбайлы қызметшiсi емеспiн. Əкесiне де, ағасына да жалданып көрген жоқпын. Қайта ол мен үшiн қызмет iстеу керек, жұмыста тұр емес пе?


АПАЙЫ: Жарайды, Джейми, ақылдымси берме! Ана Иоаганнес- бургке барғанда көре жатарсың.


 


Почта. Бөлмеге алып денелi, қартаң негр келiп кiредi. Иiлiп сəлем бередi.


ИОГАННЕС: Қайырлы таң, миссис!


КЭТИ: Қайырлы таң, Иоганнес! Шаруаң қалай?


ИОГАННЕС: Жаңбыр аз, астық тапшы болуы мүмкiн, миссис. КЭТИ: Жылана берiп қайтесiң, Иоганнес! Жыл сайын өзiң де жуан-


дап, қалтаң да жуандап келедi, сонда да жылана бересiң. Мен саған бiрдеңе айтайын деген едiм. Сенiң өз басың жақсы зəңгiсiң, ешкiмнiң де сен туралы ғайбат сөзiн естiген емеспiн. Бiрақ сенiң ұлың оңбай- ды. Өзiн-өзi қалай ұстауы керек екенiн неге үйретпейсiң. Бұның аяғы жамандыққа апарып соғуы мүмкiн. Ол мектепке барғалы адам айтқы- сыз оңбаған болып барады.


ИОГАННЕС: Сонда менiң ұлым не iстедi? Ол, сiз айтқандай, жаман бала емес.


КЭТИ: Егер ол жақсы болса, менi неге «миссис» деп атамайды? Өзiн-өзi қалай ұстау керек екенiн үйренгенге дейiн мен оған ештеңе де сатпаймын!


ИОГАННЕС: Қарқылдап күледi: Апырай, миссис-ай! Қараңғы, сауатсыз шал оған не үйрете алады. Менiң қолымнан келерi бар-жоғы бұқаларды тарттыру мен майс өсiру ғана емес пе? Ал ол болса, бiлiм алып жатыр. Мектепте кiммен қалай сөйлесудi де үйретедi ғой. Кiмдi


 


«миссис», кiмдi «мефрау» деп атау керегiн бiлетiн шығар. Өмiрi мек- теп қарасын көргем жоқ, сондықтан ондайдың нəзiк жақтарын түсiне бермеймiн.


КЭТИ: Ендеше оларды дұрыс оқытпайды.


ИОГАННЕС: Ұлымның айтысына қарағанда, сiздердiң тiлдерiңiздi ақтардың өзi үйрететiн көрiнедi. Олай болса, дұрыс оқытпай жүрген сiздер, бiздiң халқымызға бiлiм əкеп жүргендердiң өзi.


КЭТИ: Иоганнес, сенiң миың су болып кеткен бе? Сен нағыз коммунисше ойлайды екенсiң. Не үшiн келдiң мұнда?


Почтаның екiншi есiгiнде «Тек қана ақ адамдар үшiн» деген жазуы бар. Кэти бұраңдап, былқылдап почтаға кiрген Гертке ұнауға тырысуда. Əрбiр хат пен корреспонденцияға штампты сəнмен соғады. Гертке телеграмма бланкасын, қалам-сия əперiп, əсем жымияды. Осы кезде почтаның терезесiнен велосипедiн жетелеп келе жатқан Джеймс көрiнедi. Ол асықпай, саспай велигiн сүйеп қояды да, жан- жағына қарайды. Оны көрген Герт тыжырынып, жаратпайды.


ГЕРТ: Бұл жерде мына қалалық зəңгi не iстеп жүр?


КЭТИ: Ол қалалық емес, осы жердегi Иоганнес дейтiн шалдың баласы. Иоганнесбургте ме, бiр жерде оқитын көрiнедi. Ол ақымақ, өзiн ақпын деп те қиялдайтын болар.


ГЕРТ: Егер ол осы жердi тағы бiр шаңдататын болса, онда мына қамшымен жон терiсiн сыпырамын.


«Европалықтардан басқалар үшiн» деген жазуы бар есiктен почтаға Джеймс кiредi. Ол жайлап келiп қоршауға сүйенiп тұрады. Оны көрген Кэтидiң өңi бұзылып, күлкiсi бiрден жоғалады.


КЭТИ: Саған не керек?


ДЖЕЙМС: Қайырлы таң, мефрау! Мен сiзден ақша аудару үшiн бланк алайын деп едiм.


(Кэти мырс етiп қояды да, тiл қатпастан əрi кетiп қалады. Ол жерде бiраз шауасын бiтiрген соң, басын көтерместен айқайлайды.)


КЭТИ: Не керек дейсiң?


ДЖЕЙМС: Жиырма шиллинг, алты пенс ақша жiберейiн деп едiм, бланк беруiңiздi өтiнемiн.


КЭТИ (тiстенiп): «Миссис» деп ата!


(Джеймс күлiп жiбередi.)


Сен маған күлiп тұрсың ба?


ДЖЕЙМС: Айтыңызшы, мен сiздi неге «миссис» деп атауым керек? Сiз əлi тұрмысқа шыққан жоқсыз ғой. Қолыңызда сақина да көрiн- бейдi.


(Əйелдiң өңi бозарып, көзi шатынап кетедi).


КЭТИ: Сен қарғыс атқыр, өркөкiрек зəңгi, менi, ақ əйелдi мазақ- тағың келе ме? Өзiңдi кiм деп жүрсiң, оңбаған! Кiмсiң сен?


 


ДЖЕЙМС: Тыңдаңызшы! Ашуланбаңыз…


(Осы кезде почтаның ақтарға арналған бөлiгiнен Герттiң даусы естiледi).


ГЕРТТIҢ ДАУСЫ: Кэти, сенi қорлап тұрған қандай зəңгi? Мен оның тiсiн қиратайын!


КЭТИ (долданып): Ол жақта не iстеп тұрсың, Герт? Тұмсығын бұз- байсың ба мына оңбағанның! Тез, қашып барады.


«Тек ақ адамдар үшiн» деген есiктен Герт жүгiрiп шығады.


ГЕРТ: Қайда? Қайда кеттi?


КЭТИ (Есiктiң алдына шығып алып долдана айқайлайды.): Ұстаң- дар жексұрынды! Желкесiн қиыңдар ана иттiң! Оңбаған, сазайыңды тартарсың.


ГЕРТ (Мылтығын суырып): Тоқта, ей, тоқта деймiн, əйтпесе ата- мын.


(Аспанға атып жiбередi.)


КЭТИ: Полицей емес, сорлы екенсiң! Аяғын көздеп атпайсың ба?


(Мылтықтың даусы шығады. Жан ұшырған Джеймс бiр түп бұтаға келiп тығылады. Бет-аузын тер басып кеткен, балшықпен былғаныпты. Ол тез-тез еңбектей бастайды.)


КЭТИ: Əне, бiр бұтаның артында еңбектеп барады. Тез, атсаңшы!


Оны несiне əулиесiтiп тұрсың, дəлдеп көзде!


(Джеймстiң көзi өзiн атқылап келе жатқан Гертте, оқтан сескенiп жерге жабысып жатыр. Көзiнде қорқыныш пен ыза ұшқыны – бəрi астасып кеткен).


КЭТИ: Əне көрiндi, тез атсаңшы!


Герт пистолетiн екiншi қолының үстiне қойып, нысана атқандай асықпай көздеп, бұтаның түбiн атқылай бастайды. Бiр кезде бұтаның түбiнен жан ұшыра бақырған дауыс естiледi. Герт шаруасы бiткен адамдай, асықпай-саспай пистолетiн кобурасына салып, Кэтиге жымия қарайды. Кэти бұраңдап, қылымсиды.


КЭТИ: Ақымақ зəңгiнің ойыны осылған болар.


(Қайғылы музыка. Өлiп жатқан Джеймс.)


 


Қазақ теледидары,


1973 жыл


 





Пікір жазу