02.03.2022
  119


Автор: Сұлтан Оразалы

ТҰТҚЫН

(Жозеф Кассель повесiнiң негiзiнде жазылған телепьеса)


 


Қатысушылар:



  1. ФИЛИПП ЖЕРБЬЕ – 40–45-тер шамасындағы адам.

  2. ЛЕГРЭН – 18–19 жасар жiгiт, тұтқын.

  3. АРМЕЛЬ – 21-де, ауру, өте жүдеу.

  4. ПОЛКОВНИК – 50 жас шамасында.

  5. АПТЕКАРЬ – 50 жаста

  6. КОММИВОЯЖЕР – 45–50 жас аралығында.

  7. КОМЕДИАНТ – 40–50 жас аралығында, ерекше семiз адам.

  8. ПОЛИЦЕЙ – 40 жаста, шаруа пiшiндi адам.

  9. НЕМIС ОФИЦЕРI – 30–35 жаста.


 


Француз музыкасының əуенi. Сылбырап жауған жаңбыр. Суға малшынып, аяқтарын сылп-сылп басқан үш адам келе   жатыр. Бiрi тұтқын, екеуi солдат. Олар алыс фоннан таяй бередi. Екiншi экспозицияда: «Бұл оқиға Екiншi дүниежүзiлiк соғыс кезiнде Францияда


«Қарсыласу қозғалысы» басталған шақта болған едi» деген жазу көрiнедi. Солдаттар мен тұтқын таяй берiп тоқтайды. Сөйлескен дауыстары көмескiленiп, жаңбыр дыбысы басып кетедi. Бiр солдат бүйiрге қарай бұрылып, жүгiре басып кетедi де, қалған екеуi iрi планда көрiнедi. Солдаттың түрi алқам-салқам, француз шаруасы екенi, ал қасындағы тұтқынның қолына кiсен салынғанымен, əлi де жинақылығын жоғалтпаған интеллигент екенi танылады.


 


СОЛДАТ: Сiз асығыс болмасаңыз, бiраз аялдасақ деймiн. ЖЕРБЬЕ: (мысқыл үнмен) Жоқ, оншалықты асығыс емеспiн.


СОЛДАТ: Көп айналмаймыз. Серiгiм ана фермаға барып қаужаң- қужаң етерлiк азық-түлiк сатып алмақ. Бұл қарғыс атқыр, қағынған уақытта өстiп тiршiлiк жасамаса бола ма?!


ЖЕРБЬЕ: Несiн айтасыз, тiршiлiк тауқыметi ғой.


СОЛДАТ (Тұтқынға үңiле қарап тұрып басын шайқайды. Өзiне- өзi) Жап-жақсы киiнген, даусы сүйкiмдi, бет жүзi де ашық-жарқын. (күрсiнедi.) Қарғыс атқыр уақыт ай… Осындай адамдарға кiсен кигiзу де ыңғайсыз-ақ. (Жербьеге:)


Бұл лагерь сiзге онша жайсыз болмас. Мен, əрине, тамағы туралы айтып тұрғаным жоқ. Соғысқа дейiн ондай асты итке салсаң татпас едi. Бiрақ қалған жағынан бұл бүкiл Франциядағы ең тəуiр лагерь деседi. Немiстер үшiн салынған.


ЖЕРБЬЕ: Бұл сөзiңдi түсiнбедiм.


СОЛДАТ: «Таңғажайып соғыс» кезiнде көп тұтқын аламыз деп үмiттенсек керек. Сондықтан оларға арнап үлкен лагерь дайындадық.


 


Бiрақ бiрде-бiр немiстi тұтқындай алмағанымыз баршаға аян. Əйтсе де бұл лагерь керекке жарап-ақ тұр.


ЖЕРБЬЕ: «Жолы болар жiгiттiң жеңгесi алдынан шығады» деген- дей, сəтiмен-ақ болған екен.


СОЛДАТ: Солай, солай, мосье!


Түрме комендантының кабинетi. Үрген қарындай домаланған, семiз комендант сұқ саусағын жақ етiне тiреп ойланған кейiпте тұтқын- ның iс қағаздарын ақтарып отыр. Ойы да, қимылы да баяу.


КОМЕНДАНТ (өзiне-өзi): Қашан болсын баяғы əдеттерi. Кiмдi жiбе- ретiнiн, қалай қабылдайтыныңды мына қағаздан ұғып та болмайсың. Соғысқа дейiн оңай едi. Тұтқындардың тамағынан керегiңше жырып алсаң да ешкiмнiң шаруасы жоқ. Тек тəртiп жағын мықтап ұста!


Ал қазiр ше, бəрi өзгергенi! Рас, тамақтың мөлшерiн қалағаныңша қысқартуыңа болады, бiрақ тұтқындарды жiктеу сондай қиындап кеттi. Кейбiреулерi тексерусiз, сотсыз келедi де, əкесiнiң үйiндей шалжиып жата бередi. Қашан шығатынын да бiлмейсiң. Ал ендi бiреулерiнiң қылмысы жан түршiктiрсе де, əп сəтте-ақ еркiндiкке шығып кетедi. Тағы да олардың iрi қызметтерде: департаментте, облыстық прокуратурада, тiптi Вишиде iстейтiнiн қайтерсiң! Сондықтан тұтқынға қарап пiкiр айту қиын-ақ. Одан да бастықтардың пiкiрiн мына полицей протоколы- ның арасынан iздеп көрелiк. (Қағазды оқиды.)


«Мiнез-құлқы тəуелсiз, өткiр ойлы, ұстамды, мысқылшыл». Демек (сұқ саусағын ұрт етiне қадайды) аса қатаң тəртiп бөлiмiне жiберу керек.


(Оқиды): «Тас жолдар мен көпiр салудың iрi маманы» М… м… м… Еркiн тəртiп.


(Оқиды): «Голлистерге iш тартама деген күдiк бар». (Шошып кетiп) Аса қатаң тəртiп, аса қатаң!


(Оқиды): «Қылмысы ашылмағандықтан босатылды». Демек байла- нысы, тiрегi бар деген сөз… еркiн тəртiп. (Жербьеге, салтанатты түрде.) Мен сiздi немiс офицерлерiне арналған бөлмеге орналастырамын.


ЖЕРБЬЕ (мысқылмен) Құрметiңiзге құлдық, мырза, аса ризамыз!


(Шығып кетедi!)


КОМЕНДАНТ: Еркiн тəртiп, солай-ақ болсын, бiрақ мынадан көз жазбау керек екен.


Тұтқындар жататын барақ. Есiкке таман малдас құрып отырып алған үш тұтқын орталарына котелектi төңкерiп қойып, қағаздан жасалған домино ойнауда. Ойындары қызу, өздерi алаңсыз. Төр жақ- тағы матрастың үстiнде бiр жiгiт жатыр. Ауыр науқас, жүдеу, ауық-ауық булыға жөтеледi. Бұл – Армель. Шашы терi мен маңдайына жабысып қалған, денесi дiр-дiр етедi. Оның жанында отырған Легрэн өз одеялын Армельге жабады. Екеуiнiң жасы шамалас, бала жiгiттер.


АРМЕЛЬ: Роже, егер құдайға тəубе етсең, мұндай бақытсыздыққа ұшырамас едiң, бүлiктi де қояр едiң.


Осыған сеншi, Роже, сеншi!


ЛЕГРЭН: Бiрақ менiң бүлiкшiл болғым келедi, естимiсiң, бүлiкшiл!..


 


(Ол жұдырығын түйгенде, қатты толқығаны сезiледi). Бiздi осы үңiрге əкеп лақтырып тастағанда сен бар-жоғы жиырмада, мен он жетi- ақ жаста болатынмын. Кiмге қиянат жасап едiк бiз сонда! Екеумiздiң де денiмiз сау, тек бiр нəрсенi, өмiр сүрудi ғана аңсаушы едiк. Қарашы ендi, бүгiн, мiне, кiмбiз? Қандай күйдемiз?! Айналамызда не болып жатыр? Осындай сұмдықтар жасалып жатқанда, құдай бар болса не қарап отыр, түсiне алмаймын.


АРМЕЛЬ (шаршаған): Көңiлiңде тəңiрге деген тəубең болса, бəрiне де түсiнер едiң.


ЛЕГРЭН: Жоқ, жоқ! Мен құдайға сене алмаймын. О дүниеге бар- ғанда ғана есептесу – бұл дүниенiң сұмырайларына жасалған үлкен жақсылық! Мен шындықты, əдiлдiктi осы арада, жер бетiнде көргiм келедi… Көргiм келедi…


 


Есiк сықырлап, бөлмеге Жербье кiредi. Бұрынғы киiмi тұтқын киi- мiне алмастырылған. Сабырмен барлай, жан-жағын шолып шығады. Бəрi оған аңыра қарай қалады.


 


ЖЕРБЬЕ: Кеш жарық, мырзалар. Менiң аты-жөнiм – Филипп. (Отырған үшеуi орындарынан тұрып, таныса бастайды.) ПОЛКОВНИК: Полковник Жарре дю Плесси.


АПТЕКАРЬ: Аптекарь Обер.


КОММИВОЯЖЕР: Коммивояжер Октав Боннафу.


ПОЛКОВНИК: Сiздi мұнда қандай дауыл қуып келгенiн түсiнбеймiн. ЖЕРБЬЕ: – Соны өзiм де түсiнiп тұрғаным жоқ.


ПОЛКОВНИК (маңғаз): Олай болса менiң мұнда қалай тап болғаным- ды сiздiң бiрден бiлiп қойғаныңыз жөн. Мен кафеде отырғанда «адмирал Дарлан барып тұрған ақымақ» деп жар салдым. Иə, иə! (қоқиланып қарап тұрады) Ал бүгiн солдаттарды теңiзшiлерге қорлатып қойған маршал Петендi де сол ақымақтың қатарына қосамын. Иə, иə! Дəл солай!


КОММИВОЯЖЕР: Сiз, полковник, əйтеуiр идеяңыз үшiн жапа шегiп жүрсiз ғой. Ал мен қызмет бабымен орталық алаңға барған едiм, құдай қырсықтырғанда дəл сол кезде голлистердiң ереуiлi басталмасын ба?


АПТЕКАРЬ (килiгiп): Менiкi одан да сорақы болды ғой. (кекетiп)


Сiз осы Малердiң снаряды дегендi бiлесiз бе?


ЖЕРБЬЕ: Жоқ.


АПТЕКАРЬ: Мiне, мiне, жұрттың осындай надандығы ғой менi құртқан. Малердiң снаряды дегенiмiз, мосье, жұмыртқа тəрiздi домалақ ыдыс. Ол жоғары қысымдағы химиялық реакция жасауға арналған. Малердiң снарядынсыз ондай реакция жасауға болмайды. Соған бай- ланысты бiреулер менi мина жасайды деп жеткiзсе керек. Ал үкiмет орны менi тындаған да жоқ.


ПОЛКОВНИК: Үкiмет деген атымен жоқ, бұл күнде тек ақымақтар ғана бар. Иə, иə! Олар менi пенсиядан да айырды ғой.


ЖЕРБЬЕ: (кiшiпейiлденiп): Мен қай орынды иеленсем екен?


 


(Полковник төрдегi бiр орынды нұсқайды. Жербье сонда барып че- моданын қояды. Екi жiгiтке келiп, Легрэнге қолын ұсынады).


ЛЕГРЭН: Легрэн, коммунист! ЖЕРБЬЕ: Əлден бе?


ЛЕГРЭН (қысылып): Əрине, жастау болғандықтан, маған партия би- летiн берiп үлгерген жоқ, бiрақ iс бұдан өзгермейдi. Менi əкем жəне бiрнеше жолдастарыммен бiрге тұтқындаған. Оларды басқа лагерьге апарып тықты, шамасы, бұл жердiң жағдайы жеңiл деп есептесе керек. Мен де солармен бiрге болуды сұраған едiм, ерiксiз осында қалдырды.


ЖЕРБЬЕ: Көп болды ма?


ЛЕГРЭН: Немiстермен келiсiм жасалғаннан берi. ЖЕРБЬЕ: Демек, бiр жылдай болған екен ғой.


ЛЕГРЭН: Мен лагерьдiң ең байырғы тұрғынымын. ЖЕРБЬЕ: (Жымиып) Ең тұңғышымын де.


ЛЕГРЭН: Иə, Менен кейiн Армель келдi. Ол, мiне, жатыр, мұғалiм. ЖЕРБЬЕ: Ұйықтап жатыр ма?


ЛЕГРЭН: Жоқ, ауыр науқас. Қарғыс атқан iш ауру қинап-ақ бiттi. ЖЕРБЬЕ: Емханаға апару керек қой.


ЛЕГРЭН: Орын жоқ.


АРМЕЛЬ (əрең): Қайда өлсең де бəрiбiр емес пе? ЖЕРБЬЕ (еңкейiп): Бұл жерге қалай тап болдыңыз?


АРМЕЛЬ: Мен балаларды еврейлер мен ағылшындарды жек көруге тəрбиелемеймiн деп мəлiмдедiм. (Жербье қатты толқып кетедi. Ернiн тiстелеп жан-жағына қарайды, бiрақ ештеңе сездiрмейдi.)


ПОЛКОВНИК: Бұрын бұл бөлмеде немiс офицерiне қажеттi бұйым- ның бəрi де бар едi. Немiстер келмеген соң, комендант күзетшiлерi- мен бiрiгiп көпшiлiгiн өзiне сiңiрiп кеттi. Қалған заттар жең ұшынан жалғасқан алыпсатарлардың пайдасына асты.


АПТЕКАРЬ: Домино ойнай аласың ба? ЖЕРБЬЕ: Бiлмеушi едiм.


КОММИВОЯЖЕР: Несi бар, үйретуiмiзге болады. ЖЕРБЬЕ: Көп рахмет, үйрену жағына топастау едiм.


ПОЛКОВНИК: Олай болса, кешiрiм өтiнемiз, қараңғы түскенше дəл бiр партия ойнайтындай уақытымыз бар екен. Ал, кəне!


(Домино ойнаған қолдар. Кемера iрi планда Жербьенiң көзiне тiре- ледi. Ол ойлы!)


ЖЕРБЬЕ: Иə, коменданттың тақыстығы бiрден бiлiндi. Менi үш ақымақ пен екi əруақтың ортасына қамағанын көрдiң бе?


Ызғырық жел соғып тұр. Барақтың маңайы өте сұрықсыз. Бiр-екi жалаңаш тал желмен уiлдеп, ырғалады. Жерде аздаған қар бар. Жербье есiк алдында суық суға жуынып, бүгiлiп-созылып гимнастика жасап жатыр. Барақтан Легрэн шығып, оған аңырайып қарап қалады.


ЖЕРБЬЕ: Серуенге ертелетiп шығады екенсiз ғой.


 


ЛЕГРЭН: Лагерьдiң электростанциясына бара жатырмын. Сонда жұмыс iстеймiн.


ЖЕРБЬЕ (сынай қарайды): Пайдалы орын ба?


ЛЕГРЭН (ыңғайсызданып): Бұл жұмыс үшiн мен нанның қоқымын да алмаймын. Мамандығым өзiме ерекше ұнайды, сондықтан қалыптас- қан əдет қой, солай қарай тартады да тұрады. Бар болғаны сол-ақ.


(Легрэн бiраз тұрып-тұрып барып кетедi.)


ЖЕРБЬЕ (дауыстап): Кездескенше сау бол, жолдас!


ЛЕГРЭН (жалт қарап, жүгiре басып қайта келедi): Сiз… сiз ком- мунистсiз бе?


ЖЕРБЬЕ: Жоқ, коммунист емеспiн (пауза). Бiрақ жолдастарымның болуына оның бөгетi жоқ. (Легрэн түңiлгендей бұрылады да, сылбыр аяңдап кете бередi)


Кадрде iрi планда сағат көрiнедi. Тықылдаған үнi бiресе үдеп, бiресе баяулайды. Екiншi экспозицияда күнтізбе көрiнiп, оның беттерi жылдам ауыса бастайды. Өтiп жатқан уақыт.


Барақтың алды. Бұрынғы екi тал шыбық көгерiп жапырақ жайған. Тас үстiнде Жербье отыр. Алыс фоннан тiкенектi сымдар, басқа да барақтардың кескiнi көрiнедi.


ЖЕРБЬЕ (өзiне-өзi): Иə, бұл жерге алыпсатарлар мен африкалық жалдамаларды, легионның жаулары мен еврейлердi де əкелiп тоғытқан екен. Немiстерге салық төлегiсi келмеген шаруалар, көшпелi цыган- дар, кiсi өлтiрушiлерге де орын тауыпты. Саяси сенiмсiздер мен күдiк туғызғандар, үкiметке жақпағандар – бəрi-бəрi де осында. Сатқын бол- мағандықтан жазаланғандар да толып жатыр. Кiм жоқ бұл жерде?


Ал оларды күзетiп жүргендер – кездейсоқ жалданған маскүнемдер мен сатқын сұрқиялар. Жеңдерiне таққан екi елi шүберектерiне мəз бол- ған есiрiктер. Рас, оларға аз төлейдi. Бiрақ бұл сүмелектер аяқ астынан қолына тиген билiктiң құдiретiн сезiнiп, адам айтқысыз сұмдықтарды жасайды. Қыл аяғы, тұтқындарға берiлетiн аз ғана тамақты, темекiнi, ұсақ-түйек заттарды тартып алып, қымбат бағаға қайта сатады. Ал осы сатқындықты неге пайдаланбасқа? Сыртқы дүниемен солай байланыс жасау керек.


(Осы кезде шаң-шұң дауыс естiледi. Барақтың түбiне қашып келiп құлаған бiр тұтқынды екi жендет резина қамшымен аяусыз сабай бас- тайды. Тұтқын шүйкедей əлсiз шал. Алшаңдай басып келген немiс офи- церi рахаттана күлiп, сигараның түтiнiн бұрқырата қарап тұрады. Коммивояжер, аптекарь, полковниктер шығады. Қамшының ысқырығы күштiрек естiледi. Жербьенiң жұдырығы түйiлiп, бойын ыза кернейдi. Атыла түсетiн жолбарыс тəрiздi. Көзiнде ашу оты. Қамшының ыс- қырығы естiлген сайын шиыршық атып, орнынан баяу тұра бастайды. Ендi-ендi айқасатын тəрiздi. Осы кезде оның иығын бiр дiрiлдеген қол келiп басады. Жербье ауыр күрсiнiп, денесi босаң тартады. Артына қарамайды.)


 


ЖЕРБЬЕ (қарлыққан дауыспен): Рахмет! (пауза) Рахмет!


(Камера қолды бойлап барып Легрэнның жүзiне тоқталады. Ол да толқулы.)


ЛЕГРЭН: Осы бақытсыз жандарды көргенде есiмнен адаса жаз- даймын. Бiр кезде Франция туралы, сұлу да назды Франция туралы, қайырымды маршал атай туралы жырлаушы едiк. Ендi өз Отаны өз- дерiне тозаққа айналған соң «Бұл қалай?» – деп сұрап едi, бəрiн де түрмеге жапты. Шыбындай қырып жатыр ғой бiздi. Ал өлуге үлгер- месең, көретiнiң осы.


ЖЕРБЬЕ: Бəрiмен де есеп айырысатын күн алыс емес. Əлi-ақ туар ол күн.


(Бiр-бiрiн барлай қарап тұрып қалады.)


 


Iрi планда сағат көрiнедi. Шықылдаған үнi басқа дыбыстарды көмiп кеткендей. Екiншi экспозицияда күнпарақтың беттерi ауысып жатыр. Камера баяу жылжып келiп, белуарына дейiн жалаңаш, етпетiнен түсiп, күнге қыздырынып жатқан Легрэнге тоқталады. Ол анда- санда күрк-күрк жөтелiп қояды. Жанына Жербье келiп тоқтайды.


 


ЖЕРБЬЕ: Сiзге бұлай жату зиянды. Тез киiнiңiз!


(Легрэн көнбей басын шайқайды. Жербье оған өз курткасын жаба- ды.) Ұйықтаған кезiнде қалай жөтелiп, қысылғаныңызды көрiп жүрмiн. Сiздiң өкпеңiз сау емес, сондықтан күнге қыздырыну өте қауiптi.


ЛЕГРЭН: Сiз дəрiгерге ұқсамайсыз.


ЖЕРБЬЕ: Шындығында дəрiгер емеспiн. Бiр кезде жоғары кер- неулi линияның құрылысын басқарғанымда өкпе ауруын емдейтiн санаториймен көршiлес тұрғаным бар. Сонда дəрiгерлермен жиi əңгi- мелесушi едiм.


(Легрэн қуанып кетедi.)


ЛЕГРЭН Сiз электрик екенсiз ғой! ЖЕРБЬЕ: Иə, тура сiз сияқты.


ЛЕГРЭН: О, жоқ! Сiз биiкке самғайтын қыран тəрiздiсiз. Ендi өз мамандығымыз туралы кеңiрек əңгiмелесетiн болдық. (Жалынғандай) Тiптi анда-санда болса да…


ЖЕРБЬЕ: Қаласаңыз қазiр-ақ сөйлесейiк. (Легрэннiң жанына көсi- лiп отыра кетедi.)


ЛЕГРЭН: Егер көңiлiңiз соқса, түрменiң электр станциясына ертiп барайын. Сол жерден бастайық.


(Жербье басын изейдi.)


 


Кадрде сағат көрiнедi. Бұрынғы көрiнiс қайталанады. Барақтың iшi. Полковник, аптекарь, коммивояжер домино ойнауды тоқтатып, үнсiз қалған. Жербье өлген Армельдiң бетiн одеялмен жабады. Легрэн тас мүсiн тəрiздi, өңi жансыз, ауыр қаза үстiнде отыр. Тұтқындар келiп Армельдiң сүйегiн зембілге салып əкетедi.


 


ПОЛКОВНИК, КОММИВОЯЖЕР, АПТЕКАРЬ (жамырай сөйлейдi):


Уайымдама! Көп ойлап қайғырып қайтесiң. Өз басыңды ойласаңшы! ЛЕГРЭН (Сөздерiн алақанымен итергендей): Керегi жоқ… Бейшара


Армель, ендi ғана жаның тыныштық тапқан болар!


(Жербье ештеңе айтпастан Легрэнге темекi ұсынады. Бəрi жатуға ыңғайланады. Легрэн бiрнеше темекiнi тартып бiтiрген. Жербье iрi планда, ауыр ой үстiнде жатыр. Ана үшеуi алаңсыз ұйықтап кеткен. Бiр кезде өксiген дыбыс естiледi. Жастықты тiстеп егiле жылаған Легрэн көп ұзамай булыға жөтелiп кетедi. Жербье оған қолын созып, басынан сипайды.)


ЖЕРБЬЕ: Мен қасыңдамын, Роже!


ЛЕГРЭН (Жербьенiң бауырына кiрiп, өксiгiн баса алмайды): Бұл өмiрде ешкiм жоқ. Армельден айрылдым. Ол қазiр өзiнiң айта беретiн құдайына барып жеткен де шығар. Оған соншалықты сенетiн едi. Ал мен Армельдi ендi көре алмайтыныма тiптi де сенбеймiн. Кешiрiңiз менi… бұдан əрi шамам келер емес. Ендi бұл жарық дүниеде бiрде-бiр жақыным қалмады. Анда-санда болса да менiмен сөйлесiп тұрыңызшы, мосье Жербье, өтiнемiн сiзден?!


ЖЕРБЬЕ (ақырын): Бiздiң қарсыласу қозғалысының дəстүрiнде қиын- шылық кезде жолдасын жалғыз қалдырмайды. (үнсiздiк).


Естисiң бе? Қарсыласу қозғалысында! Осы сөздердi есiне сақта да, ұйықта. Қазiр бұл француз тiлiндегi ең қасиеттi сөз. Сен оны естiп үлгерген жоқсын. Ол пайда болғанда сен осы жерде сарғайып жатқан едiң. Ұйықта, мен саған бəрiн де айтып беремiн.


Күндiз. Барақтың алды. Легрэн мен Жербье ақырын аяндап жүрiп келедi.


ЖЕРБЬЕ: Түсiнесiң бе, фашистер танкiлерiмен баса-көктеп кiргенi- мен, көздерiнде ой жоқ, қуыс кеуде жандар.


Олар танкiнiң табанымен қандай заңды болса да басқа халықтардың санасына сiңiремiз, күшiмiз көп, сондықтан басқаларды үйрету үшiн жа- ратылғанбыз деп есептейдi. Олар еркiндiк пен ақыл ойдың дұшпаны. Францияда да олармен пiкiрлестер табылды. Бəрi бiрiгiп ойлы жан- дардың көзiн жоймақ. Əлi өмiр жолын бастап үлгермеген сенi темiр торда шiрiткiсi келедi. Армельдi өлтiрген де солар. «Фашистерге бас иiңдер, келiсiмпаз болындар, күлiмдеп тұрыңдар», – деп жар салады сатқындар, басқыншылар өте кеңпейiл деп уағыздайды герман дивизияларына арқа сүйеген олар. Мiне, осылай даурығып жүргенде қарсыласу қозғалысы туды. Қазiр бостандық қаны француз жерiнiң күре тамырында аға бас- тады. Немiстер мен оның жалдаптары осы өркендi жұлып тастау үшiн жанталасқанымен, ол қаулап өсiп, қара орманға айналады. Кiм қарсыласу қозғалысына кiрсе, сол алдымен қарауылға фашистi алады. Сонымен бiр- ге барша сатқындарға – бiздiң лагерьдiң комендантына, өзiң жиiркенiштi iстерiн күнiне көрiп жүрген полицейлерге қарсы кезейдi.


 


ЛЕГРЭН: Олар газеттерiнде өз ойларын ашық жазудан қорықпай ма?


ЖЕРБЬЕ: Жоқ, қорықпайды. Ол газеттердi шығарушылардың есiмiн де ешкiм бiлмейдi, бiрақ оларға ескерткiш орнататын күн де туар əлi. Сен оны əр бұрышта сатылатын газеттердей сəндi екен деп ойлап қал- ма. Басылымы жаман, қағазы көрiксiз кiшкентай ғана сұрғылт беттер. Полицейлер, тыңшылар, сатқындар ол сұрғылт беттердi жанталасып iздейдi, аңдиды, ұстап та жатады, бiрақ газет шығады. Олар француз жерiн шарлап, тарап кетедi. Газеттiң əрбiр жолы – бостандықтың, еркiн ойдың сəулесi.


ЛЕГРЭН: Менiң əкем баспаханада iстеген, сондықтан түсiнемiн.


Бiрақ газеттердiң саны аз шығар.


ЖЕРБЬЕ: Жоқ, олар өте көп. Қарсыласу қозғалысындағы əрбiр топ өзiнiң газетiн шығарады. Жұмысшылардың, дəрiгерлердiң, мұға- лiмдердiң, студенттердiң өз газеттерi бар.


ЛЕГРЭН: Коммунистерде де бар ма?


ЖЕРБЬЕ: Əрине. «Юманите». Дəл соғысқа дейiнгiдей.


ЛЕГРЭН (ыстық ықыласпен): «Юма», «юма»… (жөтел қысып кетедi.)


ЖЕРБЬЕ (ойлы): Қарсыласу қозғалысы қашан, қалай басталды? Оны ешкiм де дəл бiлмейдi. Мысалы, əкесi сатқын болып шыққан бiр бала өз еркiмен жасырын жауынгерлiк топқа барып кiредi. Кейiннен гестапоның қолына түскенде ол анасына былай хат жазған: «Қадiрлi ана, əкем жаққан күйеден бiздiң ар, намысымыз тазарды. Нағыз фран- цуз болып өлемiн. Қош», – дептi. Парижде фашистердiң көп адамын қырғынға ұшыратқан бiр оқиға болды. Бiрақ оны ұйымдастырушылар да қолға түсiп қалды. Тұтқындар таң алдында атылатындығын бiлiптi. Сонда орталарындағы бiр жұмысшы түнiмен күлдiргi əңгiмелер айтып, iшек-сiлелерiн қатырса керек. Бұны түрменiң священнигi отбасыларына жеткiзiптi.


ЛЕГРЭН: Айтыңызшы… мосье Жербье, араларында коммунистер болмады ма екен?


ЖЕРБЬЕ: Əрине, олардың көпшiлiгi коммунистер болатын. Ал со- лардың бiрi – коммунист Габриэль Пери өлер алдында бүкiл қарсыласу қозғалысының ұранына айналған «Мен бақыттымын, өйткенi сəулеттi келешектi дайындаудамыз» деген сөздер жазып кетiптi. Қымбатты Роже, сенiң бұл сөздi өмiр бойы есiңнен шығармауыңды қалаймын. Қазiр коммунистер мен басқа француздардың арасында түсiнiспеушiлiк, күдiк жоқ. Бiз бiр күрестi жүргiзудемiз. Ал жаулар ең ауыр соққыны коммунистерге жаудыруда. Оның себебiн де түсiнемiз. Өйткенi олар батыл да ұйымшыл. Олар бiздi сүйедi, бiз де оларды сүйемiз.


ЛЕГРЭН (сыбырлағандай): Айта берiңiз, мосье Жербье, тағы да айта түсiңiзшi!


ЖЕРБЬЕ: Қарсыласу қозғалысына қатысушының өмiрi аса қауiп- тi екенiн бiлесiң бе? Оларда ешқандай құжат жоқ, бар болса жалған, басқа адамдiкi. Азық-түлiк карточкасы да болмайды. Аштан-аш, кез келген жерде, шатырда, яки қақыраған қоймада түнеп шығады. Үнемi


 


қуғын көрiп, қашып жүредi. Бiрақ ол жалғыз емес. Оған құлға айналған халқының махаббаты мен сенiмi жiгер бередi.


ЛЕГРЭН: Мосье Жербье, сiз қарсыласу қозғалысындағы басшы- лардың бiрiсiз бе?


ЖЕРБЬЕ (күдiктене қарайды, артынан сабырмен): Мен бiр ұйым- ның штабында iстедiм. Оны ешкiм бiлмейтiн, тегi бiреу жеткiзсе керек, Тулузада ұстап, осында əкелдi.


ЛЕГРЭН: Мұнда қанша ұстамақ?


ЖЕРБЬЕ: Ол жағы маған байланыссыз ғой. Мұндағылардың жағ- дайын өзiң де жақсы бiлмейсiң бе?


(Легрэн ойланып тұрып қалады.)


 


Түн. Полковник, коммивояжер, аптекарь ұйқы құшағында. Iрi планда Жербьенiң бетi. Оған қарай жылжып, жақындаған Легрэн көрiнедi.


 


ЛЕГРЭН (аптығып, сыбырлай сөйлейдi): Менде қандай идея пайда болғанын бiлесiз бе? (Жан-жағын шола қарайды.) Сiздiң тез арада бұл жерден қашуыңыз керек. Иə, иə! Оған қандай бөгет бар? Тiкендi сым қоршау мен күзетшiлер ғой. Сым қоршауға келетiн болсақ, бұл жердiң бетi тегiс емес, сiз сияқты арықша адамдар өтiп кететiн орын табылады. Тек аздап қана тырнауы мүмкiн.


ЖЕРБЬЕ: Мен ондай жердi бiлемiн.


ЛЕГРЭН: Олай болса, қиыны күзетшiлер ғой. Соқыр соқпаққа дейiн жүгiрiп жетiп, сым темiрдiң астынан өткен соң, адырлардың арасына барып жасырыну үшiн сiзге қанша уақыт керек?


ЖЕРБЬЕ: Он екi, ұзағанда он бес минут.


ЛЕГРЭН: Күзетшiлер он бес минуттан артық соқыр болып қалатын жағдайды жасай аламын.


ЖЕРБЬЕ: Бiлемiн. Тəжiрибелi электрикке күнi бұрын кiшiгiрiм ава- рия дайындап қою қиынға түспейдi.


ЛЕГРЭН (таңырқап): Солай ма? Бiле тұрып, маған бiр рет те айт- пағаныңыз қалай, тiптi сездiрмедiңiз ғой.


ЖЕРБЬЕ (сынай қарап): «Осындай мүмкiндiгi бола тұрып, өзi неге пайдаланбайды», – деп ойлайтынмын.


ЛЕГРЭН (ұзақ жөтеледi): Бұл туралы Армельге де айтып көрдiм. Өз жағдайына тез бас игендiктен бе, көнбедi. Бiр жағынан оның айтқа- ны да дұрыс. Мына киiммен, документсiз, азық-түлiк карточкасынсыз қайда барамыз?! Одан соң Армель ауырып қалды. Мен оны тастап кете алмадым. Өз денсаулығым да айтарлықтай емес. Сiздiң жағдайыңыз мүлде басқа. Сiздiң достарыңыз…


ЖЕРБЬЕ: Сигарет сататын күзетшi арқылы олармен байланыс орнат- тым. Бiрер жетiде бiз бұл жерден кетемiз.


ЛЕГРЭН (орнынан тұрып отырады, сыбырлап): Сiз, мосье Жербье,


«бiз» дедiңiз бе?


ЖЕРБЬЕ: Əрине, сен қалай ойлап едiң?


 


ЛЕГРЭН: Мен де солай ойлаушы едiм, бiрақ оған сенуге батылым бармайтын.


ЖЕРБЬЕ: Демек, сен менiң қашуыма жағдай жасап, осында өзiң қалуға бекiдiң бе?


ЛЕГРЭН: Иə, солай шешкен едiм.


ЖЕРБЬЕ: Олай ойлауға қалайша батылың барады?!


ЛЕГРЭН: Сiз Қарсыласу қозғалысына керексiз, мосье Жербье, бос- тандықта болсаңыз оларға пайдаңыз көбiрек тиедi…


(Жербьенiң қатты толқығаны сезiледi. Темекi тұтатпақ болады, бiрақ сiрiңке шиi сына бередi).


 


Барақтың iшi. Полковник, аптекарь, коммивояжер үшеуi бұрын- ғыша домино ойнап отыр. Жербье киiмiн жамауда. Легрэн жоқ.


 


ПОЛКОВНИК: Байқайсыздар ма, бiздiң кiшкентай коммунист соңғы күндерi айрықша өзгерiп кеттi. Тiптi жұмысқа бара жатып əндететiнiн қайтерсiң.


КОММИВОЯЖЕР: Көктем ғой, көктем!


АПТЕКАРЬ: Адам бəрiне де көндiгедi. Ол бейшара да бiз сияқты пенде емес пе?!


ПОЛКОВНИК (Жербьеге): Мосье, бұл сiздiң ықпалыңыз болар, құттықтаймын!


ЖЕРБЬЕ: Мен де көктемнiң əсерi ме деп ойлаймын. Жас қой.


Барақтың жаны. Легрэн оңаша отыр. Бақытты адамның шырайы танылады. Жанына Жербье келедi.


ЖЕРБЬЕ: Сен жұрттың назарын ретсiз уақытта өзiңе аудара бас- тадың.


ЛЕГРЭН (кiнəлi үнмен): Бостандыққа шығатын қуаныштан ба, байқамай қалыппын.


ЖЕРБЬЕ: Олардың сезiктенуi мүмкiн, жұртты өзiңнен ақымақ санауға болмайды.


ЛЕГРЭН: Ренжiп қалдыңыз ба, мосье Жербье, кешiрiңiз. ЖЕРБЬЕ: Жарайды… жарайды, қойдық!


ЛЕГРЭН: Одан да оқиғаны басынан бастап айтып берiңiзшi. ЖЕРБЬЕ: Кеше де, бұрын да бақайшағына дейiн шағып, түгел түсiн-


дiрген едiм ғой.


ЛЕГРЭН: Дегенмен де… күнiне бiр естiмесем, солай болатынына сене алмай ұйқым қашады. Бiзге машина келетiнi анық па?


ЖЕРБЬЕ: Иə, газогенераторлы машина. Онымен Гийом келер деп ойлаймын.


ЛЕГРЭН: Əлгi сайтанның өзiн де отырғызып кететiн шетелдiк легионның бұрынғы сержанты ма? Бизон деп аталған сержант қой!


ЖЕРБЬЕ (басын изейдi): Машинада киiм болады. Содан бiздi жасырын үйге апарады. Одан əрi көре жатармыз.


ЛЕГРЭН: Ал достарыңыз бiздi құжаттармен қамтамасыз етедi ғой.


 


ЖЕРБЬЕ: Жəне азық-түлiк карточкасымен.


ЛЕГРЭН: Сонан соң менi коммунистермен таныстырар ма едiңiз, мосье Жербье? Қарсыласу қозғалысында жұмыс iстеуге де қалар едiм.


ЖЕРБЬЕ: Оған уəде беруге болады.


ЛЕГРЭН: Бiз кездесiп тұрамыз ғой, солай емес пе? ЖЕРБЬЕ: Егер сен байланысшы болсаң.


ЛЕГРЭН: Мен дайынмын.


ЖЕРБЬЕ (кетуге ыңғайланады): Ал жақсы.


ЛЕГРЭН: Мосье Жербье, Бизон туралы тағы айтыңызшы, өтiнемiн сiзден.


Түн. Барақтың iшi. Легрэн мен Жербье оңаша. Жербье қалтасынан сигарет алып оның iшiнен бiр жапырақ қағаз шығарады.


ЖЕРБЬЕ: Бəрi де ойдағыдай, Сенбi күнi аттанамыз.


ЛЕГРЭН: Ендi төрт күннен кейiн… (булығып жөтелiп, əлсiреп қалады) Кешiрiңiз… басым айналып кеттi. Қуаныштан ғой.


ЖЕРБЬЕ (оның басын ұстап): Сабырлы бол. Сырыңды сыртқа шы- ғарма, Роже. Сенбiге дейiн күш жинауың керек. Бiз ең аз дегенде бес километрдей жер жүремiз. Сен менiң тамағымды да iшуiң керек.


ЛЕГРЭН: Жақсы, мосье Жербье.


ЖЕРБЬЕ: Аз ұйқтап жүрсiң. Ертең дəрiгерге барып ұйқтайтын дəрi сұра, жарай ма?


ЛЕГРЭН: Жарайды, мосье Жербье. ЖЕРБЬЕ: Ендi ұйықта.


(Легрэн аунап түседi. Ұзақ ұйқтамайды).


Сағат шиқылы ақырын басталып, бiртiндеп үдей түседi.


Сағаттың өзi iрi планда көрiнедi. Екiншi экспозицияда күнпарақ беттерi баяу ашылып «Бейсенбi» деген жазуға тоқталады. Барақтың алдындағы тастың үстiнде Легрэн мен Жербье оңаша тамақ iшiп отыр. Легрэн бiр-ер қасық iшедi де, қайта қояды.


ЖЕРБЬЕ: Неге iшпейсiң?


ЛЕГРЭН: Батпай отыр, жүрегiм де айнып кеттi.


ЖЕРБЬЕ: Онда менiң де нанымды ал, жұмыс үстiнде жейсiң.


(Легрэн нанды қалтасына салады. Орнынан тұрғанда буындары қалтырып, шайқалып кетедi). Өңiң қашып кетiптi ғой. (Легрэн үнсiз жүрiп кетедi.) Жас қой, шыдайтын шығар.


Кадрда сағат. Оның тықылы тағы да үдей түседi. Екiншi экспозиция- да күнпарақ. Iрi планда «Жұма» деген жазу. Шаң-шұң дауыстар естiле- дi. Көздерi бақырайған аптекарь, коммивояжер көрiнедi. Аптекарьдiң қолындағы доминосы түсiп жатыр. Легрэннiң даусы: (Арам буржуй!) Легрэн барақтан шығып есiк алдындағы Жербьеге келедi.


ЖЕРБЬЕ: Саған не болған?


ЛЕГРЭН: Жай, еш нəрсе емес, мосье Жербье.


 


ЖЕРБЬЕ: Жоқ, мен сенiң жауап беруiңдi өтiнемiн. Маған сенбейсiң бе, əлде жүйкең шыдамай жүр ме? Мен тарапынан айтылған сөздiң бəрi де орындалады.


ЛЕГРЭН: Оны бiлемiн, мосье Жербье. ЖЕРБЬЕ: Ал сен ше?


ЛЕГРЭН: Жұмыстың таза iстелетiнiне шек келтiрмеуіңiзге болады. ЖЕРБЬЕ: Онда бұл не?


ЛЕГРЭН: Өзiм де бiлмеймiн, мосье Жербье, адал сөзiм… Басым ап- ауыр, зiлдей. Жүрегiм қысады…


ЖЕРБЬЕ: Мүмкiн, ұйықтайтын дəрiнi көп iшiп қойған шығарсың. ЛЕГРЭН: Солай болса керек.


ЖЕРБЬЕ: Ертең машинаны, онда отырған Бизонды көрiсiмен-ақ жазылып кетерсiң.


ЛЕГРЭН: Бизонды…


Сағат таңертеңгi 10. Екiншi экспозициядағы күнпарақ бетiнен


«Сенбi» деген жазу көрiнедi.


ЛЕГРЭН (қолындасағат тəрiздi механизм): Бəрi де дайын. Түнгi сағат он екiде мына механизм арқылы станция iстен шығады. Маубастар оны жөндеп үлгергенше ең кемi қырық минут керек. Сенуiңiзге болады.


ЖЕРБЬЕ: Оны шебер орындауыңа ешбiр күдiгiм жоқ. Ендi еркiндiкке шықтық деп есептей бер.


ЛЕГРЭН: Рахмет, мосье Жербье!


Iрi планда сағат кешкi сегiз. Күнпарақта «Сенбi» деген жазу. Пол- ковник, коммивояжер, аптекарь үшеуi қызу таласып домино ойнап отыр. Сағаттың тықылы дамылсыз үдей түседi.


Сағат кешкi тоғыз. Сырттан полицей кiрiп келедi. Жербье мен Легрэн сезiктене қарайды. Түгендеу. Полицей тұтқындардың атын атап түгендейдi де, есiктi сырттан бекiтедi.


Сағат он бiр жарым. Сағат тықылы үдей түседi. Камера iрi планда ұйықтап жатқан полковниктi, аптекарьдi, коммивояжердi көрсетедi. Бiреуi ояу тəрiздi, сəл қозғалады, қайта қорылдап кетедi. Жербьенiң жаны темекi тұқылына толып қалған. Орнынан жайлап тұрып, жан- жағына қарайды. Сағат тықылы үдей түседi. Еппен басып есiкке барады. Қалтасынан бiр темiрдi алып, құлыпты бұзып ашады. Есiк- тен прожектор жарығы көрiнедi. Қайтадан өз орнына келiп отырады. Сағат он екiге 15 минут қалған.


ЖЕРБЬЕ: Дайындал, Роже, ендi көп қалған жоқ.


ЛЕГРЭН (тамағы құрғап, жалынышты): Сiзге айтар бiр сөзiм бар, тындаңызшы. (алқынып) Мен қашпайтын болдым.


ЖЕРБЬЕ (шошып кеткендей, жалт қарайды, өзiн əрең басып):


Немене, қорқасың ба?


ЛЕГРЭН: О, жоқ, мосье Жербье!


ЖЕРБЬЕ: Əлде өзiңдi əлсiзбiн деп санайсың ба? Керек болса, сенi көтерiп жүруге де əзiрмiн.


 


ЛЕГРЭН: Жүруге жараймын, одан əрi де баруға күшiм жетедi. (Пауза, сағат тықылы) Сiзге бəрiн де түсiндiрейiн, мосье Жербье, тек сөзiмдi бөле көрмеңiз. Көп нəрсенi айтып үлгеруiм керек, бұл маған қазiр өте ауыр. (Өкпесi сырылдап булыға жөтеледi.)


Сiз айтысымен-ақ ұйқтайтын дəрi алуға дəрiгерге барған едiм. Ол шал бəрiн де түсiнетiн, маған өте жақсы қарайтын адам. Армель екеуiмiздi осы бараққа орналастырған да сол. Əйтеуiр төбесiнен жаңбыр ақпайды, еденi құрғақ қой мұның. Бұдан артық не iстей алсын. Ал бiрақ онымен əңгiмелесу бiр ғанибет. Мiне, сол шал менiң өте азып, жүдеп кеткенiме қатты қиналды. Айналдырып көп қарады, кеудемдi де көп тыңдады. Айтқанының бəрiн ұқпадым… Бiрақ бiр жақ өкпемнiң баяғыда-ақ құ- рығанын, екiншi жағын да құрт жеп тауысуға айналғанын түсiндiм. Менiң бұл жерден аман құтыла алмайтынымды айтып аhлап-үhлеумен болды. Ал егер еркiндiкке шықсам не болар едi деп сұрағанымда, екi жыл санаторий, сонда ғана қатарға қосылуың мүмкiн дейдi. Ал онсыз менiң бiткенiм. Мен одан басқа соққандай мең-зең болып шыққанымды өзiңiз кеше көрдiңiз. Дегенмен менiң ой қиялымды қарсыласу қозғалысы жайлап алды, басқа еш нəрсеге де зауқым жоқ. Сондықтан да бүгiн таңертең сiзбен бiрге кете алмайтынымды əбден түсiндiм.


ЖЕРБЬЕ (дегбiрi қашып): Жоқ, жоқ, мен сенi қалдырмаймын. Ақша да бар, керек болса тағы да табамын. Сенi сенiмдi адамдардың үйiне орналастырып емдетемiн. Онда əбден сауыққанға дейiн, керегiнше тұратын боласын. Роже деймiн, сен қалуға тиiстi емессiң!


ЛЕГРЭН (сабырлы): Мен ол үшiн қашуға жиналғаным жоқ, мосье Жербье. Байланысшы болуды армандап едiм… Ендi өзiмнiң күйiмдi күйттеп, жолдастардың масылы болуға арым шыдамайды. Мен ендi оның не екенiн жақсы түсiнемiн.


(Жербье оны бөлгiсi келедi, Легрэн дамылсыз сөйлей бередi. Сағат тоқылы жиiлей түседi).


Мен өзiмдi бұрынғыдай бақытсыз сезiнбеймiн, өйткенi сiзден Қар- сыласу қозғалысы туралы естiдiм. Өмiр дегеннiң не екенiн түсiндiм, оны шексiз сүйемiн де. Армель сияқты, менiң де үлкен сенiмiм бар. Бiрақ əдiлдiк, бостандық маған о дүниеде керек емес, мосье Жербье. Достарға айтыңыз, асықсын деңiз, жауыздарға туған зауал шақты өз көзiммен көргiм келедi.


(Сағат шиқылы үдей түседi. Он екiге бiр минут қалған. Екеуi де есiкке жақындайды.)


ЖЕРБЬЕ: Аварияның неден болғанын анықтап, менiң қашып кет- кенiмдi көрген соң, сенi азапқа салады ғой олар.


ЛЕГРЭН: Бұдан артық маған не iстей алмақшы?! Қайта сiзге пай- дамды тигiземiн. Олар келгенде есiктен атып шығамын да, сiздiң бар- жоғыңызды байқатпаймын. Станцияны жөндеу кезiнде жарты сағат болса да кеңшiлiкте жүрiп, таза ауа жұтамын. Бұл кезде Бизон екеуiңiз тiптi ұзап кетесiздер.


(Жарық сөнедi. Екеуi де есiкке келiп жабысады.)


 


ЖЕРБЬЕ (табалдырықтан аттаған күйi, жалынышпен): Роже, ақырғы рет! Ақырғы рет қайта ойланшы!


ЛЕГРЭН: Ешқашан да басқаға салмақ салған емеспiн. Сiздерге де оралғы болғым келмейдi. Кешiгесiз, мосье Жербье, қош!


(Жербье оны қапсыра құшақтайды, сүйедi. Бұрылмастан қараң- ғыға сiңiп жоқ болады. Сағат тықылы үдей бередi. Легрэн терiс қара- ған қалпы есiктi бекiтiп, өз орнына келiп жатады. Жастықтың бұры- шын тiстелеп, үнсiз қалады. Көздерiнен моншақ-моншақ жастары тамшылайды.


Айғайлаған дауыстар, иттiң үргенi жақындай бередi.)


 


Қазақ теледидары,


1972 жыл


 





Пікір жазу