02.03.2022
  158


Автор: Сұлтан Оразалы

ҮЙЛЕНУ

 


(М.Əуезовтің əңгімесі бойынша жазылған телеинсценировка)


 


Бай ауылының бейнесi. Үй маңы қара-құра мал. Тартылған желiде байланған құлындар, үйездеген жылқы. Жайлаудың нақ төрiне көгiлдiр өлкеге қонған ауыл соншалықты əсем де көңiлдi (кинопленка).


Жетекшi кадр сыртында: Бұл – Байбосын қажының ауылы.


Үлкен қазақ үйдiң iшi жиhазға ерекше бай. Жұрт ырду-дырду, шу- ласып қымыз iшуде. Көңiлдi күлкi, ара-арасында мына сөздер естiлiп қалады:



  • Алыңыз – алыңыз!

  • Күйеу балаға құй!

  • Төренiң қымызын толтыр.

  • Құда-ау, алсаңызшы!

  • Жездекеме, жездекеме толтыршы!


Бiреуi домбыра алып, əн сала бастайды. Камера iрi планда бұл əр түрлi типтердi көрсетiп, олардың күлкiсiн, ойынын, қимылдарын берiп тұрады.


Кадрдың сыртында жетекшiнiң даусы:



  • Кеше екiндi кезiнде келген бес-алты кiсi күйеулер Байбосын ауы- лының қызығын молайтып, қыз-келiншек, бозбалалардың желiгiн көбейткендей.


У-шу ойын-күлкi, қалжыңдар əлi басылған жоқ. Көп дырду, күлкi арасында Матайдың домбыраға қосылып əн шырқағаны да естiледi.


Бiрнеше ақсақал-қарасақалдар көгал үстiнде малдас құрып, өзара əңгiме дүкен құруда. Сөздерi естiлмейдi.


Ауылдың қазiргi ажарына қарағанда жəне үлкендердiң ниетiне қа- рағанда бұл күйеулер қадiрлi қонақтарға ұқсайды.


Камера қайтадан жылжып, той болып жатқан үйдi көрсетедi. Iрi планда Қасым. Ол өз-өзiнен қампиып, iсiнiп отыр. Камера оны əр түрлi қалыпта бейнелейдi.


Қонақтарға ет əкелiнiп, соны жапырыла турап жатқан жiгiттер.


Етке жұтынып, көзiн сатқан Қасым. Қыз ойлаған қалпы жоқ.


ЖҮРГІЗУШІ: Бұның бiр себебi – күйеу болып отырған Қасым Қызылшiлiктiң жаңадан сайланған «Болатком» бастығы болатын. Өзi пəлендей батыр, өнерлi, өрелi жiгiт болмаса да, «Ата баласы ғой» деп атасының «аруағын» сыйлап, ел осыны болыс қойған. «Аузы қисық болса да, байдың ұлы сөйлесiннiң» керi болған.


Күйеулердiң бұдан басқа сыйлы болатын бір себебi – Қасымды болыс сайлаған нұсқаушы Оспан да осында едi.


Оспан – осы маңдағы үш-төрт болысқа келген сайлаушы. Өзi шала оқыған мұғалiм болса да, Қасымның айтуынша, «өнерiмен жетiлген» деп саналады. Ұлықтықты ұқсата бiлген, сый-сыяпатты тəуiр көретiн жiгiт болғандықтан, Қасым оның ау-жайын байқап, əдейi қонақ ретiнде


 


алып келген. Сайлаушы төренiң саяси пiкiрi қыр тұрмысына үйлеспесе де, «қазақты жақсы көргендiктен» анау-мынау ойларды былай тастап, бəйбiшенiң үстiне тоқалдыққа Байбосынның қызын алғалы отырған Қасым досының қасына ерiп келген.


Кадрда Оспан. Шiлтiрейiп, пенснесiн қайта-қайта түзеп қояды. Табақтан ет жеген сайын қалтасынан ақ орамалын алып, аузын сүрт- кiлейдi. Отырысы да олақтау, кекшиiп, аяғын жиi ауыстырады. Оған бəрi жапырылып шынтағына жастықтар үйедi. Iргеде отырған Қасым жалбақтап, қимыл-əрекетiмен жағымпазданып отырғанын көремiз. Өз қолымен сорпа əперiп, Оспанды зорлап ет асатады. Камерада бiресе Оспанның аузы, Қасымның қолы, бiресе екеуiнiң ыржиысып күлгенi, тамақ iшiсi, күлкi шақырар қылықтары iрi планмен көрiнедi.


ҚАСЫМ: Ту, бiрталай уақыт өттi ғой! Төре, қажыдыңыз-ау! Мына ырду-дырду шаршатқан болар? (жымиып.)


ОСПАН: Бiздiң қазақтың қазақшылығының өзi өстiп мылжиып отыра беретiнi емес пе? «Гулят» жасау, тамақ тарату дегендi бiлмейтiн халықпыз ғой. «Нишауа», ендi бiраз жүрiп қайтсақ та болар?


(Бəрi жапырылысып орындарынан тұрады.)


ОСПАН (елбектей): Жүрелiк, сергiп қайталық!


Есiк алды. Фонда жайлау суретi. Ауылдың маңындағы мал, жылқы көрiнедi. Оспан жанында Қасым, тағы бiрнеше серiгi бар, қыдырып келедi. Алыста жайылған қой, сиыр көрiнедi. (Қысқа ғана киноүзiндi арқылы беруге болады.)


ОСПАН: Жақсы, тамаша екен! Осының бəрi қазекеңнiң молдығы- ау, ə! Осы ауылдiкi болар бұл малдар! Ту…у…у…


Ана қарашы, аналарды қошақан дейдi ғой! ҚАСЫМ: Солай, төре, солай ғой!


Төрелер қозғалады. Камерада қысқа ғана киноролик. Онда желiде шыбындап тұрған жылқылар. Бiресе төре, бiресе жылқы кезек алмасады.


ОСПАН: Ыстықтап тұр-ау байғұстар! Əй, əй! Қазақ деген қандай


«жестокий». Байлап тастаған, ə!


ҚАСЫМ: Солай, төре, солай ғой!


Оспан бiраз ойланғандай болып тұрады да, iлгерi жүредi. Жерошақ басында құрт қайнатып отырған кемпiрге келiп, қолын қалтасына салып шелтиiп тұрады.


ОСПАН (күлiмсiреп): Бұдан не жасап шығарасың, кемпiр, ə? КЕМПIР: Құрт, қарағым.


ОСПАН (жанындағыларға бұрылып, жымиып): Өндiрiс осы ғой!


ҚАСЫМ (мысқылмен): Бiздiң қазекеңнiң осындай қазақшылығы болады ендi…


Кадрда Оспанның мысқылды, шелтиген түрi iрi планда көрiнiп, камера оның жүзiне таяй бередi.


 


ЖҮРГІЗУШІ: (Кадрдан тыс): Осыдан аз-ақ жыл бұрын құрт iшемiн деп жерошақты жағалап, шешесiнiң мазасын ала бергенде, басына


«таңқ» етiп талай тиген ожауды ұмытқан Оспан ендi құртқа өзi кiсiлiк көрсетіп тұрғанын қараңыз.


Жұрт қозғала бастайды.


ҚАСЫМ: Төре, оңаша бiр сөзiм бар едi.


ОСПАН: Айтыңыз, Қасеке! (Басқаларға қарап) Сендер бара берiң- дер! (Жұрт кетедi.)


Екеуi оңаша көгалға жайғасып отырады. Қасым тымағын көзiне түсiрiп жiберiп, жайлап сөйлей бастайды.


ҚАСЫМ: Төре! Мұнда маған жайсыздау бiр əңгiме болып отыр. Бұл Байбосынның қызын мен жаңада айттырғам ғой. Əке-шешелерi қызын бермекке риза болып, бiзден бiрталай мал да алып қойып едi. Ендi бұл уақытқа шейiн ай қарап жүрдi ме, бiлмеймiн, қызы: «Қатын үстiне тимеймiн, риза емеспiн, бостандықтың заманы, өзiмнiң көңiлiм сүйген кiсiге тиемiн! Оның жасы да үлкен!» – деп айтады дейдi. Əлi бұл сөз əкелерiнiң құлағына тимеген болса керек. Жаңа жеңгесi келiп, осыны айтып кеттi. «Сайлаушыға айтамын, басыма бостандық аламын, сотқа барамын!» – деп айтады дейдi. Сонымен кеше де, бүгiн де бiздiң қасымызға шақыртсам да келмей отыр. «Бармаймын» деп айтады дейдi. Ата-анасы батасын айтып, қызын беруге риза болған.


Құйрық-бауыр жесiп, құда болғанбыз. Оның үстiне, мiнеки – сiзге сый көрсетемiн деп, əдейi өзiңiздi ертiп келiп отырмын. Осыны қалай дейсiз? Қашқанның да, қуғанның да тiрегi сiзсiз ғой! Арыз беремiн деп отырғаны сiз екенсiз. Лайық көрсеңiз, өзiңiз соны сөйлесiп, ақымақтық қылма десеңiз қайтедi? Сiздiң сөзiңiзге тоқтайды ғой.


ОСПАН (ойланғансып бiраз ыңыранады): Жарайды, мен сөйлесейiн. Мұнысы қисынсыз екен. Қанша бостандық дегенмен, қазақтың қазақ- шылығына лайықсыз жұмыстың орны жоқ қой!


ҚАСЫМ (кеңкiлдеп, көңiлденiп): Төре-ау, тiптi, ендi декретiнде күйеуi келiп отырған қыз да бұзылсын деген бе? Мұнысын қойғызыңыз!


ОСПАН: Келiстiк қой… (Орындарынан тұра бастайды.) Айтқан соң орындаймыз…


Кадрда Оспан қыз есiгiнiң алдына келiп тұр. Арлы-берлi жүрiп, бата алмай тұрады да, бiраздан соң қалтасынан тарағын алып таранып, қоразданып, қақырынып, қыз отырған үйге кiредi. Оңаша үйдегi биiк төсек алдында машинамен iс тiгiп Жəмила отыр. Денесiне жарасқан ақ көйлегi, жасыл пүліш камзолы, оқалы тақиясы ерекше сұлу көрсетедi.


Жəмила қырын отырып, кiрген Оспанға назар салмайды. Оспан оның келiстi бейнесiне ерекше назар аударып тұрып қалады.


ЖЕТЕКШІ (Кадрдан тыс): Қалыңдық, қанша шақырса да, бұлар отырған үйге келмегендiктен, Оспан оның пiшiнiн əлi күнге көрмеген болатын. Қыздың сұлулығы оны ерекше таңдандырды.


 


ОСПАН (өзiне-өзi): Апырай, неткен əдемi едi! (Даусын естiртiп)


Сəлеметсiз бе?


Қыз ешбiр қымсынбастан көзiнiң қиығымен қарайды.


ЖƏМИЛА: Шүкiр!


Оспан қипыжықтап, ақырын мiңгiрлеп қояды. Қыз сəл жымияды.


Оспан төрге отырады.


ОСПАН (даусын шығарып): Ата-анаңыз атастырып қойған екен. Иə, оның үстiне, күйеуiңiз бiр елдiң болысы, ұлығы. Ендiгi «тимеймiн» дегенiңiз лайық бола ма? Иə, мен бұл сөздi тастауыңызды сұраймын!


Оспан себепсiзден күлiмсiрей келiп, ақырында мырс ете түседi. Сол- қылдақ. Қыз да ақырын езу тартып, жiгiттiң бетiне кiнəлай қарайды.


ЖƏМИЛА: Осы өзiңiздiң ойыңыздағы сөзiңiз бе? Жоқ, Қасымға ерiп келген соң, жолдастығын ақтайын деп айтып отырсыз ба?


ОСПАН: Əйтеуiр айттым ғой, əуелi менiң сөзiме жауап берiңiзшi! ЖƏМИЛА: Өзгенiң жөнi бiр басқа. Жалғыз-ақ сiздiң жеңгетай бол-


ғаныңыз қисынсыз емес пе? Əйелге бостандық əперетiн сiздер десек, өзiңiз бұны айтқаныңыз дұрыс па?


ОСПАН (күмiлжiп): Сiз менi жеңгетай деп «обижать» етесiз, мен оған ренжимiн!


ЖƏМИЛА (күлiмсiреп): Олай болса, жөнiңiзге көшiңiз! Өзiңiздiң жастығыңызға, орыныңызға, түсiнiгiңiзге қарағанда, осы сөз лайық па? Жоқ, басқа жұмыс лайық па – соны ойлаңыз!


Сөзден тосылып қалған Оспанның бетi iрi планда көрiнедi. Ойнақ- шыған көзi көңiлiне келген ойын жасыра алмайды. Камера iлгерiндi- кейiндi жылжып, оның арпалысқан ойын сездiредi.


ОСПАН (сөзi кадрдан сырт естiледi): Апырай, мына қыздың ашық- тығы, сөзшеңдiгi қандай? Пiшiнi де, мiнезi де неткен ұнамды едi?! Маған жаңа не дедi? «Басқа жұмыс лайық па – соны ойлаңыз» – дейдi. Не дегенi? «Өз көңiлiңдi неге ойламайсың» – дегенi ме? Апырай!


(Күлiмсiреп, жымиып, қызға қарай жылжи түседi.)


Кадрда Жəмила iрi планда. Ол да ойымен алысып отыр. Сөзi кадр- дан тыс естiледi.


ЖƏМИЛА: «Оқыған жiгiт» дегенiмiз осы-ау! Өзi қандай, сөзi қан- дай сыпайы!


Бiр-бiрiне үздiге қараған көздер кезек-кезек көрiнедi. Қызға бiрдеме деп күлiмсiреп сөз айтқан Оспан ақырын жылжи түседi. Қыз да қалжыңдап жанаса бередi. Бұл картина үнсiз берiледi.


ЖЕТЕКШІ ДАУЫСЫ: Ендi үмiт пен күдiктiң арасында алысып отырған шыдамсыз күйеудi ұмытып, сайлаушы «төре» өз əзiлiнiң жа- растығын iздей бастады. Қырдағы мүсiнi тəуiр əйелдiң бəрiне iстеп


 


жүрген дағдылы машығына салып, төре белгiлi тiлек айтуға ауысты. Қыз да қысылған жоқ.


Кадрда үздiгiп, тiлегiн күтiп бишара қалыпта отырған Оспан.


Жəмиланың алдына таяп қапты.


ЖƏМИЛА: Сiздiң сөзiңiз жерде қалмас, бiрақ менiң айтатын тiле- гiме өзiңiз де табылыңыз!


ОСПАН: Рас па, Жəмiш! (Ұмтылып келiп, шыдамсызданып қыздың қолын сүйедi.)


ЖƏМИЛА (қысылғандай): Қойыңыз, бiреу келiп қалар! ОСПАН: Қашан, ендi сiзбен қашан көрiсе аламын, Жəмiшжан!


ЖƏМИЛА: Айтқаныңыз жаңа, асыққаныңыз не? Əуелi менiң тiле- гiмдi естiңiз!


ОСПАН: Айта ғой, олай болса тiлегiңдi.


ЖƏМИЛА: Тiлегiм – бiздiң жақындығымыз аз күндiк жақындық болмасын. Лайық көрсеңiз, өмiрлiк жолдас болайық деймiн. Осыны қалай көресiз?


ОСПАН (тағы да ұмтылып келiп): Жəмiш! Менiң де айтқалы отырғаным осы едi. Ендi сөзiмiздiң байлауы да осы болсын, сен – менiкi, мен – сенiкi!


Камера қараңғы тартып, қайтадан жарықтанғанда шыдамсыз- данып күтiп отырған Қасым көрiнедi. Қайта-қайта жерден көгал жұлып, бiресе қолына түскен бұтаны құшырлана сындырып отыр. Жанына маңғаздана басып Оспан келедi. Қасым орнынан ұшып тұрады. Өңiнде үмiт-күдiк кезек көрiнедi.


ҚАСЫМ (сұраулы пiшiнде): Қалай?


ОСПАН: Сенен аянам ба? Қызды көп сөйлесiп, тəуiр-ақ көндiрмек- шi болып айналдырып едiм, болмады. Көнбедi маған. Ендi мен бабын таба алмадым.


Есi шығып тұрып қалған Қасым. Оспан маңғаздана басып жүрiп кетедi. Ауыл абыр-сабыр. Таңырқаған, ызаланған, бiр-бiрiмен сыбыр- ласқан, əр түрлi кейiптегi адамдар көрiнедi.


ЖЕТЕКШI: Осы күннiң кешiнде-ақ қыздың Қасымға «тимеймiн» деген сөзi бұл өлкедегi ауылдың бəрiне де жайылып қалды. Əке-ше- шесi қыздың мiнезiнен ұялса да, зорлық қылуға бата алмады. «Ертең болады» деген той жасалмайтын болды. Аяғында сол күнi түнде күйеу қасындағы жолдастарымен ақылдасып, елiне қайтпақ болды.


Кеткелi жиналып жатқан күйеулерге Жəмиланың əкесi келiп, iзет бiлдiредi.


БАЙБОСЫН (Қасымға): Қарағым, бала сөзiмiзге көнбей, бұзылып тұрғаны. Бiрақ бiзге 15 күнге рұқсат берсеңiздер, соған шектi көндiрiп, тентегiмiздi тиярмыз. Дəл 15 күннен соң келiп, баланы қолымыздан аларсыздар!


 


Қасымдар «мақұл, мақұл!» десiп қалады.


Түн, анда-санда түскен жарықтан зуылдап келе жатқан арбалы екi адам көрiнедi. Оның бiрi Оспан. Ол жан-жағына жалтақтап, қарайлап қояды. Бiр жерге келгенде арбаны тоқтатып, жерге түсiп күтiседi. Қараңғыға сүзiле қарайды. Құлақтарын тiгедi.


ЖЕТЕКШI: Арада 4–5 күн өткен соң, шабарман арқылы қызға бер- ген уəделi түнiнде Байбосын ауылының сыртында трашпөңкемен ке- лiп Оспан Жəмиланы күтiп тұрды. Байбосын ауылынан қайтқан соң да Қасым үйiнде жатқан Оспанның ойын ешкiм де сезген жоқ едi.


ОСПАН: Бiреулердiң дыбысы бiлiнедi. АТҚОСШЫ: Солар ма деймiн.


ОСПАН: Мiне, өздерi де келдi. (Жəмила мен жеңгесi келедi.)


Жəмiш, келдiң-ау!


ЖЕҢГЕСI: Ал, асығыңыздар. Жолдарың болсын! ЖƏМИЛА (арбаға отырады): Қош, жеңеше!


ОСПАН: Қош! Жұрт тұрып құлақтанғанша, бiз қалаға барып та қалармыз!


(Арба қозғалып, жолаушылар жүрiп кетедi).


ЖЕТЕКШI: Бұл iстiң төреден келгенiн ел-жұрт бiрер күннен кейiн ғана бiлдi.


 


Қазақ теледидары,


1968 жыл


 





Пікір жазу