02.03.2022
  157


Автор: Сұлтан Оразалы

КЕК

(Ел аузындағы аңыз бойынша жазылған теленовелла)


Толқи аққан өзен бойы. Таң жаңа атып келеді. Жар жағасындағы жартаста толқын бетiне шүйiрiлген қалпы, қылышына басын тiреп, терең ойға батып отырған Махамбет. Камера жылжи келiп оның ашулы көзiне тоқталады. Жалт-жұлт еткен жанарынан жыр оқығандайсың. Ақынның ойы кадрден тыс естiледi.


МАХАМБЕТ: Артымда қалған алғаным,


Қытайы қызыл көйлегi. Күнге қойсаң оңар ма? Мұндай қорлық болар ма? Ақсұңқар құстың баласы Қасқыр тартқан жемтiкке Ағармай көзi қонар ма?


Құрулы жатқан жебеге, Құрсағынан шалдырған, Асыра келiп ойласам, Бұл заманның шағында Махамбеттей зарығып,


Мұңды болған қайда бар?!


(Ойланып, толғанып отырып қалады.)


МАХАМБЕТ: Мұңды болған қайда бар? Арыстан туған Исаекем, теңiздей терең ақылың, тебiренбес ауыр мiнезiң осындайда керек едi. Туған жерден айрылып, қатын-бала, қара орман – бəрiн де жауға қал- дырып, шерменде болған Махамбеттiң сиқы мынау. Серкесiнен айры- лып, сергелдеңге ұшыраған ел анау.


Мiне алмаған алаға-ай! Шыға алмаған далаға-ай! Қара қазақ баласын,


Атаңа нəлет, Жəңгiр хан, жiбердi-ау Орынбор деген қалаға-ай!


Паналыққа жарамай, жолдастардан айырылып, бөрiдей бұғып, ел сағалап мен жүрмiн. Қайтермiн! Туған жер, шексiз кеңдiгiң берекем де, əрекем де болды-ау менiң. Аттасам шатым айырылар кең далаға ша- шырап кеткен сарбаздардың басын қоса алмай сандалдым ғой.


(Ақын қатты күйiнiште, толғаныс үстiнде. Жайлап басып Сарбөпе келiп тұрады. Махамбеттiң күйiн аңғарып, үнсiз тыңдап тұрып қалады.)


МАХАМБЕТ: Дүние-ай!


Айналайын, Ақ жайық,


Ат салмай өтер күн қайда? Еңсесi биiк боз орда


 


Еңкеймей кiрер күн қайда? Бiздi тапқан ананың Асыраған атаның Ризалықпен жайласып, Қолын алар күн қайда?..


Қайнаған қара бұлттай, қамалаған жауға қарсы бiткен жүрегiм, сен де тайсақтайын дедiң бе?


САРБӨПЕ (өзiне): Шамданса шалқасынан түсер асаудай, шамыр- қанса шатынап сынар болаттай, қарсыласқан дұшпанға найзағай мен жасындай, қайран ер, сен де қажыдың ба екен? Əлде сəл босаңсыған көңiлдi қайта суарып, көк сүңгiдей қайрағаның ба?


(Махамбетке) – Батыр! Қайда деп iздеп жүрсек? Осыншама ерте тұрып кеткенiңiз не?


МАХАМБЕТ: А, а, Сарбөпе! (Тұрып жанына келедi.) Достым!


Арғымақтың баласы Аз оттар да, көп жусар


Талаудан татқан дəнi бар. Азамат ердiң баласы


Аз ұйықтар да, көп жортар Дұшпанға кеткен ары мен Барымтаға түскен малы бар.


ұйқының өзi түрпiдей, қаумалаған көп ой жанға батады дағы.


САРБӨПЕ: Арғымақ жалсыз,


Ер малсыз,


Алланың не берерi болжаусыз. Жолдастарым мұңайма!! –


дейтiн өзiңiз едi ғой, батыр? Əлi де ала ту жығылған жоқ. Ала балта суырысып, тебiнiсiп келгенде кiм жеңерi белгiсiз емес пе?


МАХАМБЕТ: Солай ғой, Сарбөпе! Бұрынғы самсаған сарбазым жаным- да болмаған соң көңiл шiркiн толқиды да. Иə, өз iстерiң не болып жатыр?


САРБӨПЕ: Жiгiттер қызу қуаттап кеттi. Махамбет келсе, ардақты- мыз келдi, оның соңынан ермегенде қайда барамыз. Бөкейлiк батыр жалғызбын демесiн, еремiз соңынан десiп жатыр. Жан-жаққа хабар беруге шапқылап кеттi.


МАХАМБЕТ: Дырду, дүрмек емес, салмақты iс керек, сабырмен


iстеңдер.


САРБӨПЕ: Мақұл, батыр, ол жағын өзiмiз де ескерттiк. Тағы да ақыл- дасар бiр жай болып тұр. Көршi ел асқа шақырады. Келушiлердiң iшiнде Баймағанбет Сұлтан да бар көрiнедi. Жеке орда тiктiрiптi. Бiздi сынайтын сияқты. Барсақ тұзағына түсiп қалуымыз мүмкiн. Не iстеймiз?!


МАХАМБЕТ: Баймағанбет пе? (Көзi жайнап) Əлi де сары аурудай соңымда ма едi ол? (Түйiлiп) Жарайды. Дайындалыңдар!


САРБӨПЕ: Батыр, осы жолдан бас тартсаңыз қайтедi? Баймағанбет- пен бiрге жансызданып келгендер көп көрiнедi. Аңдығаны сiз сияқты.


МАХАМБЕТ: Сарбөпе-ай!


 


Қоғалы көлдер, құм сулар, Кiмдерге қоныс болмаған? Саздауға бiткен құба тал, Кiмдерге сайғақ болмаған? Таңдап мiнген тұлпарлар Иесiн қайда жаяу салмаған? Садағына сары шiркей ұялап, Жау iздеген ерлердiң


Қайда басы қалмаған? Iшелiк те киелiк Мiнелiк те түселiк Ойналық та күлелiк


Мынау жалған сұм дүние Кiмдерден кейiн қалмаған?


Өзектi жанға бiр өлiм емес пе, Сарбөпе? Баймағанбеттен қорқып бармай қалсақ, Махамбеттi жұрт кiм дейдi? Дұшпан мазағы намысты қорламай ма? Жалаң найза бiр атпен кезенген жауға кез келгенiм бiр бұл ма? Қанды кебе киiнiп, бiр Аллаға сиынып бұдан да өтермiн. Барамыз! Жəне де Баймағанбет сұлтан отырған орданың өзiне түсемiз.


(Екеуi iлгерi жүрiп кетедi. Қараңғылық.)


Камера қайта жарықталғанда бай жиhазды үйдiң iшi көрсетiледi.


Төрде Баймағанбет сұлтан жантайып жатыр. Маңайы толған жуандар. Барлығы қарқылдап күледi.


– Ха-ха-ха!


ЕСIК ЖАҚТА ОТЫРҒАН БIР ҚАРАПАЙЫМ ШАЛ: Кереметтей ер-


жүрек деп Махамбет ақынды да айтады ғой. Жəңгiр ханның ордасында көзiн бақырайтып қойып тұрып:


Хан емессiң, қасқырсың Қас албасты басқырсың. Достарың келiп табалап,


Дұшпаның сенi басқа ұрсын! Хан емессiң, ылаңсың,


Қара шұбар жылансың. Хан емессiң, аярсың, Айыр құйрық шаянсың! –


дептi ғой. Ха-ха-ха! Тiлi қалай мiрдiң оғындай едi десеңiзшi. БIРНЕШЕ ДАУЫС: Е-е, Алла-ай, ə! Нағыз ержүрек екен?! БАЙМАҒАНБЕТ: Тоқтат əрi, тəйтiктенбей! Махамбет түгiл, əкесi


Өтемiс айта алар ма екен ондай сөздi. Қайдағы бiр кезбенi кiсi қылып сөзiн айтып. Жəңгiр хан оның басын қырқып жiбермей ме?


БIР МЫРЗА: Жұрт соны «Батыр» десiп те көкидi ғой. Əлгi Сарбөпе- сiмен бiрге осы асқа шақырылған екен, сол батырсымағың ши түбiне тығылып қалмай, Байекеңнiң үстiне батып келе алса жарар. Ха-ха-ха.


ЕКIНШI МЫРЗА: Келсе дұрыс болар едi, өзiн тайша күзеп, қызыл тiлiн қырқып жiберейiн! Ха-ха-ха!


 


БАЙМАҒАНБЕТ (жанындағы мырзаға ақырын сыбырлап): Деген- мен əзiр болыңдар, қолдан алар кiм бар сол бiр жалғыз атты кезбенi, ол көкжал келуден де тайынбайды.


(Мырза басын изейдi.)


БIР ЖIГIТ КIРЕДI: Қонақтар келедi, қонақтар! Махамбет ақын бар


iшiнде.


БАЙМАҒАНБЕТ (жанындағыға): Айттым ғой, əне! МАХАМБЕТ, САРБӨПЕ: Сəлем бердiк, мырзалар!


БАЙМАҒАНБЕТ: Сəлемшi болсаңдар, төрге өрлеңдер. (Жанындағы мырзаға иек қағады.) Мына бөкейлiк батыр мен Сарбөпе мырзаға орын ығысыңдар. (Махамбет пен Сарбөпе отырады.)


Ал бөкейлiк батыр, атаққа анық, түске қанықпыз. Маған келiп жүз көрiс жасағаныңа рахмет! Сенi жұрт шешен деседi, əңгiмеңдi тыңдайық, сөйлешi кəне.


МАХАМБЕТ: Ə, ə, көптен ынтызар екенсiз, соны естiп өзiмiз тауып келiп отырмыз сiздi.


Мен құстан туған құмаймын, Бiр тұлпарға жұбаймын.


Сауырына қамшы тиген соң Шаппай нағып шыдаймын. Мен түбiн кескен бəйтерек Толқын соқса құлармын.


Ерегескендей ер болса, Соғысқандай жер болса, Бiрме-бiрге келгенде


Əлi де болса, Байеке, бiр тəңiрге жылармын.


Бəйеке, тiлiм қиғыр қылыштай, көкiрегiңiздi тiлiп кетсе, жаныңыз оған шыдар ма екен?


БАЙМАҒАНБЕТ: Ха-ха-ха! Асатпай жатып құлдық деп, айта алмай жатып бұлдық қылдың-ау, ақыным.


САРБӨПЕ: Батыр, тiленiп отыр ғой өзi, өңменiнен көк сүңгi болып өтiп кетсе де, айт, тая шалма!


КӨПШIЛIК ДАУЫС: Айт, айт! Сөйле, ақын!


МАХАМБЕТ (шүйiлiп, тiзерлеп отырады, ұшатын бүркiт сияқты):


– Ей, Баймағанбет!


Едiлдi көрiп емсеген, Жайықты көрiп жемсеген, Таудағы тарлан шұбар бiз едiк. Исатайдың барында


Қара қазан, сар бала


Қамы үшiн қылыш сермедiк. Шабытымыз келгенде Ерегескен дұшпанды Шетiнен сүйреп жеп едiк.


Баста дəурен тұрғанда,


 


Бiздер дағы, Байеке, Оза көшiп, кең жайлап, Еркiн жатқан ел едiк.


Ендi бүгiн ашынған Махамбетке ақыл айтқың келе ме?!


Рас! Едiл үшiн егестiк, Тептер үшiн тебiстiк. Жайық үшiн жандастық, Қиғаш үшiн қырылдық. Теңдiктi, малды бермедiк, Теңдiксiз, малға көнбедiк. Ханның кiрген ақ орда Бұзуын ойлап кеңестiк.


Аламанға жол бердiк Аса жұртты меңгердiк. Қара қазақ баласын Хан ұлына теңгердiк. Өздерiңдей хандарды Қабырғасын сөгiлтiп, Қабырғадан аққан қан Ат баурына төгiлтiп,


«Əдiл» жаннан түңiлтiп, Ат көтiне өңгердiк.


САРБӨПЕ: Тусаң – ту, тусаң – ту, жолбарысым! Ха-ха-ха! МАХАМБЕТ: Кешегi Исатайдың барында,


Алақандай Нарында Басушы едiм құлаштай. Жəбiр берiп, жала етсең,


Былғанған басым ыдысқа-ай. Мен бiр шарға ұстаған


Қара балта едiм, Шабуын таппай кетiлдiм,


Қайраса, тағы жетiлдiм… (Кекесiнмен) Көрмес, келмес деп едiм Өз еркiммен бетiңдi-ай!


Есiгiңнiң алдына


Ұрмай-соқпай келтiрген Арманың бар ма құдайға?


Мынау Махамбет сынды «жетiмдi-ай».


ЖҰРТ (ду етiп): Ха-ха-ха!


БIР МЫРЗА: Мына тiлiң кесiлгiрдi-ай. МАХАМБЕТ: Ей, Баймағанбет!


Едiл мен Жайық жер едi-ау Мекен еткен шаруаға.


Жағасы қорған жай едi-ау, Жай қоныстан айрылып,


 


Мен бiр қаңғып жүрген қарашы, Қайта-қайта iзденiп,


Менде қандай ауыр ақың бар едi-ау?


БАЙМАҒАНБЕТ (ашулы): Əлi де шеңгелiмнiң шегiнен шықтым дермiсiң? Адалымсып тұрғанын бұның! Жұлыныңнан үзiлер кезiң таянған болар, кезбе неме!


МАХАМБЕТ: Ей, тақсыр-ау, ей, тақсыр.


Боз орданы тiктiм деп, Боз ағашты жықтым деп, Ханым, ханым дегенге Көтере берме бұтыңды, Көптiре берме ұртыңды, Күндердiң күнi болғанда, Өзiңнен мықты жолықса,


Ту сыртыңнан жармай алар өтiңдi. Тəуекел хаққа бел байлап, Қималы найза өңгерiп,


Бозбалаға жел берiп, Атқа мiнiп шыққанда Ұлы төре, сенiң де, Көрер едiм күнiңдi.


БАЙМАҒАНБЕТ (ақырып): Қайдасыңдар, көп ит?! Кесесiңдер ме мынаның тiлiн, жоқ па? Əлде балтырымды қанатып, бөкейлiк көк бөрiге жұлқылатып қоюшы ма едiңдер?!


(Бiрнеше жiгiт Махамбетке тап бередi.)


БАЙМАҒАНБЕТ ЖIГIТТЕРI: Қысқарт тiлiңдi!


САРБӨПЕ (атып түрегеледi): Тоқтат! Хан азса, сөзiнен таяды, –


деп, қайқаңдарыңды бiлгенде несiне қайрадың? Айт, Махамбет!


МАХАМБЕТ: Беркiнiп садақ асынған,


Бiрiндеп жауды қашырған, Құйқылжыған құла жирен ат мiнген, Құйрық жалын шарт түйген,


Мен кескектi ердiң сойымын, Кескiлеспей бiр басылман.


Алдыңа келiп тұрмын деп, Ар, намысымды қашырман. Сүйегiм тұтам қалғанша, Тартылмай сөйлер асылмын. Ай, тақсыр-ай, ай, тақсыр, Бойың жетпес биiкпiн, Бұлтқа жетпей шарт сынбан! Айта келген сөзiм бар,


Не қылсаң да жасырман. Шамдансам жығар асаумын, Шамырқансам сынар болатпын,


 


Кəр қылар деп, «тақсыр-ау»,


Аяғыңа бас ұрман! Байеке, сұлтан, ақсүйек,


Қыларың болса, қылып қал, Күндердiң күнi болғанда, Бас кесермiн жасырман.


БАЙМАҒАНБЕТ ЖIГIТТЕРI (Қылыштарын суырып, тап береді):


Не дейдi?! Құртты-ау мынау!


БАЙМАҒАНБЕТ: Сен менi мұқатқанша қылша мойныңды талша қырқармын.


(Қылышын суыра бергенде, Сарбөпе тап бередi.)


САРБӨПЕ (Қанжарын кезеп): Махамбетке ұрынсаң, мына қанжар өз басыңды шабады.


(Елдiң бəрi өре түрегеп кетедi. «Қойыңдар, тоқтаңдар, ойпырмай» деген дауыстар шыға бастайды. Баймағанбет жiгiттерi тоқтап қалады).


МАХАМБЕТ: Мен, мен едiм, мен едiм,


Мен Нарында жүргенде Еңiреп жүрген ер едiм. Исатайдың   барында Екi тарлан бөрi едiм.


Ерегіскен дұшпанға Қызыл сырлы жебе едiм. Жақсыларға еп едiм Жамандарға көп едiм.


Ерегіскен дұшпанның, Екi талай болғанда, Азыққа етiн жеп едiм. Хан баласы, ақсүйек, Ежелден табан аңдысқан Ата дұшпан сен едiң, Ата жауың мен едiм.


Ежелгi дұшпан ел болмас, Етектен кесiп жең болмас! Хан баласы – ақсүйек, Байеке сұлтан сен болып,


Сендей нар қоспақтың баласы, Маған оңаша жерде жолықсаң, Қайраңнан алған шабақтай, Қия бiр соғып ас етсем,


Тамағыма қылқаның кетер дер ме едiм.


БАЙМАҒАНБЕТ (Маңайындағыларға ақырып): Шақырып ап тала- тып, арымды менiң таптатқан, ел ме еңдер, əлде жау ма еңдер түге?! Ел болсаңдар, ұстасыңдар мына қанқұйлыны! Қайдасыңдар?


МАХАМБЕТТIҢ ӨЛЕҢIН АЙТҚАН ШАЛ: Əй, тақсыр! Ақын айтса,


 


шынын айтты. Айттырған өзiң, бiз емес. Неге ақырасың? Асымызды төгiп, ортамызды шайқаған жоқ, халайық, бөкейлiк батырға жол берелiк.


Жолың болсын, Махамбет!


 


(Махамбет пен Сарбөпе қақ жарылған елдiң ортасымен шығып кетедi. Баймағанбет сарбаздары ұмсынған қалпы тұрып қалады.)


 


Киноға түсірілген көрініс. Құба жон. Жортып келе жатқан қос атты Махамбет пен Сарбөпе. Оларға біртіндеп əр саладан алғашқыда бірді-екілі, келе-келе топ-топ аттылар қосыла береді. Олар біртіндеп қалың қолға айналады. Мұңды басталған музыка біртіндеп жігерлі күйге ұласады. Ара-тұра Махамбет ірі планда көрінеді. Оның ішкі дауысы:


Қарағайға қарсы бұтақ бiткенше, Еменге иiр бұтақ бiтсейшi, Қыранға тұғыр қыларға!


Ханнан қырық туғанша, Қарадан бiр-ақ тусайшы. Артымыздан бiздердiң Ақырып теңдiк сұрарға.


 


Арман, арман! Көкiректе тулаған осы бiр асау тiлек тыныштық тап- тырар ма?! Əттең, дүние, ақ жұмыртқа, сары уыз, əлпештеп қолда өсiр- ген туған ұлдар туған жердi бiздей сүйiп, ата жолын қусашы! Бiрақ...


 


Ереуiл атқа ер салмай, Егеулi найза қолға алмай, Еңку-еңку жер шалмай, Ат үстiнде күн көрмей, Ашаршылық, шөл көрмей, Өзегi талып, ет жемей,


Ер төсектен безiнбей, Ұлы төске ұрынбай,


Түн қатып жүрiп, түс қашпай, Тебiнгi терiс тағынбай,


Темiр қазық жастанбай, Қу толағай бастанбай Ерлердiң iсi бiтер ме?


 


Қалың топ өте береді. Камера Махамбеттің көзіне тіреліп, оның ұшқын шашқан жанарын көрсетеді. Экран біртіндеп буалдыр түске айналады да, титрлар көрінеді.


Қазақ теледидары,


1967 жыл


 





Пікір жазу