ӨМІР ОЗҒАН САЙЫН ƏР КҮННІҢ ҚАДІРІ АРТА ТҮСЕДІ ЕКЕН
Бұл кісінің атақ-абыройы мен атқарған істерін тізбелемей-ақ қояйық. Бəрібір оған бір мақаланың көлемі аздық етеді. Бастысы – ол тəңір дарытқан талантының арқасында, қазақтың əдебиеті мен өнерінің алдындағы борышын өтеген адам. Сократ: «Пенденің бəрі философ, менің олардан айырмашылығым ойларымды қағазға түсіріп жаза аламын»,– деген екен. Шынында, қазір кім мақала жазбайды, кімдер пəлсапа соқпай жүр дейсіз? Көгілдір экраннан көріну де онша қиын дүние емес бүгінде. Ал Сұлтан Оразалының солардан айырма- шылығы – ол ішкі жан дүниесімен сезінгенін, таным-түйсігін, көрген- білгенін тұтастай өз ұлтын, халқының салт-дəстүрін, өнері мен мəдениетін дəріптеп, оны қалам қуатымен де, телевизия арқылы да тап басып, жеткізе алатындығында.
Ұлтын жанындай сүйетін ол қазақтың есебін түгендеймін деп жүріп, «ұлтшыл» атанып қысым көрді. Хрущев билік басына келіп, қазақ елінің болашағы бұлдыр тұманға айнала бастаған тұста халқымыздың көрген қорлығын айтып, жастарға «Үндеу» жазған да өрімдей жас Сұлтан Оразалы еді.
Оның маңдайына үнемі «тыңнан түрен салу, тақыр жерді гүлден- діру» жазылғандай. Телевидениенің өмірімізге жаңадан ғана еніп жат- қан тұсында соның ыстық-суығына төзіп, еңбек етті. Одан соң «Өнер» баспасының директоры кезінде қызыл өкіметтің сыңаржақ саясаты- нан қаймықпай, бар-жоғы жеті-ақ пайызбен шығып жатқан қазақ тіліндегі кітаптарды 75 пайызға жеткізеді. Тəуелсіздіктің алғаш- қы жылдары тұңғыш құрылған Тіл комитетін басқарып, тіліміздің дамуына үлес қосты. Сондай-ақ Сұлтан Шəріпұлы елімізде Авторлық құқық жөніндегі агенттіктің төрағасы болды. Ол «Парасат» ордені- нің, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағының иегері, ҚР Президенті сыйлығының лауреаты, медальдармен, тағы көптеген сый-құрметтермен марапатталған.
– Сұлтан аға, сізбен саясат, мəдениет, əдебиет, өнер, авторлық құқық, қазақ тілінің болашағы т.б. туралы еркін əңгімелесіп, оқушыға керек- ті тың ой, соны деректерді алатынымды білсем де, сөзіміз шашыраң- қы шықпас үшін бір-ақ мəселенің төңірегінде ой өрбіткенді жөн көріп отырмын. Ол – отандық телевидениенің кешегісі, бүгінгісі, болашағы. Жарты ғасыр толып отырған көгілдір экранның халқымыздың рухани өміріндегі орны ерекше екені белгілі. Сіз оған қалай келдіңіз?
- Ұлы Ғабит Мүсіреповтің бір мақаласында «Кешегісіз бүгін жоқ, бүгінгісіз ертең жоқ» дейтін сөздер бар еді. Бұл – ақиқат əсіресе өнер үшін маңызды. Өйткені өнерде жалғастық болғанда ғана дамиды, ал үзіліп қалса тоқырайды, біртіндеп тозып, өше бастайды. Оны көз алдымызда туған телевизия тарихынан да көріп отырмыз.
Мен университет бітірген соң жарты жылдай қазақ радиосының жастар редакциясында істедім. Сол кездегі Телерадиокомитетінің төрағасы Кенжеболат Шалабаев бір топ жастарды – Мақсұт Əубə- кіров, Марат Ақбаров, Валерий Буренков, Ким Утеулин жəне мені телевизияға жіберді. Бұл кезде енді-енді құрылып жатқан жаңа са- ланың шешілмеген мəселелері көп еді. Алдымызға қойылған талап та тым жоғары болатын. Жалғыз ғана телеарна, басқадай үйренер мектеп, үлгі алар орта жоқ. Барлық хабар тікелей эфирден жүргізіледі. Студиядағы телекамераның салмағы жарты тоннадай, оны сүйреуге де операторға күш керек. Бірақ жаңа өнердің айрықша қасиеті бізді үйіріп əкетіп, жастықтың қуатымен күн-түн демей еңбек еттік. Тікелей эфир бізді тəртіпке, əрбір секундты санай білуге, ойыңды жинақы ұстап, пікіріңді айшықты айтуға, адамдармен сөйлесу мəдениетіне үйретті. Миллиондаған адамның алдына айтарың болмаса шығудың өзі əбес- тік. Сондықтан журналист ретінде елді аралап, өмірді зерттеуге, кітап- ханаларды саралап, жатпай-тұрмай білім жинауға ұмтылдық. Теле- экран да қарыздар болған жоқ. Тез арада атымызды аспандатып, жылт еткен жақсы істерімізді халыққа жайды.
Жетпісінші жылдары Орталық телевизияның хабарлары көрсетіле бастады. Қазақ телевизиясы өз өнімін бүкіл елге тарататын болды, техника жаңарып, түрлі түсті телевизия келді, мүмкіндік арта түсті. Қазақ телевизиясында талантты мамандар топтасты. Олар қазақтың бай мəдениеті мен өнерінен, əдебиеті мен журналистикасынан, салт- дəстүрінен үйрене жүріп, телевизиялық туындыларын ұсынды. Енді өз мүмкіндігімізді Орталық телевизияның шығармаларымен салғас- тыратын болдық. Жақсы туындыларымызды бүкіл Советтер одағына, Одақтас республикаларға көрсетіп, олардан да үйрендік. Бұл бір қызғылықты күндер еді. Көкке шыққан, көңілі пəк балауса жастардай, жақсы хабарлар жасалғанда ұжым болып қуанатынбыз. Кемшіліктерді де бет-жүзің демей айтқанда бір-біріне теріс айналғандарды көргенім жоқ. Сондай шақ еді.
– Өмірбаяныңызға қарап отырсам, 24 жасыңызда үлкен бөлімді,
25 жасыңызда «Шұғыла» атты шығармашылық бірлестікті бас- қарып, 26 жасыңызда бүкіл қазақ тіліндегі бағдарламалардың Бас редакторы болыпсыз. Алпысыншы жылдардың аяғына қарай Əдеби- драмалық бағдарламалар Бас редакциясы құрылғанда соның тұңғыш басшылығына тағайындалдыңыз. Сіздің ықпалды қолдаушыңыз болды ма? Сол кезде əдебиет зерттеушісі, сыншы ретінде таныла бастадыңыз. Мына шулы ортадан тыныштау орынға ауысып кету ойыңызға келмеді ме?
– Жоқ. Талай ұсыныстар болды, соның ішінде Ғылым академиясы- ның Əдебиет жəне өнер институтына Əбділда Тəжібаев пен Əди Шəріпов те шақырды. Бірақ телевидениенің бір тылсым күші уысынан босатпады. Ал алғашқы сұрағыңызға келетін болсақ, мені қолдай қоятындай бірде-бір жақыным жоғары орында немесе телевизия бас-
шыларының арасында болған емес. Телеөнерге деген құштарлық пен бітірген істерімізді бағалады ма, əлде жаңа салаға жас күш қажет болды ма, кейде менімен келіспестен сыртымнан қызметке тағайын- дап жіберген кездері де болды. Бұл мансаптар креслода шіреніп оты- рып басқаратын емес, қатардағы қызметкерлермен бірге ақ тер, көк терің шығып хабар жасайтын, футбол алаңындағы шабуылшы-тренер- дің тірлігіне ұқсайтын. Оған қызығушылардың аз болғаны содан-ау деймін.
– Сіз бастаған шоқтықты істердің бірі – ақындар айтысының көгіл- дір экранға шығуы. Бұл хабарлар, міне, ширек ғасырдай телеарналар- дан түспей келеді. Қазір біраз дау-дамайға ілігіп жүрген «айтыстың» басталуы, қазіргі жай-күйі туралы кеңірек əңгімелессек ...
Бұл хабарды жасау идеясы 1971 жылдан бастау алды. Режиссер Ы.Қасымов екеуміз Семей қаласында Ертіс бойындағы үш облыс- тың ақын-жазушыларын жинап, «Қайнар көзі шабыттың» деген үл- кен хабарды республикаға көрсеттік. Хабарымызға белгілі айтыс ақыны Қалихан Алтынбаев қатысты. Ол кезде «Жазу мəдениетіне көшкендіктен, айтыс өнері тоқырады. Суырып салма ақындар жоқ» деген пікірлер зиялы қауым арасында үстем болатын. Айтысып жатқан ақындар да көрінбейтін. Сол жолы Қалекеңнен «Егер бір тақырып берсек, соған табан астында өлең шығара аласыз ба?» – деп сұрадым. Ол келісті. Хабар тікелей эфирде жүргендіктен, тақырып беру мен таңдауға көрермен тікелей қатысты. Семейде жаңа салынған «Ертіс» қонақүйі туралы ұсыныс тақырып ретінде қабылданды. Бір минуттай ғана ойланған ақын қыза келе, селдей ақтарылып, жырлап берді дей- сің. Əрең тоқтаттық. Міне, осылайша, табан астында, суырып салып өлең айту өнерінің өлмегендігін дəлелдедік. 1976 жылы «Өнер көзі – халықта» деген хабарда режиссер К.Қорғанова екеуміз екі ақынның айтысын тұңғыш рет телеэкранға шығардық. Оған Мұқаш Байбатыров пен Манап Көкенов қатынасты.
Ал 1980 жылы Мəдениет министрлігі қазіргі Ғ.Мүсірепов атын- дағы жастар мен балалар театрында үш күнге созылған республикалық ақындар айтысын өткізді. Мен бұл айтыстың жұмысына телевизия- ның атынан бастан-аяқ қатынасып, «Айтыс» деген атпен төрт сағаттық хабарды эфирден ұйымдастырдық.
Міне, осы талпыныстардан соң телеэкранда нағыз айтыс өне- рін жандандыруды қолға алдым. Алдымен Ғылым академиясының М.Əуезов атындағы Əдебиет жəне өнер институтының фольклор бө- лімінің қызметкерлерімен ақылдасып, жер-жерде айтыс өнеріне бейімі бар ақындардың тізімін жасадық. Оған Р.Бердібаев, М.Дүйсенов, Б.Уахатов, М.Байділдаев, А.Бұлдабаев т.б. ғалымдар көмектесті. Содан соң телевизиялық айтыстың сценарлық жоспарын жасадым. Онда айтыс жанрының түрлерін қамтумен қоса, терме, жыр айтушыларды да араластырып отыру көзделді. Айтыс ай сайын екі облыс өнерпаздары- ның арасында өтіп, бірінші айналымда жеңгендер екінші айналымға
шығып, одан жеңгендер соңғы айналымға қатынасып, бас жүлдегер анықталғанша жүргізілмек еді. Менің «Айтысты» талдап жасаған бағ- дарламам 1982 жылғы Қазақ телевизиясының тақырыптық жоспары басылған (ротопринтпен) кітапшада шықты. 1983 жылғы «Қазақстан коммунисі» журналының екінші санында болашақ айтыс туралы ой- пікірлерім жарияланды.
Бұндағы басты мақсат көгілдір экранның көмегімен өшіп бара жатқан өнерімізді тірілтіп, бүкіл халыққа жеткізу, кең айдынға шығару болатын. Екіншіден, айтыс пен телеөнердің табиғатындағы жақын- дықты ескердік. Ұлттық телеөнердің өзіндік бет-бейнесін ашып, бас- қаларды қайталамайтын тың түрін жасаймыз десек, онда айтыс тə- різді ежелгі өнерге табан тіреуіміз керек болатын. Бұл екеуі бір-бірін толықтырып, жаңа сапаға ие болса, ел жүрегіне жол табары сөзсіз. Үшінші – қазақ тілінің құдіретін танытып, оның ілгері дамуына ықпал ету, ұлтымыздың бейнелі ойлау қасиетін, көркем де бай тілі арқылы табан астында ғажайып сөз өнерін тудыратын қабілетін таныту.
Өкінішке орай, «Айтыс» хабарын бастауға сол кездегі Телерадио комитеті төрағасының бір орынбасары үзілді-кесілді қарсы болды. Ол кісі: «Сұлтан, айтысты көрсетсек, басымыз дауға қалады. Ақындар əр облыстың атынан түсетіндіктен, қарсы жақтың кемшілігін қазбалап, біреулердің шамына тиеді, тіпті жершілдік сөздерге жол береміз. Оны Орталық комитет қалай түсінеді?» – деп, əсіре сақтық жасады. Менің уəждерім өтпеді. Сөйтіп, 1983 жылы ақындар айтысы өтпей қалды. Осыны ескеріп, 1984 жылдың жоспарына оны «Бəйге» деген бүркеншік атпен кіргіздім. Талдықорған жəне Қызылорда облыстарының ақын- жыршылары қатысқан алғашқы хабарды, басшылыққа білдірмей, Алматыдағы офицерлер сарайының тар сахнасынан желтоқсан айын- да жазып, дайын болған соң көркемдік кеңестің құзырына ұсындық. Тұңғыш телеайтыс 1984 жылдың 1–2 қаңтарында Жаңа жылдық мереке күндері эфирден өтті. Ол қазақ қоғамында үлкен сілкініс жасап, өшкені жанып, өлгені тірілгендей əсер етті. Айналасы он шақты күннің ішінде мыңнан аса адам қол қойған жүздеген хаттар келіп түсті. Олар айтыстың тірі екеніне, оның бағы енді ашылатынына, болашағына зор сенім білдірумен қоса, телевизияның өзіндік бетін айқындағанын айтумен болды. Көп ұзамай мен Орталық партия комитетіне жауапты қызметке ауыстым да, өзім дайындаған екінші хабарды жүргізуге бара алмадым.
– Бұл телехабар – сіздің шығармашылығыңыздың жемісі, төл пер- зентіңіз емес пе? Басқа жұмыста жүрсеңіз де, оны жалғастыра беруге ұсыныс болған жоқ па?
– Болды. Камал Смайылов соның алдында ғана Телерадио комитеті- нің төрағасы болып тағайындалған еді. Обалы кəне, өзі келіп тілек білдірді. Бірақ ол кезде партия қызметкерлерінің телеэкраннан хабар жүргізу үрдісі болмайтын. Осы себеп болды ма, Орталық комитеттің хатшысы К.Қазыбаев рұқсат бермеді. Ал Жүрсіннің желі оңынан туды.
«Дайын асқа тік қасық» дегендей, бұл хабар оның өмірінің мəніне, тіршілігінің сəніне айналды.
– Жүрсін Ермановтың өткен жылы «Екі тізгін – бір шылбыр» деген мақалалар жинағы кітап болып шыққан екен. Сонда мынадай сөздер бар: «Телеайтыстың идеясын ұсынып, оны ұйымдастырған, өткізу принциптерін белгілеген екі кісі. Бірі – ақын, сол кездегі тележурналист Темірше Сарыбаев. Екіншісі – драматург, теледидарда күні кешеге дейін ұзақ жыл қызмет атқарған Əділбек Тауасаров. «Мəңгі көктем» жинағының алғы сөзін жазған А.Бұлдыбаев: «Айтысқа мұрындық бол- ған С. Оразалинов» депті. Бұл жаңсақ. Үйінде сырқаттанып жат- қан С.Оразалинов хабар əбден дайын болғанда оны жүргізу үшін шақырылған... Əділет, теңдік алсын деп, ақиқатқа қиянат болмасын деп, момын жігіттердің еңбегін мен де, басқа да еншілемесін деп айтып отырмын», – депті. Бұған сіз не айтасыз?
– Өткен жазда «Айқын» газетінің бетінде Ж.Ерман айтыс туралы өзіне жақпайтын пікір айтқан Г.Бельгердің басына «Қазақ əдебиетін- дегі» сұхбатында бір шелек жуынды құя салғанын мақтанышпен хабарлаған еді. «Жаман адам мақтанса, жақсының жағасын жыртқанын айтады» деуші еді бабаларымыз. Мынау соның кері ғой. Əйтпесе қазақ əдебиеті мен қоғамдық ойға зор үлес қосқан Г.Бельгерді қорлағанын мақтан тұтқанды кім дейміз? Əрине, мұндай адамнан алшақ жүргенді жөн көрсем де, үндемей қалу оның жаласын мойындағандай болып шығар еді.
Хош, жоғарыда келтірген үзіндіге оралсақ, ол осы сияқты сөзді 1991 жылы «Алматы ақшамында» жариялап, кезінде оған дəлелді жауабын бергенмін. Содан кейін ұзақ уақыт Ж. Ермановтың үнсіз қалғанына «е, ұяты оянып, қисынсыз өтірігін түйсініп, іздеген ақиқаты теңдік алған» болар деп жүретінмін. Бірақ олай болмапты.
Телеэкранға айтыстың қалай келгенін жоғарыда айттым, қайтала- маймын. «Бəйгені» (Айтыс) біз жасап едік деген сөзді Əділбектен де, Теміршеден де естіген емеспін. Олай айтылуы мүмкін де емес. Олар қарамағымдағы қызметкерлер болғандықтан, берілген тапсырманы ғана орындайтын. Рас, айтысты басшылардан өткізе алмай жүретінімді Əділбек білетін. Ал Теміршені аз ғана уақыт бұрын жұмыссыз жүрген жерінен редакцияға алғанбыз. Ол «Бəйгедей» күрделі хабарды ойлап таппақ түгілі, ол кезде студияның қай есігінен кіріп, қай жерінен шығатынын да білмейтін. Кейіннен өнер ашса, онысын мен көрмедім. Ал «əділет теңдік алсын» деп қормалсыған Жүрсіннің редакция билігі өз қолына тиген соң бұрын түсіне де кірмеген айтысты уысынан шығармай, «момын жігіттерге» есе-теңдік бермегені, «ақиқатқа қиянат жасауы» қалай? Шамасы шиманды жерді сезген болар.
Жүрсіннің сұхбаты жəне менің жауабым газетке шыққан соң «Ай- тыстың» режиссері Ш.Агишева мен Ə.Тауасаров екеуі «Өнер» баспасы- на мені іздеп келіп, Жүрсіннің сөзіне еш қатыстары жоқ екенін айтып, кешірім сұрады. Əділбек адал жігіт ғой, бір бет қағазға телеайтыстың
бас иесі С.Оразалинов екенін, Темірше екеуінің қолғанат болғанын жазып əкеліпті. К.Смайылов та жарияланған бірнеше мақаласында
«Айтысты» менің бастағанымды атап жазған екен. Кейіннен «Бəйге» (Айтыс) хабарының алтын қорда сақталған түпнұсқасы (Жүрсін өшіріп жібердік деп үміттенсе керек) жəне менің телесценарийім мұрағаттан табылды. Ол туралы «Аламан айтыста» көрсетілді де. Алғашқы айтыс түсірілген таспадағы титрларда «Хабардың авторы жəне жүргізушісі – С.Оразалинов» деп тайға таңба басқандай жазылған. Осының бəрін біле тұра, ұят ісін қайталаған Жүрсіннің мақсатын түсіну қиын.
– Дегенмен Ж.Ерманов айтысты ұзақ жылдар бойы жүргізіп келеді. Соңғы кезде ақындарды да қақпайлап, уысында ұстайтыны жазылып жүр. Ол «Айтыстың» арқасында нəпақасын айырып, пайда тауып жүргенін де жасырмайды. Бұл туралы Сіздің пікіріңіз қандай? Жалпы ол жүргізген айтыс хабарларына көңіліңіз тола ма?
- Егер əділетін айтсақ, ақындар айтысының үзіліп қалмай, телеэкран- да сақталып келгені оның ұйымдастыру қабілетінің жемісі. Ел ішін- дегі дарынды адамдарды іздеп тауып, ақындық қабілетінің ашылуына көмектесуі оңай іс емес. Бұл жолда табандылық көрсетіп келеді. Арасында өз нəпақасын ұмытпай, пайда табуы бүгінгі моральға қайшы келмейді.
Жалпы айтыс өнері – ол жеке адамдардың меншігі емес, халықтың ұлы мұрасы. Оны тудырған да халық, түп иесі де халық. Ал айтысқан екі ақын болса – олар өз сөздерінің иесі. Ақындар айтысы бұрын да, қазір де ауыл-ауылда, театр сахналарында ұйымдастырылып, жүріп жатыр. Сондықтан табиғи қалпындағы айтыс пен телеэкрандағы айтысты ша- тастыруға болмайды. Телеэкрандағы айтыс – арнайы авторлық сцена- рий бойынша жасалатын, режиссердің, телеоператордың, дыбыс режис- серінің, суретшінің т.б. творчестволық топтың біріккен еңбегі арқылы дүниеге келетін күрделі туынды. Оны авторлық құқық заңы қорғайды.
Ал көркемдік сапасына тоқталар болсақ, телеайтысқа тағылар мін аз емес. Жиырма жылдан бері хабардың көркемдік безендірілуі бір қа- лыптан өзгермеуі, төрде ілулі тұратын, «Бəйгеден» келе жатқан қанатты домбырының жаңғыртылмауы ізденістің мүлде жоқтығын аңғартады. Айтыс өтетін сахналар ауысып жатса да, ортадағы ақындарға арналған екі кресло мен шетте хабардың соқыр ішегі сияқты қонжиып отыратын жүргізуші, мүк басып мүжіле бастаған қара тас сияқты, бір өзгермей- ді. Айтыс басталмай-ақ талғамсыздық, қарабайырлық, жүргізуші- нің түйеден түскендей дүңк-дүңк еткен тұрпайы даусынан кейін (осы міндетті сахна сыртынан диктордың атқаруына болады ғой) айтысты тыңдауға зауқың да соқпайды. Телевизия техникасы мен хабарлардың дизайны барынша дамыған бүгінгі күнде бұндай жұтаңдықты қалай түсінеміз?
Ал ақындардың сөз сайысына келер болсақ, онда ара-тұра болса да ұшқыр ойлар, көркем жолдар, ақындардың қайталанбас шабытты сəттері кездесіп отырады. Телевизияның бір сəтте миллиондаған ти- ражбен тарататын техникалық қуаты жақсы ақындардың атағын тез-ақ
шығарады. Бұл дарынды адамдарға үлкен қолдау. Телеайтыс арқылы халықтың құрметіне бөленген ақындар қазір бір қауым болды.
Десек те, біз көрген телеайтыстардың көпшілігі көңілге толмайды. Бұл өнерде тапқырлық, ұшқырлық, білімділік, айту мəнерінің, дауы- сының сүйкімділігімен қоса, поэзияға қойылатын талаптардың бəрі безбенге түседі. Бірақ айтысты ұйымдастырушылар оны ескерместен, барқылдағанды да, шіңкілдегенді де олақ ұйқас, кеуек сөздерімен экранға шығара береді. Содан барып «шөп те өлең, шөңге де өлең» болған дəм-татусыз айтыстар көрерменнің көңілін қалдыра бастады.
Рас, сахнада айтысқа тосқауыл қою қиын болар, бірақ оны телеэкран- ға шығарарда монтаж арқылы іріктеп, қажеттісін сұрыптап алуға, тіпті нашар болса, кесіп тастау шығармашылық топтың қолында емес пе? Бірер ақынның көңілі үшін миллион көрерменді бос сөзбен қинаудың қанша қажеті бар?! Бұл бір жағы айтыстың бəсін түсіріп, сөз өнеріне деген талғамсыздыққа ұрындырады. Саны көп сұрықсыз айтыстардан гөрі айта жүрер сапалы біреуі артық емес пе? Телеэкранда таңдаулының таңдаулысы жүзден жүйрік қана қалуға тиіс.
– Бұл жерде ақын сөздерін монтаж арқылы редакциялау айтыстың негізгі принципі табан астында суырып салуға қайшы келмей ме? Халықтың көз алдында туған Біржан – Сара, Жамбыл – Құлмамбет т.б. айтыстар бір демде дүниеге келген туындылар. Олардың көркем- дік сапасы жазба поэзиядан кем емес қой.
– Қазақ даласында жүздеген, мыңдаған айтыстар болған ғой. Олар- дың көбі ұмытылған. Бізге жеткен айтыстардың өзі кейіннен тарату- шылардың өңдеуінен, халықтың сүзгісінен, талай ұрпақтың редак- циясынан өткенін ешкім жоққа шығармайды. Сөйтіп оның алғашқы бетте ет қызуымен ауыздан шыққан артық сөз, əлсіз ұйқас, шөп-шаламы түсіп, мəйегі ғана қалған. Біздің айтысты ұйымдастырушыларымыз болса, телекамера не көрсетсе, таспаға не жазылса, талғамастан, таң- дамастан айтыс осы деп ұсына береді. Ұлы Мұхтар Əуезов: «Ақын да тегінде исламның Алласы емес. Сілтегені перизат, сермегені кем қойғанда адамзат болып жаратылып қала бермейді. Жаза баспас қадам жоқ, жаңылмайтын қалам жоқ дер едік», – дейді. Бұл жазба ақындар туралы айтылған сөз. Ал айтыс ақындарында ауыздан шыққан сөзіне қайта орала алмайтындықтан, «əттеген-айлар» шаш етектен. Оны күлді-көмеш күйінде халыққа ұсынудың қажеті бар ма? Сондықтан телевизиялық монтаждың мүмкіндігін жете пайдаланып, сұрыпталған сөздерді, сəтті көріністерді, нағыз айтыстың өзін іріктеп көрсетсе, хабардың бағы жана түспес пе еді? Ал қазіргі көріп жүргеніміз бір- біріне ұқсас «əлəулəй» мен «əридайлар». Ең арзан оңай жолды таңдаған,
«жібекті түте алмаған жүн етедінің» кейпі.
– Телевизия зерттеушісі, филология ғылымының докторы Құдай- берген Тұрсын сіз туралы «Айтысты» кең сахнаға алып шыққан адам» дейді. Ал «Қазақстан» арнасы «Аламан айтысты» қайтадан тар студияға əкеліп тыққан жоқ па?
- Мəселе айтыстың қандай ортада өткенінде емес, эстетикалық биік талғамда көрсете білуде. «Аламан айтыс» болса, телевизияның көркемдік шарттарын біршама пайдалана білген, жүргізушісі жұғымды, режиссерлер ізденісі көрерменді еліктіріп əкетер əсері бар туынды. Ақындардың айтысына қойылатын талапты, жоғарыда айтқанымыздай, бұған да қоятындықтан, пікірімізді қайталамай-ақ қояйын. Ал осы хабардың жаңалығы – бұрын-соңды телеэкранда болмаған, бірақ халық ішінде өріс алған əн мен күй жарысы дер едім. Екі өнерпаздың аз ғана уақыттың ішінде əрқайсысы отыз шақты əн айтып, күй тартуы жəне екеуі де бірі айтып, тартқанын екіншісінің жетік біліп, іліп əкетуі ғажайып əсер береді.
Мен «Бəйгені» (Айтыс) алғаш жоспарлағанда өнердің барша түрін дамытуды, оның ішінде əн, күй жарысын да қамтуды көздеген едім. Тұңғыш хабардың өзінде айтыспен қоса жыршы, термеші, өтірік өлең айтушылар жарысының болуы соның кепілі. Кейіннен Ж. Ерман оның өрісін тым тарылтып, көп жылдар сахнада екі-ақ ақыннан қалдырды. Бұл оңай, қарабайыр жол еді. Ал «Аламан айтыстағы» ізденістердің өрісі кең, ел арасында айтыс ақындарымен қоса басқа өнерпаздардың шығуына жол ашады.
– Айтыс хабарына сын айтушылардың ішінде айтысты шоуға айналдырып жіберді деген пікір бар. Сіз бұған қалай қарайсыз?
– Əлімсақтан бері айтыстың өзі қазіргі тілдегі шоуға ұқсас болған ғой. Ақындардың сөз жарысы не бір шулы топтың ортасында, ойын- тойда, атақты жиындарда, көптеген адамдардың қатынасуымен, əрқай- сысының жанкүйерлері демеп, қолдап, ақыны сөзден ұтылса қорланып, эмоциялық шарпысулар шектен тыс асып-төгілген ортада өтпеуші ме еді?! Осыған байланысты оны қазақ сахарасының халықтық театрына теңейтіндер де бар. Айтысты бүгінгі заманның талабына сай түрлендіру, оны телеэкранда көрсеткенде жаңа формаларын тауып шығармашылық ізденісте болу, мазмұнына уақыттың мұңы мен сырын, тілегін сіңіріп, халықтың жүрегіндегі өзекті ойларды ақындар көркем де өткір айта білгенде ғана болашақ ұрпақтың кəдесіне жарайды. Əйтпесе ескіріп, қолданыстан шығып қалуы ықтимал. Сондықтан бұл халықтық өнерді белгілі бір топтардың табыс көзіне айналдырып, қанжығасына байлап беруден сақ болуымыз керек.
– Қазақстандағы көркем телевизияның негізін салушы, əр түрлі жанрда жазылған үш жүздей телесценарийдің авторы екеніңізді білеміз. Бұл туындылардың арасында кеңінен танымал болған, əлі күнге дейін өміршеңдігін жоймаған «Қымызхана» мен «Сұхбат» хабарларының орны айрықша. Мысалы, сіздің осы хабарларыңыздың эфирден көрсетілу жиілігі кейбір атақты көркем фильмдерден де асып түскенін оқыған едім. Осы екі хабарыңыздың туу тарихын қысқаша айтып берсеңіз?
– «Қымызхана» мен «Сұхбат» «Бəйгеден» (Айтыс) бұрын, жетпі- сінші жылдары дүниеге келді. Осы кезеңде Қазақ телевизиясында
үлкен серпіліс бар еді. Біз жаңа өнердің өзіндік бетін іздей бастадық. Ол, менің ұғымымда, халықтың əдет-салтынан, ұлттың өз бойында бар дəстүрлі өнерден тамыр тартуға тиіс болатын. Орынсыз қиялға берілмей, телевизияның көркемдік мүмкіншілігі (ол кездегі техника қарабайыр болатын) мен қаражатын есептей отырып, алғашқы көп- сериялы «Қымызхана» спектакльдерін қолға алдық. Оның атын, идеясын, тұрақты кейіпкерлерінің іс-əрекеті мен мінез-құлқын, дра- матургиялық өзегін, сахналық келбетін анықтаған соң, алғаш рет режиссер Ш.Агишева, суретші Е.Хасанов, редактор Ə.Тауасаровтарды шақырып, ақылдастым. Олар қуана қолдап, өз тараптарынан құнды пікірлер айтты. «Қымызхананың» төс-табанына өзім көрген оқиғалар мен адамдар алынды. Олар Шөңгебай, Теңгетай, Өкірештердің өмірлік прототиптері еді. Қалған кейіпкерлер жүре келе «қымызды кім ішпейді» деген принципте қалыптасты. «Қымызхананың» жиырма бес саны көрсетілді. Мен басқа жұмысқа ауысқан кезде, тоқтап қалыпты. Арада жылдар салып, ол екі рет қайта жаңғырды.
Кезінде көптеген жазушы, өнер адамдарының телевизиялық порт- реттерін жасаған едім. Сонда көзім жеткені, кино-фото-фоно мұра- жайында бұл адамдар туралы мардымды ештеңе табылмайтын. М.Əуезовтің жетпіс жылдығына арналған отыз сериялы телехабарды жүргізген кезде дүниеден кеше ғана өткен ұлы жазушының кең оты- рып сөйлеген сөзі не кинода, не телевизияда сақталмағанын көрдім. Жылт етіп жоқ болатын бірнеше секундтық көріністерден басқа тірі Мұхаң кино, телетаспаларда қалмапты. Осыны ескеріп, жазушы, өнер адамдарының өз сөзі, қимыл-əрекеті, ойлары арқылы жəне өз көзқарасымды айта отырып, олардың бейнесін жасауды қолға алдым. Бұндай хабар бұрынғы Кеңес телевизиясында болған емес. Алғашқы
«Сұхбат» Ғабиден Мұстафин туралы 1969 жылы жарық көрді. Бұл серия жұртшылықтың көңілінен шықты. Кейін, он жыл өткен соң, эстон журналисі Урмас Отт «Телевизиялық кездесулер» атты «Сұхбаттан» түр-түсі аумайтын хабарлар жасап, Москвадан көрсетті. Ол бұрын диктор болған адам, Алматыға келген, сонда «Сұхбатты» көрсе керек. Бұл хабарларына көптеген сыйлықтар алды. Ал əр жылдарда «31 ка- налдан» Ж.Ахметованың «Личность», «Хабардан» Б.Құсанбектің
«Өмір-өзен», «Қазақстаннан» Ж.Шаштайұлының «Үзеңгі жолдас», Қ.Аманжолдың «Шынның жүзі», Ж.Ерманның «Көктөбедегі кездесу»,
«Астана» телеарнасынан Б.Ғабдулиннің «Маңызды сұхбат» деп əр түр- лі атпен көрсеткен хабарлары «Сұхбаттың» сыңарлары тəрізді, түрін де, мақсатын да, көркемдік шарттарын да қайталады. Əрине, өнердегі, əдебиеттегі, ғылымдағы жаңалық жалғасын тапса құба-құп. Бұл жа- ғынан алғанда «Сұхбаттың» бағы жанғанына қуану керек сияқты. Жоғарыдағы авторлар шама-шарқынша «Сұхбаттың» өмірін ұзартып, жалғастырып əкетті. Бірақ олар ең басты нəрсені – осы серияның түп иесін «естен шығарып», оған сілтеме жасамастан, «өз бағдарламасы» ретінде ұсынуы – авторлық құқықты өрескел бұзу болып табылады.
Əрине, өнерде еліктеушілер көп кездеседі. Мысалы, Б.Төлегенова- ның даусына ұқсас дауысты əншілер бар. Олар өз мəнерін таппай, Бибігүлше əн сала берсе – ол өнер емес, пародия болып шығады. Жүсіпбек Елебековтің екі шəкірті – Ж.Кəрменов пен М.Ешекеевтің дауыстары ұстаздарына қатты ұқсайды. Бірақ олар өздері үлгі алған мектебін, жол көрсеткен ұстазын пір тұта жүріп, көптеген əндерді өздерінше айтады. Ал телевизияда біз ондай өреге жете алмай жүрміз. Жоғарыдағы аты аталған авторлардың бəрі де дарынды адамдар. Олар бұрын біреу салып кеткен жолды шиырламай, өз соқпақтарын салса, телеөнеріміз байи түсер еді.
– Бүгін сөз болып отырған туындыларыңызды Сізге сілтеме жа- самастан, басқалардың ашық пайдаланып жатқаны шымбайыңызға батпай ма? Сіз күні кеше ғана еліміздегі Авторлық құқық жөніндегі комитетті басқарған адамсыз. Өзіңіздің құқығыңызды заң жүзінде қалай қорғауды білесіз. Сіздің атыңызды өз хабарларының алдында жазып отыруы міндет емес пе? Мысалы, қайтыс болғандарына талай жылдар өтсе де, Ресей телевизиясында В.Листьев пен Э.Боровик бастаған жобалардың кейіннен творчестволық өзгерістерге түскені- не қарамастан, алғашқы авторы аталып отырады. Бізде басқаша. Жалпы телевизиядағы «жиендік» етек алып барады. Маман ретінде оған тосқауыл қоятындай бір үлгі көрсетпейсіз бе?
– Айналайын, Клара, сен дабыл қағып, мені жорыққа шақырып отыр- сың ғой. Бұл, əрине, айтқанға жеңіл болғанымен, орындалуы күрделі, шытырман шаруа. Сөз болып отырған адамдар да, оларға жол ашқан телеарналар да сиырдың артқы сирағы емес, өздері түсінсе жақсы, əйтпесе соттасу керек. Ал бұл – бет жыртысып, жүйкеңе жүк салатын іс.
Авторлық құқық туралы заңда, біз мүше болып отырған халықара- лық құжаттарда жоғарыда бұзылған авторлық құқығымды қорғайтын əрі жеңіп шығатындай тетіктер жеткілікті қарастырылған. Салғастыру- ға қажетті хабарлардың түпнұсқасы, сценарийлердің жазылған жыл- дары т.б. дəлелдер де баршылық. Шынын айтсам, авторлық құқықтың аяқ асты болуы сонау кеңестік заманнан бері жалғасып келеді. Ол кезде Қазақстанның өз заңы болмайтын, ал кеңестік заңды біз білмейтін- біз. Қазір сол ескі дауды қуып, өмір озған сайын əр күнің қымбаттай түскен шақта біреулермен тəжікелесіп жүргенді суқаным сүймейді. Авторлық құқықты қалпына келтіруге уақыт билік жасай алмайды. Оны кез келген қолайлы сəтте көтеруге болады. Мысалы, атақты «ЖЗЛ» («Тамаша адамдар өмірі») сериясын тұңғыш ойлап тауып, алғашқы кі- таптарын шығарған Ф.Павленковтың авторлық құқығы бір ғасырдан кейін қалпына келтіріліп, оны қайта жаңғыртқан М.Горькийдің алдына жазылатын болды. Ал таяуда ғана К.Чуковскийдің мұрагерлері сұйық сабын шығаратын атақты фирманың «Мойдодырьдағы» қолжуғыштың өзгертілген, жаңаша жасалған түрін телевизиядағы өздерінің жарна- масында пайдаланып, телеэкранда көрсеткеніне қаламақы төлемегені үшін сотқа беріп, жеңіп шықты. Біздің елімізде де жақсы үрдістер
байқала бастады. Қазақтың дарынды сыншысы З.Серікқалиев ұйым- дастырып, алғашқы кітаптарын шығарған «Қазақ прозасы қазы- насынан» сериясымен Зекең қайтыс болғаннан кейін айналысқан шы- ғармашылық топ алғашқы авторының атын ұмыттырмай, əр кітапқа жазып отыруы жақсы нышан, мəдениеттіліктің белгісі. Қазақстанның телеарналарында осындай үлгі кешікпей қалыптасар деген үміттемін. Жалпы телевизия көп зерттелмеген, сын-пікірлер аз жазылатын, əзірге қарын шашы алына қоймаған сала. Сондықтан бірер рет экранда көрінсе болды, өздерін өктем ұстайтын, көрінеу кемшілігін айтсаң, оқтаулы мылтық кезенгендей осқырынып шығатындар осы сұхбаттан кейін де табылар. Бірақ сын алдындағы орынсыз сыңғақтық шынайы
өнер қуған адамдарға жараспаса керек.
– Сіз соңғы кезде көптеген бейнефильмдер түсірдіңіз. Солардың ішінде «Абай – қазақтың ұлы биі», «Дала даналары», академиктер С.Зиманов, С.Сартаев, Ғ.Сапарғалиев, М.Баймаханов, жазушы Ə.Кекілбаевқа арналған екі бейнефильм т.б. шығармаларыңыз рес- публикамыздың басты телеарналарында бірнеше мəрте көрсетіліп, жоғары бағасын алды. Осы жанрға бет бұруыңыздың сыры неде?
– Байқап отырсаңыз, бұл бейнефильмдердің бəрі «Қазақ зиялыла- ры туралы антология» деген ортақ шаңырақтың астына біріктірілген. Тəуелсіздік алғаннан кейінгі жылдардағы баспасөзді, телевизия хабар- ларын сараптасаңыз, өмірдің көлеңке жағы көп айтылып, жақсылықтың да бар екенін ұмытып кеткендей болдық. Бұл, əрине, дұрыс емес еді. Өмір ешқашанда бір бояудан тұрмайды. Еліміздің тарихында өткен, қазір де ортамызда жүрген талай нарқасқа азаматтар халқының игілігіне еңбек етуде. Міне, осыларды көрсеткім келді. Олардың бейнесі, ісі, өмірі арқылы жас ұрпаққа ізгілікті, еңбекқорлықты, білімді, парасаттылықты, елін сүюді насихаттауды мұрат еттім. Ол бүгінгі ұрпақ үшін де, келер тарихқа да өте қажетті деп ойлаймын.
– Сұлтан аға, Ресей теледидарында жастары ақсақалдықтан асып кеткен Г.Боровик, В.Песков, А.Масляков, В.Познер сияқты атақты жүргізушілерге халық ерекше құрметпен, сеніммен қарайтынын көреміз. Олар да көпшілік көңілін қалдырған емес. Ал сіздер айтар- ларыңыз болса да, телеэкраннан ертерек кеткен жоқсыздар ма? Телевизия басшылары хабар жүргізуге шақырса, барар ма едіңіз?
– Клара, сенің атаған адамдарың менен көп үлкен ағаларым ғой. Бірақ олар орыс елінің азаматтары. Біз қазақпыз. Менталитетіміз екі басқа. Сондықтан мені біреу шақыра қояды деп иегім қышымайды. Таяуда сен айтқан пікірді біздің атымызды атап тұрып, «Айқын» газеті де жазыпты. Ғайыптан тайып, ондай ұсыныс болып жатса, біреудің жетегінде жүретін жастан өтіп кеттік, көңіліңе жақын, оң жамбасқа келетін, илхамыңды түсірген іс болмаса келісу қиын. Қазір ел-жұртқа танылып қалған «Қазақ зиялылары туралы антологияны» жалғастыруға телеарналардың бірі немесе Мəдениет жəне ақпарат министрлігі қол ұшын берсе де талай істі тындыруға болар еді.
– Жастық шағыңыз Қазақстандағы телевизияның туып, қалып- таса бастаған кезеңімен тұспа-тұс келді. Телевизия тарихынан Сізді бөліп қарауға болмайтыны соңғы жылдары көп жазылды. Осы салада мол тəжірибе жинаған адам ретінде бүгінгі телевизияның жай-күйін қалай бағалайсыз? Болашақ бағыты қалай болмақ?
– Екі сауалың да бір-бір мақаланың жүгін арқалап тұр екен. Қысқаша қайырайын.
Қазақстандағы телеарналардың қай-қайсы да бұл күнде халықтың көңілінен шығып отырған жоқ. Оның басты себебі – телевизия жұмы- сын бір жүйеге келтіретін саясаттың болмауы. Көптеген телеарналар кезінде жекеменшікке өтіп кеткендіктен, олар белгілі бір топтардың пайдасына жұмыс істейді де, қазақ халқының мүддесі ескерусіз қалды. Басқасын айтпағанда, оларда қазақ тілінің өзі қағажу көріп, қазақша хабарлар жұрт ұйқыға кеткен соң, түн ортасында көрсетіледі. Бұл ұлтты қорлаудың қазақстандық түрі. Мысалға республикаға кең таралатын
«Рахат» телеарнасын алсақ, ол Ресей телехабарларын бізге өткізетін көпірге айналғалы қашан? Орыс, қазақ тілдеріндегі өз хабарлары болса көруге тұрмайды. Таңның атысы, күннің батысы екі-үш адамнан отырғызып қойып, сағаттар бойы дəм-татусыз сөз соққаннан басқа бірдеңені көру мүмкін емес. «31 канал» да соның аяғын құша ма деген қауіп бар. Ал мемлекеттік телеарналарға миллиардтаған теңге бөлініп отырса да, төл туындылары өте аз. Өздері əрекет жасап, ұмтылудың орнына шетелдің ішекше шұбатылған фильмдерін жоспарлап қойып, ұйқылы-ояу жүріп жатыр. Кез келген мемлекеттің бет-бейнесін телевизиясы арқылы тануға болады. Мысалы, Түркіменстанның төрт түрлі арнасын үнемі көремін. Шағын ғана осы ел өздерінің ұлттық телевизиясын жасап алыпты. Көркемдік сапасына сын айтуға болар, бірақ түркіменнің рухы бəрінен де аңқып тұр. Америка мен Қытайдың жүзге жуық арналарын бір-бір айдан көріп шықтым. Бұл екі елде де біздегі былапыт кинолар көрсетілмейді. Америка телеарналары Голливудта түсірілген фильмдердің ішінен елдік моральға қайшы келмейтін 15–20 пайызын ғана сұрыптап алып көрсетеді. Ал Қытай арналарын қанша бақылағаныммен, жалаңаш жатқан əйелді, сүйісіп тұрған адамдарды, ұрлық-қарлықты, зорлық-зомбылыққа толы көрі- ністерді кездестірмедім. Оның орнына Қытайдың мыңдаған жыл- дық тарихын көркем бейнелеген көп сериялы фильмдері мен теле- хабарлары Қытайдың рухын көтеріп, тұтас бір арнада топтасқан. Тағы бір арнасында білім беретін, келесісі Қытай өнерін насихаттайтын, үшіншісі ұлттық спортын көрсететін арнаулы бағыттар ұстайды. Ал біздің елімізде Ресей ақпараттық құралдарының экспансиясы аздай- ақ, өз арналарымыз да оларға емексіп, ортадан ойып орын беріп отыр. Бұған тоқтау болмаса, қандай орға барып тірелеріміз белгісіз. Адамды бұзатын да, түзейтін де сөз болса, жат елдің қандай пиғылмен үгіт жүргізетіні беймəлім.
Ал болашақ туралы айтсақ, мемлекеттік телеарналар көп ұзамай
сандық жүйеге көшетін түрі бар. Бұл үлкен серпіліс туғызады деп ойлаймын. Өйткені сандық телекамералардың түсіру сапасы жоғары, ұқсата білсе, бейнелеу тəсілдері де мол. Жиіліктер де көбейеді. Бірақ жақсы техника шығармашылық мүмкіндікті кеңейткенімен, ол өзі өнер тудыра алмайды. Телеөнерді де жекелеген таланттар жасайды. Менің достарым Мұхтар Мағауин № 11 қаламұшты сияға батырып отырып, ал Əбіш Кекілбаев қарапайым шарикті қаламмен қолдары мүйіз болғанша жазып, тамаша шығармалар берді ғой. Олар компьютерді білмейді дейсіз бе? Сондықтан творчестволық кадрларды тəрбиелеуге барынша көңіл бөлу керек. Телевизия саласын министр М.Құл-Мұхаммед жетік біледі. Таяуда «Арна» ұлттық холдингі құрылды. Оған артылатын үміт өте жоғары. Енді телеарналарда жүйелі саясат жүрер деп ойлаймын. Ал «Қазақстанда» жыл сайын жаңа басшы тобымен келіп, топырлап кететін жаман əдет қалыптасып барады. Телевизияда жақсы маман ұзақ əзірленеді. Оны жөн-жосықсыз ауыстыра алмайсың. Талантты режиссер, сценарийст, суретші, оператор, жүргізушілерді мұхиттан маржан тергендей іздеуге тура келеді. Табылса аялап, тəрбиелеп, ел игілігіне жұмсай білу керек. Əрбір телеарнада дарынды адамдардың үш-төрт шығармашылық тобы болса, олар жүздің ісін тындырары сөзсіз.
Сұхбаттасқан Клара Нақып.
«Айқын» газеті, 24 қаңтар 2009 жыл