ТЕЛЕЭКРАН ЖƏНЕ САЯСАТ
Бір кезде, əлі теледидар дүниеге келмей тұрған шақта, тіпті ағайын- ды Люммерлер «қозғалатын фотографияны», яғни киноны ойлап тап- пай тұрғанда, ХІХ ғасырдың ұлы романшылары өмірді сөзбен асықпай суреттеп, тіршіліктің қыр-сырын том-том шығармаларында баппен баяндап бермеуші ме еді. Сол заманда Стендаль дəуірінің ең дамы- ған, құдіретті жанры – романды ұзын жолдың бойымен алып өткен алып айнаға теңеген екен. Айнаның бетінде өмір суреті, тіршіліктің əрекеті, тағдырлар тартысы алма-кезек ағылып, көрініп жатса керек.
Ал қазір сол алып айна шап-шағын телеэкран күйінде қазақстан- дықтардың төрінен орын алғалы да қырық бес жылдың жүзі болып қалды. Ұзаса бір-ақ ұрпақтың ғұмыр жасы. Осы уақыттың ішінде Стендаль айтқан бір ғана ұзын жолдың бойы емес, шырқ айналған дүние, жұмыр жер көз алдымызға көшкендей, оның барша қуанышы мен қасіреті көкірегімізді жарып өтеді. Қаласақ та, қаламасақ та жер бетіндегі атыс-шабыс, айтыс-тартыс, сəбидің пəк күлкісі мен зымиянның мысқылды жүзі, адамның көз жасы мен зары, есірік би, ессіз əн, дананың сөзі, дарынсыздың өзі, бай мен бағылан, саясаткер мен өкірік əкім, патша мен жендет – не керек, өмір-дариясындағы барша тіршілік иесі үйіңе еркін кіріп, сенің таныс-бейтанысыңа айналады. Осының бəрі теледидардың ең басты, ұлы қасиеті – ақпарат тасқынын жаныңды қинамай жаныңа əкеліп, ақысыз-пұлсыз санаңа сіңіретінінде. Осыдан келіп теледидар техникалық күштен идеологиялық қаруға айналады. Ол – елді біріктіретін берекеге де, əзəзілдей ірітетін əрекеге де жол ашады. Тек қаруды қалай жұмсай- сың – соған байланысты.
Телеэкрандағы ақпарат пен саясатқа билік жасау – əлімсақтан қалыптасқан дəстүр. Ол – мемлекеттің билігі ме, я болмаса саяси пар- тиялардың, əлде телеарнаны қаржыландырып отырған топтардың билігі ме, бəрібір, əйтеуір бір күш оны қолда ұстайды. Мысалы, жетпісінші, сексенінші жылдардағы саяси бағдарламаларды еске түсірейікші. Кеңестік саяси жүйенің өктемдігін ешкім де ұмыта қойған жоқ шығар. Бəріміз кешкі сағат сегізде «Қазақстанды» көретінбіз, тоғыздан бастап Мəскеуден «Уақыт» («Время») басталатын. Аптасына бір рет Алматыдан да, Мəскеуден де саяси шолуларды тыңдайтын- быз. Осы бағдарламаларда айтылған жаңалықтар мен сөздер халық- қа бағыт-бағдар сілтейтін. Онда ақпараттан гөрі үгіт-насихат жағы басым жататын. Ал Қазақстанның хабарында шет ел жаңалықтары атымен кездеспейтін. Оны Мəскеу көрсетеді. Бағдарламалардың ком- позициялық жүйесі, хабарлардың орналасуы, күн сайын тасқындап көрсетіліп жататын озаттар туралы, шаруашылық жайындағы, партия тұрмысына байланысты сюжеттердің ұқсастығы соншама – олардың бəрі бірқалыптан шыққандай. Ондай жаңалықты жасауға журналист талантының да қажеті шамалы, кəсіби ыңғайың болса жетеді. Бұл –
бірқалыпты ойлауға, қасаңдықтың құрығынан шығармайтын саяси жүйенің басты мұратынан туындаған ақиқат.
Теледидардағы ақпараттың, саяси хабарлардың ерекше дамығаны – соңғы он жыл. Тілден тиек алынып, ой бұғаудан босаған соң мемлекет- тік телеарналардан басқа тəуелсіз арналардың көптеп ашылуы, олар- дың арасындағы бəсекелестік ақпарат кеңістігінде, саяси ортада қиян-кескі тартысты өршітіп жіберді. Бүгінгі күндегі билік пен байлық иелерінің арасындағы тартыс – телеэкрандағы драмалық шиеленістің негізгі өзегі. Ақпараттық бағдарламалардың мазмұнын əр түрлі қа- былдағанмен, оның кəсіби дамуын, журналистердің ой-санасының кеңеюін, көркемдік сапасының артуын, ақпарат көзінің көбеюі мен жағрафиялық өрісінің кеңеюін бағалау қажет. Бұл ретте теледидар техникасының жақсаруы да ықпалын тигізіп отыр. Өткен аптадағы
«Хабар», «Қазақстан», «31 канал», «КТК» арналарынан орысша- қазақша берілген «жаңалықтар» мен апталық шолулар соның айғағы. Бұл хабарлардан бүгінгі уақыт тынысын, өмір қайшылықтары мен мұраттарын, ел өмірі мен əлем тынысын сезінуге болады. Əрине, əр арнаның ниет-пиғылы, көрсету дəрежесі əр басқа. Ара-тұра «Хабар» жаңалықтарынан бұрынғы «Уақыт» («Время») бағдарламасының ұқ- састығын байқасақ, «31 канал» мен «КТК» арналарында бүйректен си- рақ шығаруға əуестік, журналистерінің өз санасындағы ұғымды ақи- қатқа балап, басқаға таңуы сезіледі. Дегенмен де бір оқиға төңірегінде сан түрлі көзқарастың болуы, оны көрерменге сендірерліктей жеткізе білу – тележурналистер шеберлігінің өсуін айғақтайды.
Аптаның басты оқиғасы – журналистер конгресінің өтуі. Осы жиындағы Президент сөзі – жүректе жүрген көп түйінді шешкендей, бұған дейінгі бəтуасыз дауларды, көгілдір экран төңірегіндегі жəне телеэкранның өзіндегі саясатшысымақтарға ашық та айқын берілген жауап болды. Ел басшысы бірлікті, Отанға деген сүйіспеншілікті, адам- дардың əл-ауқатын жақсарту, ел абыройын көтеруді сөз етті. Əсіресе редакциялық жандайшаптардың ақпарат алаңындағы сойқандығын аяусыз сынады. Ал бұл сойқандық күні кеше ғана басталып па еді? Он жылдың ішінде бір ғана «КТК» арнасында қаншама саяси шолушылар болған. Қазір соның көпшілігі Ресей мен Израильді сағалап кетті. Олар тек кеткен жоқ, ел арасына əреке сеуіп кетті. Біз өз елімізде, өз жеріміз- де қаншама қаралауды естідік, демократия деп өзеуреп, шет елдердің ақшасына бөккен сол келімсектердің келемежіне ездікпен көніп те жүрдік қой. Қазір қазақтың қанынан жаратылғанымен, жанын ақша мен басқаның діліне сатқандардың көбеюі – солар сепкен «дəннің» көктеуі ме деп қорқамын.
Бір оқиға есіме түседі. Біздің бала кезімізде бір ақсақалдың кемпірі қайтыс болады. Ол кемпір отызыншы жылдардағы ашаршылықта Аягөзге қаңғып келген 5–6 жасар орыс қызы екен. Қазақтардың қо- лында тірі қалып, бой жеткен соң əлгі ақсақалға тұрмысқа шығады. Қырық жылдан аса отасыпты, жұрт оның орыс екенін де ұмытқан. Бала
көтермепті. Қазаға жиналғандар кемпірді құрметтеп, мұсылманшы- лық жолмен жерлемекші болып, ақыретке орағалы жатқанда сүйегіне түскендер шашының арасына байланған крест тауып алған көрінеді. Қатты қорланған ақсақалы кемпірді бір төбеге жеке жерледі. Басына белгі қойғызбады. Зираты кейін тапталып, жоғалып кетті. Қазақстандық орыстардың кейбірінен осы кемпірдің қылығын көремін. Олар еш- қашан да бізге ділін бермейді. Кеше ғана Парламентте қазақ тілінің жартылай болса да телеэкранға шығуына өшпенділікпен қарсы шық- қан Макалкиндер жалғыз емес. Олардың қатарында, «Тілдер Заңының» қабылданғанына бес жыл болса да, сан түрлі сылтаумен қарсылықта- рын жоғалтпай отырған ондаған телеарналардың қожайындары тұр.
Телеарналарда қазақ-орыс тілінің тепе-теңдігін сақтау жетіскеннен туған жоқ. 1996 жылы «Тілдер туралы» Заң Парламентте талқыланып жатқанда сол кездегі Ұлт саясаты жөніндегі мемлекеттік комитет Қазақстандағы барлық телеарналарға талдау жасап, қазақ тіліндегі хабарлардың көлемі 5–7-ақ пайыз екеніне көз жеткізді. Жағдайды тү- зеудің бір-ақ жолы бар еді. Ол – ең болмаса Кеңес өкіметі заманында теледидардақалыптасқан қазақ-орыс тіліндегі хабарлардыңжалпы көле- мі 50/50 пайыздан өзгермеуін сақтап қалу. Бұл ұсыныс үкіметтен қолдау таппады. Сондықтан бар үміт Парламентте болатын. Қазір ақиқатын айтсақ, Мəжіліс комитетінің төрағасы марқұм Ө. Жолдасбеков, Мəжіліс депутаттары Н. Қалиев, З. Нұрқаділов, А. Бекбосын, Ф. Оңғарсынова т.б. менің осы ұсынысымды қызу қолдап, сессияда талқылауға ұсынды. Ұлттық саясат жөніндегі мемлекеттік комитеттің төрағасы Г. Ким де, Мəжіліс төрағасы М. Оспанов та талқылау кезінде өршелене қар- сыласқан топтарға табандылықпен төтеп берді. Қысқаша қайырсам,
18 баптың төңірегіндегі дау 6–7 айға созылып, тіпті халықаралық ұйымдар да араласып, үлкен əңгімеге ұласты. Швейцарияның Локарно қаласында өткен Еуропадағы қауіпсіздік пен өзара ынтымақтастық- тың аз ұлттар жөніндегі (ОБСЕ-нің) Бас комиссары Макс Вандер Стул мырза басқарған мəжілісте əлі қабылданып үлгермеген «Тілдер туралы» Заңның 18-бабы ұзақ сөз болғаны есімде. Ақыры Бас комиссар оның заңдылығына ден қойып, қазақ тілін жан-жақты қолдауға дүние жүзінің басшыларына үндеу хат жазды.
Көптеген зиялы азаматтарымыздың табандылығымен қабылданған осы баптың бес жыл бойы орындалмай, қаңтарулы жатуы атқарушы органдарға абырой бермесі белгілі. Дегенмен «ештен де кеш жақсы». Сең қозғалып, əділеттілік белең алды. Ендігі жерде оның жүзеге асуына күш-жігерді аямауымыз керек.
Телеэкран жəне саясат. Бұл екеуі қазір тұтасып кеткен ұғымдар. Өткен аптада «Хабар» арнасынан Алматыдағы ең жас нашақордың екінші сыныпта оқитынын хабарлаған Жайна Сламбектің репортажы бойыңды мұздатады. Жалпы Жайнаның телесюжеттерін көптен кө- ріп келемін. Тілі тастай, нақпа-нақ сөйлейтін қарындасымыз қашанда өзекті мəселе қозғайды. «Қазақстан» бағдарламасы «Қазтелекомда» тіл
мəселесі оңды шешімін тауып келе жатқанын, бұл мекемеде қазақ тілін білу өткен жылғы 8 пайыздан биыл 23 пайызға көтерілгенін хабарлап, көңілді демдеп тастады. Үндістан елшілігінің бір қызметкері қазақша еркін сөйлеп, біздің қағынан жеріген қандастарымызға үлгі көрсетті. Оңтүстік өңірдегі Өзбекстанмен шектес елді мекендегі жер дауы оңды шешімін табатын сияқты. Журналистер берген бұл хабарлардың бəрінде де саясат болғанымен – нағыз ақиқат ақпаратттар. Біздің ақпарат берудің қыр-сырын игере бастағанымыз осыдан басталады.
Мен тележаңалықтарды «Хабар», «Қазақстан», «31 канал» арна- ларынан екі тілде бірдей көрдім. Осы үш арнада ең жемісті еңбек ет- кен, елге танылған тележурналистеріміздің негізі қазақ жігіттері мен қыздары екен. Көрсеткен ақпараттарының түсірілу шеберлігі, жүргізу қабілеттері, сөйлеу мəнері т.т., қай жағынан алып қарасаң да, бұлардың бір деңгейлес екені аңғарылады. Жəне бұл деңгей өзіміз күнде көріп жүрген Ресей арналарындағы деңгейден де, мен көзіммен көрген шетелдік ақпарат хабарларынан да кем еместігін айту лəзім.
Телеэкран жəне саясат мəселесі мен теледидар төңірегіндегі саясат аптаның соңындағы «Жеті күн», «Мезгіл», «Информ-Бюро» сарапта- маларында боямасыз ашық көрінді. Осы үш хабарды жүргізген Серік Жанболат, Ғалым Боқаш, Бекжан Ыдырысовтың ой-өрістері биік, пікірле- рі айқын, көзқарастарының тереңдігіне риза боласың. Серік пен Бекжан талайдан көрінген тəжірибелі журналистер болса, Ғалым таяуда ғана көзге түсе бастады. Бірақ соның өзінде балаңдықтан саналы ересектікке тез өткені аңғарылады. Ол жүргізген «Мезгіл» бағдарламасында, əсіресе, теледидардың даму тенденциясы, оның төңірегіндегі дау-дамайдың саяси астары сəтті ашылған. Сөйлеу мəнерінде, отырысында бір бекзаттық бар. Теледидар өзінің төл туындысын жасамай ілгері дамымайды. Қазақ тіліндегі хабарлар көбейген сайын санның сапаға ауысуы даусыз. Сон- дықтан Қазақстанның кино қорында жатқан 11 мыңнан астам отандық жəне шетелдік фильмдерді алғашқыда пайдалану керек, сонымен қоса
телеарналар өз өнімін де шығарғаны жөн.
Кино қорындағы ұлан-ғайыр байлықты сатып алуды ауырсынған, сөйтіп қазақ тіліндегі хабардан нейбет отырған телеарна басшыларын түсіну қиын. «Қазақфильм» ұлттық компаниясының бас директоры Б. Қа- сымжановтың айтуынша, бір фильмді осы мақсатқа пайдалану құны 137 мың теңгеден аспайтыны көрінеді. Ал Ресейде «Мосфильм» киностудия- сы өзі түсірген фильмдерін теледидарға прокатқа 6 мың доллардан сата- ды. Теледидар болса ол фильмдерге қыстырған жарнамаларына 200 мың доллар табыс табады. Міне, бұл деректер ойлантуға тиіс.
Теледидар мен саясаттың қарым-қатынасы толассыз құбылыс. Бұл екеуі осы заманда бір-бірінсіз өмір сүре алмаса керек. Сондықтан бізде өз мақаламызда түйінді сөз айтқымыз келмейді...
«Егемен Қазақстан» газеті, 20 наурыз 2002 жыл