02.03.2022
  183


Автор: Сұлтан Оразалы

АТЫНА ЗАТЫ САЙ БОЛСА

 


– Ұлттық теледидарлық арна қандай болуы керек? – деген сауал тағы да көпірме көп сөзге көміліп, үні өшетін жалаң ниет қана ма деп шошимын. Өз ұлты уызына жарымай отырса да интернационализм дейтін жалпақшешейліктің зиянды дерті буын-буынын жайлаған Қазақстанда əлемнің ең қуатты идеологиялық қаруы теледидарды қазақ ұлтының мүддесіне қызмет еттіру есек дəме емес пе? Оған кім жол береді? Президент аппараты мен үкіметтің ішінде шиманды орындарды жайлаған, тілін, дінін, ділін білмейтін маргиналдар ма? Бұл ретте осыдан 4–5 жыл бұрын «биліктің барлық тұтқасын орыс тілділер ұстаған кезде «қазағым – тілім» деп жүргендердің үні өшеді, – деген Масановтың «сəуегейлігі» жүзеге асты деуге болады. Сондықтан олардан үміт жоқ. Ақша деген «əулиені» алға тартып, құрыққа сырық жалғап, дымыңды құртатыны сөзсіз. Сол ортада жүрген бірен-саран ұлттық намысы бар азаматтардың шаңы да білінбей қалады. Хош, президентіміздің өзі тұтқа болып, яки билігі бар бір намысты ұлан шығып, ғайыптан осындай арна құрылды дейік. Сонда не істеуіміз керек? Неден жиреніп, нені өрістетуіміз керек?


Ең алдымен құлдыраудан көз ашпай келе жатқан Қазақ теледидары- ның (мемлекеттік телеарналарды айтамын) соңғы он жылына талдау жасап, оның тоз-тоз болуының басты себеп-салдарын анықтау керек. Бір кездегі өте қуатты мемлекеттік тележүйе қарадан-қарап тұрып құлап қалған жоқ қой. Оған теледидардан хабары жоқ, саясатта – тар өрісті, əрекетте – бойкүйез, бірақ мансапқор кейбір басшысымақтардың əр кезеңде өзіндік үлес қосқанын, өздері сүттен ақ, судан таза болып, бар пəлені нарық пен заманға жауып, аман-сау сытылып шығып жүргендер- дің атын атап, түсін түстеп алсақ, көп дерттің дауасын табар едік. Əрбір- ден кейін, судың да сұрауы бар емес пе? Теледидарға кез келген көк атты билік жасай алмайтынын дəлелдеудің өзі жеңіс емес пе? Ең болмаса, құрылады деп отырған жаңа телеарнаның басшылығына теледидардың отына күйіп, суығына тоңып көрмеген тағы бір дилетанттың келуіне тосқауыл болар ма еді?! Өнерді өрістететін сұрғылт топ емес, қадау- қадау дарындар екені əлімсақтан белгілі. «Жібекті түте алмаған жүн етеді» дегендей, оларға надан басшы билік етсе, қырық жыл бойы сұрыпталған білікті мамандардың тоз-тозын шығарған қазіргі Қазақ теледидарының кейпін киері сөзсіз.


Ұлттық арна – атына заты сай болса ғана өрісті болмақ. Онда ұлт- тық идеологияның барлық нышандары көрініп тұрса құба-құп. Ұлттың басты бейнесі – оның тілі десек, бұл телеарнаның тұтастай қазақ тілінде жүруі қазір Қазақстанның барлық телеэкранынан қуылып шыққан мемлекеттік тілге аз да болса сеп болар еді.


Ұлттың рухы – оның əдебиеті мен өнерінде. Таза ақпарат пен даң- ғаза əуенге құрылған Қазақстанның теле, радио арналары халықты мəңгүрттікке баулып жатыр. Оған күнде көрсетілетін шеттен келген


 


нəпсіқор, өкірек күшті қолдайтын, былапыт ойлы кинолардықоссақ, біз- дің тамырынан айырылған, болашағы жоқ халыққа айналуымыз кəдік. Сондықтан көркем хабарлардың үлес салмағын күрт көбейту керек. Ұлттық қасиеттерімізді, ескі жəдігерлерімізді насихаттау арқылы ұр- пақ тəрбиесін қолға алу лəзім. Қазақ теледидарының 70–80 жылдардағы өше бастаған терме, жыраулық өнер, айтыс т.б. жандандырған дəстүрін қайта тірілтсе, қазір экраннан жоғалып кеткен өнер, мəдениет өкілдері туралы хабарлар циклын жүргізсе, ұлттық ойындарды телевизияның ерекшелігіне сай жаңа мазмұнда өрістетсе, ұлттың тарихын, ұлттық қаһармандардың өмірі мен күресін, мұрат-мүддесін ашатын хабар- лар жүргізілсе талай істің басы қайырылары сөзсіз. Өзіміздің көркем телефильмдер мен қойылымдарды қолға алмай, шегірткедей басқан шетелдік кинолардан құтылмаймыз.


Заманның ыңғайына қарай тіршілік жасау тəсілдерін үйрететін, ауыл шаруашылығы мен кəсіпорынның озық тəжірибесін танытатын, өмір сүруге қажетті мамандықты игеру, өзінің құқын қорғай алатындай біліктілікке баулу сияқты сан түрлі тақырыптарды қозғайтын ха- барлар біздің ұлтымыз үшін қажет-ақ. Теледидардың білім бере білетін тəрбиелік қуатын осы тұста пайдалана білсек, тіпті Еуропа мен Американың орта, арнаулы, жоғары білім беретін оқулық теле- дидарының тəжірибесін республикамызға əкелсек, білім саласында етек жая бастаған жұтаңдықтың бір кетігі толар еді.


Ұлттық арнадағы ақпараттар да сол ұлттың мүддесі тұрғысынан сұрыпталып берілуі тиіс. Жұрт не айтса соны хабарлай беру – балаң- дықтың белгісі. Əрине, ақиқаттың жолы тар. Өз еліңдегі шындықты толық жеткізу де оңай емес. Оған ішкі, сыртқы себептер əсер етпей тұрмайды. Бірақ білікті, талантты, парасатты журналист ұлттық, мем- лекеттік мүддені тұғыр етіп, ақ жүректен сөйлесе тілектестерін тап- пай қоймайды.


– Қазіргі теледидар қандай болу керек? – деген мəселе шағын пі- кірдің аясына сыймайды. Көгілдір экранға қараған сайын көкірекке толатын шер аз емес. Соңғы жылдары Қазақстандағы телеарналардың белгілі бір топтардың мүддесіне қызмет ете бастауы ұлттың, халық- тың қолжаулыққа айналуына əкеліп соқтыруы мүмкін. Сондықтан адамдардың рухани санасына айрықша ықпал ететін, тактикалық, стратегиялық мəні зор телеқаруды қолда бекем ұстамай халқымыздың көсегесі көгермейді


 


«Ана тілі» газеті, 24 маусым 1999 жыл


 





Пікір жазу