02.03.2022
  234


Автор: Баламер Сахариев

АҚЫН МАХАББАТЫ

 


 


Сұлтанмахмұт 1915 жылдары Алтай елінде мұғалім боп қызмет атқарғаны мəлім. Оның қызмет істеген мектебі қазір Шыңғыстай орта мектебі деп аталады. Мектеп 1907 жылы ашылған. 1957 жылы мектеп өзінің 50 жылдығын атап өтті. Бұрын ол көп уақытқа дейін Ережеп мектебі болып аталып келген екен. Осы атау бойынша жасалған мөрді өкімет орындарына өткізген қазір университеттің мұғалімі, тарихшы Ə. Лекеров. Бұл кісі 1928 жылдары сол мектепте директор болып қызмет істеген. Ережеп – Сұлтанмахмұт өлеңінде кездесетін Əбдікəрім болыстың əкесі, М. Əуезовтің «Абай жолы» эпопеясындағы төтенше съезге жоғарғы елден қатысатын Ережеп сол. Əбдікəрім болыс боп тұрғанда ағасы Дүкен қажы болысқа кандидат болған.  Ақынның  «Кім  жазықты» романының  оқиғасы


«Алтайдың бір саласын қоныс қылған» елде болатынын ескерсек, ежелден жуан тұқым бұл семья ақын шығармасына бірқыдыру мате- риал бергендігін аңғару қиын емес.


Сұлтанмахмұт сол Əбдікəрімнің Бағила деген қызына ғашық болған. Ақынның 1950 жылғы таңдамалы шығармалар жинағындағы


«Орамалға» деген өлеңіне берілген түсініктемеде қыздың атын Жібек дегені қате екендігін осыдан біраз бұрын əдебиетші Тəкен Əбдірахманов дəлелдеп жазған болатын. Сондықтан да біз ол жайға тоқтап жатпаймыз.


Орысша-қазақша мектеп ашып жүрген болысқа «түсінер-ау» деп едəуір үміт артқан ақын Бағиламен арасындағы жай-күйін қыз əкесіне өз ауызынан баяндаған. Бірақ, үміті алданғанын арты- нан білген. Ақынның болысқа едəуір үміт арта қарағандығы оның


«Жаңғырып Алтай тауы саласынан» деген өлеңіндегі:


«Ұқпайды бұл сөзімді басқа кісі


Махмұттың Əбдікəрім ағасынан», – деген жолдардан да аңға- рылады.


Əлгі əңгімеден соң Əбдікəрім қызын айттырып қойған жеріне – Бұқабай деген байдың баласы Ақмырза дегенге ұзатады. Болыстың қызы Сұлтанмахмұтпен қашып кетеді деп қорыққаны соншама, уəделі күнді – елдің жайлауға шығуын күтпей, ақ қар көк мұзда қыс ішінде алдына жылқы салып, кезеңдегі асудан қар бұзғызып оты- рып 20–30 шанамен апарып салған. Қызды ұзатып салған керуеннің ішінде ат тағалап бірге барған ұста Бексұлтан қазір сексендер шама- сына келген қарт кісі, сол Катон-Қарағайдағы совхоздың «Жұлдыз»


 


бөлімшесінде тұрады. Жылай-жылай кете барған қыздың жұртында көңілі құлазып қала берген ақынның «ай батқандай адастырып кет- кен» махаббатын айтып, сағыныш шерін тарқатқан ұзақ өлеңі болған екен. Ақын мен қыздың арасына сəлем хаттарын жеткізіп, жеңгелікке жүрген Нұрмаш шешейдің айтуынша, ол өлең:


«Суындай Бұқтарманың ағындаған,


Жүрегім басылды ғой жалындаған»... деп басталады екен. Нұрмаш шешей сол Шыңғыстайда осы бертінде ғана қайтыс болды. Өлеңнің бұдан арғы жолдарын ол кісі еске түсіре алмады. Ал Бағила – əйел затының көріктісі еді деп отыратын ол кісі. Тегінде, ақын жүрегінің қалауы – осылайша өле-өлгенше алыс арман боп кеткенге ұқсайды.


Ақынның жоғарыда айтылған жинағында «Ж...» деген өлеңге:


«Бұл өлеңді Сұлтанмахмұт 1915 жылы Зайсан жағында Əбдікəрім үйінде бала оқытып жүргенде жазады. Əбдікəрімнің қызын аламын деп көп əуреге түседі. Шаймерденнің айтуына қарағанда, қызбен екеуінің жазысқан хат, өлеңдері тіпті көп сияқты жəне «көрген сай- ын көңілді қозғап əуреге салады» деп Сұлтанмахмұт барлық өлеңін жыртып тастайды, осы өлең жыртылғанынан алынған көрінеді. Өлеңнің қанша жолы жоғалғаны мəлім емес», – деп түсініктеме беріліпті.


Жоғарыдағы өлең де осындай күйге ұшырап кетуі мүмкін-ау деп ойлаймыз. Қыз ұзатылып кеткеннің артынан көп ұзамай, ақын Ка- тон-Қарағайдан Зайсан жағына ауысып кетеді. Осы тұстарда жазған кейбір лирикалық өлеңдерінде ауызбен айтып жеткізе алмастай бір сағыныш лебі есіп тұратындығының əлгіндей себептері болған көрінеді.


«Қазақ əдебиеті» 29.11.1963 Ж.


 





Пікір жазу