02.03.2022
  211


Автор: Баламер Сахариев

СЫНШЫ МҰРАСЫ

Əдебиет сыны мен əдебиеттану ғылымына елуінші жылдар ша- масында келіп қосылған топтың жуан ортасында болып, оқырман қауымға жедел танымал болған есімдердің бірі марқұм Қалжан Нұрмаханов еді. Сан буын əдебиетшілерді баулып ұшырған алтын ұя



  • Москва университетінің филология факультетін ойдағыдай бітіріп, сосын М. Горький атындағы дүниежүзілік əдебиет институтының аспирантурасында оқып жүрген кезінен бастап əдебиет сыны са- ласына белсене араласқан оның қаламынан əралуан проблемаларға арналған ондаған мақалалар қалды. Амал не, əдебиеттің тереңіне енді бойлап, оның бар əсемдігін сезініп, іске бар ынтасымен бері- ле кіріскен шағында ол мезгілсіз дүние салды. Бірақ өзі еңбек ет- кен 10–15 жылдың ішінде қыруар дүние жазып үлгергенін біз оның


«Жазушы» баспасы жарыққа шығарған «Дос лебізі» атты жаңа кіта- бынан тағы да танығандаймыз.


Бұған дейін марқұмның көзі тірісінде оның «Литературные за- метки» (1961 ж.) жəне «Дəстүрлі достық» (1962 ж.) атты кітап- тары жарық көрген болатын. Орыс тілінде басылған «Литера- турные заметки» деп сыпайы ғана аталған кітабында жекелеген жанрлар жайындағы өз ойларын ортаға салып, сондай-ақ бірқатар мақалаларын революцияға дейінгі демократияшыл қазақ əдебиеті өкілдерінің творчестволарын талдауға арнаған еді.


Ал «Дəстүрлі достықта» көбінесе өткен ғасырдағы орыс жəне қазақ халықтарының əдеби байланысын көрсетуге, А.С. Пушкин, В.Г. Белинский, Ф.М. Достоевский, В.Г. Короленко сияқты ұлы жазушылардың қазақ халқының əдет-ғұрпы, рухани өмірі жайлы айтқан пікірлерін баяндауға күш салды. Ал кейбір мақалаларда қазақ əдебиеті шығармаларын орыс тіліне аударуда орын алып келе жатқан кедергі-кемшін жайлар, əралуан «əттеген-айлар» сын садағына ілін- ді.


Туған əдебиетіміздің күнделікті өміріндегі сан-салалы құбылыстарға құлақ түріп, жіті қарап отыратьш сыншының ең бір өнікті еңбек саласы – туысқан халықтар əдебиеттерінің əр жақты бай- ланысы болып еді десек, қателеспейміз. Тіпті, оның кітаптарының аталуының өзінде «Дос лебізі», «Достық» сөздерінің қайталанып келуі осыған байланысты екені даусыз.


Ең алдымен ол өзі əдебиеттің де, əдебиетшілердің де қалтқысыз, қалтарыссыз шынайы досы болатын. Жекелеген əдебиетшілердің,


 


ақын-жазушылардың арасында оқта-текте ұшырасып қалатын кей- бір дүниелік пендешілік мінездер мен пиғылдарға ол ренішпен қарап, өнер есігі, əдебиет босағасы – қасиетті құттыхана, оның табалдырығын адал арың, таза жаныңмен аттау керек деп білетін һəм өзі осыған барынша тырысатын. Ал ардың тазалығы əрбір əдебиетшіге, əсіресе сыншыға өте-мөте қажет қасиет.


Оның жазған мақалаларында сөз болып отырған шығарма авторының лауазымы мен мансабы сыншы пікіріне ықпал жасау дейтін атымен болмайтын. Ол не жазса да, тақырыбын жан-жақты зерттеп, игеріп алып, содан соң ғана қаламына сөз беретін білімдар да байсалды сыншы еді. Шығарманы оқыған бойда бір мақаланы сүйкей салатын ұшқарылық онда жоқ болатын. Жəне сонымен бірге туған əдебиетіміздің тірлігіне деген керенау, самарқаулық та оның қаламына жат құбылыс. Көп жыл бойы бір мекемеде қызметтес бола жүріп өзіміз байқаған бұл қасиет оның осы «Дос лебізі» атты кіта- бына енген көптеген макалаларынан да байқалады. Əсіресе, Мұқан Иманжановтың журналистік, публицистік еңбектерін баяндайтын, Асқар Тоқмағамбетов сатирасының сырларын ашатын, театр сыны мен аудармалар жайын баяндайтын мақалалар бұған толық айғақ.


Əдебиеттер достығы, əдебиеттер байланысы – Қалжан еңбектері-


нің елеулі бір саласы дедік. Қазақ тақырыбына жазған орыс, укра- ин жазушыларының шығармалары жайлы мақалалар циклі бұрынғы кітаптарынан мəлім. Ал сөз болып отырған соңғы кітабына енген тоғыз мақала өз алдына бір бөлім болып, түгелдей осы əдеби байла- ныстар тақырыбына арналыпты. Əсіресе, А. С. Пушкиннің қазақ да- ласына сапары, Т. Г. Шевченконың қазақ даласындағы тағдыры, ал- тын алқап аталған өзбекстандық достардың шығармалары, бауырлас қырғыз əдебиетінің Аалы Тоқомбаев, Түгелбай Сыдықбеков сияқты көрнекті өкілдерінің творчествосына жасаған жан-жақты талдаулары сыншы өресінің кеңдігін танытатын байсалды зерттеулер. Қалжан əсіресе көршілес, бауырлас қырғыз əдебиетіне əрдəйім ерекше на- зар аударатын. Жəне ол туысқан елдер əдебиетіне əйтеуір бір юби- лейлік жылы лебіз білдіру ниетімен емес, шын мəніндегі жанашыр зерттеушінің көзімен қарайтын. Қалжан зерттеулерінде туысқан ел- дер əдебиетіндегі дəнекерлік ортақ жағдайларды, ортақ мүдделер мен жетістіктерді жіті пайымдайтын. Бір ғана мысал, «Түгелбай творчествосы туралы ойлар» деген мақаласында Қалжан былай дей- ді: «Колхоздың алғашқы ұйымдаса бастаған шағында шаруалардың белгілі бір бөлігінің жаңа құрылысқа үрке қарап, «жерұйықты» іздеп


 


дүрліге көше бастағаны да шындық. Бұл жағдай сол дəуірге арналған шығармалардың біразынан көрініс тапты. Мысал рстінде орыс əдебиетінен – А. Твардовскийдің «Жерұйық» поэмасындағы Ники- та Моргунокты, қазақ əдебиетінен – Ғ. Мұстафиннің «Шығанақ» романындағы Олжабекті, қырғыз əдебиетінен – Аалы Тоқомбаевтың


«Өз көзіммен» атты өлеңмен жазылған романындағы Нұрбай қартты алсақ та жеткілікті. Осы бір шындықты, яғни, орта шаруалардың В. И. Ленин айтқан «екі жанын» Т. Сыдықбеков те дəуір бойына сыяр оқиғаларды көрсету арқылы суреттеді. «Кеңсу» романындағы Иман кедейдің, «Темірдегі» Күнту қарттың тұлғалары бұған толық дəлел».


Қалжан туысқан елдер əдебиеті өкілдерінің шығармаларын бірыңғай жақсылық жағынан ғана қарастырып қоймай, сонымен қатар кемшіліктерін де ұтымды фактілермен дəлелдеп көрсететін. Оның ілгергі бір мақалаларында қырғыз жазушылары Қ. Жантешев- тің «Қаржұқпас» романы мен Н. Байтеміровтің «Бір совхозда» по- весіне жасаған талдаулары осыны дəлелдейді.


Қ. Нұрмахановтың туысқан қырғыз əдебиетіне деген көзқарасын сөз еткенде, оның Шыңғыс Айтматов творчествосына деген ықласына (дəлірек айтқанда, махаббатына) арнайы тоқталмай болмайды. Бүгінде əлемге мəшһүр болып отырған Лениндік жəне Мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты, совет жастарының сүйікті жазушылары- ның бірі Шыңғыс Айтматов творчествосын тырнақалдысынан таныған əдебиетшілердің қатарында да Қалжан бар еді. Ұмытпасам, жазушы Тəкен Əлімқұлов Қырғызстаннан қайтқан бір сапарында


«Жұлдыз» журналының редакциясына Шыңғыстың «Бетпе-бет» повесінің орысша нұсқасын (қолжазбасын) əкеп беріп, жас жазушы жайында жылы-жылы тамаша сөздер айтып, сырттай таныстырып кетті. Редакцияда қолжазбаны бірінші оқып шыққан Қалжан бол- ды да, аударуға ат-түйедей қалап алды. Табиғатында елгезек жан, қабілетті де қағылез əдебиетші Қалжан аудармасы арқылы Шыңғыс Айтматовтың «Бетпе-бет», «Жəмилə» атты повестері қырғыз тілін- дегі түпнұсқасымен біртұста қазақ тілінде де жарыса жарық көрді деуге болады. Қалжан кейін де оның бірқатар шығармала-рын аудар- ды. Олардың бəрі де Шыңғыстың «Тау мен дала хикаялары» атты кітабына енді. Шыңғыс талантына табынған сыншы «Жəмилə» повесінің негізінде «Аңсаған менің əнімсің» атты пьеса жазды. Повестің сахналық варианты бойынша қойылған бұл спектакль міне қатарынан бірнеше жыл қазақ өнерінің қара шаңырағы М. О.


 


Əуезов атындағы академиялық драма театрының репертуарынан орын алып, көрермен қауымның алғысына ие болды. Бірыңғай таза сезімге құрылған Шыңғыс повесінің нəзік лирикасынан сахналық ситуация тауып, лириканы драмалық тартыспен шебер астарласты- рып бере білу – драматургияға енді ғана бетбұрған Қалжанды тағы бір тың қырынан танытқандай.


Қалжан қайтыс болғанда Шыңғыс Айтматов Лельскийге ұшып бара жатқан асығыс сапарына қарамай, Алматыға арнайы келіп марқұмның туған-туысқандарына ғана емес, «Қазақ əдебиеті» газетінің бетінде барша қауым, жалпақ жұртқа көңіл айтып, жылы лебіз білдіруі – бүгінгі үлкен таланттың сыншы еңбегіне деген дəн риза көңілінің кепілі болатын.


«Дос лебізі» кітабының алғашқы беташар бөлімі сыншының ұлы көсеміміз В. И. Ленинге, оның əдебиет пен өнерге қатысты айтқан пікірлері мен еңбектеріне арналған мақалалар циклынан («В.И. Ленин жəне əдебиеттегі типтік проблемасы», «В.И. Ленин жəне əдебиеттану ғылымының кейбір мəселелері», «В.И. Ленин жəне совет көркемөнері») құралыпты. Бұл мақалаларында да сын- шы ұлы көсеміміздің əдебиет пен өнер жайындағы данышпандық қағидалаларына орай, туған əдебиетіміздің проблемалаларын жан- жақты баяндауға талпынғандығы байқалады. Бүкіл елімізде В. И. Лениннің туғанына жүз жыл толуын тойлауға жаппай дайындық жасалып жатқан қарсаңда жарыққа шыққан кітап бетінің аталған тақырыптағы мақалалармен ашылуы «Дос лебізі» жинағының құн- дылығын, актуальдық маңызы мен салмағын анағұрлым арттыра түседі.


Сөз соңында айтпағымыз – бергенінен берері көп кезінде жастай


кеткен қатардағы қарапайым əдебиетші Қалжан мұрасының елеусіз қалмай, ескеріліп, бас қосып, түптеліп, жеке мұқаба киіп шығуы өнегелі елдің үлгісі, өсер əдебиеттің дəстүрі демекпіз. Демек, бұл тұрғыдан Жазушылар одағы мен «Жазушы» баспасына сыншы еңбегін бағалайтын оқырман қауымның айтар алғысы мол.


1968.


 





Пікір жазу