02.03.2022
  172


Автор: Баламер Сахариев

КЕМЕЛ ШАҚ

 


Туған əдебиетімізді арнасы кең, суы мол үлкен бір өзенге немесе дарияға теңеу жаңалық болудан қалғаны бір бүгін емес. Сол арна- ны əр тараптан келіп қосылып жататын айырықтар, ағыстар жасай- тыны тəрізді əдебиетке де əр кезде келіп қосылып, қал-қадарынша еңбек етіп, тер төгіп жүрген буын-буын қаламгерлер тобы бар екені ақиқат. Əдебиетімізге Ұлы Отан соғысынан кейінгі жылдары келіп қосылған буында жіті көзге байқалар бір ерекшелік болды. Қазірде есімдері елге мəшһүр болған танымал талант иелерінің бір тобы жайшылықтағы бейбіт кездің ондаған жылына татырлық өмір уни- верситетін, жорық жолдарын кешіп келген болса, енді бір тобы мек- теп партасынан жаңа ғана тұрып келген, əдебиетке деген құштарлық пен үміт жетелеген тəжірибесіз жастар еді. Бұл екі топ соғыстан кейінгі жылдары институттар мен университет қабырғаларында, мерзімді баспасөз орындарында бір тұста келіп тоқайласып, бас қосты да, араларындағы азды-көпті жас ерекшеліктері елеусіз қала берді. Міне, əдебиет деп аталатын үлкен өнердің босағасын сол жылдары мектеп партасынан келген бойда институт қабырғасында жүріп аттаған топтың алдыңғы легінде бүгін елуге келіп отырған Серік Қирабаев та бар еді.


Серік əдебиет босағасын аттағаннан бастап, бағзы біреулердей бытырамай, шашылмай, əр жанрдың есігін бір қақпай, өз құбыласын бір бағыттан – сын саласынан ғана іздеді һəм іздегенін тапты, жұртқа танытты. Бір бағытта ізденудің нəтижесінде ол қыруар іс тындыр- ды.


Ол əдебиет сыны сияқты қиын да жауапкершілігі мол жанрға жол- даманы 1948 жылы «Социалистік Қазақстан» газетінде жарияланған шағын мақаласымен (рецензия) алды. Əрине, ол кезде редакцияның босағасын имене аттаған жап-жас жігіт, ҚазПИ-дің II курс студенті, кейін осы газеттің əдебиет пен өнер бөлімінің меңгерушісі болар- мын деп ойламаған да шығар. Қалай болғанда да осы бір баспасөз бетін көрген шағын материал жас қаламгердің сынға деген сенімін күшейтіп, я талабын талпынтты да, енді ол бұған біржола ден қойды.


1951 жылы ҚазПИ-дің тіл-əдебиет факультетін үздікі бітір- ген Серік бір жағынан аспирантурада болашақ ғылыми жұмысқа дайындала жүріп əрі мерзімді баспасөз орындарында қызмет атқара


 


жүріп, əдебиетіміздің əралуан зəру мəселелеріне, əсіресе, проза мен поэзияның көкейтесті проблемаларына арналған көптеген мақалалар жазды. Сыншыға тəн салқын қандылық, эмоцияға беріліп кетпей, безбен басын тең ұстауға тырысатын əділеттілік, ұстамдылық, соқталы ой айтуға ұмтылатын парасаттылық нышандары Серіктің сол алғашқы мақалаларының өзінде-ақ бар еңсесімен бой көрсеткен болатын. Əдеби сынның бұқаралық, қоғамдық жұмыс екенін, оның жазушы үшін де, оқырман қауым үшін де атқаратын тəрбиелік миссиясын тез паййымдап, дөп таныған Серік «Əдеби сынның партиялық принциптілігі туралы» деген мақаласында: «Сын біздің əдебиетімізге өзінің принциптілігімен, пайымды пікірлерімен көмектесіп отыруға тиіс. Негізін де ол əдебиеттіне болмаса қандай да бір ғылыми еңбекті оқушыларға насихаттау қызметін атқарады. Сын арқылы көрсетілген пікірлер авторларға ой салатын, сол шығармаға жаны ашудан туған пікірлер болуы қажет. Егер олай болмаса, əдеби сын өзінің жауынгерлік міндетін атқара алмайды» – деп жазды. Міне, бұл Серіктің бұдан былайғы жұмысында өзіне де, өзгеге де қояр талабы, айтар ақыл, берер кеңесі болды.


Ол өзінің жоғарыдағы ойларын дамыта отырып, бізде баспасөзге де, сын пікірлерге де бостандық екенін, демек, белгілі бір жазушы немесе шығарма жайында кез келген оқырман, басқаша айтқанда, екінің бірі, егіздің сыңары өз пікірін айтуға праволы екенін атап көрсете келіп, бірақ қарапайым оқырманның айтқандарының бəрі əдеби сын деңгейіне көтеріле бермейтіндігін, пікір айтқандардың бəрі маман сыншы болмайтындығын, тек эстетикалық талғамы бар, əдебиеттің өнер ретіндегі өзіне хас қасиеттерін жете білетін, сөйтіп өз пікірімен жазушыға ой салып, жəрдемдесетін адам ғана маман (профессионал) сыншы деген атқа ие бола алатынын ескертеді. Сөйтіп ол сын миссиясына, сыншы мамандығына аса жоғары мəн береді, яғни əдебиетті түсінігі төмен оқырманның деңгейіне қарай сүйремей, қайта, қарапайым оқырманның талғам таразысын өнердің құпиясын түсіну дəрежесіне дейін жоғары көтеріп, тəрбиелеу қажеттігін дұрыс ұсынады.


Серік сонау Ілияс, Бейімбеттерден бастап бүгінгі Сағи, Тұманбай, Қадырға дейінгі аралықтағы көптеген жеке ақын-жазушылардың творчестволары жайында қысқаша шолу жасаған, бас-аяғы тұжы- рымды да ойлы мақалалар жазды. Серіктің жеке жазушылардың творчествосын арнайы зерттеп, жан-жақты талдау жасауға талпы-


 


нысындағы алғашқы сəтті қадамы педагог-жазушы Спандияр Көбеев пен қазіргі əдебиетіміздің ақсақалдарының бірі, прозаның хас шебері Ғабиден Мұстафин жайында жазған кітаптары еді. Бұл еңбектер ав- торды енді əдебиет ағымына ілесе пікір айтып, жіті қадағалап отыра- тын сыншылық, елгезектік үстіне ыждағатты ізденіске, толымды ой толғаныстарына бейім ғалымдық амплуада жаңа қырынан көрсетті. Жəне сыншының творчестволық өсу жолының алғашқы бір кезеңіне белгілі дəрежеде қорытынды жасады, болашақ барар бағдарына баспалдақ болды.


Серіктің əдебиеттану ғылымында бүгінгі шыққан биігі – 1962 жылы жарияланып, араға екі жыл салғаннан кейін филологияның докторлық дəрежесін əперген «Сəкен Сейфуллин» атты көлемді монографиясы. Сəкен творчествосын Есмағамбет Ысмайылов, Тұрсынбек Кəкішевтермен қатар жедел зерттегендердің бірі де Серік болатын. Алғашында Сəкеннің поэзиясы жайында, «Айша», «Жер қазғандар» повестерінің идеялық-көркемдік ерекшеліктері жайын- да, қадау-қадау мəселелер төңірегінде көлемді-көлемді мақалалар жазған Серік тынымсыз іздене жүріп, кейін оларын кең тынысты, көлемді монографиялық зерттеуге айналдырды. Бұл еңбегінде автор Сəкеннің совет əдебиетінің негізін қалаушы, қазақ əдебиетінде со- циалистік реализмнің алғашқы ту ұстаушысы болғандығы жайын- да дүйім жұрт жұмыла ден қойған пікірді одан əрі тереңдетіп, нақтылы дəлелдермен негіздей отырып, орнықтырып қана қойған жоқ. Сəкен есімімен байланыстыра отырып, жалпы қазақ-совет əдебиетінің іздену, өсу, өрлеу процестерін түбегейлі зерттеп, зерделі ойлар, тұжырымдар түйіндеді. Сондықтан да ғалымның бұл еңбегі əдебиеттану ғылымына елеулі үлес боп қосылып, орыс тілінде де екі рет (Алматыда жəне Москвада) жеке кітап болып басылды. Жалын- ды ақынның өмірі де, практикалық ісі де, бүкіл творчествосы да Ұлы Октябрь революциясымен тығыз байланыста аталатынын айтсақ, бүгін сол революцияның 60 жылдығы тұсында Серіктің сөз болып отырған еңбегінің құндылығы бұрынғыдан да арта түсері даусыз.


Сəкен Сейфуллин творчествосының революциялық рухына айрықша мəн беріп, егжей-тегжейлі тоқталып отырып, пікірін ол былайша тұжырымдайды: «Ұлы Октябрь социалистік революция- сынан бұрын-ақ өлең жазабастаған ақын сол қалпымен револю- цияға келіп араласады да, халық үшін аянбай күрескен жалын- ды большевиктердің сапында болады. Бұл жылдары ол өзінің


 


революциялық қызметіне өткір өлеңдерін де пайдаланады... Рево- люциялық рухтың қазақ поэзиясында берік орын теуіп, жаңа заман- ды жаңаша жырлаудың алғашқы мотивтері біздің поэзиямызға Сəкен шығармалары арқылы енді. Ол шығармаларында ақын коммунистік идеяны шын мағынасында түсінген, сенімді, ешбір жалтақ пен ауытқуды білмеген, батыр большевик болып көрінеді. Революциялық күрес дəуірі мен социалисті құрылыс майданында да осылай өмір кешті. Сол дəуір деп шығармаларының қайсысында болса да, Сəкен бар өмірін жаңа қоғамның салтанат құруына, коммунистік идеяның мəңгі жеңуі жолына арнады».


Серік қаламынан əмəнда зерттеуші ғалымға тəн парасаттылық пен зерделілік, сыншыға лайық публицистикалық ұшқырлық, елгезек- тік қалпы байқалады. Ол туған əдебиетіміздің күнбе-күнгі өмірінде болып жатқан əралуан өзгерістерге əрдайым құлағы түрік, қаламы қайраулы сыншы. Оның өзі қатарлы буыннан оза шауып, өндіре жа- зып, өрелі іс тындыруы да осындай ерінбес еңбеккерлігінде, əдеби процестің лүп еткен тынысын қапысыз бағып, қадағалап отыруын- да деп білеміз. Бұл əдебиетші, сыншы үшін таптырмайтын аса бір қажет қасиет. Міне, Серік творчествосының тақырып шеңбері со- нау Сəкен, Ілияс, Сəбиттерден бастап, орта буын өкілдері Хамит Ерғалиев пен Мұқан Иманжановтар арқылы бүгінгі жаңа талап, жас ақын-жазушыларға дейінгі аралықты кеңінен қамту себебі де сондықтан.


Серіктің қоғамға, халыққа сіңірген еңбегінің енді бір па- расы – ұстаздығы, педагогтік қызметі. Ол 1958 жылдан бері республикамыздың педагог кадрларын даярлау ісіне белсене ат- салысып, қызмет атқарып келеді. Қазір ол Абай атындағы мемле- кеттік педагогика институтының профессоры, СССР Педагогика ғылымдары академиясының корреспондент-мүшесі, Қазақ ССР Оқу министрлігінің əдебиет жөніндегі оқу-методикалық советінің председателі. Бұл салада да ол өз міндетін тек практикалық қызмет шеңберімен шектелмей, творчестволық жұмыспен ұштастырып ке- леді. Бұған оның «Қазақ балалар поэзиясы», «Балаларға арналған үлкен əдебиет жасайық», «Қазақ-совет балалар əдебиетінін кейбір мəселелері» атты көлемді-көлемді мақалалары, орта мектептер мен жоғары оку орындарының филология факультеттеріне арналған оқулықтар жазуға белсене атсалысуы айғақ бола алады.


 


Жоғарыда аталған монографиялық туындылардан басқа Серік- тің «Өрлеу жолында», «Октябрь жəне қазақ əдебиеті», «Өнер өрісі»,


«Əдебиет жəне дəуір талабы» атты кітаптары əр кезде жарыққа шық- қан екен. Сол еңбегіне лайық дəл осы күндері оған бұрынғыларына қоса, Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері деген құрметті атақ берілді. Серік, міне, шын мəніндегі ұстаздық хақына ие болған, соған жасымен де, еңбегімен де жеткен дер шағында тұр. Бұл жерде оның педагогтік қызметін ғана емес, əдеби ұстаздықты, өзі тұрған биігін сезіну жауапкерлігін, жас əдебиетшілерге қамқорлық, əдебиеттану ғылымы мен əдеби сынның келелі мəселелеріне ұйтқы, мұрындық болу сияқты көптеген ұғымдарды сыйғызып айтқым ке- леді.


1977.


 





Пікір жазу