02.03.2022
  206


Автор: Баламер Сахариев

АЙҚЫН НҰРҚАТОВ ХАҚЫНДА

Дос лебізі


 


Талантты сыншы, əдебиетші-ғалым, филология ғылымдарының кандидаты, айтулы азамат Айқын Нұрқатов мезгілсіз қаза болды. Қатыгез ажал қазақ əдебиетшілерінің қатарынан болашағы зор да- рынды қалам иесін алып кетті. Айқын есімі, оның мезгілсіз қазасы қысқа болса да, қызулы өмір өткізген Ғани Мұратбаев, Саттар Еру- баев, Баубек Бұлқышев, Абдолла Жұмағалиев, Мұқан Иманжанов есімдерін еріксіз еске түсірді.


Айқын Нұрқатов 1928 жылы Көкшетау облысының Рузаев ауда- нындағы Шұқыркөл аталатын ауылда дүниеге келді. Сол туған ауы- лында орта мектеп көлемінде білім алған ол 1946 жылы Алматының Абай атындағы мемлекеттік педагогикалық институтының қазақ тілі мен əдебиеті факультетіне түсіп, 1950 жылы оны үздік бітіріп шықты. Əдебиетке ерте құмартып, институт қабырғасында озық оқыған Айқын бірден қазақ əдебиеті кафедрасының аспирантурасы- на қалдырылды.


Айқын əдебиетке елуінші жылдардың бас кезінде келіп қосылды. Қазіргі «Жұлдыз» журналының сын бөлімін басқара жүріп, ол 1954 жылы «Вл. Маяковский жəне Қазақ-совет поэзиясы» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады. Алғашқы кезде республиканың баспасөз беттерінде бірлі-жарым өлеңдер жариялап, кейініректе аударма мəселесімен де біраз шұғылданған Айқынның өз талантын айқара ашып, жемісті еңбек еткен саласы – əдебиетіміздің жауынгер сыны еді.


Бұл салада Айқын сол қысқа өмірінің ішінде қыруар еңбек беріп үлгерді. Күнделікті баспасөз бетінде ол екі жүздей əдеби сын мақалаларын жариялады. Шоқан Уəлиханов, Вл. Маяковский, Сəбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин творчестволары ту- ралы шағын-шағын очерк-кітапшаларын басып шығарды.


Үлкен сынды үлкен əдебиет туғызады. Жалпы көркем əде- биетіміздің даму дəрежесінен кенжелеп қалып келе жатса да, соңғы жылдарда əдебиет сыны саласында анағұрлым дерлік іл- гері басқандық бар екенін атап өткен көңілге тоқ, көзге қуаныш. Бұл ілгерілегендікті ең алдымен сыншыларымыз бен əдебиет зерт- теуші ғалымдарымыздың сын нысанасына проблемалық күрделі мəселелерді тігіп, солар жайлы байсалды, ойлы пікірлер айтып бет бұра бастағандығынан, ұзақ жылдар бойы шаңдағы шыққан бел-


 


гілі сүрлеуден шығып, жаңа ізге, жаңа стильге түсе бастағанынан аңғаруға болады.


Соңғы уақытта сыншылар арасында күнделікті баспасөз бет- теріндегі мақала, рецензиялармен ғана шектелмей көрнекті жазу- шыларымыздың творчестволарына ғылым шолу жасап, үңіле зерт- теп, тереңірек баға беруге ниеттену бой көрсетті. Міне осынау жаңа да игі бастаманы алғашқы ілегінде Айқын Нұрқатов та бар еді.


Сын саласында жеке кітап болып басылған алғашқы бағалы еңбектердің бірі – Айқын Нұрқатовтың жазушы Мұхтар Əуезов творчествосы жөнінде жазған монографиялық очеркі (1957 ж.). Бұл көлемді еңбек əйгілі жазу шымыз М. Əуезовтің мол салалы, кең арналы творчестволық жолына шолу жасауға, оның басты-басты еңбектерінталдап, бағаберуге, жазушыныңқазақ-советəдебиетінде жəне көпұлтты совет əдебиетінде алатын орнын айқындауға арнал- ған. Жұртқа мəлім, аты əйгілі болған сүйікті жазушы жайын- да талай мақала жазылған да болатын, жазылып та келеді. Аға жазушының кейбір жеке шығармалары жайында   немесе   кей- бір жеке образдары жайында əралуан қайшы, талас пікірлер де айтылғанды. Бірақ ол жеке-жеке мақалалардың қайсысының болса да Əуезов творчествосына жан-жақты талдау жасауға мүмкіндіктері болған жоқ.


А. Нұрқатовтың бұл кітабы Əуезов творчествосы жөніндегі та-


лассыз пікірлерді жүйеге салған, ал бірқатар талас мəселелердің ба- сын ашып, орынды дəлелдемелері мен тың пікірлер айтқан алғашқы еңбектердің бірі болды. Бұл жағдай, біріншіден, оқушы жұртшылық- ты алдында зерттеуші еңбегінің бағасын арттырса, екінші жағынан, оның кейбір жеке кемшіліктері жөнінде кінасын жеңілдетеді. Өйткені, алғашқы еңбекте ондай-ондай олқылықтың болуы да ықтимал жəне автор өз еңбегін М. Əуезов творчествосы жайында ең соңғы сөз деп ұсынған да жоқ еді. А. Нұрқатов бұл алғашқы кітабында жазушының мол мұрасын бақайшағына дейін талдап, барлық сипатын ашып бе- руді міндетіне алмағандығын айта келіп, ол жұмысты болашақтың үлесіне қалдырды да, бірақ сүйікті жазушының творчествосын зерт- теу ісіне əлі де сан рет оралатындығын, ол жөніндегі пікірлерін əлі де негіздеп, тереңдете беретіндігін оқушыға алдын ала ескерткен болатын.


Солай бола тұрса да, бұл еңбек, автордың сыпайылығына


қарамастан, М. Əуезов творчествосы жайында едəуір жүйелі мағлұмат берген бағалы еңбек болды.


 


Өмір құбылыстарына социалистік реализм деп аталатын твор- честволық əдістің биігінен қарап суреттеу жазушыға қандай қажет болса, көркем шығармаға немесе жеке жазушының творчествосына талдау жасап, баға беруге бұл əдіс сыншы мен əдебиет зерттеушісіне де сондай қажет. Автор сөз болып отырған еңбегінде осы принципті мүмкіндігінше ескергендігі аңғарылады.


Əр жазушының өзіне тəн өмір жолы, өзіне лайық творчестволық даралығы, өзіндік стилі бар. Сол сияқты М. Əуезовте бүгінгі дүниежүзілік мəдениетке үлкен үлес қосқан көрнекті қаламгер дəрежесіне жеткенге дейін тарихтың талай тар соқпағы мен бұралаң сүрлеуін артқа тастады. Демек, оның творчествосының даралығы, қыры мен сыры, өзіндік өзгешелігі мол болуы табиғи нəрсе. Зерттеушінің міндеті осындай өзгешелікті көре білу болса, Айқын еңбегі сол сауалға жауап беруге жараған еңбек болды.


Кітаптың ең негізгі жəне көлемді тарауларында М. Əуезовтің драмалық шығармалары мен Абай жайындағы төрт томдық эпопе- ясы, ол шығармалардағы алуан түрлі əлеуметтік топтар өкілдерінің образдары талданады. Осы талдау үстінде автор жазушының тек өзіне ғана тəн бірқатар ерекшеліктердің басын ашып береді жəне оның зерттеу құралы болып табылатын тіл шеберлігін сипаттай- тын мысалдар келтіреді. Совет əдебиетінде жасалған көлемді көркем полотнолардың алдыңғы қатарлыларынан саналатын Абай жайындағы эпопеяға зерттеуші ерекше мол орын беріп, баса назар аударды.


Қоғамдық үлкен өмірді көрсететін «Абай жолы» сияқты кесек туынды жасау үшін, жазушы Абай өміріндегі фактілердің хроно- логиясына айналып қалмай, олардың ішінен шығарманың негіз- гі идеясын шешуге тиіс боларлық нəрселерді ғана алып, əрбір жеке кейіпкерді типтік дəрежеге көтерген. Батыстың классикалық əдебиетіндегі тарихи шығармаларға қарағанда, М. Əуезовтің тари- хи эпопеясындағы осындай өзгешелік пен артықшылықты алғаш айтушылардың бірі де А. Нұрқатов болды. Бұл ретте автордың орыстың классикалық əдебиеті мен совет əдебиетіндегі тарихи шығармаларға экскурсия жасауы да орынды.


М. Əуезов қазақ театр искусствосының өркендеуіне көп еңбек сіңірген белгілі драматург. Ол жазған жиырма шақты пьеса мен бірқатар аудармалар əдебиетіміздің драматургия саласына еле- улі үлес болып қосылды. Əсіресе, оның «Еңлік – Кебек», «Айман



  • Шолпан», «Түнгі сарын», «Қобланды», «Бекет» сияқты пьесалары


 


əрқайсысы əр тұста ұлттық сахнамыздың көркі саналғандығы бел- гілі. Міне, М. Əуезов творчествосының бұл саласы да зерттеушінің еңбегінде үйлесімді көрінісін тапқан.


М. Əуезов – кейіпкердің характері мен портретін жасауға шебер жазушы. Бұл мəселедегі бір ерекшелігі оның кейіпкерлерінің ха- рактері, кейде тіпті портреті де қайсыбір шығармалардағыдай жол- жөнекей ашылып қалмай, шығарманың ұзына бойына біртіндеп өсіп, толысып жетіледі. Жазушы кейіпкерлерін «былай еді» деп таныс- тырмайды, оны оқиғаға қатысына, іс-əрекетіне қарай оқушының өзі танып біліп, бағалайтын болады, яғни кейіпкер жөнінде дайын мі- нездеме ұсынбай, іс-əрекеті, портреті бар жанды кейіпкерлердің өзін ұсынады да, оған мінездеме беруді оқушының еркіне қалдырады.


М. Əуезовтің суреткерлік шеберлігін танытатын тағы бір нəрсе – оның шығармаларындағы табиғат көріністерінің берілуі. Пейзаждық көріністерді суреттеуді жазушы шығарманың композициялық шешіміне қатыссыз өз алдына дара мəселе деп қарамайды, қайта оны кейіпкердің көңіл-күйін, іс-əрекеті мен мінез-құлқын тереңдете айқындау үшін пайдаланады.


М. Əуезов шығармаларының құндылығын арттыратын тағы бір қасиет – тілі. Ол – тілге мейлінше бай жазушы. Оның қай шығармасын оқысаң да, философиялық мəн терең, еріксіз еліктіріп, баурап əкететін поэтикалық тіліне таңқалмай қоймайсың. Жəне оның тіл шеберлігі тіпті ең алғашқы шығармаларының өзінде-ақ айқын көріне берген еді.


А. Нұрқатов жазушы творчествосының осындай əр-алуан ерек- шеліктерін аталған еңбегінде мүмкіндігінше кең қамтып, жан-жақты сөз етуге тырысты.


Зерттеуші жазушының жеке кейіпкерлері жөнінде бұрын айтылған кейбір жаңсақ пікірлерге дəлелді тойтарыс та берді. Мəселен, ғалым М. С. Сильченко «Абай жолы» романының I кітабы- на жазған рецензиясында Əбдірахман образын шындықтан қашық, өмірде ол жазушының суреттегеніндей дəрежеге көтеріле алған жоқ деп кінəлаған еді.


Бұл арада біз романдағы Əбішке өмірде болған Абайдың баласы деп қарамай, əдеби кейіпкер (образ) деп қарауымыз қажет. Əрине, шығармадағы кейіпкердің өмірде прототипі бола беруі жиі кезде- сетін заңды нəрсе. Бірақ жазушы ешқашанда өмірдегі болған тарихи адамды шығармаға бұлжытпай кешіре салуға уəде берген жоқ, тіпті олай етуге тиісті де емес. Олай болса, романда Əбішті Абай баласы


 


етіп қана қалдырмай, жинақталған, типтендірілген, автор тарапынан біраз кемелдендірілген, прогресті жақтаушы белді образ деңгейіне көтеру. М. С. Сильченко айтқандай, жазушының кінəсі, кемшілігі емес, қайта, қол жеткен табысы, тапқырлығы, шеберлігі деп таны- луы тиіс. Біздіңше, бұл жағдайды А. Нұрқатов дəлелді түрде барын- ша дұрыс түсіндірген.


Сондай-ақ сыншының Абай туралы эпопеяның соңғы кітабын- да Дəрмен алып қашып Мəкенге үйленгеннен басқа қоғамдық, əлеуметтік аренада аршынды əрекет көрсетпейді, бұл образ алғашқы кітаптардағы деңгейінен əрі дами алмай қалған, сондықтан да соңғы кітапта Дəрменнің ақындық, əлеуметтік іс-əрекетін əлде де сəл толықтыра түссе, сөйтіп біз оны Абай артқан үмітті ақтайтындай дəрежеде көрсек деген талабы да көңілге қонады.


Сыншының бұл еңбегі қазақ əдебиеті мен өнерінің 1959 жылы Москвада өткізілген он күндігі тұсында орыс тіліне де аударылып, жеке кітап боп шықты.


1960 жылы февраль, март айларында Мұхтар Əуезов совет жа- зушылар делегациясының құрамында Л. Леонов, С. Щипачев, О. Гончармен бірге Америка Құрама Штаттарына барып қайтты. Елге оралғаннан кейін капитализм дүниесінің ең басты еліне жасаған са- парынан алған əсерлері жайында Қазақстан Жазушылар одағында өткізген 6ір əңгімесінде жазушы Айқынның осы кітабының орыс тіліндегі бір данасын Нью-Йорк қаласындағы Ұлт əдебиеттері кіта- пханасынан көргендігін соншалық бір қуанышты, мақтаныш сезімі- мен хабарлағаны əлі есімізде. «Əңгіме ол кітаптың мен жөнінде жазылғандығында емес, – деп еді Мұхаң, – қазақтың бір жас ғалымының кітабы орыс тілінде басылып, ол сонау мұхиттың арғы бетінде, мүлде бейтаныс жат елде алдыңнан шығып қарсы алып жат- са, ол кімге болса да ғанибет емес пе?»


Əрине, жазушы творчествосына жан-жақты шолу барлау жасаған


алғашқы көлемді еңбекте сыншының сол тұста жалпы М. Əуезов творчествосының алғашқы кезеңі жайында орын алып келген кей- бір жаңсақ пікірлерді ауқымынан аса алмағандық фактілері де кез- деседі. Сол олқылықтарды ескерген ол, өз уəдесінде тұрып, жазушы мұрасына қайта оралып, 20 баспа табақ монографиялық көлемді еңбек жазып жүріп қайтыс болды. Бірақ автор бұл еңбегін белгілі бір жүйеге түсіріп, алды-артын бірде тегістеп жазып шығуға үлгірмеді. Сондықтан да Айқын қайтыс болғаннан кейін шыққан екінші кітапқа оны М. Əуезов шығармалары жайында əр тұста жазып жариялаған


 


мақалалары жəне «Абай жолы» эпопеясы жайында қайта жазып шыққан көлемді тарауы ғана енгізілді. Бұл жинақтың екінші бөлімі оның əр тұста жазған басқа əдеби сын мақалаларынан құралды.


Айқынның тағы бір көлемді еңбегі 1962 жылы жарыққа шыққан


«Идея жəне образ» атты мақалалар жинағы. Бұған оның 1956–1960 жылдар арасында жазған мақалалары енген. Бұл еңбектер қазіргі қазақ совет əдебиетінің келелі мəселелерін қозғауға, жекелеген ақын жазушыларымыздың творчествосын, ірі-ірі шығармаларын, суреткерлік шеберлігін, көркемдік ізденістерін талдауға арналған. Логикалық ойдың соқталығы, айтылмы пікірдің айқын да батылдығы, дəлелдің күштілігі, тілді көркем де өткірлігі – міне, жалпы алғанда, сыншы Айқынның, əдебиетші ғалым Айқынның қаламына хас қасиеттер оның жоғарыда айтылған мақалалар жинағына енген еңбектерінен де айқын аңғарылады.


Атап өтерлік бір жай – Айқынның бұл кітабында да бірнеше мақала ұлы жазушымыз М. Əуезов творчествосына арналды. Мəселен,


«Жылдар – ойлар» атты мақаласында ол жазушының осыған ұқсас атпен жарияланған ғылыми-зерттеу жəне сын мақалалары кіта- бына талдау жасайды. Тегінде, Абайдың өмірі мен творчествосы М. Əуезовтің суреткерлік творчествосының ғана емес, сонымен бір- ге ғалымдық қызметінің де кең өрісті өзегі, үзілмес арқауы екендігін атап көрсете келіп, ғалымның зерттеу тəсіліндегі ерекшеліктерге тоқталады: «Автор ақын шығармаларын тақырып-тақырыпқа бөліп, үзіп-үзіп жіктемей, тұтас күйінде алған – деп жазады Айқын. – Ол хронологиялық принцип ұстанып, ақын творчествосын ұзына бойы- на шолып зерттеп шығады. Бұл – əдебиеттану ғылымында ежел- ден бері қолданылып келе жатқан, өзін-өзі ақтаған жемісті зерттеу тəсілі. Ақын мұрасының қай саласын, қай жанрын талдаса да, ав- тор осы тəсілден танбайды. Ал оның шеберлік қырларын, тіл ерек- шеліктерін, эстетикалық жəне философиялық көзқарастарын жəне ақын поэзиясындағы дəстүрлік жəйттар мен жаңашылдықты кезең- кезеңіне қарай, сап-сабымен ашып тастап отырады».


Абай творчествосын зерттеу жұмысымен кейін Айқынның өзі


де шұғылданды. Бұл мəселеде М. Əуезовтің жəне Абай творчес- твосын түбегейлі зерттеген басқа ғалымдардың: С. Мұқановтың, Қ. Жұмалиевтің, М. Сильченконың т. б. еңбектері сыншының іздену өрісіне темірқазық жұлдызындай бағыт-бағдар сілтегені, игі əсерін тигізгендігі даусыз. А. Нұрқатов өзінің бірнеше жыл бойы жүргізген зерттеулерінің нəтижесінде «Абайдың ақындық дəстүрі» атты мо-


 


нографиясын жазып бітіріп еді. Бірақ автор ол еңбегін де жариялап үлгіре алмады. Бұл кітап та авторы қайтыс болғаннан кейін, 1966 жылы жеке кітап болып басылып шықты.


Айқын бұл еңбегінде өзінің алдындағы аға буын ғалымдардың осы саладағы еңбектеріне сүйене, солардан тағлым алып үйрене отырып, Абайдың өзінен кейінгі қазақ ақын-жазушыларына тигіз- ген игі əсері, үлгі-өнеге ықпалы жайында тың пікірлер айтуға, оның ақындық дəстүрінің соны соқпақтарын, тың іздерін табуға талаптан- ды. Абайды түгел таныдым, кемел игеріп, түбегейлі толық зерттеп біттім деу қате екендігі жайында, ақын поэзиясының идеялық һəм əсемдік (көркемдік) əлемі болашақ сан ықылым буындардың сансыз оралар байтақ мол дүние екендігі жайында М. Əуезов айтқан ескерт- пелерді Айқын берік тұтынды. Сөз болып отырған кітабында ол ұлы ақынның дəстүрін кейінгілердің идеялық бағыт-бағдарларынан да, сондай-ақ көркемдік шеберлік тəсілдерінен де, өлең формасындағы ізденіс жаңалықтарынан да, жалпақ тілмен айтқанда, жалпы сөз саптасынан да іздестірді. Ол іздегендерін автор Абайдың тіке- лей ұстаздық көмегіне, ақындық, ағалық ақыл-кеңесіне сүйеніп жыр жазған Ақылбай, Мағауия, Əсет үндерінен, одан беріректе Сұлтанмахмұт Торайғыров пен Сəбит Дөнентаев, Спандияр Көбеев пен Мұхаметжан Сералин, т. б. творчестволарынан тапты. Айқынның кітабында Абай өлеңдерінің сырт формасына, жеке шумақтарына жеңіл-желпі сырттай еліктеушілер, эпигондар, көпшілік қауымға онша-мұнша кең таныс емес, беймағлұм есімдер де кездеседі. Бұл сөз жоқ, зерттеушінің ізденіс өрісінің кеңдігі. Ол алған тақырыбына деген ыждағаттылық пен мұқияты зерделілік қалпын танытса ке- рек.


Сондай-ақ, зерттеушінің болжауы бойынша, қазақ-совет ақын-


дарының алғашқы буын өкілдерінің ішінде де Абайдан үйреніп, бел- гілі дəрежеде өнеге-үлгі алмағаны, ең кем қойғанда, оны құмарта оқымағаны кемде-кем көрінеді.


«Абай тек өз творчествосымен, өз мұрасымен ғана ұлы емес,



  • дейді зерттеуші.– Қазақтың реалистік жазба əдебиетінің негізін қалаған ұлы классигіміздің жалпы ұлттық əдебиетіміздің кемелде- нуіне, толысып өсуіне тигізген əсері ұшан-теңіз.


Абай мұрасын игеру, оның творчествосын терең зерттеу – өткендегі мəдени қазынамызды пайдаланудағы ең түбегейлі мəселе- лердің бірі болғаны сияқты, біздің əдебиетіміз, əсіресе поэзиямыз өзінің қалыптасып дамуының қай кезеңінде де ұлы ақынның жемісті,


 


құнарлы дəстүрлерінен сырт қалған емес. Бұл – даусыз шындық. Мұны өткендегі жəне қазіргі əдебиетіміздің даму тарихынан анық көреміз. Қазақтың айтулы, ірі-ірі ақындарының қай-қайсысы да өздерінің іздену жолдарынан Абай творчествосының тереңіне үңілмей, оның тұнығынан сусындамай кете алмайды».


Жалпы кітаптың өн бойында зерттеуші көзінің жітілігін, пайымдауларының парасаттылығын, дəйектілігін дəлелдейтін фак- тілер, тамаша талдаулар мол ұшырасып отыратын. Мəселен, автор


«дерексіз ұғымдарға тіл бітіру, жан беру, абстракциядан образға ауы- су – Абайдың ақындық стихиясы екендігін, оның қаламының шыққан сөздер сурет боп көрініп, үн болып естіліп жүре беретіндігін» атап көрсете отырып, ақынның интимдік лирикасынан екі өлеңге талдау жасайды:


«Дем алыс ісініп, Саусағы суынып, Белгісіз қысылып, Пішіні құбылып».


...Өзгесін былай қойғанда, – дейді автор, – «дем алыс ісініп» де- ген бір жолда қаншама қуат, қаншама тапқырлық бар. Бұдан артық айту қиын сияқты. Бірақ айтуға болады екен. Оны айта алған да – Абайдың өзі».


«Егерде қолың тисе білегіне, Лүпілдеп қан соғады жүрегіне. Бетіңді таяп барсаң тамағына, Шымырлап бу енеді сүйегіне.


«Сүйекке шымырлап бу ену» – бұрынды-соңды ақындарымыз- дың ішінде мұны тек Абай ғана айта алды. Бұған ешқандай комментарийдің қажеті жоқ. Өйткені талдай бастасаң, өлеңді бар əсемдігінен, бар нəзіктігінен айырып аласың. Белинский айтқандай, тілсіз түйсіктерге тіл беретін, жан бітіретін шын мəнісіндегі лириканың, шын шеберліктің үздік үлгісі осы болса керек».


Əрине, Абайдың өлеңдеріне таңдай қағып, тамсанып, таңырқау жаңалық емес. Сөз жоқ, ғажап көрініс, тамаша сурет. Бірақ осы өлеңдерді сан рет оқып жүріп, көбіміз оған оншама мəн бермеп- піз. Біздің бұл жерде айтпағымыз – жұрт байқамағанды Айқын байқапты да, байыпты байлам жасапты. Зерттеуші зердесіне тəнті болмасқа лаж жоқ. Ойлап қарасақ, бұл жан сезімінен гөрі тəн сезімі- не ойысыңқырайтын физиологиялық құбылыс. Мұндай кұбылысты Абай айтпай, басқа бір ақын айтса, бəлки, тұрпайылыққа төбе шашың тік тұрып, құйқаң шымырлауы да мүмкін еді. Ал Абай өлеңінде тұрпайылық тұрған анайылықтың да нышаны жоқ, қандай сыпайылық, қандай шынайы сурет, тіпті тұнып тұрған сезім гармо- ниясы. Біздің риза болатынымыз Айқын Абай лирикасының осы қасиетін тамыршыдай танып, тап басқан.


Айқын Қазақ ССР Ғылым академиясының М. О. Əуезов атындағы Əдебиет пен өнер институтының аға ғылыми қызметкері бола жүріп, қазақ əдебиетінің көп томдық тарихын жасау ісіне де барынша ат салысып, ең белгілі де белді авторлардың бірі болды. Ол қазақ əдебиетінің орта мектепке арналған оқулығын жасаушылардың да біреуі болатын.


Аз өмірінің ішінде əдебиеттану ғылымы мен сын саласында соншалықгы мол еңбек қалдырған талант иесінің бұл еңбектері оқушы жүрегіне қалтқысыз жол тапқандығы күмəнсіз.


1965–1978.


 





Пікір жазу