ЖАНР ЖҮГІН АРҚАЛАП...
Сыншы, ғалым М. Қаратаев 60 жаста
Қазіргі қазақ əдебиетінде сын жайы сөз бола қалса, алдымен, сын синонимі сияқты Қаратаев есімін қатар атайтынымыз хақ. Оқырман көңіліндегі мұндай ассоциация Қаратаевтың туған əдебиетіміздің қазіргі сын жасағының көш басында келе жатқандығынан ғана емес, сонымен бірге өнер босағасын алғаш аттағаннан бастап күні бүгінге дейін сөз құбылысын, негізінен сын сияқты қиын да күрделі бір са- ладан іздеп, талантын сол арқылы танытып келе жатқандығынан да туатын болу, керек. Расында да ол, басқа жанрға анда-санда ара- кідік мойын бұрғаны болмаса, бүкіл творчестволық саналы өмірін əдебиетіміздің сыны мен зерттеу ісіне қапысыз арнап келе жатқан қаламгер. Əдебиеттану ғылымына да ол сын көпірінен өтіп, сын баспалдақтары арқылы қосылды да, егіз екі салада қажымай қатар қалам тербеп келеді. Əдебиеттану ғылымы əдебиет сыны тəрізді көркем əдебиет тəжірибесіне ілесе дамитындығына, ...əуелі əдебиет сыны, оған жалғаса əдебиеттану ғылымы бой көрсеткендігіне көңіл бөле келіп, Мұхаметжан Қаратаев: «...Əдебиетіміздің совет дəуірін зерттеу жұмысы əдеби сыннан бастап өріс алды. Сондықтан əдеби сын мен əдебиеттану ғылымының арасында қазылған ор жоқ, еке- уі қатар жəне аралас өсіп келе жатқан құбылыстар» – деп жазған болатын. Бұл пікірдің ақиқаттығына юбилярдың өз творчестволық тəжірибесі де айғақ бола алатын тəрізді. Ендеше бүгінгі Қазақ ССР Ғылым академиясының академигі, филология ғылымының докторы, профессор, бір сөзбен айтқанда, ғалым Қаратаевты əдебиетіміздің сын саласына сонау отызыншы жылдардың алғашқы жартысында
Бейімбет, Ілияс, Сəкен, Сəбит, Мұхтар, Ғабит сияқты аға буынның өкше ізін баса келіп қосылған белгілі сыншы Қаратаевтан бөле-жара қараудың еш реті жоқ.
Сонымен, Қаратаевтың творчестволық ізденісі негізінен бір бағытта болды, оның оң жамбасына келген жанр, өнер тіліне ауда- рып айтқанда, амплуасы – сын мен зерттеу ісі дегенде, оны тек тар көлемде бір жақты түсінбеуіміз қажет. Əдебиет сыншысы əрі зерттеуші ретінде ол туған əдебиетінің түкпір-түкпірін ой көзімен шолған, бағыт-бағдарын байсалды болжаған, құлашы кең, қарпуы мол алымды қаламгер. Мейлі проза ма, поэзия ма, драматургия ма, əлде туған əдебиетіміздің өткен тарихы немесе бүгінгі теория- сы ма – бəрі бір, осылардың қай-қайсы да Қаратаев қаламының барған, болған, башайлап зерттеген, ең кем қойғанда, ат шалдырған төбелері. Қазақ əдебиетінде сыншы назарынан қаға беріс қалған қалтарыс жоққа тəн десек, асырып айтқандық бола қоймас. Бұл да əдебиетші диапазонының кеңдігін танытады деп ойлаймыз. Біз Қаратаев қаламының өрісі жайында сөз қозғағанда əдебиеттің жанрлық жағын, тақырыптық шеңберін ескеріп айтқан едік. Ал ғалым-сыншының творчествосы жайында пікір айтқан əдебиетші- ғалымдар X. Əдібаев пен Ж. Молдағалиев: «Қазір қалам тартып жүрген (тіпті үлкені бар, кішісі бар) талапкерлердің ішінен сыншы- ғалым пікір айтпаған немесе арнаулы зерттеу жазбаған жанды кез- дестіру қиын. Мұхаметжан Қаратаев творчествосы кең құлашымен де, шалқар тереңдігімен де еріксіз таңдай қақтырады», – деп жазады. Əрине, бұл пікірлердің арасында шалғайлық жоқ. Əңгіме Қаратаев талантының ауқымдылығында, қалам қарпуының алымдылығында, туған əдебиетімізді түгел қамтып пікір айтуға тырысатын барынша еңбеккерлігінде болып отыр. Бұл қалам қызметінде жүрген көбіміз үшін үлгі-өнеге алар, мақсат тұтар қасиет болып саналса керек. Осы орайда əдебиетіміздің əз ағасы, əйгілі жазушымыз марқұм үлкен Мұхаңның – іні Мұхаңа бұрынырақ өткен елу жылдық тойы тұсында жылы лебізін білдіріп, «Қазақ əдебиеті» газетінің 1961 жылғы 20 январь күнгі санында жариялаған «Өрлеу егіз-қатар болсын» атты мақаласында: «Екі бірдей тілде, қатар ана тілдерінде тең сөйлеп жаза алатын қасиетінің үстіне Мұхаметжанда əрдəйім кімге де болсын, қандай жиынға, қандайлық оқушыға да болсын елеулі етіп айтары бар, нəрі бар бір сыйпат бар. Екінші сол нəрлі айтарын тілмен де, қаламмен де бір емес, екі бірдей тілде айта білетін құдірет бар.
...Міне, Мұхаметжанда біз қадірлейтін осындай өнерлі сыйпат
бөлекше», – деп берген бағасын еске түсіру əбден лайықты. Бұдан біз қай шаршы топқа болсын, қысылмай қосып, қызармай отыруға бола- тын, «əдебиетшің, сыншың қайсы?» – десе, мынау», – деуге лайық ініге деген аға сенімін ғана емес, қуаныш сезімін де қоса аңғарамыз. Кейініректе сын мұраты саналып, мақал-мəтел тақылеттес жатталып кеткен «сын шын болсын, шын сын болсын» деген тамаша пікірді де М. Əуезов осы Қаратаев творчествосына қатысты айтқаны есімізде. 1923 жылы туған ауылы Төлікөлден Сұлутөбеге кетіп бара жатқан жолаушыға ілесіп, оқу, білім іздеп аттанған сапарында жасөспірім баланың көңіліндс болашақ өмір жолын таңдап алу жайында бірдеңе бола қоюы неғайбыл. Онысында əйтеуір жарыққа, білімге ұмтылу талабы ғана бартын. Бұл бір ғана Мұхаметжан емес, сол тұста
«қоңылтақ күні салқын қоңыр күзде» аулынан ала тайға мініп аттанған ақын Ғалидың, «жетім тайлақтың еркешіне жабысып» жөнелген Тайырдың, əдебиет əлемінде тай-құлындай тебісіп төл өскен белгілі жазушылар Хамза Есенжанов пен Зейін Шашкиннің, жалпы Мұхаң құралпы буын өкілдерінің көпшілігі бастан кешкен хал еді. Əйтеуір, қазірде алпыстың асқарына шығып, аға буынның қатарына кір- ген сол топтың өнер-білімге ұмтылысында, ізденісінде ерекше бір құлай берілген құштарлық, соншалықты ынтызарлық аңғарылады. Сыңайы, мұның төркінінде «Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болуды» арман еткен ақын ағамыз Сұлтанмахмұт айтқан «талап- талпыныс» тұруы да ықтимал. Ал жасалған мəдениеттің, əдебиеттің ең жайлауына еркін басып келген кейінгілеріміздің көбімізде сол аға буын өкілдерінің бойында болған құштарлық, ынтызарлық, ұнамды мағынасындағы қомағайлық жағы жетісе бермейді-ау дейміз. Осы жағынан келгенде, оларға қызыға да, қызғана да қарауға болады.
Міне, сол құштарлық жетелеп аттанған он үш жасар баланы қиял
қанатына қондырып, алға бастаған арманы алысқа – өнер өріне, əдебиетке, əсірссе оның ең бір жауапкершілігі мол саласы – сынға əкеп қосты. Əуелі екі жылдық мектеп-интернат, сосын орта білім, одан қазақ мəдениетінің, ғылымының қара шаңырағы атанған Абай атындағы мемлекеттік педагогикалық институт, Ленинградтың ас- пирантурасы – міне, М. Қаратаевты əдебиеттану ғылымына, əдеби сынға жеткізген баспалдақтар осылар.
Əдебиет табалдырығын аттағаннан бастап, сын жанрының жүгі жеңіл болмайтындығын, ол өзінің табиғатында тəттісі мен қаттысы, ащысы мен тұщысы алма-кезек араласып отыратын, əділдік пен батылдықты бірдей талап ететін аса күрделі жанр екендігін ерте
пайымдап, дұрыс болжаған М. Қаратаев сыншының миссиясы жайында: «Үзілді-кесілді үкім шығаратын сот емес, қаламдас жол- дас, ақылшы дос, бəрінен бұрын шын мəнісінде əдебиетші-суреткер болу қажет! Міне, сыншы дегеніміз осындай болса керек», – дейді. Ол осы үлгіні өз тəжірибесімен, өз творчествосымен көрсетіп келе жатқан қаламгер.
Жанрлық табиғаты жағынан сынның миссиясы – əдеби процестің алғы шебінде болу екенін ерте түсінген білімдар сыншы сол творчестволық жолын бастаған жылдардың өзінде-ақ қалыптанған дайын пікірлерді паналамай, əдебиет жұртшылығына айтары бар, өзіндік беті, пікірі бар, болашағына үлкен үміт артуға болатын зерделі зерттеуші екендігін таныта келгенді. 1933 жылы Сəкен Сейфуллиннің дастанына байланысты жазған «Қызыл ат» жəне со- циалистік реализм» деген мақаласында сыншы бұл шығарма тура- лы айтылып жүрген сын пікірлердің қате тұжырымдарына батыл қарсы шығып, дастанның тууына себеп болған республикамыздың шаруашылық саласын басқаруда орын алған кейбір кедергі-кем- шіліктер мен асыра сілтеушілік екенін ашып, ақын позициясын жақ- тады. Ол өз пікірін: «Қызыл ат» дастаны... кемшіліктері бола тұра, қазақ-совет əдебиетінде жаңа колхоз тақырыбына жазылмақ болашақ шығармалардың құнды бастамасы болып орын алатынында күмəн жоқ», – деп қортындылаған еді. Бұл сол тұста əдебиет босағасын жаңа аттаған 23 жасар жас сыншы үшін олқылық етпейтін батыл да байсалды болжам болатын. Бүгін біз əдеби, сын пікірлер сабасына түсіп, шығарма туралы пікір қалыптасқан кезде Қаратаевтың осыдан көп жыл бұрын айтқан болжамының шындықтан шалғай кетпегенін көріп отырмыз.
Сол сияқты 1935 жылы қазақ-совет жазушыларының I пленумын-
да «Қазақ əдебиет сынының міндеттері» туралы жасаған баяндама- сында да Мұхаметжан Қаратаев əдебиет ескілігін, өткен мұраны зерттеу, танып, біліп, игеру жөнінде, əсіресе Абай мұрасына көзқарас жөнінде айтылып келген кейбір белді де беделді əдебиетшілердің пікірлеріне қарсы дау айтуға əрі өз пікірінің дұрыстығын дəлелдеуге іркілген жоқ. Əйтеуір «ескі» дегенді тілге тиек етіп, өткен мұрамыздың жақсысына да, жаманына да күдіктене қараушылық, тіпті қол сілтеп, ат-тонды ала қашу сияқты сындағы социологиялық жалаң ұраншылдықтың, схематизмнің орын алушылығының бір себебі – онымен арнайы шұғылданатын тұрақты кадрдың аздығы екенін түсіндіре келіп, баяндамашы: «Сынды кəсіп қылып,
мамандығым деп санап, осы жолда білімін көтеріп, көркем өнердің тарихын зерттеп, ізденген, талаптанған сыншыны көрсетіңіздерші! Жоқ, таба алмайсыздар ондай сыншыны. Осы уақытқа дейін сынды өткен-кеткеннің кездейсоқ жолы түскенде соғып кететін станция- сы құсатып қараушылық болды. «Көп түкірсе – көл», – мұның да пайдасы бар. Бірақ жалғыз осы жол-жөнекей соғумен сынды аяққа қоя алмаймыз» – деген еді. Міне, содан бері сын жұмысына «жол- жөнекей» соқпай, онымен түбегейлі індете шұғылданған, соның ыстығына күйіп, суығына тоңып, жақсы-жаманын бірдей арқаласып келе жатқан алғашқы əдебиетшілердің бірі – Қаратаевтың өзі бол- ды. Ғалым-сыншы қазірде қазақ, орыс тілдерінде шыққан оннан аса қалың-қалың ғылыми-зерттеу, сын кітаптарының авторы. Солардың кейбіреулерін атай кету де артық емес: «Туған əдебиет туралы ой- лар», «Шеберлік шыңына», «Эпостан эпопеяға», «Социалистік реализмнің қазақ прозасында қалыптасуы», «Рожденные Октяб- рем», «Казахская литература», «Мировоззрение и мастерство»,
«От домбры до книги», «Вершины впереди» т. б. Осы тізбеге оның
Ілияс Жансүгіров поэзиясының сыр-сыйпатын, Мұхтар Əуезовтің
«Абай жолы» романының ұлттық сана-рухын азаматтық, қоғамдық, семьялық, жалпы адамзаттық қарым-қатынастар тұрғысынан су- реттейтін эпопеялық диапазонын айқындаған зерттеулерін, «Қазақ əдебиетінің тарихын», оның ішінде «Қазақ-совет əдебиетінің тари- хын» (III том, I – II кітаптар) жасауға сіңірген қыруар еңбегін қоссақ, бұл аз олжа емес, бір қаламның азар көтеретін жүгі екенін көреміз. Əрине, бұл сияқты соқталы қалың-қалың кітаптардың əр қайсысына жеке-жеке тоқталып, талдау жасап жату уақытты да, орынды да көп алар еді жəне ол өзі тіпті мүмкін де емес. Ал осындай қыруар еңбектерді қырқа матап, топтастырып, тұтастай пікір айтсақ, сын- шы пікірінің пісіп-жетілгенін, пайымдауларының бір кітаптан бір кітапқа биіктеп өсіп келгенін, туған əдебиетімізге зəредей болса да қолғабыс септігін тигізсем-ау деген жанашырлық сезім күйінен, ізгі ниеттен туындаған бағалы дүниеліктер екенін аңғарамыз. Міне, Қаратаев еңбектерінің құндылығы да түптеп келгенде осында.
М. Қаратаевтың аракідік басқа жанрларға да соғып кететін кез-
дері жоқ емес. Бұған оның «Жыр қанатында» (А. Брагинмен бірігіп жазған), «Даладағы дабыл» (алғашқы нұсқасын Қ. Алтайскиймен бірігіп жазған) атты көркем туындылары, М. Горькийдің «Менің университеттерім», М. Шолоховтың «Тынық Дон» эпопеясының III кітабын аударуы, жалпы туған əдебиетіміздің күнделікті əралуан
көкейтесті проблемалары жайында жасап жүрген баяндамалары толық айғақ. Бұл жерде оның университет, институт қабырғаларында жастарға білім беріп келе жатқан педагогтік еңбегін айтып жатпай- ақ қоялық.
Қаратаев зерттеулері əдебиеттің сан саласын қамтиды дедік. Соның ішінде ол туған əдебиетімізде социалистік реализм əдісінің туып, қалыптасуы мəселесіне сонау əріден бастап əркез назар ауда- рып отырды. Ұлттық əдебиетіміздің жарты ғасырлық тəжірибесіне сүйенген зерттеуші жаңа əдістің – социалистік реализм əдісінің бұрынғы прогресшіл дəстүрлермен тамырластығы, байланысы ту- ралы: «Қазақ халқының ғасырлар бойы құралған бай ауыз əдебиет қазынасы мен Абай негізін салған жазба əдебиет өрнектері жаңа социалистік реализм əдебиетінің қолайлы жағдайда өсіп, дамуына қажетінше азық, нəр берді. Өмір шындығын кейбір жақтарынан бол- са да халық мүддесіне бейім, дұрыс бейнелеген реалистік үлгілер мен адам арманын əр заман алға мегзеген дарынды романтикалық сарындар жаңа əдістің бойына судай сіңді дей аламыз», – деп пікір түйді. Міне, сыншының осы салада жүргізген ұзақ мерзімді зерттеу жұмыстарының нəтижесі оған ғылым докторының мантиясын (ша- панын) жапты.
Публицистикалық ұшқырлық, теориялық тереңдік, салихалы ой,
бейнелі де бедерлі тіл, талдайтын шығармасы туралы қолдан келген- ше əділдік безбенін тең ұстау – міне, Қаратаев зерттеулері мен сын еңбектеріне ортақ қасиеттер осылар. Ғалым аға, сыншы аға алпыс- та. Халық ұғымында бұл батагөй қарттың жасы емес, жігіт жасы. Сөз болып отырған жағдайдағы біздің ұғымымызда – білімін аямай, жұртпен, əсіресе жастармен бөлісетін дарқан жомарттықтың, алды- на ақыл сұрай баратын ұстаздық хақына ие болған ағалықтың жасы. Бұл дəрежеге ол тек алпыстағы жасымен ғана келіп отырған жоқ, төл əдебиетімізді, туған əдебиетімізді өркендетуге сінірген қыруар еңбегімен, табан ақы, маңдай терімен жетіп отыр. Юбилярға күні кеше ғана берілген жоғары үкімет наградасы – Еңбек Қызыл Ту ор- дені де сол еңбектің жемісі.
1971.