01.03.2022
  413


Автор: Оспан Әлсейіт

ҚАЙРАН, АРЫСТЫҢ СУЫ-АЙ

Менің әкемнің жасы сексеннен асып кетсе де әлі тың, көңілі сергек, көкірек көзі ояу. Не әңгіме айтса да қызықты етіп айтады, сөздің майын тамызады. Бала кезімізде ойынға алданып, сөзіне көп құлақ қоя бермейтінбіз. Осы күнде қасынан шыққым келмейді. Тыңдар құлақ болса, айтушы табылады екен ғой. Күні бойы әңгіме айтса да тапжылмай тыңдайтын түрім бар.


Осынша жасқа келген әкемнің естігені,   көргені мол, түйгені де көп. Сонау Қазан төңкерісінен кейінгі кәмпескеңді де, ашаршылықты да, соғыс тұсындағы қиындықтарды да, бәрін-бәрін бастан кешіп, көзбен көрген. Бірде әкімнен біздің ауылдағы біраз адамдардың неге өзбек жерінде туылғанын, ол жаққа қалай, қайтіп барғандары туралы сұрадым.



  • Е-е, ол ұзақ сонар әңгіме ғой. Олар қай жетіскеннен барды дейсің ол жаққа? – деп күрсініп алды да сөзін бастап кетті.

  • Біз ауыл Шәуілдір маңындағы Отырар төбе төңірегінде тұратын. Қыста Қызылдың құмын жайлап, жазда Арыс, Бөген, Шаянды өрлей Қазығұрт жақты


 


жайлайтын. Ауылдағылардың бар кәсібі – төрт түлік мал. Егін егетіндер кемде-кем. Қазан төңкерісі дегенді кейін естіп, білдім ғой. Жасыратын несі бар, ауылда бай да болды, орташа да болды, кедей де болды. Бірақ аштан өлген ешкімді көрмедім. «Қолы қимылдағанның аузы қимылдайды» демекші, тырбанып қым-қарекет жасағандардың жаманы болған жоқ. Адамдардың бір- біріне деген ниеті, ықыласы түзу еді, ептесіп-септесіп күн көретін. Менің есімде кәмпеске, ұжымдасу, аштық кездері қалыпты. Сол кезде ұмытпасам, алты-жеті жастамын.


«Байлардың мал-мүлкін кедейлерге бөліп беріп жатыр екен. Байларды Сібірге, Оралға жер аудартып жатыр екен»



  • деген қауесет біздің ауылға да жеткен. «Көппен көрген ұлы той» дегендей, не болса да көппен бірге көреміз десті үлкендер жағы. Ауыл-ауылда сәбеттер құрылып, жаңа өкіметтің белсенділері шыға бастады. Олар әртүрлі еді. Біреулері – шын көңілден, ізгі ниетпен елге қызмет еткісі келгендер. Біреулері – атақ-даңқ, шен, мансап қуғандар. Олар ауыл-ауылды аралауға шыққанда елдің алақанында жүрді. Адам деген – пенде ғой, жаңа өкіметтің адамдарына жағынып жағадайларын күйттегісі келгендер де жоқ емес. Белсенділер түрлі науқандар кезінде жаңа өкіметтің


«сен тұр, мен атайын» дейтін қолшоқпарларына айнала бастады. Олар атақ, даңқ, шен үшін ешкімді де, ештеңені де аямайтын. Туғанын да, туысын да сатып кететін керек кезінде. Ондайларды көзіміз көрді де. «Малды тартып алады екен, бергісі келмегендер жер айдалады екен» деген әңгіме жиі естіле бастады. «Жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды» дегендей, сескенген жұрттың алды малдарын сата бастады. Аласапыран күн туа бастаса, барар жақтарын қамдай бастады.


Осындай аумалы-төкпелі күндердің бірінде ауылға әкемнің бажасы Науқанбай келді. Жаңа өкіметтің біздің ауылға бекітілген уәкілі екен, яғни белсенді. Мұздай боп


 


киінген, сақал-мұртын тып-тықыр етіп қырынған. Белінде тапаншасы бар. Иығында портфель асынған. Түсі суық, қара сұр адам екен. Біздің үйге келіп түсті. Әкем де, шешем де мәз. Қуанбай ше, Науқанбай шешемнің туған сіңлісінің күйеуі. Жаңа өкіметтің үлкен қызметкері. «Бір ағайын таққа мінсе, он ағайын атқа мінеді» деген емес пе? Бар құрмет те, қошемет те сый-сияпат та бәрі соған арналады. Мал сойылып, дастархан жайылған. Гу-гу әңгіме. Онсыз да не істерлерін білмей басы қатып жүрген жұрттың Науқанбайдан үміті зор, дәмесі мол. Әр сөзін мүлт етпей ұйып тыңдайды. Онша күлмейтін, қабағы қатыңқы, бір сөзі бір қаралық жан екен. Онысын ерсі көріп жатқан ешкім жоқ. «Қызметі үлкен, жауапкершілігі зор қайсыбірімізге жалпақтай қойсын» – дейді. Содан Науқанбайды ауыл адамдары қолдан-қолға түсірмей, он шақты күндей кезек-кезек шақырысып қонақ етті.


«Өкіметте өз адамдарымыз бар» деп ел мәз-мейрам. Бар сырларын, бар шындарын жайып салды оның алдына. Малдарын сатып жатқандарын, олай-бұлай күн туса барар жерлерін белгілеп қойғандарын сөз етіседі. Онда да:



  • Науқанбайжан, сен өз адамымыз болған соң өзіңмен ақылдасып кеңескеніміз ғой, – деп қояды шалдар жағы.

  • Еш қам жемеңіздер. Мен тұрғанда сіздерге ешкім тиіспейді. Естігендеріңіздің бәрі бос сөз, сенбеңіздер, – дейді Науқанбай жұртты өзіне сендіріп.

  • Е-е, бәсе, бәсе, – деп ел риза болысып қалады. Науқанбай барда бізге не қам бар деседі. Қайдан білейік, біздің ауылдағы бар пәле сол Науқанбай келіп кеткеннен кейін басталатынын. Аудан ауылдан күнде біреуді ұстап әкетіп жатты. Жұрт зәресі ұшып, бір-бірімен сөйлесіп, тілдесуден қалды. «Ойбай-ау, әлгі сенген Науқанбайымыз қайда?» – дейді сасқан жұрт. Кейіннен белгілі болды. Науқанбай ГПУ-дың тыңшысы екен. Өткенде ауылға мәлімет жинауға келген болып шықты. Науқанбайдан


 


қайран болмаған соң жұрт өз қамын өзі жасауға кірісті.


Ел жан сақтау үшін ауыл-ауыл болып, өзбек, тәжік, ауған асып кете барды. Біздің үй қара шаңырақ болатын. Тез арада үйлерді жығып, он шақты түйеге артып жасырын өзбек жағына тарттық. Жол-жөнекей ұры-қарысы бар, шекара күзеткен қызыл әскер солдаттары бар дегендей мал-мүлкімізді, алтын бұйымдарымызды, қымбат жібек маталарымызды соларға тарту-таралғы ретінде беріп, аш- жалаңаш күйімізде өзбек жеріне де жеттік-ау.



  • «Мейлі, әйтеуір басымыз аман» – деп ел бұған да тәубе етті. Келгенде аң-таң қалдық. Мұнда мамыражай заман, біреумен біреудің ісі жоқ. Әркім өз қарекетімен. Обалы не керек, өзбек ағайындар жақсы қарсы алды. Біздегі жағдайдан хабардар болса керек, аяп-мүсіркеп жатыр. Басымызға пана, алдымызға егістік жер, шамасы келгендерге жұмыс берді. Ешкімді маңдайдан қақпады. Жаман адам болса да, жаман халық болмайды. Соған көзім анық жетті. Осы күні “ана халық анадай”, “мына халық мынадай” дегенді естіп қаламын. Бірлі-жарым адамға бола тұтас халыққа күйе жағып қаралаған әсте де дұрыс емес. Сол жұртты паналап, бас сауғалап аман қалдық емес пе? Әйтпесе кім біледі, сүйектеріміздің қай сайда шашылып қаларын.


Екі-үш жылда есімізді жиып, ел қатарына қосылдық. Елге қайтуды сөз етпек түгілі, ойлаудың өзінен қорқады жұрт. Содан немістің соғысы басталып кетті. Қыстаққа сонау Қырымнан, Кавказдан қырым татарлары, қарашай, ноғай, құмық сияқты үлкенді-кішілі халықтар жер аударылып келді. Қарапайым бейкүнә жандар үлкен саясаттың құрбандықтары еді. Қаншама ұлттың адамдары тату-тәтті ғұмыр кештік. Жаңа өкіметке деген өкпелері қара қазандай болса да, ортақ жауды жеңу үшін бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып аянбай еңбек етті.


Өзбек ағайындарға еш өкпеміз жоқ. Тұз-дәмін таттық.


 


Әйтсе де, туған жерге, елге деген сағыныш басылады ма?! Ел десе, жұрт елең ете қалатын. Ағайындылар жиналып, бас қосқан кезде ел туралы әңгіме қозғалса, әжелердің еңірегенде етектері жасқа толып, жылап-сықтап тарасатын.


Қаншалықты сыйласа да жат-жұрттың аты – жат-жұрт.


«Есің бар да елің тап» демей ме? Қарттар жағы Шәуілдір, Отырар жаққа екі-үш адам жіберіп мән-жайды білмек болып шешті. Жағдай түзеліп, қуғын-сүргін басылса қайта көшпек болды. Жіберген кісілер көп ұзамай оралды. Ел тынышталыпты, бұрынғы белсенділердің біразы жазаға тартылып, істері сотқа өткен көрінеді. Іштерінде Науқанбай да бар екен. Мұны естіген әкем де, шешем де бармақтарын тістеді:


– Қап, әттеген-ай, жақынымыз деп оған бар шынымызды айтып едік. Түбімізге сол жеткен екен ғой, – деп.


Ел көшуге дайындалды. Қорқып қалған жұрттың бірден Шәуілдірге көшіп баруға жүректері дауаламады. Шәуілдірден елу шақырымдай жердегі Арыс станциясы төңірегіне Арыс өзені жағасына қоныстанатын болды. Арыстың жанашыр азаматтары, жергілікті басшылар көшіп келушілер үшін арнайы машина бөліп, жұрт лек- легімен көшіп келіп жатты. Шәуілдірдегі ағайындар да құлақтанып үлгеріпті. «Көш көлікті болсын, қоныс құтты болсын», – деп ағылып келіп жатты. Ел мәре-сәре, бірін- бірі көп уақыт, көп жыл көрмеген туыстар, ағайындар табысып қауышты. Көп шалдардың сүйегі сол жақта қалды. Жоқтап, жылап-сықтап көрісіп жатқан ел. Онсыз да сырқаттанып жүрген шешеме көші-қон оңай тимеді. Бір күні құр сүлдері қалған Науқанбай келді сүйретіліп. Түр дейтін түр де жоқ өзінде. Әйтеуір құр жан. Басы салбыраған күйі табалдырықтан аттады. Шешем оның келгенін білсе де, мойын бұрмады, сәлемін де алмады, төсекте теріс қарап жатты.


 



  • Кешіре көріңіздер мені, кешіре гөріңіздер, – деп шешемнің аяғын құшақтап, жалынып-жалбарынып, кемсеңдеп жылап қоя берді. Шешем тіл қатпады. Ол үндемей шығып кетті.


Тағдыр тәлкегімен қаншама кісілердің сүйегі өзбек жерінде қалып қойды. Бұл елде отыз жылдай жүрдік.


«Қарғыс атқыр Науқанбай!» деп ел қарғыс айтумен болды. Әкем сонда қайтыс болып кетті.


Шешем байғұс: «Құдай-ай, туған жерді көретін күн болар ма екен. Арыстың суымен жүзімді жуып, мөлдір суынан бір ұрттап өлсем армансыз болар ем» – деуші еді көзіне жас алып. Жарықтық сол арманына да жетті-ау. Көшіп келген күні Арыстың жағасына келіп, екі қолын суға малып, бетін үш рет сипалап: – Қайран, Арыстың суы-ай, – деп төгілген көз жасын жуумен болды. Содан көп ұзамай дүниеден өтті.


Әкемнің көзінен еріксіз жас шығып та кетті.



  • Әке, Науқанбайдың арты не болды? – дедім сөзін бөліп.

  • Әй, оның арты оңбады ғой! Қаншама кінәсіз жанның обалына қалды. Азғантай ауылдың тоз-тозын шығарды. Көптің қарғысы тиді ме, ұрпақтары тарыдай шашылып, тағдырлары баянсыз болып кетті, – деп әкем әңгімесін аяқтады.





Пікір жазу