01.03.2022
  225


Автор: Оспан Әлсейіт

ЕРЖАН

 


Майдың мамыражай жайма-шуақ күні. Төңірек атаулы көк майсаға оранып, қызылды-жасылды гүлдермен өрнектелген кілемдей құлпырады. Бозторғай үнінен тіршілікке деген ризашылық, құштарлық әуені сезілгендей. Көк шөптің жұпар иісі аңқиды. Көктемнің саф ауасына көкірегіңді қанша кере жұтсаң да тоймайсың. Көктем келіп қайта жаңарған дүние – жаңа туған сәбидей, пәк қалыпта. Батыс жақтан жүйрік пойыз жүйткіп


 


келеді. Асығып келе жатқан жолаушылардың көңіл- күйін сезгендей кезекті станцияға тоқтай қалады да, көп кідірмей қайта зулай жөнеледі. Жолаушы біткеннің қайсысы асығыс болмаушы еді. Бірақ сол жолаушылардың ішіндегі ең асығысы – жиырма жасар балаң жігіт Ержан еді. Асықпағанда ше, сонау Германиядан әскер қатарынан оралып келеді. Оңай ма, екі жыл бойы туған жердің бетін көрген жоқ. Кеше ғана мектеп қабырғасынан шыққан бозбала енді зіңгіттей жігіт болып оралып келе жатыр. Есейіп, өмірге деген көзқарасы мүлдем өзгерген. Қатал іскер тәртібі, алыс жорықтар, түнгі дабылдар бәрі-бәрі артта. Ержан Отан алдында өтелген борыш сезіміне бөленіп, масайрап келеді. Мақтанғаны емес қызметін бір кісідей атқарды. Команда басшылығы тарапынан алған алғысы да бар. Ержан тоғыз жолдың торабында орналасқан Арыс станциясына жеткенше тағат таппай келеді. Ауылы сол станциядан жиырма шақырымдай жерде Сыр бойындағы мал фермасында. Станцияға жетсе түскен бойда сол жиырма шақырымды жүгіріп өтетіндей күйде. Сонау Мәскеуден пойызға отырғанына екі сөтке болып қалды. Уақыт тіпті өтпейді. Ержан шабаданын аршып, үй-ішіндегілерге алған сыйлықтарын қайта-қайта аударыстырып қояды. Әсіресе, анасына алған сыйлығы ерекше. Таза жібектен тоқылған, гүлдері ірі әдемі жібек орамал. Анасын қуантуға асығып келеді.


Шіркін, анасы ғажайып адам ғой. Ғұмырында зекіп, ұрсып көрген жан емес. Ержанның әкесінен гөрі анасына бүйрегі көбірек бұрады. Қазір не күйде екен. Әскерге кетерінде сырқаттанып жүр еді, жазылды ма екен? Соңғы кезде үйден келген хаттарда жалпы амандықтан басқа ештеңе жоқ. Ержан бір кез әкесін ойлады. Әкесі анасындай емес біртоға, тұйық жан. Жұмысына ерте кетіп, кеш келеді. Рас, обалы не керек, әкесі үйіне жайлы. Арақты татып алмайды. Анасына да, балаларына да қамқор жан.


 


Тұйықтығынан ба Ержан да, бауырлары да, әкелеріне онша іш тарта бермейді жақсы көрсе де. Үй ішіндегі балалардың ересегі болса да Ержан әкесімен ешуақытта шешіле сөйлесіп көрген емес. Бар айтары ананы істей сал, мынаны істей сал, өйт, бүйт дегеннен әрі аспайды. Қазір үйге барған соң әкесін де әй-шайға қарамай қапсыра құшақтайды. Әкесін де анасынан кем сағынған жоқ. Түс ауа пойыз Арысқа да жетті. Ержан түсе сала станцияның сыртынан Сырға қарай өтетін қара жолға тартты. «Әрлі- берлі қатынап жатқан машинаға немесе тракторға мініп, үйіне тезірек жетсем» деген оймен асығып келеді. Ойлағандай жолы болды. Совхоз орталығынан тіркемесі бар трактор фермаға бара жатыр екен. Қуанып кеткен Ержан тракторға жылдам қарғып мінді. Тракторшы жігіт совхозға жаңадан көшіп келіпті. Ержан жөн сұрап еді, жартып ештеңе біле алмады. Ауылға жақындай бере үйлерінің қарасы көрінгеннен жүрегі лүпілдей жөнелді. Әкесімен, анасымен, бауырларымен, достарымен қауышып жүздесер сәт елестетеді көз алдында. Ең алдымен анасын құшаққа алады. Сосын... Тәтті қуанышты сезім бойын балқытып жібергендей болды. Ержан ширақ қадам басып, үйіне келді. Есік алдында ешкім жоқ. Бәрі тым-тырыс.


«Немене бәрі ұйықтап қалған ба?» – деді іштей. Ойында ештеңе жоқ. Тасқындаған көңілі де басылып қалды. «Бәрі қайда кеткен?» – деп ойлағанша болмады, басына орамал байлаған бейтаныс әйел алдынан шыға келді. Ержан басқа үйге адасып келдім бе дегендей тұрып қалды да жан-жағына көз салды. Жоқ, өз үйін. Ал, мынау әйел кім? Жүзі бөтен. Бұрын көрген кісісі емес. Асығып келген Ержанның ауызына алғашқы да сөзі де түспеді. Бар айтқаны:



  • Үйдегілер қайда кеткен? Апам қайда? – деді аң-таң қалыппен. Әйел де сасқалақтап:


 



  • Ержан балам, өзіңді күтуде едік. Аман оралғаның құтты болсын, – деді есікті ашып.


–. Үйдегілер орталыққа кетіп еді, келеді ғой. Орала қойған жоқ, ал апаң, апаң..., – дей берді күмілжіп.



  • Апам қайда, апам ауруханада ма? – деді Ержан үрейлене шошып.

  • Жо-жоқ, ауруханада емес. Ол кісі, ол кісі қайтыс болған. Үш-төрт айдың жүзі болды. Әйел жүзін төмен сала берді.

  • Не айтып тұрсыз? Жалған! Апам тірі! Жалған, жалған! – деп Ержан жан ұшыра айғай салды. Тамағына тас кептелгендей, демі жетпей, тынысы тарылып кетті.

  • Қайран, анам! Мені сәл күте тұрмадың ба? Қалай, қалайша ерте кеттің бұл өмірден, – деп Ержан еңкілдеп жылап жіберді.

  • Ал, сіз кімсіз? – деді бір ауық жылауын тоқтатып.

  • Мен бе, мен бе? Әкеңнің әйелімін, әйелімін... Әйелдің дауысы кінәлі шықты. Мынаны естігенде Ержанның үстіне суық су шашып жібергендей, денесі дір ете түсті. Бір сәт есінен танып кеткендей болды, қайтадан есін жиғанда байқады. Әлі босағада тұр екен. Мынау үй де, мынау әйел де, әкесі де мүлде жат болып кеткендей болды жанына.


Табалдырықтан     аттауға    дәті     бармады.     Анасы қайтқанына жыл болмай жатып, әкесі әйел алып үлгеріпті. Опасыз! Зығырданы қайнаған Ержан әкесіне арналған сөзді тістеніп айтты. Хабар бермегендері қалай? Үш-төрт ай болыпты. Ержан анасы қайтыс болғанына тіпті сенгісі келмеді. Үйдің айналасын көзімен шолып шықты. Бір


бұрыштан шыға келетіндей. Иә, өлім өтірік болмайды.


Ержан бір сәт осы бір ащы да ауыр шындыққа мойынсұнғандай:



  • Қайда жерленді? – деді бәсең дауыспен.

  • Атаңның қасына, атаңның, – деді жанағы әйел басын


 


көтерместен, жүзін төмен салып.


Ержан шамаданын ұстаған күйі ауыл сыртындағы мола басына беттеген. Жүріп келеді, есі бір кіресілі, бір шығасылы. Осы жүрісі не өңі, не түсі ме анығына жете алмады. Атасының қабірінің қасындағы жаңалау қабірді көргенде көзінен еріксіз жас парлап қоя берді. Анасының өліміне әлі де сенбей келе жатқан. Жете бере қабірге үйілген топырақты құшақтай жата қалып өксіп-өксіп жылап қоя берді. Екі жылғы сағынышы бір сәтте көз жасына айналып төгіле берді, төгіле берді. «Анашым, апатайым! Орныңнан тұршы. Бірдеңе деп тіл қатшы маған. Мен саған сыйлыққа орамал, орамал әкелдім»



  • деді өксігін баса алмай. Жылай-жылай өзегі өртеніп кеткендей болды. Әбден қалжыраған Ержан анасының қабірінің басында қалғып кетті. Түс көрді. Түсінде анасы тірі екен. Қолынан ұстап: «Мұнда неге жатырсың? Үйге барсайшы, құлыным», – дейді елжіреп. Орнынан атып тұрды. Қолынан ұстап тұрғызған бақташы жігіт екен. Сиырларды ертерек айдап шыққан болуы керек. Ержан есінен айырылғандай біраз мәңгіріп тұрды да, ләм-мим деместен басы ауған жаққа аяңдап кете берді. Әкесіне деген ашу да сәл басылғандай. Амалсыздан үйленген ғой. Кейінгі бауырларына да қарайтын біреу керек қой. Жетіскеннен алды дейсің бе?


Мейлі, бірақ сонда да анасының қайтыс болғанын естіртуге болар еді ғой. Бірақ, әскерде жүрген соң, амалсыздан хабар бере алмаған шығар.   Ержан   екі- үш айдай ауылда сеңделіп жүрді де қойды. Ешкіммен сөйлеспейді де, тілдеспейді де. Көзін алыс бір нүктеге қадап қойып, ұзақ отырады. Елдің оған да еті үйренгендей болған. Есі ауысты дейтіндей оғаш қылығы да жоқ.


Бір күні аяқастынан қаладан келген кластасына еріп, қалаға тартып кетті. Жұрт Ержанды жынданған екен десіп жүрді. Ержанның жынданған ештеңесі жоқ еді.


 


Сол жұрт Ержанның жұмысқа тұрып, үйленіп, балалы- шағалы болғанын да естіді. Адам баласы бір қымбатынан, асылынан айырылғанда бірауық естен айырылғандай күй кешеді ғой. Ал, ананың орны бөлек қой. Анаға кім жетеді бұл өмірде! Анадай сезімтал, анадай қамқор, анадай мейірбан, анадан ыстық кім бар жер бетінде?!





Пікір жазу