АҚБӨКЕН АУЫП КЕЛГЕН ЖЫЛ
Сол жылдың қысы ерекше мінез танытқан. Әшейінде қысы жұмсақтау келетін біздің Оңтүстікте де қыс өзінің қытымырлығын көрсетіп бақты. Қар үстіне қар жауып, әуелі қар тобықтан келген, біртіндеп белуарға да жетті. Сақырлаған сары аяз күннен-күнге күшейе түсті.
«Япырмай, мына күннің беті жаман ғой. Е-е, құдай, ақырын бере гөр», – деп қарттар жағы баяғы уайымшыл, тәубешіл күйге түскен. Қысқы сессиямды тапсырып, демалысқа шықтым да тіке ауылға тарттым. Жүрдек пойызға отырсам да, жуық арада туған жер қарасын көрсетпей қойды. Аз уақыт өтсе де ауылды сағынып қаласың. Жақындаған сайын, жүрек шіркін лүпілдей жөнеледі. Анау қырқалар, адырлар ирелеңдеп жатқан Арыс өзені, жаңадан салынған көпір, бәрі-бәрі көзіме ыстық көрінеді. Міне, ақыры аңсаған ауылға да жеттім. Ауыл станциядан небәрі үш шақырымдай жерде. Пойыздан түсе сала автобусқа отырдым. Жол көк тайғақ мұз, автобус баяу жүріп келеді. Үйге жеткенше шыдамым жетпей тықыршып отырмын. Сағынған кезде ауылдастарың өзара жай әңгімесі де құлағыңа ыстық естіледі екен. Орысы көптеу ортадан таза қазақи ортаға түскен екеуара жай әңгімені рақаттана тыңдайсың. Құлақ түрсем, ауылдастардың бұл жолғы әңгімелері қыс жайлы екен. «Не дейсіңдер, бір көріпкел айтыпты. Бұл ештеңе емес екен, көресіні алда көреді екенбіз. Қыстың биыл тым ұзаққа созылатын түрі бар»
- дейді бір ауылдас екіншісіне. «Оның бекер, жақында газеттен оқыдым. Келесі аптада күн жылына бастайды екен», – деп екінші біреу әңгімеге қосылды. Неге де болса сенгіш, қарапайым да аңқау, ақкөңіл ауылдастарымның әңгімелері еріксіз езу тартқызды. Жол бойындағы тақтайшаға: «Ақбөкен – ел байлығы. Атқандарға әр ақбөкен үшін 500 сом айып салынады» деген жазу жазылыпты. Бәріміздің назарымызды аударған осы жазу, әңгімемізді басқа арнаға ауыстырды.
«Немене, біздің жаққа ақбөкендер ауып келген бе?» – дегенімше-ақ болмады, әңгіме ақбөкендер жөніне ауып кетті. Біреу кеше бесеуін көрдім десе, біреу он шақтысын көрдім деп жатыр.
- Иә, шынында да биыл қыстың Бетпақта да тым қатты болғаны ғой. Әйтпесе, жануар бекерге жер аумаса керек. Тіске тиер бір тал шөп болмаған соң жандалбасалап келгені де, – деді бір қарттау кісі.
Әңгіме жол қысқартады емес пе, ауылға да кеп қалыппыз. Жолай түсіп қалдым. Ауылдағылардың әңгімесі ақбөкендер жайлы екен. Біреулер тіпті түнделетіп атып та алыпты:
- Е-е, ол бейшарада қазір не қауқар, не ет бар дейсіңдер? Әйтеуір еріккен соң, атып жүргендері де, – деді апам шай үстінде. Кешкі ымырт түсе ауыл алдындағы қырқадан не сиырға, не жылқыға ұқсамайтын екі-үш қарайған жортып түсіп бара жатты. Жүрстеріне көз ілеспейді, бастарын төмен салып зымырап барады. Қарайған нәрсе көрсе абалай жөнелетін ауылдың төбеттері алғашқыда ентелей ұмтылса да, бұл жолы жақындауға бата алмай кері қайтты. Олардың бұрын көрмеген мақұлыққа қалай батылы барып жақындасын.
Мен де аң-таң болып тұрғам. Көршім:
- Шынымен бе, жақындап көрсе ғой, шіркін. Журналдан, теледидардан көргеніміз болмаса, көзбен
көргеніміз жоқ қой, – дедім көруге құмартып тұрғанымды жасыра алмай. Ертесіне ақбөкендерді көруін көрдім-ау. Бірақ мен оларды қанжоса боп жатқандарында көрдім, өкінішке қарай. Сол күні аспан шайдай ашық болатын. Көгілдір аспанда шөкімдей де бұлт жоқ. Аздап бетті ызғар қариды. Аппақ қар ақ күмістей жылт-жылт етіп көзді алады. Әлден уақытта ауылдың теріскей бетіндегі қырқадан бір топ ақбөкендер жорта түсіп келе жатты. Міне, қанды оқиға осыдан басталды. Ауылдың іші жау шапқандай абыр-сабыр болып кетті. Ауылдастарым қанды қырғынға аттанды. Аттылы, жаяу, тракторға, машинаға мінгені бар. Кімде мылтық, кімде таяқ дегендей. Абалап үрген иттер, айқай-шу, азан-қазан сапырылысқан адам. Менің мына сұмдыққа қарап тұруға дәтім шыдамады. Айғайлап кімді тоқтатасың?! Сәлден кейін ауыл жақтан гүрс-гүрс еткен мылтық дауысы естілді. Сол гүрсіл ымырт түскенше басылмады. Оған қоса машинаның, трактордың, адамдардың, иттердің үндері де толастамады.
Шай үстінде інім:
- Аға, әттең үйде мылтық болғанда бізде ақбөкен атуға баратын едік, – деп өкініш білдірді. Онсыз да зығырданым қайнап отырған қалпымда: – Атаңның басына керек пе мылтық саған. Олар панасыз ғой. Пана іздеп келді емес пе, – деп айғай салдым. Шошып кеткен інім мен отырған бөлмеден сыртқа атып шықты да, көпке дейін жаныма жоламай қойды. Ақбөкендер тобы ештеңеден алаңсыз бейғам жортып келе жатты. Мұндай кездесуді күтпеген болулары керек, алғаш не қашарын, не қашпасын білмей кібіртектеніп тұрып қалды. Мылтық үні шыққаннан жан-жаққа бытырай үрке қашып, үш топқа бөлніп кетті. Қалың қарға омбылап, жанталаса қашып құтылуға әрекеттенгенмен көпшілігі жер құшты. Бір жас ақбөкен жазық далада құтылудың мүмкіндігі жоқ екенін түсінгендей тоғайға қарай қиялай тартты. Қауіп-қатер
төнген кезде өзін-өзі аман сақтап қалуға деген табиғат ана берген инстинкті оянған болуы керек. Бір-екі аттылы кісі, иттерімен бірге соның соңынан кетті. Ақбөкен сорлы жан сауғалап зытып келеді. Алда өзен бар болатын. Оны қайдан білсін. Биік жарқабаққа келіп тұрып қалды. Бұрылып қашуға уақыт тар. Атқа мінгендер мен абалаған иттер де келіп қалды. Ойлануға мұрша қайда, нар тәуекел дегендей жарқабақтан қарғып, мұзға түсті. Сол екпінмен мұз бетімен сырғанаған күйі өзеннің ортасындағы мұзы қата қоймаған жылымға түсті де кетті. Бір батып, бір шығып, жанталаса қарманып мұз бетіне шыға алмады. Біртіндеп бойынан әл кете бастады. Ендігі әрекетінен түк шықпасын сезген ақбөкен, кенет тағдырдың салғанына көндім дегендей сылқ ете түсті. Жәрдем күткендей көк аспанға жанары жәудірей соншалықты бір өкінішпен, сағынышпен, жарық дүниені қимағандай қайта-қайта телміре қарады. Көз алдында жасыл бел, жазира дала, желмен бірге жарысатын қатарластары елестей берді. Елес бір мезет бұлыңғырап барып, қараңғы түнекке айналып кетті. Ақбөкен бұл кезде мұз астына батып кеткен еді. Осы мезет «аңшылар» орала бастады. Аттылы біреу алдына өңгеріп алған «олжасымен» ауылға жақындай берді. Өзімнің құрдасым Сартай екен. Ол риза кейіппен екі езуі құлағына жетіп келеді екен. Мен байқамаған болып теріс бұрылып кеттім. Кешке інісін жіберіп мені шақыртыпты: «Ақбөкеннің етінен дәм татсын», – деп. Мен басқа тығыз шаруам барлығын сылтауратып, бармай қалдым. Оған деген достық сезімімді жаңағы ақбөкенге деген жауыздығы шайып өткендей. Қырқаның ар жағында жамбасынан оқ тиген ана бөкен жан тапсыра алмай азапты қиналыста жатты. Бағанағы қуғын кезінде төлдерін ығына алып қашып бара жатқанда оқ тиген-ді. Ауыр жарақат жанына қанша батса да, қансыраған күйі тоқтамастан қаша берді. Бар ойы – төлдерін құтқару. Олардың өзінсіз
ешқайда қаша алмайтыны белгілі еді. Қуғыншылар оларды құтылып кеттіге санап, сондарына түсе қоймаған. Міне, енді ана ақбөкеннің жеткен жері осы. Көз алдында енді ғана жұлдызы көріне бастаған көк аспан шыркөбелек айналды. Төлдері өзін айнала қоршай тұра қапты.
Оларды емірене иіскегісі келіп еді, бірақ басын көтере алмады. Ана – ақбөкен көп ұзамай бұл дүниеден өтіп жүре берді. Төлдері жанынан көп уақытқа дейін кетпей тұрып қалды. Біресе иіскелеп, біресе тұяқтарымен түрткілейді. Аналарының денесінен жылуы әбден кетіп мұздай бастағанда ғана еріксіз аяңдай бастаған. Өлгеніне көздері жетсе де, соңдарына жалтақ-жалтақ қарайды. Көздерінен жас парлап келеді. Терістіктен соққан суық ызғар көздерінен шыққан жасты лезде мұзға айналдырып жатты. Аналарынан қалай айырылып қалғандарына өздері де түсінбей келеді.
Осы бір қанды қырғыннан кейін ақбөкендер зым-зия жоғалып кетті. Одан бері талай күн, талай ай, талай жыл өтті, өзеннен талай су ақты. Ақбөкендер біздің өлкеге содан қайтып оралмады.