01.03.2022
  216


Автор: Оспан Әлсейіт

ТАМАРА АПАЙ

.. Тамара апай ұйқысынан кенет оянып кетті. Таң атып қалған екен. Жұмысқа кешігетін болдым-ау деп ойлап үлгергенше болмады: «Ой, құдай-ай, бүгін күн жексенбі екен ғой», – деді ұмытшақтығына наразы кейіппен. Күйеуіне көз қиығын салып еді, ол алаңсыз ұйқыда екен. Тағы да аздап көз шырымын алмақ болып еді, көзі қайта ілінбеді. Амалсыз орнынан тұрды да сыртқа беттеді. Күндегі әдетімен пошта жәшігін ашып, газеттерді ала бастап еді, арасынан көгілдір телеграмма жерге сусып түсті. Самарқау ғана иіліп, асығыс көз жүгіртті. Күбірлеп оқыған сайын ұйқысы шайдай ашылып, жүрегі өрекпи жөнелді.


«Мама, 1-май күні самолетпен ұшып келеміз». Сәлима. Соңында рейс нөмірі, уақыты, күні көрсетіліпті. Жазуға сенбегендей тағы бірнеше қайтара оқып шықты.


Көңілі елжіреп:



  • Қызым, күнім, – деді толқып. Сағынып қалғанын аңғарды. Сол күйде үйге кіріп, күйеуін әрлі-берлі жұлқылап еді, ол ұйқылы-ояу қалпы:

  • Е, келсе келеді де, күтіп аламыз ғой, – деді.

  • Әй, сенде әкелік мейірім жоқ, – деді Тамара апай күйеуінің қуанышты хабарды сонша селқос қабылдағанына ренжіп. Сәлима – Тамара апайдың


 


жалғыз перзенті, қысқасын айтқанда, ұлы да, қызы да. Ол Сәлимадан кейін құрсақ көтерген жоқ. Әрине, көп балалы болудан қашқан емес, осы күнгі кейбір әйелдердей. Бірақ денсаулығы көтермеді. Сондықтан бар аналық махаббатын Сәлимаға үйіп-төге салған. Жарық дүниеге келгеннен бастап барынша әлпештеді. Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай дегендей мәпелеп өсірді. Қызмет бабы солай болғандықтан ба, күйеуі қызының тәрбиесіне онша араласа қойған жоқ. Бірақ, соның өзіне де қызынан бар мейірімін аямайтын. Обалы не керек, қызы теріс қылықсыз, ибалы, көргенді болып өсті. Тамара апай кейде: – Жұрттың еркегі қолы қалт етсе, ұл-қызын мойнына мінгізіп, серуендетеді, ал сен ылғи «жұмыс-жұмыс» дейсің де жүресің, – деп күйеуін қажап қоятын. Тумасынан сабырлы күйеуі: – Сен бар емессің бе, – деп езу тартатын да қоятын. Сәлима оныншы класты аяқтар алдында тағы да сол әуенмен: «Өзге жұрт балаларын жоғары оқу орнына түсіруге әлден қамданып жатыр, ал сенің қаперіңе ол кіріп те шықпайды», – деген. Күйеуі тағы да: «Е-е, өз қалауы біледі де», – деді қысқа қайырып.


Сәлима мектепті жақсы аяқтады. Жеке пәннен үздік оқығаны үшін грамота да алды. Аттестат алған күні:


«Мама, папа, мен пединститутқа барамын. Мұғалім болғым келеді», – деген. Әкесі келіскендей сыңай танытып үндемеді. Тек Тамара апай:



  • Мұғалімдігі құрысын! Бүгінде мұғалім болу қиын ғой, қазіргі мектептің балалары бала емес, шеттерінен бұзық, тентек. Жүйкеңді ерте тоздырып қайтесін, – деді қызының қалауына көңілі толмағанын білдіріп.

  • Мама, өзім мұғалімдікті ұнатамын. Қазіргі балалар, қазіргі балалар дейсіз, олар да мына мен сияқты емес пе,



  • деп қызы еркелей келіп мойнына асылған. Содан оқуға аттанатын күн де келіп жетті.


 



  • Бөтен жер, бөтен қала ғой, оқуға түскенше басы- қасында бол, – деп күйеуі үгіттей бастап еді, Сәлима:

  • Ту-у, мама, мен сәби емеспін ғой, оның үстіне қазір науқанның әбден қызған шағы, өзім-ақ бара беремін. Солай емес пе, папа, – деді. «Мейлі, өзің біл» –деген папасы. Тамара апай тағы да:


–....Өзге ел баласын өздері жетектеп барады. Сәлимаш өзі барғанда оқуға түсе алар деймісің, бұл күнде таныс керек. «Құлап» қайтып келер, – деп сенімсіздік білдірген.


«Мама, көреде тұршы, осыдан оқуға түсіп келмесем бар ма» – деген-ді Сәлиманың өжет көздері ұшқын шашып. Көп ұзамай «құлаған» балалардың алды ауылға келіп те үлгерді. Біраз уақыт өткен соң, қызы бір күні көктен түскендей жетіп келді. Тамара апай алғашында абдырап қалған. Сәлиманың жүзі бал-бұл жайнап: – Мама, папа, мен оқуға түстім, – деді екеуін алма-кезек беттен сүйіп. Содан үшеуі қуаныштан таңға дейін көз ілмеген. Қызы екі-үш күн үйде болып, сосын оқуына қайта кетті. Әне- міне дегенше үш курсты аяқтады. Соңғы келгенінде Тамара апай қызының есейіп қалғанын аңғарған. Өзге аналар секілді бойжетіп келе жатқан қызын құтты жеріне қондырсам деп армандап қоятын. Өздері беделді қызметкерлер. Осы күні қай тойға барсаң да «құда пәлен қызметте, құда түген қызметте» деп лауазымды жоғары санайтын болып алды ғой жұрт бәріненде. Соның әсері ме, болашақ құдаларының беделі адамдардың арасынан болғандығын қалай бастаған. Бірақ, онысының құр пендешілік екеніне онша мән бере бермейтін. Уақыт өте келе, бұл ой берік шешімге айнала бастаған. Оған себепкер болған нәрсе – қызының соңғы бір келегенінде айтқан әңгімесі. «Мама, мен саған бірдеңе айтпақ едім» – деген бөгеліңкіреп.


Бұл әңгімені Тамара апай тыңдағысы да келген, тыңдамағысы да келген. Тыңдағысы келген себебі –


 


перзенті жан сырын анасына айтпағанда кімге айтады! Тыңдағысы келмеген себебі – Сәлиманы жат жұртқа қимайды. Ол кетсе бұл үй қаңырап бос қалатындай, бар қызықты өзімен бірге ала кететіндей. Бірақ ерте ме, кеш пе осылай болатыны даусыз, оған да мойын ұсынған. Оның үстіне қызын сыңайлап жүрген жері бар. Біраз ойланып барып:



  • Иә, ол не әңгіме, – деген онша мән бермегендей түр танытып.

  • Мама, мен тұрмысқа шықсам қалай болады? Өзіммен бірге оқитын жігітті ұнатамын. Есімі – Қайрат, – деді қызы күмілжіп.

  • Қызым-ау, саған әлі ерте емес пе? Жігіт деген осында да жетеді. Сенікі балалық шығар, оныңды қой, жақсылап ойлан, – деді.

  • Мама, о не дегенің. Екеуміз бір-бірімізді ұнатамыз. Мен оны келесі де ертіп келіп, папаммен, өзіңмен таныстырамын, – деді Сәлима. Қызының сол жігітті шын ұнататынын, райынан қайтара алмайтынын сезген Тамара апай жігіттің жай-жапсарын сұрай бастады. Соңғы кездері жүрегі оқтын-оқтын шаншып, сыр беріп жүрген. Бір-екі рет қысылып қалғаны да бар-ды. Онсынан күйеуі де, қызы да хабарсыз еді. Әлгі жігіттің балалар үйінде өскендігін, туыстары жоқтығын естігенде:

  • А-а, не дейсің, не дейсің! Күнім-ау, не істегенің бұл. Ертеңгі күнің қалай болады. Жо-жоқ, мен мүлдем қарсымын, қарсымын, – деді отырған орнынан тұрып кеткенін байқамай. Сөйтті де жүрек тұсын қолымен басып, столдың тартпасынан қарманған күйі:

  • Дәрі, дәрі, – дей берді. Аңтарылып қалған қызы жағдайды тез түсініп, қолтығынан сүйей беріп: – Қазір, қазір, – деді дәрі салған қорапты асығыс ашып.


Тамара апай біраздан кейін ес жиды да:



  • Қызым-ау, ертең  елдің   бетіне   қалай   қараймын.


 


Пәленшенің қызы ешкімі жоқ қайдағы бір тұлдыр жетімге тұрмысқа шығыпты десе, өлім ғой, – деді сөзін жалғастырып.



  • Мама, неге түсінбейсің? Ол өте жақсы жігіт. Мейірімді, кішіпейіл, мен үшін одан асқан жан жоқ. Жетім қалғанына ол кінәлі емес қой.

  • Жо-жоқ, айтпа! Қайталап айтам, мен үзілді-кесілді қарсымын! Мені шын құрметтейтін болсаң, сылайтын болсаң, бұлай ете көрме! – деді дауысы қатқылданып. Қызы мен анасы осылайша мәмілеге келе алмаған. Сол жолы Тамара апай қызын жолға шығарып саларда жылы қабақ танытпады. Онысы «Айтқаным өз күшінде қалады»



  • дегені еді. Қызы көз жасы мөлт-мөлт етіп, мойнына асылғанда көңілі сәл босаса да, сыр бермеуге тырысты. Көп ұзамай Сәлима диплом алып, әлгі жігітті ерте келіпті. Одан да жүзі жылымаған. Жігітке назар аудармады да. Бір бөлмеге кіріп, бас көтермей жатып алды. Қызы мен әлгі жігіт әңгімелесіп жүр. Үйдің ішін ретке келтіріп жүрген болуы керек шамасы. Қызы:


–....Мамам кейінгі кездері сырқаттанып жүр. Содан ба, мазасы жоқ. Әйтпесе, жақсы кісі, кейін жақынырақ таныса жатасың ғой, Қайрат, – деп мұның тоң теріс мінезін жуып-шайып қояды. Бұған сәл босаңси қалып еді, бірақ қызының анау ешкімі жоқ жетім жігітке тұрмысқа шығуы мүмкін екені есіне түскенде қайтадан қатайып сала берді.



  • Олай болса қалаға апарып, дәрігерге көрсету керек қой, – деді жігіт қамқор үнмен. Мұны естігенде Тамара апайдың көкейіне: «Бәйек бола қалуын. Әп-әдемі қыз, беделді қайын жұрт, дайын жасау. Ол жағымпазданбағанда, кім жағымпазданады» – деген ойлар келе қалды. Бір сәт үйден қуып шықсам ба екен деп те оқталады. Бірақ, оны өзіне лайық көрмеді. Кешке мән-жайды естіп білген күйеуі:

  • Бірін-бірі ұнатса бопты да, одан өзге не керек.


 


Ашуыңды бас, – деп басу айтты. – Одан да той қамын жасайық. Енді ол да өз баламыз емес пе! Мен жұмыстан үш-төрт күнге рұқсат алайын, – деді ештеңе болмағандай. Тамара апай:



  • Жоқ, сен оны қалай күйеу бала етпексің. Өз абыройыңды ойладың ба? Қыз менің қызым емес, сенің қызың. Тойды қалай өткізесің солай өткіз, онда менің шаруам шамалы, – деп тас бүркеніп жатып алды. Әйелінің тулап-тулап басылатын мінезіне күйеуі әбден үйренген, үндемей кетіп қалды. Тойдың боларына анық көзі жеткен соң, Тамара апай лажсыз көнген. Әне-міне дегенше, той болатын күнде келіп жетті. Күйеуі екеуі үлкен столдың төрінен орын алған. Тойдың аты той емес пе, жұрт көңілді. Тамара апай бұл тойдағы жалғыз ғана көңілсіз жан. Сөйтті де соған қамықты. «Мен бұларға ылғи жақсылық тілеумен келем. Менің кінәм не? Жоқ, әлде менікі дұрыс емес пе, олай болуы мүмкін емес», – деді қызы мен күйеуін есіне алып. Бірауық тойға келген жұртты көзбен шолып еді, өздерінен сәл төмендеу отырған алыстан келген екі абысынын көзі шалып қалды. Қызу әңгімеге кірісіпті. Осы тойдың басында той басқарушы құдалар жағын той дастарханына шақырғанда ол жаққа тек қыз-жігіттер беттеген. Араларында егде кісілердің неге жоқ екенін білгендер үндемеді, білмегендер: «Немене, құдалар әлі келмеген бе?» дескен. Жаңағы абысындары күйеу баланың жағдайын кейінірек білген болуы керек. Бір-біріне: – Үйбай-ау, күйеу баланың ешкімі жоқ көрінеді, жақсы қыз еді, жігіттің аузының салымы бар екен, – деп жатқандай. Осыны ойлап Тамара апай: «Мұнан асқан қорлық бар ма, жұрттың осылай мазақ етіп күлерін білгенмін» – дегенше болмады, жүрек тұсы шаншып ала жөнелді. Отырған жерінде сылқ ете түсті. Алғашында байқамаған жұрт ошарылып қалды. Біреулер дәрі, біреулер су әкеліп, абыр- сабыр болып жатты. Тамара апай есі кірісілі-шығысылы


 


күйде әлгі абысындарының: «Қайтсін, байғұс, қанша қарсы болса да, қызы көнбепті ғой», – деп жатқанын еміс- еміс естіген.


Енді ғана қызып келе жатқан тойдың шырқы бұзылды. Жұрт біртіндеп тарай бастады. Күйеуі кейбіреулердің ерте қайтқанына сыпайылықпен өкпе білдіріп жатты. Үш- төрт адам Тамара апайды қолтықтап әкеп, төргі бөлмедегі үлкен кереуетке жатқызған. Жүзін көз жасы жуған қызы бөлмеге кіріп:



  • Мама, кешірші. Мен кінәлімін, – деді төсіне басын қойып, аймалап сүйіп жатыр. Тамара апай сонда да жібімеді, жақтырмағандай бір қырына аунап түсті. Ол шарасыз шығып кетті.


Ертеңіне қызы мен күйеу баласы жолдамамен бөлінген жұмыс орнына жүрмек болып жиналды. Қызы:



  • Мама, қалайсың, сен жазылғанша күте тұрайық па, әлде кете берейік пе, – деді. Тамара апай оларда шаруасы жоқ кісідей үндемеді. Қоштасарда қызы: – Мама, сау боп тұр. Хат жазып тұрамын. Міндетті түрде келеміз кейін. Емделіп, өзіңізді күтіңіз, – деді. Қызы сол кеткеннен үзбей хат жазып тұрды. «Қайрат сәлем айтып жатыр», – дейді тағы әр хатында. Міне, ойлап қараса содан бері аттай бір жыл өтіпті.


Уақыт қандай жылдам. Қызы кеше ғана сәби еді. Мектепті, институтты бітірді, тұрмысқа шықты. Ал көңілінде сол баяғы сәби қалпында. Тамара апай осы бір жылдың ішінде көп ойланған, көп толғанған. Қызы мен күйеу баласы келер күннің алдында түні бойы ұйықтай алмады. Көз алдынан ақкөңіл, аңқылдаған қызының бейнесі кетпей қойды. Сәби кездегі қылықтары есіне түсе береді. Ерте тұрып қамдана бастады. Бәр сәт сырттан машина гүрілі естілді. Терезеден сыртқа көз тігіп еді, машинадан түсіп жатқан қызы мен күйеу баласын көрді. Көрген бетте іркіліп қалып еді, бір күш сыртқа жетелей


 


жөнелді. Олар Тамара апайды көрісімен араларында ештеңе болмағандай, «Мама, мама», – деп екеуі бірдей ұмтылып, құшақтап сүйе бастады.



  • Қарақтарым, құлындарым! – деп өзі аймалап жатыр.


Екеуі кезек-кезек жай-күйін сұрап бәйек болуда.



  • Сендер отыра тұрыңдар, мен қазір-р, – деп сасқалақтап асүйге қарай кетті. Кеудесін қуаныш кернеп кетті.


Ас қамдап жатып күйеу баласын ойлады: «Ол да «мама» деді ме, құдай-ау! Қандай тас жүрек едім, өз баламнан кем бе? Қалайша түсінбей келгенмін. Сәлимаш та талай рет көз жасын төкті-ау. Құлыным-ай, обалыңа қала жаздағам екен-ау», – деді өзегін өртеген өкінішті үнмен.


Үйде болған үш-төрт күн ішінде екеуі үйді ақтап, ретке келтірді.


Тамара апай қызымен болған сонау қолайсыз әңгімені, шырқы бұзылған тойды есіне алып, олардың алдында өзін кінәлі жандай сезініп жүрді. Содан ба шешіліп те әңгімелесе алмады. Ал олардың жүзінде ешқандай реніштің ізі жоқ, қайта «мамалап» төңірегінен шықпай, зыр қағады. Тамара апай осы күндердің қалай зымырап өткенін де білмей қалды. Екеуі қайтуға жинала бастаған. Қызына ананы ал, мынаны ал деп бәйек болып еді. Ол:



  • Мама, ештеңенің қажеті жоқ, біз өзіміз-ақ реттейміз,



  • деді.


Қоштасарда Тамара апай:



  • Ал, құлындарым, аман болыңдар, – деді діріл аралас үнмен беттерін сүйіп.

  • Мама, бізге қонаққа келіңіз, әйтпесе өкпелейміз, – деді екеуі қосарланып.

  • Барамын, барамын, – деді Тамара апай енді біраз тұрса жылап жіберетінін сезгендей. Қол ұстасқан екеуі ұзап бара жатты. Қызы анда-санда бұрылып, қол бұлғап қояды. Тамара апай екеуінің соңынан көпке дейін көз алмай қарап тұрып қалды. Жанарынан өткенге деген


 


өкініш пен бүгінгі күнгі қуаныш сезімдері аралас мөлдір тамшылар жерге үзіліп түсіп жатты.


 





Пікір жазу