01.03.2022
  368


Автор: Оспан Әлсейіт

ТУҒАН КҮН

Осыдан он шақты жыл бұрын бір ерекше туған күнде болғаным бар. Студентпін, политехникалық институтта оқитын интернатта бір қазаннан ботқа жескен досым Болатты іздеп жатақханасына барғанмын. Бұрын олар бір бөлмеде үш жігіт тұратын. Біреуі мені іздеп келген Болат, онан кейінгілері Еркін мен Мұхит болатын. Еркін екінші курста қайтыс болып кетті. Мен келсем олар туған күнге жиналып жатыр екен. Болат амандық-саулық сұрасқаннан кейін:



  • Келгенің жақсы болды. Бізбен бірге туған күнге барасың, – деді.

  • Танымайтын адамдардың арасында ыңғайсыз болар, мен қайтайын, – деп тартыншақтадым.

  • Айында-жылында бір келесің. Келген соң қайтам дейсің. Бірге көңіл көтеріп, біраз әңгімелесейік те, – деп ол ренжіген сыңай танытты.

  • Сонда кімнің туған күні, – дедім амалсыздан ыңғайына жүгініп.

  • Еркіннің туған күні.

  • Кімнің?!

  • Еркіннің, дедім ғой.


Еркіннің осыдан үш-төрт ай бұрын қайғылы қазаға ұшырағанын естігенмін. Жаздың жайма-шуақ күндерінің бірінде Еркін мен Мұхит жазғы сессияның соңғы емтиханын тапсырып, көл жағасына серуендеуге шығады. Біраз жүрген соң екеуі суға шомылмақ болады. Балалығы ұстап кеткен Еркін суда жүзуден жарысайық деп Мұхитқа


 


ұсыныс жасайды. Ол бірден келісе кетеді. Жарыс шарты – жағадан көл ортасына, одан жағаға дейін жүзіп келу. Екеуі де – өзен жағасында өскен жігіттер. Суда жақсы жүзетін болғандықтан, бірден суға күмп-күмп қойып кетіп жүзе жөнелді. Мұхит жағаға бұрын жетіп, Еркінді күтеді. Бес минут күтеді, он минут күтеді. Еркін жоқ. Мазасызданған Мұхит судан құтқарушыларға тез хабар беріп, олардың келуін күтпестен-ақ өзі іздеуге кіріседі. Үш-төрт сағаттан соң ғана барып судан Еркіннің жансыз денесі табылады. Ыстықтап келіп бірден мұздай суға түскендіктен көл ортасына жете бере аяғының сіңірлері тартылып қалған.


Еркіннің Жамал есімді сүйген қызы бар екенін де білетінмін. Бұл қазаға Еркінді білетіндердің барлығы, әсіресе Жамал қатты қайғырған.


Бейбіт күнде алпамсадай жігіттің осылай аяқасты қайтыс болғаны бәріміздің де қабырғамызға батты. Мен Болатты іздеп келген күні тап Еркіннің туған күні екен.



  • Сонда туған күн қалай болады, кім ұйымдастырып жатыр? – дедім таңданыстан арылмаған күйде.

  • Жамалдың өзі ұсыныс жасады. Біз қостадық, – деді Болат.


Біздер туған күн басталардан сәл бұрын келдік. Туған күн Жамалдың бөлмесінде өтеді екен. Еркіннің қазасынан бері Жамалды көрмеген болатынмын. Мен көңіл айттым.



  • Келгендеріңе рахмет. Сендерді көріп, Еркінді көргендей болдым, – деді Жамал мұңлы көздерінен жас тамшылап.


Туған күн басталып та кетті. Ән де айтылды, күй де тартылды. Бәріміз де Еркінді еске алып, оның жақсы қасиеттерін әңгіме етістік. Еркін шынында да мінезі сыпайы, сабырлы да салмақты жігіт еді. Қақ-соқпен жұмысы жоқ, темекіге, араққа үйір емес-ті өзі. Бәлкім, Жамалда Еркінді осы мінездері үшін ұнатқан болар. Туған күн аяқталғанша Жамал біресе шай тасып, біресе тамақ


 


тасып, зыр қақты.



  • Еркіннің туған күнінде қызмет жасамағанда, кімнің туған күнінде қызмет жасаймын, – деп бір күліп, бір жылап жүрді.


«Жамалдай қыз сүйген Еркін қандай бақытты жігіт еді. Әттең, арманда кетті, топырағы торқа болсын», – деп қоямын іштей.


Осы туған күнге қатысқандардың барлығы махаббат деген асқақ да ұлы сезімнің қадір-қасиетін шын ұғынғандай болды. Бәріміз де терең ой, зор тебіреніспен тарқастық. Біреулер махаббат тек кітапта, кинода болады деседі. Жоқ, махаббат әрқашанда болған және бола бермек. Әр заманның өз Естайы, өз Хорланы, өз Жамалы, өз Еркіні болады. Ұлы Абай «Махаббатсыз дүние бос» демеп пе еді?! Сол туған күннен бері біраз жыл өтті. Қазір туған күнге барсам болды, есіме Еркін мен Жамал еріксіз түсе береді.


«Жамал, сен қазір қайда жүр екенсің? Еркінді ұмытқан жоқсың ба? Жоқ, сен ұмытқан жоқсың, мен саған сенемін! Еркінге деген махаббатың әжелердің көне сандығының түбінде жатқан асыл қазынадай тереңде жатқан болар» деген ойлар мені ылғи да мазалайды да жүреді.





Пікір жазу