01.03.2022
  393


Автор: Оспан Әлсейіт

ТАҒДЫР

 


Дәуренбек көкемді көрмегеніме он үш-он төрт жылдың жүзі болған. Қызмет бабымен не болмаса, оқу-білім іздеп ауылдан алысқа ұзап кеткен жандарды тоқайластыратын да, табыстыратын да ауыл емес пе. Тіршілік болған соң, бәрі де болады. Ол кісі болса, сонау жас кезінен жоғарғы оқу орнын бітіре салып, жолдамамен тым шетке, сонау өзбек жеріне қызметке кеткен. Кеңес өкіметі бар кез ғой. Ауылға кейде араға жыл салып, кейде екі-үш жыл салып, келіп-кетіп тұратын. Оның өзінде де жақын туыстардың той-томалағына, қаза-қайғысына ортақтасу үшін келеді.


 


Қызметі үлкен болса да, тым кішіпейіл, қарапайым, өте балажан кісі. Содан ба, ол кісі келгенде бәріміз қуанып қалатынбыз. Әрқайсымызбен амандасып, жағдайымызды сұрайтын. Маңдайымызды иіскеп, бетімізден сүйеді. Бала шіркін, мақтау сүймей ме. «Дәу жігіт болыпсың ғой» – дегенге төбеміз көкке жеткендей болады. Мектеп бітіріп, одан жоғары білім алып, дәм-тұз айдап, Алматыға орныққанмын. Жақын туыстардың ұлы үйленіп, тойға шақырған екен. «Сыныққа сылтау» дегендей ауыл жаққа ат ізін салмағалы да біраз болған. Елге тартып кеттім. Барсаң, ағайын-туыс құшағына алады. Мәре-сәре боп жатқанда:



  • Е, мынау Әбілжан ба? – деген дауысты естідім де, жан-жағыма көз жүгірттім. Қарасам, қарсы алдымда құшағын жайып Дәуренбек көкем күле қарап тұр.

  • О, көке, сіз де келгенсіз бе тойға? – дедім қуанып. Көкем мені құшағына алып, қатты қысып бетімнен сүйді. Тым бауырмашыл кісі ғой. Көзінен жас та шығып кетті. Менің де көңілім босады.

  • Әбілжан, өзіңді көрмегеніме он бес жылдай болыпты ғой. Қалай, келін, бала-шаға аман ба? Алматың жайнап тұрған шығар, – деді.

  • Иә, көке. Бәрі аман-есен. Өзіңіз қалайсыз, денсаулығыңыз жақсы ма? – дедім толқып.

  • Зейнетке шықтым ғой. Қол бос, туған-туыстарды аралап жүрмін, әбден сағындым. Мауқым басылар емес. Айналайын туған жерге, туған елге ешнәрсе жетпейді ғой. Дәуренбек көкемнің шаштары бурыл тартып, маңдай тұсындағы әжімдері тереңдей түсіп, бойы еңкіш тартыпты.


«Сырлы қасықтың сыры кетсе де, сыны кетпейді» демекші, жас кезінде сымбатты, сұлу, кербез болғандықтан ба әлі де қайратты, қартайып тұрған ештеңесі жоқ.



  • Сен, Әбілжан, қасымда жүр осы тойда. Басқаларды ғой, жиі көремін. Ал өзіңді көптен көрмедім, – деп мені


 


қолтықтап алды. Көкемнің құдай қосқан қосағы осының алдында ғана дүние салған болатын. Көңіл айтуға мұршамды келтірмеді емес пе. Әңгімеден әңгімеге көшіп барады, сөзін бөлген тағы ыңғайсыз. Жеңгемізде көкемізге сай кербез, сұлу кісі болатын. Қасы қияқтай, шаштарын ортасынан бөліп, бұрым ғып өріп қоятын. Маңдайы жарқыраған жылы жүзді, биязы кісі болатын. Ол кісі де институт бітіріп, жолдамамен жұмысқа барып, көкеммен сонда танысыпты. Қаншама жыл отасып, әй-шәй дескен кісілер емес, біз білгелі. Тек бір өкініштісі – жеңгеміз бала көтермеген еді. Тағдырдың салғанына не істейсің? Алла тағала біреуге қанша тілесе де бермейді, ал біреуге тілемесе де үйіп-төгіп береді. Бірақ көкем мен жеңгем осы үшін уайым-қайғыға батып, ренжіспеген. Туған-туыстың қанша баласын бөле жармай бауырына тартып, құшағына алып оқытты, тәрбиелеп өсірді. Көкемді көргеннен кейін көңіліме келген көп ойлар осындай еді. Көкем той біткенше көңілді жүрді. Кейде біреулерге бұйыра сөйледі, жеңгелеріне әзілдеп, жасы кішілерді еркелетеді. Ертеңіне той біткен соң, көкем қайтатын болды.



  • Әбілжан, қолың босаса, сен мені үлкен жолға дейін шығарып сал. Автобустың келуіне әлі бір-екі сағаттай уақыт бар екен, – деді.

  • Жарайды, көке, боспын ғой, – дедім.


Ол кісі туған-туыстарымен қимай қоштасты. Содан үлкен жолға қарай аяңдап кеттік.


Жолай келе жатып көкем:



  • Айтпақшы, мен ұлымды таптым ғой, – деді қуанышты үнмен.

  • Көке-ау, тойдан да үлкен қуаныш сіз де екен ғой, – деп көкемді құшақтай алдым.

  • Неге ертерек айтпағансыз?

  • Иә, иә. Рас айтам, бәрі біледі, сен естімеген екенсің ғой.


 


Ол кісінің өзге бір әйелден ұлы бар деген әңгімені естігенмін, бірақ анық-қанығын білмейтінмін.



  • Көке-ау, сіздің мына жаңалығыңыз үлкен жаңалық қой. Қандай жақсы болған. Ағамызды көретін күн де алыс емес шығар, – дедім.

  • Жақында ғана табыстық, араға ұзақ уақыт салып.


Оның өзі үлкен бір хикая, тыңдар болсаң.



  • Көке, құлағым сізде, автобус келгенше біраз уақыт бар ғой, – дедім.

  • Өмір деген ұзын екен ғой. Ол кезде жас едік, – деп әңгімесін бастап кетті.

  • Мен мектепті бітірген кез қиын кез еді ғой. Соғыс енді аяқталған. Ата-анам, туған-туыстарым менің оқығанымды қалады. Мектепті үздік бітірдім. Біреу шалбарын, біреу көйлегін, біреу тарысын, біреу талқанын беріп жабылып оқуға шығарып салды.


Абырой болғанда, оқуға түсіп кеттім. Алғашында ештеңеге алаңдамай бар ынтаммен оқуға кірістім. Екінші курсты бітірерде кітапханада бір қызбен танысып қалдым. Онда да ол өзі сөзге тартты:



  • Сіз осы кітапханадан шықпайды екенсіз ылғи, – деді күлімдеп.

  • Өзгелер сияқты киноға, паркке де бармайсыз. Орысша сөйлегеніне қарап орыс қыз екен деп ойлағам.


Соны сезді ме ұлтының татар екенін айтты.


Мен сасып қалдым: «Мен алыстан, ауылдан келдім, оқуым керек», – дедім қызараңдап.



  • Сіз несіне ұяласыз. Оқыған жақсы ғой, – деді жымиып. Сөйтіп екеуміз танысып алдық. Есімі – Марина екен. Кітапханада күнде кездесіп қаламыз. Тап сол кезде махаббат, сезім туралы ештеңе ойлап көрмеппін. Расында Марина да тап солай ойлайтын сияқты. Баяғыдан таныс, жақсы достар сияқтымыз. Әңгімелесеміз, пікірлесеміз. Кейде киноға барамыз, паркке барамыз серуендеп. Осылай


 


жүргенде оқудың соңғы курсын аяқтауға жақындап қалдым. Мемлекеттік емтиханға дайындық, дипломдық жұмыс жазу сияқты қарбалас тірліктер басталып та кетті. Бір күні ол мені үйіне шайға шақырды. Мен ат-тонымды ала қаштым.



  • Дәуренбек, несіне ұяласың? Ата-анам қонаққа кетті. Шай ішіп музыка тыңдаймыз, – деді. Өзі бір ақкөңіл бала сияқты. Бармайын десем, арамыздағы сыйластық жібі үзілердей көрінді. Амалсыз келістім. Айтқан уақытында үйіне келдім. Шай жасап қойыпты.

  • Институт бітіргелі отырсың, ересек азаматсың, – деп маған кішкене коньяк құйды. Бұрын іішіп көрмеген ем деуге ұялдым. Өзіне шамалы шампан құйды. Коньяк бірден басыма шықты. Қысқасы, сонда қонып қалдым. Таңертең ер-әйел боп ұйқыдан ояндық. Киініп алдым да, ұялғанымнан кетіп қалдым. Марина ренжитін болды-ау, – деп өзімді-өзім жерлеумен болдым.


Екі-үш күннен кейін кездесіп қалдық. Ұялғаннан жерге кіріп кете жаздадым. Марина өзі шақырып:



  • Дәуренбек, сен мені ұмытып кеттін бе? –деп әзілдеп күлді, ештеңе болмағандай. «Ренжімеген екен ғой» – деп иығымнан жүк түскендей жеңілдеп қалдым. Қайтадан баяғы сырлас достардай боп жүре бердік. Ол жақында практикаға жүретінін айтты. Мен диплом жұмысымды қорғап, жолдамамен жұмысқа жүріп кеттім. Маринамен жөндеп қоштаса да алмай қалдым. Оны шын сүйдім десем, оным бекер болар. Бірақ қатты сыйластық жақсы дос ретінде. Өзіңмен пікірлес, сырлас жан болғанға не жетсін? Содан, сонау қиыр шетке, жаңадан игеріліп жатқан тың жерге жұмысқа кеттім. Демалыс деген жоқ, арада үш- төрт жыл өтті. Маринаға бір-екі рет хат жазып, жауап ала алмадым. Ол да басқа жаққа жолдамамен кеткен болар деп түсіндім. Қашанғы салт жүрем. Бір-екі жылдан кейін үйленіп алдым. Марқұм жеңгеңді шын ұнаттым. Көрік


 


десең көркі, мінез десең мінезі бар еді ғой. Өмір солай өтіп жатты. Арамызда бала болмады. Емделдік, көріндік. Тек әйтеуір бір-бірімізге мін тақпадық, шын сүйген адамдар бірін-бірі түсінеді ғой. Қай уақытта болсын, бала-шағадан үйіміз босамайтын. Өзің білесің, туыс, балалардың оқуға түсетіндерді оқуға түсіп, үйде жатып оқыды. Жұмыс істейтіндер жұмыс істеді. Содан бес-алты жыл уақыт өткенде, адам сенбестей бір хабар естідім. Қалаға мамандықты жетілдіру курсына барғанбыз. Содан тұратын курстас досым кездесіп қалды.



  • Дәуренбек сен білесің бе, баяғыда сен бір қызбен дос боп жүруші едің ғой. Сол қызды көрдім. Бір ұл баланы жетектеп алыпты, түрі сенен айнымайды, – дегені.


Сасқанымнан: – Арада ештеңе болған жоқ, – дедім бар сырды бүгіп. Ал өзім болсам әрі-сәрі күйге түстім. «Олай болса, Марина неге маған хабар бермеген, не істесем екен?» – деп. Көзбе-көз жолығуға дәтім шыдамады.


Бір жағынан әке болғаным ба деп қуанам. Әрі жүкті етіп тағдыр тәлкегіне тастап кеттің деп сөге ме деймін. Менің не кінәм бар. Егер жағдайды айтса, бәлкім бәрі басқаша болар ма еді. Содан бір күні Маринаның баланы қай балабақшаға апарарын біліп алайын деп бақыладым. Баланың түрі тура менен айнымайды екен. Не қуанарымды, не жыларымды білмедім. Әкелік сезім деген керемет болады екен. Жүрегім атша тулап кеткендей. Не де болса, Маринаға жолығайын деп кездесуге бел будым. Үйін білем ғой. Барсам үйінде екен. Әй жерден алып, жерге салар деп қорқып келгем. Сол баяғыдай өзгермеген. Күлімдеп қарсы алды:



  • Міне, папамыз келді, – деді.

  • Марина, сен неге күлесің? Бұл адам тағдыры ғой, – дедім ашуланып.

  • Аяғым ауыр болып қалғанын мен қайдан білейін.


Онан соң сені таппай қалдым, – деді ол.


 



  • Егер мұны білгенімде саған үйленетін едім. Ал қазір басқаға үйлендім, – дедім ақтала.

  • Қосағыңмен қоса ағар. Бақытты бол, сені кінәламаймын, – деді ол.


Қаладан әрең кеткенім-ай. Үйге келген соң   дел- сал күйге түстім, не ас батпайды, не ұйқым келмейді. Жеңешең: «Ауырып жүрген жоқсың ба?» деп бәйек болады. Содан бір күні жеңешеңе болған жайды айттым. Алғашында қатты ашуланды. Әйелдің аты – әйел ғой. Құс екеш құс та ұясын қызғыштай қориды. Ешкімді жолатпайды. Отыз жыл отасқан жарының әлдебіреуден баласы бар екенін белгенде, қандай күйге түсті десеңші. Бәріміз де жұмыс басты пенде емеспіз бе? Мен де өзімді бір кінәлі жандай сезіндім. Жастықта кім жаңылмайды, кім қателеспейді. Балам мектеп бітіріп, мені іздеп те келеді. Одан соң әскери училищеде оқып жүргенде екі- үш рет жолықтық. Бірақ жеңгең салқын қабақ танытқан соң ба, келмей қалды. Жүрегім екіге бөлінгендей болды. Ұлым оқуын бітір алды. Әскери қызметші болып кетті.


Тек аман жүрсе болды деген тілекпен мен де жүре бердім.


Сөйтіп жүргенде жеңгең қайтты. Көп ауырған жоқ. Көз жұмар алдында:



  • Дәуренбек, сен мені кешір, – деді.

  • Ойбай, не үшін? – дедім жаным қалмай.

  • Сені әке ете алмадым – бір. Ол Алладан шығар. Екіншіден, ұлыңменде жөндеп қатыстырмадым. Бекер істеген екенмін. Сені бақытсыз еттім. Мен өлсем, сен ұлыңды тауып ал, мен үшін кешірім сұра, – деді әлсіреп жатып.


Жеңгеңнің осы сөздері сай-сүйегімді сырқыратты.



  • Қойшы, қайдағыны айтпашы. Сен өлмейсің әлі-ақ жазылып кетесің, – деп жұбатамын. Амал қанша жеңгең көп ұзамай көз жұмды. Қаншама жыл отасқан, құдай


 


қосқан қосағым емес пе, қатты қайғырдым. Қанша биікке шықсаң да, әйелсіз күнің қараң екен. Жетім бала сияқты жәутеңдедім де қалдым. Алла жолымен жетісін, қырқын, жылын өткізіп, әруағын күзеттім. «Қой, бүйтіп қайғыға батып отыра бергеннен дертке ұшырармын», – деп туған- туыстарды аралап кеттім. Олардың ішінде өзіммен әрі құрдас, әрі немере болып келетін Тұрманбек деген досым:



  • Дәуренбек, сенің балаң бар деп естуші едік, іздеп тауып алмайсың ба? Уайым түбі – қайғы, батасың да кетесің. Өлер әйел өлді. «Өлген артынан өлмек жоқ»



  • деді. «Ұлым бар екенін, көрісіп табысқанымды жан баласына тіс жарып айтқан емес сияқты едім ғой, қайдан білген?» – деп ойладым.

    • Жеңешеңнің қайғысынан кейін ұмытшақ күйге түскем. Тұрманбектің сөзінен кейін «Құдай-ау, мен жалғыз емес екенмін ғой, ұлым бар емес пе? Неге іздеп тауып алмаймын? Жаманды-жақсылы әкесі емеспін бе, бар жағдайды айтып берейін. Азамат болып қалды емес пе, түсінер», – деп ойладым. Маринаның бұрынғы тұрған үйін білемін. Іздеп келдім. Қыла тым қатты өзгеріпті. Қалалар да адамдар сияқты өзгереді екен-ау. Әрең таптым. Барсам есігі жабық. Жас кезімдегідей жүрегім дүрсілдеп, өн-бойым ысып қоя берді. Ешкім дыбыс бермейді. Көршісі шығып, мұнда ешкім тұрмайтынын айтты.

    • Қайда кетті? – десем, – Марина жақында қайтыс болды. Баласы алыста, әскер қызметте, – деді.

    • Марина қашан, қалай қайтыс болды? – деп дауысым дірілдеп кетті.

    • Сіз кім едіңіз? – деді көрші кемпір.




Мен жылда аптығып: – Ал, ұлы ше, ұлы қайда? – дедім.



  • Мұнда келіп тұра ма?

    • Келіп тұрады, сирек болса да.

    • Келсе менімен хабарлассыншы, – дедім. Қағазға өзім тұратын мекен-жайды жазып бердім. Іздеп келу-келмеуі




 


екіталай екенін біліп тұрсам да.


Үйге келіп жатсам-тұрсам ойымнан ұлым кетпейді. Сарылып күтумен болдым. Хат-хабар келіп қалар деп пошташыны аңдимын күні-түні. Бір күні ерте мезетте әскер киім киген біреу есікті қағып кіріп келді. Қарасам, ұлым! «Ойбай, хабар айтпай келгенің не?» – деп естен тана жаздадым. «Хабар айтып келетіндей біз бөтен адамдар емеспіз ғой» – деп мені құшақтай алды. Әкелі-балалы екеуміздің құшағымыз көпке дейін жазылмай тұрды.


Қуаныш ортақ болсын деп, бір қойды сойып тастап, көрші-қолаңды түгел шақырдым.


Бәрі: – Ұлыңыз табылыпты, құтты болсын, көзайым болуыңызбен! – деп жатыр. – Қаншама жыл ұлыңыз бар екенін қалай айтпай жүргенсіз, – деп ренжіп жатқандары бар.


Кейін ұлыммен жеке сөйлесіп ақталмақ болғам. Ұлымның есі бар екен: «Сіздің еш жазығыңыз жоқ. Мамам марқұм бәрін түсіндірген», – деп қойды. «Айналайын, Маринажан-ай, әйелдің асылы екенсің ғой, топырағың торқа болсын. Мен бейбақты кешіре алсаң кеш», – деймін көзіме келген жасты ұлыма көрсетпей.



  • Мен де сендерді іздеумен болдым. Қаншама рет хат жаздым. Ешбір дерек болмады. Бұл қу тағдырды қойсаңшы. Сенің дегенің емес, оның дегені болды ғой. Қонақтар кеткен соң ұлым екеуміз жеке қалдық. Таңға дейін көз ілмей сырластық, әңгімелестік. Ұлым үйленген, екі ұлы бар екен. Құдай-ау, сонда немерелі ата екенмін ғой. Қуанғанымнан көзімнен шып-шып етіп жас шыға береді. Ұлым үйде екі-үш күн аунап-қунап жатты. Әкелі- балалы екеуміздің арамызда айтылмаған сыр қалмады. Үйге кіріп-шығып жүрген ұлымның сыртынан сүйсіне қарап: «Жаратқан-ау, осы өңім бе, жоқ түсім бе?» – деп өз көзіме өзім сенбеймін. Уақытында бере алмаған әкелік махаббатымды бірден үйе-төге салып, айналып,


 


толғанғым-ақ келеді. Бірақ алпамсадай азаматты қалай еркелетесің. Қуаныштан қол-аяғым жерге тимей есім кетіп жүр. – Жақында күзге қарай келініңізді, немерелеріңізді алып келіп, өзіңізбен таныстырамын, – дейді сөз орамында ұлым. Мұны естігенде көзім суланып қоя берді қартайғаннан ғой.


...«Әке,   қойыңызшы!»   деп   ұлым   құшағына алады. «Қойдым, қойдым! Менің бұл қуанғаным ғой» деймін. Ылғи шетте, жырақта жалғыз жүрдім. Туған- туыстарымды, туған жерімді сағынатынмын. Содан ба, көңілшекпін. Қуанышым қойныма сыймай, бақыттан басым айналғандай.



  • «Сен де ауылға келіп жүр, бармасаң, келмесең жат боласың», – деп Дәуренбек көкем әңгімесін аяқтай бергенде, автобус келіп қалды.





Пікір жазу