АСЫРАНДЫ ҰЛ
Өзіңнен тумай ұл болмас Әңгіме
Біздің ауылда екі ағайынды кісі болды. Үлкені – Ерман, жетпістің үстінде, кішісі – Құрман одан екі жас кіші. Құрманның үбірлі-шүбірлі қызы, ұлын қосқанда жеті перзенті бар. Шынына келгенде, оның перзенттерінің саны – сегіз. Бір ұлын ағасы Ерман ертеректе асырап алған. Ерманның әйелі келін боп түскеннен етегі қанап құрсақ көтермеді. Олар алғашында жастықтың қызумен жүріп, бала жоқтығына онша мән бермеген. Әне-міне дегенше екеуі де қырықтың о жақ, бұ жағына шықты. Қатарластарының алды немере сүйгенде өздерінің қу тізелерін құшақтап отырғандары жандарына қатты бататын. Ерманға ештеңе емес, совхоздың жылқысын бағатын. Күні бойы ат үстінде. Зерігуге уақыт жоқ. Ал, әйеліне өте қиын. Таң алакеуімнен тұрып күйеуінің шайын береді де, сонан соң үй шаруасын жайғайды. Шаруа дегенде не шаруа бар дейсің, бір-екі сиырды сауып қоя береді де, бұзауын арқандайды. Бес-алты ұсақ тұяқты өріске айдап жібереді. Бір күбі айранды піскен соң, отыра ғап шайға кіріседі. Жалғыздық деген жаман ғой, ас та батпайды. Тіпті өзін қоярға жер таппай күйбеңдеп кетеді. Алданыш болатын бір «жаман неме» де жоқ. Ерлі-зайыптылардың перзенті болмаса, қазақ санасына сіңген әдет емес пе, көбіне-көп бар кінәнің әйел жағына артылатыны. Соның әсері болар. Ерманның әйелі күйеуінің алдында өзін үнемі кінәлі сезінетін. Кей-кейде
тағдырына көкірегі қарс айырыла күрсініп, күйінетін. Ерман өзін қамшы астына алып жатса да, қыңқ етпейді. Онысы қорыққандықтан емес. «Перзенті болмаған соң көңілі жарымжан ғой», – деп үндемейтін. Былай алғанда, күйеуі жаман адам емес. Осы күні тойға, жиынға бара қалса, өздерін жұрт біртүрлі аяйтын сияқты көрінеді. Тіпті олар жылы-жылы амандасқан болып, сонысын білдіріп те қоятын. Ондайда Ерман мен әйелі ертерек үйге қайтуға асығатын. Бір күні орталықта тұратын Құрманның әйелі босанып, ұл туыпты деген хабарды ести салысымен Ерман күрт шешімге келіп, атқа қонған. «Онсыз да үш ұлы бар, жалғыз бауырына бір ұлын қимас дейсің бе. Барып қолқа салып көрейін» – деген.
Шынында да Құрман бірауыз сөзге келмеген. Әйелі аздап қыңқылдап еді. «Бөтен біреу емес, өз бауырым ғой, берелік» – деген. Қуанышы қойнына сыймаған Ерман жөргекке оралған сәбиді құшағына алып үйіне жеткенше асыққан. Сәбидің іңгәлаған үні өне бойын елжіретіп, тумасында балажан Ерманның ішкі дүниесін сары майдай ерітіп жүре берген. Дүниеге жаңа келген сәбидің жұпар исі мұрнын қытықтап, ыстық сезімдер алпыс екі тамырын қуалап әкелік махаббатын оятып жіберді. Әйелінің киіз үйдің керегесінен сығалап тұрғанын білсе де:
. – Уа, қатын! Баланы ал! – деп айғай салған. Күйеуінің дауысын ести сала, үйден атып шыға келген әйелі, қалбалақтап баланы қолына ала берді.
Ерлі-зайыпты екеуінің қуанышында шек жоқ. Мәре- сәре болды да қалды. Сәбидің іңгәлаған үні шаңырақтарын құдды бір әнге бөлегендей. Ерман іле бір қойды сойып тастап, айнала-төңіректегі біраз үлкендердің басын қосып, батасын алып балаға Жалғас деп ат қойғызған. Күндіз- түні ермек еткендері – сол болды. Жасқа толғанда, Ерман үлкен той жасап көкпар берді. Әйелі екеуі бойларын тың күш билегендей, қайта жасарғандай күй кешті. Жалғасы
не ішем, не кием демеді. Ерман: «Жалғыздан аяғанымды ит жесін», – деп қоятын. Жалғас орталықта интернатта жатып оқыды. Алғашында: «Жалғасжан, аман ба екен?»
- деп екеуі күндіз-түні уайымдаумен болды. Ерман күн- ара ат терлетіп, қоржынын сүтпен, маймен, қаймақпен толтырып, барып қайтатын. Бірте-бірте үйреніп кетті. Әне-міне дегенше Жалғас мектеп бітірді, жігіт болды. Бір күні:
- Алматыға оқуға барам! – деді. – Айналып қана кетейін, Алматы түгіл, Мәскеуге барам десең де, қалауың білсін! Кеудемде жаным барда ештеңеден қам жеме. Сені оқытуға шамам келмесе, жер басып жүрмей-ақ қойдым, – деген Ерман қуанып.
Жалғасы Алматыға оқуға кеткелі, әйелі екеуі бір- түрлі жабырқап қалды. «Бес жыл ештеңе емес. Демде өтіп кетеді» – деп өздерін жұбатып қояды. Жалғастан хат келсе қайта-қайта оқып, мәз-мейрам болып қалады. Алғаш хат келгенде пошташының мотоциклінің қорабына бір тоқтысын салып жіберген. Кейін де хат келген сайын бес, он сомды қалтасына зорлағандай болып салып жіберетін. Бес жыл дегенде, көзді ашып-жұмғанша өте шықты. Қыста жазған хатында Жалғас: «Әке жақын арада үйленіп қалармын», – деп жазған. Есі шыққан Ерман тойға қамдана бастаған. Қиналатын, ойланатын несі бар, құдайға шүкір, жиған-тергені бір той емес, екі той жасаса да жетеді. Қақаған қыста, ызғарлы суық желдің өтінде тұрып Жалғасының үйленетіні есіне түссе, өн бойы жылып қоя береді. Ақ сәукеле киген келіншегін қолтықтап Жалғастың табалдырықтан аттаған сәтін көз алдына елестетіп, тәтті ойларға берілетін.
Осы жаз Ерман мен әйелін әбден күттірді. Кемпірі екеуі қараша үйдің іргесінен өтетін қара жолға көздерін тігіп елеңдеумен болды. Бір күні інісі, Құрманның кіші ұлы, Полат атпен шауып келіп, Жалғастың келінді өз үйлеріне
түсіргенін айтып сүйінші сұрап келеді.
- Мұнда қашан келді? – деп Ерманның өңі бозарып сала берді. Келіншегі Алматыдағы үлкен бастықтың қызы көрінеді. «Әкем өкпелемесін, қонақтарды қара жолдың шаңына көмілдіруге ұялдым. Тойды да орталықтағы үйде жасайық», – депті. Мына хабардан кейін Ерманның алабұртқан көңілі су сепкендей басылды. «Қызталақтың онысы несі-ей» – деп күн батқанша үйге бір кіріп, бір шығумен болды. – Өсірдім бе, жеткіздім бе, қызығын көрем бе деп отырғанда сыртқа тепкені несі?! Тіпті болмағанда, келінді осы үйдің босағасынан бір аттатып, одан Алматысы бар ма, басқасы бар ма, қалаған жағына кетем десе, бетінен қақпас едім ғой. Ерте бастан құлақтанып қалған ел-жұртқа не бетін айтады. «Өзіңнен тумай ұл болмас» деген осы екен ғой, деп әбден күйінді. Тойға да бармады. Кемпірі байғұс әрең дегенде рұқсат алып, тойға барып қайтқан.
Содан Ерман іш-құса болып, төсек тартып жатып қалыпты да, көп ұзамай-ақ жарық дүниемен қош айтысып, көз жұмды.