СЕЗІМ
Әбсеметтің жасы алпысты алқымдап қалған. Орта бойлы тәпелтек келген, тығыншықтай қара торы кісі. Бұл жастағылардың көбісінің шашы бурыл тартса, Әбсеметтің басында бір тал ақ қылау жоқ. Жүріс-тұрысы, қимылы ширақ. Сонау Өзбекстаннан Қазақстанға қоныс аударып келгеніне оншақты жылдың жүзі болған. Ата- бабалары кешегі Кеңестік дүрбелең кезінде сол жаққа қоныс аударған. Сол Кеңес Одағы тарап әр ел өз алдына отау тіккенде замана желінің ауанын аңғарған үлкен ақсақалдар: «Біз асарымызды асадық, жасарымызды жасадық. Өлсек сүйегіміз осы жерде қалады. Қартайғанда қайда барамыз?! «Есің барда, елің тап» дегендей туған жерге қоныс аударғандарың дұрыс болар», – деп ақыл айтқан. Рас, өзбектерге ешқандай өкпелері жоқ. Қиын- қыстау кезеңдерде қанаттарының астына алып қол ұшын берді. Оны ешкім жоққа шығара алмайды, ұмытпайды да. Міне сол алғашқы қоныс аударушылардың легімен Әбсемет те ежелгі ата-баба қонысына табан тіреген. Бұған дейін Ташкентте жол қүрылысшы инженерлері институтын бітірді. Біршама уакыт жол салатын мекемеде еңбек етті. Мұнда келген соң да Қазақстанның әр өңірінде мамандығы бойынша қызмет жасады. Жас келген сайын жиі іссапарға шығу, вахталық әдіспен жұмыс істеу ауыр тиді. Жиған аздаған тиын-тебеніне қала іргесінен бұрын саяжай болған кішкентай үйді сатып алып, жамап-жасқап, жөндеп әп-әдемі құттыханаға айналдырған. Оған да
шүкіршілік. Алматыда үйің болса екі қолға бір жұмыс табылады ғой. Үй-жайын реттеп алған соң, Алматыдағы жеке компаниялардың біріне қарауылдық жұмысқа тұрды. Екі кісі кезектесіп істейді. Екі күн жұмыста болса, екі күн үйде. Бел ауырып, мұрын қанайтын жұмыс жоқ. Кірген- шыққан кісілерді қадағалайды. Одан қалса жұмыс аяғында ауланы тап-тұйнақтай етіп тазалап қояды. Бұл компанияда еңбек еткендердің бірлі-жарымы болмаса, қалғандарының дені – жастар.Көпшілігі қыз-келіншектер. Жастары отыздың о жақ, бұ жағында болса керек. Компания қай салада қызмет жасайды о жағында Әбсеметтің шаруасы шамалы. Қызметі – күзет болғандықтан тек соны ғана біледі. Айтқанды қалт еткізбейтін елгезек, артық-ауыс сөзі жоқ Әбсеметті басшылық та, қызметкерлер де ұнатты, үлкенге де, кішіге де «сіз» деп тұратын сыпайылығы баршаға үлгі десе де болғандай. Шылым шегу, арақ ішу сияқты теріс әдеттерден бойын аулақ ұстайды. Жақсы адамға тән қасиеттер бір басына жетіп артылады.Тек жеке өміріне қатысты сәл ғана кемшілік бар. Біраз жасқа келсе де әлі жалғызбасты. Жас болса білінбес еді, ересек адамның осы уақытқа соқа басы сопайып жалғыз жүргені оғаштау көрінетіндей. Онысынан өзі де ыңғайсызданады. Әйел, бала-шаға туралы әңгімеден қашқақтап жүреді. Жоқ, ақыл-есі дұрыс, денсаулығы жақсы. Табиғатынан біткен жуастығы, ұяңдығы, ұялшақтығы, момындығы осы мәселеде аяғына ылғи тұсау болып келеді. Жас кезінде қаншама қыздарға ғашық болып хат жазды,өлең арнады. Бірақ солармен жеме-жемге келгенде айтар сөзін айта алмай талай рет опық жеді. Өзін қанша қайраса да батылы жетпей салы суға кетіп, қайраңдап қалатын. Кейін сол қыздардың көпшілігі «Сен батылдау болып сөз айтқаныңда саған ойланбай тұрмысқа шығар едік, өзіңнен көр», – деп шындарын айтқанда Әбсеметтің өкініштен өзегі өртенетін. Ата-анасы: «Қой, мұның өз
бетімен үйленетін түрі жоқ. Онан да бірдеңесін жасайық»,
- деп көрші ауылдағы бір қызға құда түсіп аяқтандырған болатын. Ұнатса да, ұнатпаса да әйтеуір үйлену керек болған соң сол қызбен бас қосқан. Қызды көріксіз деп айта алмайды. Әжептеуір көркі бар. «Қыз кезінде бәрі жақсы, жаман қатын қайдан шығады» дегендей, келе-келе басында жуас көрінгенімен әртүрлі жаман мінез көрсете бастады. Араларында бір жарықшақ пайда болып, бір- бірінен бара-бара суи берді. Оның үстіне балалары болса бір-біріне үйренісіп кетер ме еді, ол да жоқ.Ұсақ-түйек кикілжіңнің, түсінбеушіліктің аяғы ақыры ажырасуға әкеп тынды. Ол да, бұл да титімдей де өкінген жоқ. Сүймеген жүрекке әмір жүрмейді екен. Бірін-бірі жақсы көрмесе де көптің көзінше жақсы көргенсіп, мүләйімсіп бір шаңырақтың астында өмір сүруден асқан азап жоқ екен. Екеуі де бір азаптан құтылғандай жеңілдеп қалды. Содан бері Әбсеметтің әйел баласынан жүрегі қайтып қалды. Тағы да үйленуге көңілі соқпады.Аға-жеңгелерінің, құрбы-құрдастарының жандары ашып қатты батырып айтқан сөздерін де елемеді. «Бұл менің өз шаруам, жұмыстарың болмасын», – деп беттерін қайтарған. Осы бір сәтсіз некеден кейін Әбсеметтің көкірегіне түйгені мынау-үйленер адамыңды от боп жанып сүймесең де көкірегіңде оған деген тым болмаса бір ұшқын болмаса, оның бойынан көңіл сүйсінтер бір жақсы қасиет көре алмасаң, өзіңнің де өзгенің де бағын байлап қалған өміріңді ит қорлықпен өткізгеннен гөрі жалғыз басты болу әлдеқайда артық. Бұл – өз ойы, өз байламы.Басқалар не десе о десін. Әбсеметтің бар тірлігі – жұмысқа барады, жұмыстан қайтады. Ертелі –кеш етер ермегі кітап, газет оқу, теледидар көру. Туған-туыспен қарым-қатынасын үзбейді. Той-томалақтан қалмайды Мұндайда жалғыздығы есінен шығып кетеді. Тек ұйқыға жатарда ғана өткен өмірін көз алдынан қайта-қайта өткізіп мазасыз ойлар жан-жақтан
андыздап көз ілдірмейді. Кей түндерді әрі дөңбекшумен бері дөңбекшумен өткізеді. Жөні түзу біреу кездессе үйленуге де қарсы емес.Бірақ,сондай адам кезікпей жүр
«Аузы күйген үрлеп ішеді»дегендей бір үйленіп жүрегі шайлығып қалғаны тағы бар. Бірді-екілі әйелдермен өзгелердің ара түсуімен танысып та көрді. Көпшілігін қызықтыратыны, үй-жай, ақша, машина тағысын-тағылар. Мұның қоңырқай тірлігін көргендері «Ойланып көрейін»
- деп сыпайылық жасап жібін үзіп кетеді. Жақсы көру, сыйласу жөніндегі әңгіме мүлдем ұмыт қалады. «Әй, осы мен біреуді, біреу мені ұнататындай жастан өттім, бәрін де қояйыншы» – деп кейде өзін алдарқатады.Бірақ, жалғыздық бір құдайға ғана жарасады емес пе. Әйтпесе көңілі ұнатқан бір ақ жаулықтымен бас қосып ғұмырдың ащы-тұщысын бірге татып, кешкісін бір шәйнек шайды бөліп ішіп шүйіркелесіп отырғанға не жетсін.
«Басқа түскен баспақшыл» дегендей осы бір жағдайға көндіккендей, мойын ұсынғандай еді.Алайда, аяқ астынан өмірі күрт өзгеріп шыға келді, Ол тіпті не болғанына есеп беріп те үлгермеді. Тағдыры астан-кестен аласапыран күйге түсті. Әрине, жақсы мағынасында. Құдай-ау, бәрі неден басталып еді?! Есіме түсіріп көрейінші деп біраз қиналысқа түсіп көрді. Иә, иә енді есіне түсті. Бәрі – күні кешегідей. Бір күні таңертең жұмыста отырған кезі. Ойында ештеңе жоқ. Мекемеде істейтін қызметкерлердің алды келе бастады.
Бір мезетте жас шамасы отызға жете қоймаған бойжеткен кіріп келе жатты. Бұрын көрмеген адамы. Соны байқады ма ол: – Сәлеметсіз бе, – деп жылыұшырай амандасты.
- Сіз кімге келіп едіңіз ?
- Мен, мен бүгіннен бастап осында қызметке тұрдым,
- деді қыз. –Есімім Алтынай.
- Ә, ә,жарайды, жарайды кіріңіз. Біздегі тәртіп солай
қарындасым. Бөгде жандарға мұнда кіруге рұқсат жоқ. Айып етпе.
- Оқасы жоқ, аға, – деп ол ішке еніп кетті. Қызға назар аударғанда байқағаны – ол керемет көрікті екен. Тіптен қарауға да бата алмаған ол. «Адамның да оның ішінде әйел адамның да осындай сұлуы болады екен- ау» – деп ойлады. Сол ойдан өн бойы шымырлап бетіне қаны ду ете түсті. Бір ыстық леп тамыр-тамырын қуалап басына тепкендей. Ойпыр-ай, жаңа өзі көрген бойжеткен адамның баласы ма, жоқ әлде періште ме өзі. Өң мен түстің арасында жүргендей, есі ауған жандай өз-өзіне әрең келді. Есімі – Алтын, Алтын..., Ә-ә, Алтынай, – иә-иә, Алтынай, – деді-ау! Расында да алтынға да бергісіз ғазиз жан екен. Халық әндеріндегі «Анаңнан айналайын сені тапқан» деп бәлкім осындай арулар турасында айтылған болар. Көз алдына жаңа көрген түстей болған бейнені біртіндеп елестете бастады. Толған айдай толықсыған ақ дидары, қияқтай қап-қара қастары, әсем күлкісі, биязы үні, маржандай жарқыраған тістері кімді де болса естен тандырғандай. Қыздың жүзіне қадала қарап қалғаны есіне түсіп, әбестік жасағанын түсінді де: «Менікі ұят болған екен-ау қаршадай қызға соншама сұқтана қарап» – деді өзін-өзі іштей кінәлап. «Дидарын тағы бір рет көрсем ғой»деген ой көкейін билеп алды.Өз ойынан өзі ұялды.
Күн өткен сайын, Алтынай әрбір кіріп-шыққан сайын қуаныш теңізін кешіп бойында оған деген ынтызарлық күшейген үстіне күшейе түсті. «Сәлеметсіз бе ағай» – деп Алтынай сызыла сәлем бергенде тіл-ауызы байланып жүрегі құрғыр кеудеге сыймай тулайды.Қыздың мөлдіреген қап-қара көздері, наурыздың ақша қарындай аққұба жүзі құдды бір сурет дерсің. Оны әр көрген сайын қара торы жүзі біресе сұрланып, біресе қызарып ішкі жан толқынысын сыртқа айғақтай түскендей.Қарадай қара терге түседі. Ойында дәнеме жоқ ештеңеден хабарсыз
қыздың: «Ағай сізге не болды,ауырып қалған жоқпысыз?»
- деген жанашыр дауысын естігенде ғана ұйқыдан жаңа әзерде оянғандай бет-жүзін, қасы-көзін уқалап өз-өзіне келеді.
- Жо-жоқ о не дегенің! Мен жай…нетіп. ойланып
кетіппін.
- Бәсе. Сіз мені қорқыттыңыз ғой?
Қыздың сыңғырлай шыққан әуезді дауысы жүрегін одан сайын баурай жөнеледі. Әбсемет қарауылдараға арналған арнайы бөлмеге кіріп әрең есін жиды: «Әйел баласының осындай да әдемі, ажарлысы болады екен- ау! Осы ой оны күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырды, тәбетін қашырды. Ол ішпей-жемей тоқ болып байлыққа белшеден батып, бақытқа молынан кенеліп жүргендей күйде жүрді.
Таңертең жұмысқа түссе болды. Алтынайды асығып тағатсыздана тосады. Сағат тілі байланып қалғандай бір жылжымайды ғой, жылжымайды! Қақпадан сыртқа шығып қайта-қайта жолға қарайлайды. Алыстан Алтынайдың қарасы көрінгеннен-ақ жүрегі дүрсілдеп қоя береді. Қуанышы қойнына сыймай, баяны беймәлім бақыттың бодауында жүргені.
Алтынайдың аяғына келген биік өкшелі туфлиінің тық- тық еткен дыбысы жақын естілген сайын, оның жүрек соғысы да жиілей түседі. Міне, міне тіпті жақын қалды. Әбсемет орнынан кілт тұрып қақпаның кіретін кішкене есігін аша берді. Күлімдеп келе жатқан Алтынайды көрді. Жаңа ғана атып келе жатқан таңның арайы, шығып келе жатқан күннің алтын шапағы қарсы жүріп келе жатқан сұлудың жүзіне сәулесін аямай шашып одан сайын нұрландыра, одан сайын көріктендіре түскендей.
«Мынау атып келе жатқан таң сұлу ма, жоқ, әлде мынау келе жатқан жан сұлу ма», – деп ойлайды.
Табиғат пен адам сұлулығының, оның ішінде әйел
сұлулығының бірімен-бірі осылай жарасып үйлесім табуы ғажайып бір көрініс тудырады екен. Осыны тамашалап тұрған Әбсеметтің жан сарайы ашылып керемет бір нұр құйылғандай күй кешеді. Мұның бәрінен бейхабар қыз бас изеп күлімсіреген күйде кеңсеге кіріп кетеді. Жаңағы сезімдерден әлі де арыла алмаған Әбсемет қимылсыз тұрып қалды. Осы бір балдай тәтті сәттің Әбсемет үшін бір ғұмырға белгісіз қадір-қасиеті, құдіреті, бағасы бар- ды.
Әбсемет Алтынайды таңертең екі рет көреді. Жұмысқа келгенде және қайтқанда. Оның бар өмірі тек осы екі ғана сәттен тұратындай. Қалған уақыттың ол үшін мәні де, мағынасы да жоқ. Алтынай мен екеуінің арасы жер мен көктей екенін де біледі. Онымен бас қосудың мүлдем мүмкін еместігін де түсінеді. «Үмітсіз – шайтан» демекші, қанша дәмелденгенімен де ол қол жетпес арман екендігін де ұғады. Әйтсе де сұлуға қол созбайтын еркек жоқ. Мейлі қолына қонбаса да көз алдында жүрсе, көріп жүрсе ол да өзі бақыт үшін. Әйел баласын жақсы көруді, ұнатуды, сүю сезімін сыйлағаны үшін Алтынайға мың да бір рахмет айтады.
«Махаббатсыз дүние бос, хайуанға оны қосындар», – деген Абай сөзінің мәнін енді ұққандай Әбсемет. Ендігі бар арманы «Осы бір қыз бақытты болса екен, теңін тауып қосылса деген тілектің үстінде. Қабағын мұң шалмаса, жүзіне кірбің түспесе қадірін білер қолға түссе», – деп тілейді ертелі-кеш. Осы бір қызға қолынан келгенінше титтей бір жақсылық жасаса, қуантса өзіне өзі бек риза болар еді. Бірақ не істей алады. Киноға, театрға шақыра алмайды. Ақын емес жыр арнайтын, суретші емес бейнесін салатын, мүсінші емес мүсінін сомдайтын. Бар болғаны – іштей тілеуін тілеу ғана қолдан келері.
Әбсемет екі күн істеп екі күн дем алады. Сол екі күн демалысты үйде әрең өткізеді. Осы екі күннен ұзақ, осы
екі күннен ауыр ешнәрсе жоқ ол үшін өмірде. Өзі үйде жүрсе, көңілі – жұмыста. Алтынайды көрмей қалған екі күні екі жылға татитындай, жұмысқа келгенше жұмысқа жеткенше асық. Бір күні таңертең ертелеу келіп еді, Алтынай да ертелеу жеткен екен Әбсемет қуанышын жасыра алмай жас баладай елпеңдеп қалбалақтай берді. Қыз: – Ту-у, аға күн ысып кетті ғой, – деді шөлдеп тұрғанын білдіргендей. Сөзінде, қимылында еш жасандылық жоқ. Ағаға еркелеген қарындастай назданады. Әбсемет «Шай ішесің бе», – дей жаздап барып жастардың «Кола»,
«Фанта» сияқты сусындар ішетіні есіне түсіп: – Қазір мен саған сусын әкеп берейін, – деп қыздың қажеті жоқ дегеніне қарамай жақын маңдағы дүкенге қарай құстай ұшты. Құстай ұшқаны емей немене?! Аяғы әр жерден бір тиеді, қолтығына қос қанат біткендей. Сырт көз мына кісіге не болған өзі, жынданған ба др еді. Әбсемет бір
«Кола» мен бір «Сникерс» шоколадын алып көзді ашып- жұмғанша жетіп келді.
- Ой, ағай! Сізден ұят болды ғой несіне әуре болдыңыз,
- деді қыз қызарыңдап.
- Жо-жоқ, ұялма. Арзымайтын нәрсе ғой, іш айналайын, іш, – деп қолындағысын ұсына берді.
- Аға, бұдан былай әпермеңіз. Әйтпесе жаман үйреніп кетермін, – деді. Алтынай сөзінің соңын әзілге бұрып.
«Қалқам-ай, сен қаласаң аспандағы ай мен жұлдызды да әперер ем, әттең», – деді іштей Әбсемет.
Алтынай жұмысқа жаңадан орналасқандықтан, тапсырылған жұмыстарын орындап үлгермегендіктен кейде екі-үш сағат кідіреді.
Ондайда Әбсемет ыстық шай қайнатып, дүкеннен тәтті күлше, тоқаш әкеледі.
- Ағай, ақшаңызды босқа жұмсай бермесеңізші, – дейді Алтынай ыңғайсызданып.
- Қалқам-ау, болмайтын тиын-тебен тұратын зат қой.
Қарның ашып қалмасын, шай ішіп бойынды жылытып ал,
- деп бәйек болады Әбсемет.
Қыз бала сезімтал ғой. Әбсеметтің өзіне деген көзқарасын, ықыласын, көңілін байқамай жүрген жоқ. Ол кісінің жалғызбасты екенін де, өзін ұнатып жүргенін де іштей сезеді. Мейлі ұнатса ұнатсын, сыйласа сыйласын, оның ешқандай сөкеттігі жоқ. Біреуді жақсы көру, біреуге ғашық болу – қылмыс емес. Одан қорқып-үркудің қажеті шамалы. Әйел баласын жақсы көрмейтін, әйелге ғашық болып көрмеген, әйелді көңіл құмарын қандыратын зат есебінде санайтын дүниенің кілт-ақша деп есептейтіндерден қорқу керек қорықсаң. Мына кісіден бір теріс пиғыл, арам ой аңғармаған соң ғой үндемей жүргені. Бір күні Алтынай жұмыстан соң бірер сағатқа қалып қойды. Өйткені, мекеменің тоқсандық есебін тығыз дайындау керек болды. Оның үстіне қатты суықтап, қызуы көтеріліп, көзі жасаурап ауырып отырды. Жұмыстың аты
- жұмыс. Амалсыз кідірген.
- Қарындасым, ауырып қалыпсың ғой. Сұранып қайта бермедің бе, – деді Әбсемет жаны ашып.
- Жо-жоқ. О не дегеніңіз, қалайда есепті бітіруім керек, – деді Алтынай.
- Қой, сені емдеп жазбасам болмады дәріханадан дәрі дәрмек әкелейін, – деп ай-шайға қарамай шығып кетті. Жолай дүкенге соғып, тез пісетін кеспесінің ащылауын алды. Келе шай қайнайтын ыстық кеспеге бұрыш салып Алтынайдың алдына әкеп қойды.
- Ой ағай! Сіз алтын адамсыз ғой! Рахмет өтеуіш немен қайтарарымды білмеймін. Қамқорлығыңызға ризамын, – деді мәз болып.
«Сен үшін отқа да суға да түсер едім. Сен ауырғанша, мен ауырсамшы», – деді іштей.
Ертеңіне: – Сіздің сорпаңыз бен шайыңыз ем болды ма деймін. Құлан-таза сауығып кеттім, – деді ол жайнаң
қағып. Әбсемет: – Оқасы жоқ. Бәріміз бір жерде қызмет жасаймыз.Керек жерінде қол ұшымызды беріп қамқорлық, жанашырлық танытқанда тұрған не бар, – деді. Осы бір сәтте бүкіл жер бетінде одан бақытты жан жоқ еді. Бұл жалғанда біреуді шын сүйіп, сол сүйген адамына титімдей де болса жақсылық істесең көңілді содан артық марқайтатын ештеңе жоқ екен-ау. Сүю деген – өзіңді ұмытып өзгені ойлау. Осы бір сезімді бастан кешірмесең, ғашықтық отына күйіп-жаңбасаң өміріңнің босқа өткен дей бер. Міне, Әбсемет Алтынайды көргелі бері осылай ойланады осылай, толғанады.
Жақсы ойлар, ізгі ойлар, әдемі ойлар. Жұмысқа келген сайын Алтынайдың келерін тағатсыздана тосады. Тәтті сусын, шоколад алып қояды алдын-ала.
- Аға сізге қаншама рет айттым. Шоколад, сусын ала бермеңізші, – дейді ол. Дауысында зіл жоқ, өзімсіну басым.
- Алмасам ренжіп қаламыз ғой, – дейді тағы жанары жарқ-жұрқ етіп. Алтынай Әбсеметтің өмірінің сәніне де мәніне де айналғандай еді. Әйел баласының сұлулығынан құдіретті еш нәрсе жоқ екен бұл дүниеде. Алтынайды кездестірген тағдырына дән риза. Онымен басы қосылмайтынын біледі. Бірақ оның жер басып күнде көз алдында жүргені де, сыңғырлай күлгені де өзі үшін баға жеткісіз бақыт еді. Тағдыр сол азғантай қуанышты, азғантай бақытты Әбсеметке көп көріпті. Олай болады деген ой оның ойына үш ұйқтаса да кірмепті. Әдеттегідей жұмысқа келіп өзінің Алтынайын, жүрегінің Алтынайын, сүйетінін, ешкім білмейтін Алтынайын күтіп отырған. Бір сағат өтті, екі сағат өтті көрінбейді. Мазасыздана, дегбірі қашып, «Ауырып қалған жоқ па екен», – деп әбігерге түсті. Ол сол күні мүлдем келмеді. Біреулерден сұрау ыңғайсыз. Ертең келер деп үміттенді. Келер күні де көрінбеді.
Содан шыдамы таусылып, өзімен сөзі түзу бір кісіден:
- Анау Алтынай деген қыз көрінбейді ғой, – деп жай сұраған болып еді, анау:
- Сіз естімеген бе едіңіз. Алтынай өз еркімен жұма күні жұмыстан шығып кетті ғой, – деді ол жайбарақат.
- А-а, не дейсіз, не айтып тұрсыз! Жұмыстан шыққаны несі. Не боп қалды, – деп абдырап тура маңдайдан біреу қойып қалғандай. шалқасынан түсе жаздады.
Сұраған кісісі таң қалған кейіппен:
- Ол сізге жақын қарындасыңыз ба еді, – деді. Әбсемет сасқанынан: – Иә, иә, – дей салды. Анау иығын қиқаңдатты: «Қарындасы жұмыстан шығып жатса оны қалай білмеген», – дегендей Алтынайдың не үшін жұмыстан шыққанын қайдан біледі?! Бірақ білгенде не істейді? Ол мұның алдында есеп беретіндей бұл кім еді. Тағдыр тым болмаса көзбен көріп жүрген қуанышынан да айырды. Оның асыл бейнесі көзден де, көңілден де кетпейді.
Алтынайдың толған айдай толықсыған бейнесінің жүрегінің төрінде мәңгіге қалары хақ. Тағдырдың дауылдары да, жауындары да, оны ешқашанда жүрегінен өшіре алмайды. Алтынайды көріп жүрген бір күні бір айға, бір айы бір жылға, бір жылы бір ғасырға пара-пар еді-ау. Әбсемет содан бері Алтынайды кездестірмеді. Аялдамадан, автобустан, көшеден оған ұқсас біреуді көріп қалса жүрегі дүрсілдей жөнеледі. Бұл сезім дегенді қойсаңшы.