01.03.2022
  166


Автор: Оспан Әлсейіт

БЫЛҒАРЫ КҮРТЕ

Кешкі апақ-сапақ шақ. Аялдамаға жиналған жұрт мінер автобусы келе қалса болды, жапа-тармағай қоғадай жапырылып есік ашылар ашылмастан ішке лап береді. Ал күткен автобустары кешіккендер аналарға біртүрлі қызғанышпен қарайтындай. Қаумаласқан көппен бірге Шолпан дп кимелесіп жаға жыртысқандай болып, әупірімдеп мінді-ау автобусына. Екі кісілік орындықтың шетінде отырған бойжеткен қыз сөзге келтірместен орнын ұсына берді. «Енді үйге жететін болдым ғой», – деп ол орнына жайғаса бере көршісінің түріне көз жүгірте берді де:



  • Ау, Айман, сенбісің,– деп қасында отырған әйелді есін жиғызбай құшақтай алып шөп еткізіп бетінен сүйіп алды.

  • Кірген беттен мен де сені шырамытып едім. Сені де көретін күн бар екен-ау! Түк өзгермепсің, – деді құрбысы.

  • Қойшы, қайдағыны айтпай! Елуден астық қой, қартайдық. Институтта бірге оқыған күндер, қайран жастық шақ келмеске кетті ғой.

  • Жо-жоқ, шыным, сол күйіңдесің.

  • Апыр-ай, бір қалада тұрсақ та, үш-төрт жылдың жүзі бопты-ау, көріспегенімізге де.

  • Соны айтам ғой, жұмыс, үй, бала-шаға дегендей...


Екеуара амандық-саулықтан соң әңгіме қалыпты арнаға түскен.



  • Қазір «пробка» ғой, жеткенше біраз жер бар. Біраз сөйлесетін болдық, – деді қуанышты жүзбен Шолпан.


 



  • Иә, жөн-жөн. Қу тірлік біте ме. Бәрін айт та бірін айт, үй-іші, бала-шаға аман ба, алды қаншаға келді? – деді Айман.

  • Бәрі орныңша. Аман-есен жүріп жатырмыз. Біреуден ілгері, біреуден кейін дегендей....


Шолпанның даусы біртүрлі көңілсіз, салқындау шықты.



  • Апыр-ай, амаңшылық па әйтеуір. Күйеуің, бала- шағаң қалай? Көңіл-күйің жоқ қой. Бір жерің ауырып жүрген жоқ па өзі?!


Ақкөңіл Шолпанның жанашырлық танытуы Айманның көңілін босатты. Ол ешнәрсе бүгіп қала алмады. Бар сырын жайып салды.



  • Бәрі аман. Тек мына жерім ауырып жүр, – деп жүрек тұсын көрсетті. Ойында ештеңе жоқ Шолпан:

  • Жүрегің ауырып жүрсе дәрігерге каралмадың ба, – деп қойды.

  • Емі жоқ дерт. Күйеуім тал түсте тақырға отырғызып кетті, – деді терең күрсінген Айман.

  • Сонда не, кепілге қойып үйіңді сатып жіберді ме. Әлде банктен несие алып жоқ қылды ма. Не өзі сонда айтсаңшы, – деді Шолпан шыдамсыздана.

  • Ол ештеңе емес. Одан да сорақы, – деді ол Шолпанның төзімін сынағысы келгендей.

  • Сонда не кісі өтірді ме?

  • Ол мені тірідей өлтірді. Құр сүлдерім ғана қалды....

  • Мен ештеңе түсінбедім.

  • Түсінбейтін несі бар?! Ол мені үш баласымен тастап, ажырасып басқа әйел алып кетті.


Шолпан не дерін білмей сасып қалды да: – Күйеуің мен білетін Бәкен болса, момын, жуас еді ғой, – деді.



  • «Жуастан жуан шығады» деген ғой. Қазір жас әйел алып есіріп жатқандар аз емес. Оның есіне таңданасың, – деді Айман.


 



  • Өмірде не болмайды?! Ең бастысы, денің сау, бала- шағаң аман болсын, – деп Шолпан басу айтты.

  • Әңгімені аяғына дейін жеткізейін, – деді Айман ашынғанын жасырмай. – Ащы да болса шынымды айтайын. өзімнен де кінә бар. Сол байғұсқа күйеуге шығуын шығып алып, адам деп қарамаппын ғой. Оның қой аузынан шөп алмас момын екені де рас. Үш бала тауып бергенімді бетіне салық қылып, үйде де, түзде де жақ аштырмадым. Айтқаным заң орнына жүрді. Үстіне қандай киім киіп жүр, қандай ас ішіп жүр. Онда шаруам шамалы. Тапқанын түгел сыпырып аламын да, жолы мен түскі асына тиын-тебен беріп қоя беремін. Аузын ашса, айлығы аздығын, жөнді киім-кешегім жоғын, айтып дау шығарамын. Ол не десін! Үндемей құтылады. Жұмысқа кетерде таңғы шайын да өзі дайындап ішеді. Көйлек- шалбарын да өтектейтін – өзі. Кешкі асын алдына қоям да, сериалдан сериал көруге көшеін. Жұмысың қалай, жағдайың қалай деп шүйіркелесіп, сырласуға да жоқпын. Ол мені тастап кетеді-ау деген ой өңім түгіл түсіме де кірмепті. Анда-санда басы бос таныс әйелдерім: «Үйде отырып қартаятын болдың ғой», – деп қоярда-қоймай алып кетеді. Кей-кейде солармен ішімдік ішіп келемін. Ондайда күйеуім сөйлей бастаса.

  • Жұрттың әйелдері шет ел асып Дубайда, Анталияда демалады. Мен болсам төрт қабырғаға қарап, өмірімді өткіз деймін. Анау Атыраудағы туыстарыма да алты жылда бір рет барсам бардым, бармасам ол да жоқ. Сен маған не қызық, не рахат көрсеттің? – деп дүрсе қоя берем. Сөйтсем, менікінің бәрі пендешілік екен ғой. Соны ойласам, өзегім өртенеді. Әрине, бәрі аяқ астынан болған жоқ қой. Осыдан бір-екі жыл бұрын күйеуім өзгеріп сала берді. Әр ісіме көңілі толмай мін тағатынды шығарды. Ондайда:

  • Ұнатпасаң басқа жас қатын алып ал. Басымды


 


қатырма, – деп бет бақтырмаймын.


Шыдамның да шегі бар емес пе, менен көңілі суып жүргенде, өзге біреудің көзі түскен болуы керек. Ол сақал-мұртын түзеп, сылаңдап киімін түзеуге көшті. Баяғыдай емес, көңіл-күйі көтеріңкі келеді. «Жұмыс көп»,



  • деп сылтауратып екі күннің бірінде кешігіп оралады. Таныстарым «Апырм-ай, күйеуің өзгеріп, құлпырып кетіпті. Мұның біреуі бар болмасын, абайла», – десе де, оған құлақ асатын жан мен емеспін. Біреуді қаңсығы, біреудің таңсығы боларын қайдан білейін?!


Содан бір күні күйеуім кешкі ас үстінде бірдеңе айтатындай күмілжи берді, күмілжи берді. Жыным келіп кетті де:



  • Жүрегім жарылып кетер деймісің?! Айтатын сөзің болса айтсаңшы былжырамай.   «Әкесі   өлгенді де естіртеді ғой», – деп бастырмалата жөнелдім баяғы әдетіммен. Менің сол сөзім қамшы болды ма қайдам. Ол: – Мен сенімен ажырасамын, – деп айтарын айтып салды. Өмірімде маған бірінші рет қарсы келгені де – осы.Төбемнен жай түскендей сылқ түсіп отырып қалдым. Онда мені тастап кетеді-ау деген ой жоқ, жай ашу үстінде айтылған сөз ғой деп ұқтым.


Баяғы әуеніммен ашу шақырып, киім-кешегін бір сөмкеге салып ұрдым де үйден қуып шықтым. «Әлі-ақ, жалынып-жалбаранып аяғыма жығылып қайтып келесің»,



  • дедім. Ол сол кеткеннен мол кетті.Бірақ балаларымен хабарласып, кездесіп тұрады.Қайтейін, тағдырдың жазуы солай шығар, басқа түскенді көремін де, – деп Айман көзіне келген жасты сүрте берді.

    • Әлі де кеш емес.Ойланып қайтып келер, – деп оны жұбатқандай болды. Осынау бір қолайсыз жағдайдан Шолпанды өз аялдамасына келіп қалғаны ғана құтқарды. Айманмен қоштасып автобустан түсіп қалды. Айманмен кездескені, оның басындағы жағдай оған да көп ой




 


салғандай. Үйіне жеткенше күйеуі мен өзінің арасындағы қарым-қатынасқа сын көзімен қарап, түземесе болмайтын кінәрат жоқ емес екенін аңғарды. Бұл мәселеде қателесуге болмайтынын ұғынды. Шолпан осы бір қиялдың жетегінде үйге жеткенін аңғармай қалды. Күйеуі жаңа келген екен, қалбалаңдап есікті ашып, қолындағы сөмкесін алуға икемделе берді. Ылғи осылай қарсы алып жүрсе де, бұл жолы күйеуіне алғаш рет зер сала зор ілтипатпен назар аударды. Ол да бұл көзқарасты сезіп қалғаны болуы керек, не боп қалды дегендей иығын қушитып үнсіз қарап тұр.



  • Не болды, мені жаңа көргендейсің ғой. Тез жуынып- шайып ал, оны-мұны алып келдім. Шай ішейік, – деді Шолпан бұйыра. Үнінде бұйырудан гөрі наз, еркелік басым. Не әрі, не бері жүрерін білмей дағдырып тұрып қалған күйеуін иығынан құшақтап, жуынатын бөлмеге кіргізіп жіберді. Дастархан жасап, ас мәзірлерін қойып, баппен шай құйды. Сөз арасында күйеуінен жұмыс барысы туралы, шаршағанын-шаршамағанын сұрап, әңгімеге тартты. Әйелінің мінез-құлқындағы осы бір өзгерістің сырын түсінбей қалған күйеуі:

  • Бәрі дұрыс, дұрыс. Тек... – деп сөзінің аяғын жұтып қойды. Шолпан секем алып қалды.

  • Саған бірдеңе айтайын десем айта алмай отырмын. Ұрсасың ба, – деп қорқамын, – деді ол күмілжіп. Ішінен:


«Е-е, бұл да Айманның күйеуі секілді бірдеңе бүлдірген сияқты ма, құдай-ау! Соны айта алмай отыр екен ғой», – деп байбаламға басып:



  • Айта алмай отырғаның – менімен ажырасып екінші әйел алмақсың ғой. Саған бала туып, ас әзірлеп, кіріңді жуғаннан басқа не жазығым бар еді, – деп зар еңіреп қоя берді. Күйеуі абыржып қалды. Сасқанынан:

  • О не дегенің?! Оны қайдан шығарып отырсың, – деді зәресі ұшып.

  • Жоқ, сен мүләйімсіме. Мен бәрін білемін, сенің басқа


 


біреуің бар, – деп Шолпан жеңістік бермей жылауды үдетті.



  • Қай-қайдағыны айтпашы! Сөзіме құлақ салшы әуелі,



  • деді күйеуі жалынғандай болып.

    • Иә, құлағым сенде, – деді Шолпан өксігін әрең басып.

    • Сен өткенде маған шетелдік қымбат былғары күрте әперіп едің ғой...

    • Иә, не болды, жоғалттың ба, – деді Шолпан күйеуіне сөзін аяқтатпай.

    • Жоқ, әне ілулі тұр.

    • Енді не дейсің?!

    • Мен сол күртемді абайсызда автобустың теміріне іліп алып етегін жыртып алдым.... Шолпан күйеуінің кінәлі болып қалған баладай түрін көріп күліп жіберді де:

    • Бағанадан бері айта алмай отырғаның сол ма?!

    • Иә, – деді басы салбыраған күйеуі желкесін қасып.

    • О, құдай-ай! Киім деген табылады ғой! Мен саған бір емес, екі күрте әперейін, қоңырын, қарасын, – деді Шолпан күйеуін құшақтай алып. Күйеуі аңтарылып қалды. Ештеңеге түсінбей: – Рас па?! – деді сеніңкіремей.

    • Рас болғанда қандай. Уәде де тұрғаным тұрған. Күйеуі:

    • Шолпан, сен алтынсың ғой, – деп әйелін құшағына алып бетінен сүйіп-сүйіп алды.

    • Қойшы, әрі! Балалар көрсе ұят-ты, – деп ол қызараңдап шегіншектей берді.




Әншейінде болмашыдан ілік іздеп, түймедейді түйедей ететін келіншегіне не болғанын түсінбей қалған күйеуі ертеңінде де жұмыста күні бойы соны ойлап бас қатырумен болды.





Пікір жазу