01.03.2022
  217


Автор: Жұмабай ҚҰЛИЕВ

ЛАПыЛДАП өТкЕН МАЗДАҚ ЖАН немесе қазақтың тұңғыш бард­әншісі, марқұм Табылды Досымов туралы толғаныс

Шіркін, жазғы түнде, ымыртта шүпірлеген, сыңсыған жұл- дыздардан аспан жарылып кетейін деп бір тұрады-ау! Әлгі шырақтар таңға жақын сирейді де, ең жарықтары ғана шақ- шиып тас төбеңнен қарап тұрады.


Сол сияқты бір-екі жыл әлетінде қазақтың рухани әлемінің шамшырақтары Роза, Қаршыға, Қадыр, Өтежан, Дүйсенбек, Есенбайлар бақиға аттанды. Халқымыздың тұңғыш бард ән- шісі, бұла дарын, марқұм Табылды Досымов та жоғарыдағы дүние салған өнерпаздардың заңды жалғасы еді.


Махамбет бабасының қасына жерленгеніне бір жыл то- луына орай біз осы саңлақтың өнернамасына аз-кем тоқтала кетуді парыз санадық.


Анасының құрсағын қақыратып шыққан жалғыз ұл мек- тепте жүрген кездің өзінде-ақ, тұлабойындағы тұмса өнер түртпектеп маза бермегесін қолына мандолина, гитара алып, түрлі әуендер іздеп аласұрды.


Қ.Сәтбаевқа қаршадай кезінен қырат-қырдан, сай-саладан тас іздеткен, Ә.Қастеев пен Х.Наурызбаевқа сурет салып,


 


мүсін жасайтын қара май мен балшық іздеткен, ал бала Та- былдың қолына аспап алдырған сол құдай берген қабілет емес пе?


Әнші Сембек Жұмағалиев бала кезінде үйінің жанындағы су құятын 10 тонналық темір бөшкенің ішіне кіріп, қақпағын жауып алып ән айтатын көрінеді. Оған бөшке ішіндегі тосын жаңғырық, аккустикалық діріл айрықша ұнаса керек.


Сонау 1985 жылдары «Гитараны қалай үйрендің?» деп сұрағанымда, ол Ержан Белғозиев сияқты радиодан лирика- лық әндерді гитарамен шырқата салған Қорабай Есеновке еліктегенін айтып қалды. Соған қарағанда, өнердегі бірінші ұстазы – Қорабай Есенов болса керек.


Арманшыл, өнерпаз інісінің қазасын естіген Қорабай аға- мыз былайша мұң шағады: «Қазақтың гитара сызылтқан өнерлі ұл-қыздарының әр қадамын қағыс қалдырмаймын. Со- лардың ішінде дидары ыстық інілерімнің бірі – Табылжан еді. Әр жылдары шалғайдан хабарласып тұратын. Алғаш рет 2005 жылы желтоқсан айында Жаңаарқада жүздестік. Табыл мені іздеп арнайы Алматыға келіп, өзіммен жиі араласатын ақын інім Ғалым Жайлыбайды тауып алып, сол Ғалымның бастау- ымен біздің үйге келді.


Алғаш рет дидар көріскен, әрі іздеп келген шәкіртімнің сағыныш сапарына орай ту бие сойып қарсы алдым. Алма- кезек гитара шертіскен, армансыз сырласқан, өнер ордала- рынан алыстап кеткен мені де шабыттандырған сол бір қай- таланбас кездесуді біраз уақыт ұмыта алмай жүрдім.


Осы екі-үш күнге созылған ыстық жүздесуде ұққаным – Табылжан тек қана өнерпаз емес, туған елінің әрбір «әттеген- айына» таусыла өкінетін, халқының шырылдаған қызғыш құ- сы болғандай азамат екен.


Дәм жазса тағы да жүздесерміз деп жүргенде мына бір жа- манат хабар күллі үмітімізді талқандап, мені алабөтен есең- гіретіп кетті. Бейне бір артымнан ерген мұрагерлерімнің бі- рінен айрылғандай хал кештім. Алланың ісіне амал не?


Бақұл бол, ән киесі дарыған арманшыл, ақкөкірек інім- ай!»


 


Міне, ұстаз бен шәкірт ғұмырларында жалғыз мәрте ди- дарласып, бір-бірінен осылай көз жазып қалды.


Әбіш Кекілбайұлы мен Фариза Оңғарсынова: «Біз тірісін- де дарынды бағалай білмейтін халықпыз, ал Табылды өзінің ақындығы, композиторлығы, әншілігімен бүкіл елімізге бел- гілі үлкен өнер иесі еді.


Талантты перзенттің дүниеден өтіп кеткені жүрегімізді ау- ыртып отыр», – деп марқұмның отбасына, Дендер халқына жедел хат жолдады.


Ал, белгілі қоғам қайраткері Иманғали Тасмағамбетов:


«Табылды қазақ дәстүріндегі сал-серілік өнердің сорабын жаңғыртып, оны бүгінгі заманға өзінше лайықтап, ерекше өнерімен жалпақ жұртқа кеңінен танылған сегіз қырлы, бір сырлы жан еді», – деп тебіренеді.


Ақын Қойшығұл Жылқышиев:


Табылды-ай, айналайын, ай, Табылды, Өзіңе тең келеді қай дарынды.


Қазақтың құшағына сыймап едің, Ажалдың құндағынан жай табылды, –


деп, рухтас, үзеңгілес інісінің қазасын аза тұтты.


Семейден ақын Тыныштықбек Әбдікәкімұлы: «Өткен жек- сенбіде Патша Сөздің күйігінен жырау Табыл Досым жанып кетті...», – деп өксіді. Осылай жыраулық өнердің замануи бол- мысын жасаған бард ақын, әнші Табылды Досымовты бүкіл ел болып жоқтады.


* * *


Ол күндіз малмен бірге жайылып, түнде бөлек жусай- тын құландай әрдайым көпшіліктің ішінен дараланып тұра- тын. Ата-анасының жалғыз перзенті болғандықтан туа сал- қам, дүние шіркіннің бетіне қарамай өнер жолына түсті. Синкретті жанрды меңгерген сал-серілердің ғұмырына қы- зықты. Күмбірлеген домбыра, мандолина, қобыз, гитара жи- нап, төріне қылыш, қамшы, құран іліп, қолына күмістеген шақша ұстап, жастықтың бағында шайырлардай шайқала ба- сты. Осындай шырайлы шаттық пен алғаусыз мәрттік қатар


 


ұялаған жүректен қыз түгілі, кемпірді елеңдететін лирикалық әсем әндер сорғалады. Сонау сексенінші жылдардың ба- сында жатақхана дәліздері мен жазғы бақтардан естілетін Табылдының күмбір дауысты әуендері бірте-бірте үлкен сах- налардан қалықтады.


Қазақтың тұңғыш бард әншісі шабыттанып, өнер көгіне самғай берді. Оның «Ұнатамын мен сені», «Астананың аруы» деген әндері 1980-90 жылдары студент жастар кештерінің бе- ташарына айналды. Бұла дарын осылай өз мектебін қалып- тастыра бастады.


Жер бетінде бар болғаны жеті-ақ нота бар. Сол жеті нота- ның өзінен әлемде күніне бір-біріне ұқсамайтын миллионға жуық әуен шығатыны ғажап емес пе?


Табылдының өнернамасын негізінен желтоқсан көтері- лісіне дейінгі және одан кейінгі деп екі кезеңге бөлуге бо- лады. Ол 1986 жылға дейін 30-дан астам лирикалық әндер шығарды. Бард әншінің махаббат жайлы туындыларының бәрі толғақсыз туған дүниелер емес, қайта қанды қайнатқан, жан қызуымен толғаған ғашықтық ғазалдары екені даусыз.


Сөз арасында айта кетейік, Табылдының тіршіліктегі біз байқаған кесіндемесі мынадай еді:


Ол ешқашан өз көкірегінен туған әні мен өлеңін әлдебі- реулердің түзетуін қаламайтын. Қалай туды, солай көпшілік- ке жол тартатын.


Екінші бір қасиеті – оқып жүргенде тарихи, диалектика- лық материализм, ғылыми коммунизм, атеизм сияқты ми- ды ашытатын сабақтарға қатыспай, бөлмесінде гитарасын сұқылдатып, жаңа әуен іздеп, саз әлеміне шым батып от- ыратын. Емтиханды да уақытында тапсырмай, жолдамаға кештетіп қол жеткізіп, дүкеннен он шақты шикі жұмыртқа алып, соны пісіріп, факультеттің мөрін жолдамаға жұмыртқа арқылы түсіріп, өзі мұғалімнің қолын терезе әйнегінің сәу- лесімен аудырмай қойып, әнін айтып, курстан курсқа көшіп жүре беретін. Оның бұл «шеберлігін» 1985-90 жылдардағы филология, тарих, журналистика факультетінің студенттері кеңінен пайдаланды.


Бірақ, соңынан өзі де оңбай тұтылды. Диаматтан дәріс


 


беретін Қанатбаев деген мұғалім Табылдыны қырына алып жүреді екен. Күзде келіп деканаттан тексерсе, өзінің қолы қойылған, мөрі басылған жолдама кітапшаға қатталып, До- сымов келесі курсқа көшіп те үлгеріпті. Содан Қанатбаев:


«Япырмай, мына шорту қолымды айнытпай қойыпты-ау, иә, сәт, қолға түсті деген осы болар Досым баласы, мен сені сот- татып, көзіңді құртайын!», – деп бүкіл факультетті азан-қазан қылды. Оқудан 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне бай- ланысты бір қуылып, зәрезап болып қалған Табылды енді Қанатбаевтың жолын аңдуға көшті, ақыры сол мұғалімнің са- яжайын бір ай жөндеп, арамшөбінен тазартып, әупіріммен оқуда қалды.


Үшінші қасиеті – кеңестік кезеңнің қысастығына жан тәнімен қарсы болатын, тарихи бұрмалаушылықты қалпына келтіруге жанын салатын. 1965-66 жылдары Махамбеттің ба- сын Ноэль Шаяхметовтің алып кеткенін, қазір мүрденің бас- сыз жатқанын, өзінің жерлесі, Кеңес Одағының батыры Бо- ран Нысанбаев атышулы ерлігін Александр Матросовтан бір ай бұрын жасағанын, бірақ тарихта Матросов қалғанын өкінішпен айтып жүретін. Бертін келе арманда кеткен дарын- ды ақын Сағат Әбдуғалиевтің артында қалған мұраларын түгендеп, «Арыс» баспасынан «Тәтті мұң» деген кітабын шығарды. Кезінде облыс әкімі Иманғали Тасмағамбетовтің нұсқауымен Орал өңірінен Махамбеттің қылышын іздеп біраз шапқылады. Табылды бұл өмірде еңбегі еленгендер емес, есесі кеткендердің жоқшысы еді. Дендердің өлкетану мұражайындағы көптеген жәдігерліктерді өз қолымен жина- стырды.


Төртінші қасиеті  –  ешкімнен  қыңбайтын,  өмірі  өтірік


айтпайтын, алған қарызын уақытында қайтаратын, болған нәрсені сол қалпында баяндап, қасқайып тұрып  алатын. Жел қайдан соқса, солай қарай қалбаңдай жөнелетін флюгер сияқты жалпақшешейлік, жағымпаздық, жәдігөйлікті суқаны сүймейтін.


1987 жылдың көктемінде Желтоқсан көтерілісіне байла- нысты оқудан қуылған Табылды университетке қайта оралды,


 


жәй келген жоқ, біраз бардтық әндерін ала келді. Студенттік ортаны сағынған өнерпаздың әуені де, даусы да тым зор еді. Осы туындылары оны республика сахнасына алып шықты.


Биік шыңдардың тұлабойын тұтас жапқан мыңдаған тон- налық сірескен қарлар әлдебір жаңғырықтан немесе мылтық даусынан лықсып кетіп, жолындағыны түгел жайпап, сұра- пыл көшкінге айналмай ма?


Сол сияқты Табылдының да жан дүниесін Желтоқсан кө- терілісі тас-талқан етті, жендеттердің жауыздығын өз көзімен көрді, халыққа бағытталған қан қасап машинасы тағы да іске қосылғанын сезді. Сол, сол-ақ екен, оның көкірегінен


«Қазақ едім дегенше...», «Желтоқсандағы жыр-ән», «Гурь- евтердің әкесі Гурий Назарьевтің рухына ашық хат», «Жал- ғыздық», «Асан қайғыны аңсау», «Замани зар» атты бол- мыс пен тіршіліктің, бодандықтың тұңғиығына бойлаған философиялық астарларға бай бардтық әндер туды.


Мысалы, «Желтоқсандағы жыр-әннің» мәтініне назар ау- дарайықшы:


Мен қазақпын,


Жүре алмайтын шаттанбаса, күлмесе, Мен қазақпын,


Ішкен асын тастай салар жыр десе. Мен қазақпын,


Ашуланып талақ қылар тірлікті Шайға бола бір кесе...


Мен қазақпын, мен қазақпын, Қазақпын деп айтам ән.


Халқым үшін қан-додаға кірмей қалай жай табам?! Менің қаным тебіренсе


Тентек Каспий секілді Қинайтұғын, ұйымайтұғын, Арнасына сыймайтұғын қайтадан.


Немесе:


Қазақ едім дегенше, құсалықпын десеңші, Тұзағына талайдың тұсалыппын десеңші.


 


Сәкен, Ілияс, Бейімбет – үш арысты бір түнде, Арамыздан ап кеткен «Үш әріппін» десеңші!


Қазақ едім дегенше, бастық едім десеңші, Самар асқан составпен астық едім десеңші. Өзіме өзім, дүние-ай, қас қып едім десеңші, Қырып салған халқымды аштық едім десеңші...


Осылай бірінен бірі өткен азалы шумақтар жалғаса бе- реді. Бұлай болатын жөні де бар еді. Өйткені, Табылды Но- ғайлы кезеңінің әйгілі шайырлары Асан қайғыны, Жием- бет, Доспамбет, Шалкиіз, зар заман ақындары Махамбет, Мұрат, Шернияздың, Қашағанның, қала берді кешегі Қа- сымның, Мұқағалидың, Өтежанның, Марат Отаралиевтің, Сағат Әбдуғалиевтің шерлі жырларына қанығып өсті. Сол жырлармен ауызданған бард ақынның туындыларынан қай- сарлықтың бет шарпитын ыстық жалыны аңғарылады. Та- былдының ел, халық, заман туралы бардтық-патриоттық ән- дері Қазақстаннан гөрі көршілес Моңғолия, Қытай, Ресей, Ауғанстандағы қазақтарға етене таныс көрінеді. Мұны көзі тірісінде Монғолияға сапарлап келгеннен кейін өзі айтқан бо- латын.


Бір кезде сұңғыла суреткер Тәкен Әлімқұлов: «Маған өмірі қысқа, дыз етпе даңғаза атақтың түкке де қажеті жоқ. Мен өз шығармаларыма мәңгілік өмір сүретін ақиқатты арқау еткен жанмын. Менің тағдырым – халқымның тағдыры. Мені болашақ ұрпақ өздері іздеп табады», – деген еді.


Сол тәрізді Табылдының да дүниеге іңгәлап келіп, уһілеп өмірден өткенге дейінгі ең басты қарекеті – әлеуметтің ру- хани әлеміне ат салысып, ой толғап, жыр жазып, ән шығару болғаны ақиқат. Ендеше, мұндай дарынды тұлғаның болашақ ұрпақ назарынан тыс қалмасы анық.


Әйгілі Махамбет «Еменнің түбі сары бал» деген өлеңінде:


Арғымақ жақсы ат мініп, Жеке шығып елімнен.


Толықсып толғау толғасам, Іштегі қызған басылды-ау! –


 


деп, өнер адамына өмір бойы болмағанмен, ара-тұра жал- ғыздықтың да қажет екенін тұспалдап білдіреді.


Әр сары белінен тарих беттерінің сусылы естіліп, әр шо- қысы шежіре шертіп жататын туған далаға не жетсін! Кү- пірлік болса да айта кетейік, Табылды Алматыны қанша аң- сағанымен, Дендерде қалмаған болса, мынадай жақұт әндерді туғыза алар ма еді?!


Қалай дегенмен де, көркемөнерді ғұмырлы ететін зергер- мұң мен сағыныш қой!


Орыстың бард әншілері Высоцкий, Окуджава қоғамның ішмерездігін, қапастығын әжуалап, түңіле әнге қосса, Табыл- ды олардан да тереңдеп, өзі өмір сүрген дәуір мен тарихты қоса, қопара жырлады.


Мысалы, «Тұңғыш балықшылар Гурьевтердің әкесі Гурий Назарьев ақсақалдың рухына ашық хат» деген бардтық әнін- де отаршылдардың Жайық бойына қалай келгені, жергілікті халықтың көзіне көк шыбын үймелетіп, өзеннің маңынан жүргендерді атып-қырғаны намысыңды түйрелеп, ашу-ызаң- ды қоздырады. Сол қайсар әуен, сол мұңлы ырғақ, сол өршіл де екпінді саздарды тыңдай қалсаң жанарыңа еріксіз жас шүпілдейді.


Жалғыздық дегеннен шығады, Табылдының да «Жалғыз- дық» атты бардтық әні бар. Ұзын-ырғасы мынадай:


Жалықтым. Жабықтым. Жаңа ұқтым, Еңсемді езеді тамұқ-түн.


Сығалап қарадым мен оған, Терезесінен табыттың.


Алқымнан алады кендір-мұң, Көңілімді көрге де көндірдім. Шаршаған шылымымның шоғын, Қарашығыма сөндірдім.


Лақаттан лақтырдым бөркімді, Тәнімді жаным жеп өлтірді.


Жардағы сүгірет үні кеп, Күлкімді менің келтірді.


 


Сезімім құламай, сенделіп, Қиялым барады жерге еніп. Қараңғы тып-тымық бөлмеде, Жарқырап шам тұр тербеліп...


...Біреу келсе екен!..


Бұл қандай өлең, бұл қандай ән өзі? Бірде тауып, бірде қауып айтатын бард әнші байқамай о дүниелік адамның кейпін, тамұқтың дәл суретін беріп отырған жоқ па?


Иә, не де болса тегін емес, бұл әннің сөзінде әлдебір құпия жатыр...


Ақын Жұматай Жақыпбаев: «Жігіттер, өлеңдеріңде өлім жайлы жаза беруге әуес болмаңдар. Бұл жақсы ырым емес»,



  • деуші еді.


Енді Табылдының соңғы жазылған мына бір өлеңіне на- зар аударайық:


Алып кет мені ауылдан аға, Сені аңсап біраз шет жүрдік.


Мен өмір сүрген қауымға қара, – Айналысқаны боқ тірлік.


Жанымды салма зарлатып отқа, Болмысым сені күтті әр күн.


Алып кет мені Алматы жаққа, Азаптан сүйтіп құтқарғын.


Рәсуасы болып ессіз ғаламның, Дендерім – туған жерімде.


Махамбет құсап бассыз қалармын, Қаройдың қара көрінде.


Қаройға мені жерлетпеші аға, Дәру бол кесел-жарама!


Көшір де, кенттік пендеге сана, Алматы – әсем қалаға.


Сақи басыма намыс байланып, Жүргенде саған жолықтым.


 


Кетермін бір күн арысқа айналып, Аға, сен содан қорыққын! –


Бір кезде Үндістанды билеген атақты Бабыр патша туған жері – Орта Азиядан келетін хабаршы керуендерді сағына күтіп отырады екен. Сол сияқты Табыл да өзінің жазира жастығы өткен, талай әндері туған ару Алматысын аңсаумен өтті.


* * *


Бардтық өнер табиғатта сирек кездесетін құбылыс. Ең өкініштісі – Табыл осы саланың алғашқы қарлығашы еді. Оның құлагер гитараның құлағында ойнағанына да биыл та- баны күректей отыз жыл толыпты.


Кино өнерінің көкжалы, әйгілі актер Нұрмұхан Жантөрин өз күнделігіне мынадай жан сырын жазып кетіпті: «Мен ойнаған кейіпкердің кеудесінде менің жүрегім бар... Мендегі бар қымбат нәрсені осы дүниеге тастап кеткім келеді. Жина- ған тәжірибем, білімім топырақтағы құрттарға жем болмаса екен деймін! Әлі көп нәрсе істегім келеді...»


Иә, пенде шіркінде арман таусылған ба? Табыл да өзінің болашақ жеке концертіне мықтап дайындалған сияқты. Бала- сы Абылдың айтуынша, ұзақ жылдан бері алғашқы концертін армандап, сахнаның безендіруіне дейін өз қолымен  сы- зып, «Қыр баласы қол созады аспанға» деп дайындап жазып қойыпты. Шақырылатын қонақтарға дейін белгілі болыпты.


Амал не, ажалдың самұрық құсы кемеліне келген көкшулан дарынды дәл 45 жасында өз үйі, өлең төсегінен бүріп әкетті ғой.


Шүкір етерлік жай, Табылды жас буынға сал-серілік, бард- тықтың мектебін мұраға қалдырды. Таяуда Астанада еске алу кеші өтті. Бард әнші дүниеден өткенде Қарағанды қаласының студенттері қаралы митингі жасап, өлеңдерін оқып, әндерін шырқады.


Тараздық әнші Мәдина Сағымбекова Алматы қаласында Табылдың «Ұнатамын мен сені» әніне бейнеклип түсірді.


 


Табылды ел-жұртына 50-ге жуық ойлы да әсем әндер сый- лады. Оның әндері – халқымызды азаттыққа, махаббатқа жетелейтін тылсым күш.


Бүгінде бард әншінің шығармаларын орындайтын жас та- ланттар да жетерлік. Алайда, Табыл болу үшін оларға қайта туу керек қой.


Бозбала, осы әнімді үйренерсің, Ырғаққа келтіре алмай күйзелерсің. Асау ән жетегіңе жүрмеген соң, Біріңнен бірің естіп сүйрелерсің!


Міне, әйгілі Әсет ақын осылай деген! Жалқының жалпы- дан айырмашылығы осы арада білінеді емес пе?


«Жасағанның зырылдауығында шаршау жоқ» дегендей, бард әншінің бақиға аттанғанына да жыл толды.


Жарлауыт емес, жазық қабақ астына от  ойнай  біткен қой көзінің күлімдегені, біраз жыл көріспей, пойыздан түсе бергенімде өзіме қарай көгеннен босаған қозыдай борсаңдап жүгіргені... бәрі, бәрі көз алдыма келеді.


Қайтейін, арда туған, ақша бұлттай ақпейіл інім-ай, мен сенімен 1985 жылдың мамыр айында сағына көрісіп, 2010 жылдың қара күзінде жылап қоштастым.


Ғабдол Сланов қайтқанда Тоқаш Бердияров:


Бір өзіңде бар еді ғой мол дарын, Болмасаң да Сократ.


Кеше өзіңмен амандасқан қолдарым, Қабіріңе салып жатыр топырақ, –


деп жоқтап еді. Сол сияқты мен де өзіңді құшақтаған қол- дарыммен табытыңды көтеріп, жер қойнына бердім...


Михаил Иванович (Хакім Тілекенұлы) Есенәлиев ағамыз Омар Хайямның рубаяттарын оқып жатып дүниеден өтіпті. Табылды ініміз де қарашығы мәңгілікке қараңғыланар шақта артында аманаттап қалдырған ұл-қызын, әнін ойлағанына күмән болмаса керек.


Ендеше, осы әндердің ғұмыры ұзақ болғай!





Пікір жазу