01.03.2022
  186


Автор: Жұмабай ҚҰЛИЕВ

кЕШ, МАхАМбЕТ АРыСыМ...

Махамбет бізге несімен қымбат, нендей қасиетімен ардақ- ты деген гүжбан сауалға әп дегенде абдырап қалатынымыз неліктен? Өйткені, оның сан-салалы, күрделі ғұмырына баға беруге көбіміздің өреміз жете бермейді.


Ол – жұмыр жерді жұмыртқадай астына басып отырғысы келетін, кекірігі азған зұлым күштерге қарсы шыққан қа- һарман еді ғой...


Ол – қазақ тарихындағы алды дауыл, арты құйын әруақты ерлердің ең сұрапыл сойы еді ғой...


Ол – өз өмірін отқа тігіп, шіріген монархияның алқымына сілтенген ақ алмас еді ғой...


Ол – қара халықты хан баласымен теңестіргісі келген, дүние – боқтың бет-жүзіне қарамаған, үйінде екі-үш құрақ көрпесі мен бірер сырмағынан басқа сілкіп алары жоқ, нағыз әлеуметтің жоқшысы еді ғой...


Ол – ақындыққа, шешендікке салсаң заулап тұрған даң- ғылың еді ғой...


Ол – ұлттың мәйегінің, мисынабының пышыратпай ұстап тұратын қасиетті құтысы еді ғой...


Махамбеттерден айрылғасын біздің айран қайтадан ұйы- май қойғаны да сондықтан болар-ау!


Оның ерлігі арпалыспен өткен ғұмыры, жуан-жуандардың шатын өртеген шерлі жырлары омыртқадан суырған ақ жұ- лындай, қазір де көкейімізде сайрап тұр. Керісінше, араны жаман қорқаулар, қан тілеген ішмерсіз көрбақтар, аты қазақ,


 


заты хайуан Ықылас сияқтылар мыңғырып өсіп келеді.


Біз Махамбеттерден айрылғасын көзіне қамшы тиген ат- тай шыр айналып, азу көрсетер жерден жорға дуадақтай бұ- ғып өтіп, әупірімдеп әлі күнге жан сақтап келеміз. Алдаспан ақын бұл күйімізді көрсе «нәлет, мұндай тірлікке!» дер еді-ау! Бұл дүниеде ізгілік пен зұлымдықтың, ақ сәуле мен қа- ратүнектің айқасы мәңгі бітпек емес. Шебер тағдыр Махам- бетті өлгеннен кейін де қақпақылдауын қоймады. Асаубай бастаған жанкешті ерлер өмірін қатерге тігіп, батырдың ай- далада көмілген басын әкеліп, денесімен бірге жерлейді. Алайда, Махамбеттің бұ дүниені тастап кеткеніне 120 жыл болғанда кейбір антұрғандар оның мүрдесімен ойнағаны да өтірік емес. Әуелі оның сүйегі Алматыдағы көп қапастың бір бұрышында шашылып жатты. Кейіннен Атыраудағы әскери комиссариаттың қару салатын жәшігінде қаланып тұрды. Тағы да иманды жандардың шырылдауымен екінші рет сү- йегі Қаройға қайта жерленді. Иншалла, енді кәрі әруақты сықырлатып, сүйекті қақпақыл қылу тыйылған шығар. Біз


саған не көрсетпедік, арысым... Кеше алсаң, кеш бізді...


«Ана тілі», 11.09.2003 ж.





Пікір жазу