28.02.2022
  311


Автор: Абдрахман Асылбек

Тіршілік түйіні

Бірде жайлап сұрақ қойды сымбаттым:
– Жалтақтамай жауап берші, қымбаттым.
Ұл баланы неге жақсы көресің?
Амалсыздан жар алдында тіл қаттым:
«Дұрысында ұл да, қыз да бәрібір,
Дей алмайсың ешбіріне:
«Әрі жүр!»
Көзді тартқан қуанышың емес пе,
Қызғалдақтай қызың болса жаны гүл?
Айыратын алыс пенен жақынды,
Аңғарымпаз ұлың болса ақылды,
Өміріңді ұластырып өмірге,
Шығармай ма адам деген атыңды?
Өзің тіккен керегені құлатпай,
Түтініңді тұтандырып шырақтай,
Есіміңмен еркін аға бармей ме,
Дарияға қосылатын бұлақтай?
Аялаған,
Ал, қызың ше... ал қызың,...
Баға жетпес болсын мейлі жалғызың,
Басқа отауға тайып тұрса бір күні,
Дей алар ма ең:
«Артымда бір қалды ізім?»
Жарым сол кез тауысып бар тағатын,
Жайып салды асқақ ойдың қанатын:
«Кім ендеше сол ұлдарды табатын?
Кім ендеше сол ұлдарды бағатын?
Ана емес пе сол ұлдарды табатын?
Табатын да, аялайтын, бағатын?
Баласының бақыты үшін шарқ ұрып,
Шыбын жанын от пен суға салатын.
Рас, қызың от басында қалмайды,
Жасы жетіп,
Басқа жұртқа самғайды.
Барған жерде бағы жанып, ана боп,
Ол да сенің өміріңді жалғайды».
Көңілімнің басылып бір құйыны,
Көкіректі тербетті тың күй үні.
Адамзаттың үзілмесе ғұмыры –
Осы екен-ау тіршіліктің түйіні.





Пікір жазу