Жаза
Елден ерек қыры түсіп,
Біздің үйге ұры түсіп,
Көп нәрсені үптеп кеткен,
Ашуландым жыным қысып.
Дүние емес қысылғаным,
Ақшасы да құрсын бәрі.
Сақтап жүр ем алтын жүзік,
Белгісі деп мұсылманның.
Жазулы еді «Алла» деген,
Оны Тәңір таңба деп ем.
«Қолың сынғыр» деген едім,
Қарақшыны қарғап ерен.
Қолға түссе, жойғым келді,
Сол ұрыны сойғым келді.
Сол кез біреу сыбырлады:
«Ашуыңды қойғын енді.
Сабаңа түс, сабыр сақта,
Сүрінсек те, жаңылсақ та,
Көріп-біліп отырады,
Бәрі де аян Тәңір хаққа.
Жөнсіз жүрген салып ойран
Ұрың жаза алып қойған:
Орға құлап, қолы сынып,
Ұрлығынан қалып қойған.
Құдіретіне бір Алланың
Сенсең – сенің нұрланғаның.
Әлі ертең-ақ екі еселеп
Орны толар ұрланғанның.
Алла жолын ұғынбаған,
Қылмыс қылған зұлым, надан.
Жазасын бір тартпай қоймас», –
Періште екен сыбырлаған.