Өлген ақынның өзін жерлеуге жиналғандар алдындағы монологі немесе қабір басындағы сөз
Бұл дүниенің қызығына тоя алмай,
Жортып жүрген жігіт едім қояндай.
Енді бүгін тас табытта жатырмын,
О, Алла-ай!
Кетемін бе оянбай?
Жүруші едік бірде тату – достасып,
Жүруші едік бірде қату – оттасып.
Енді бүгін түк болмаған секілді,
Топтасып,
Келіпсіңдер қоштасып.
Мен сендерге дей алмаймын артық-кем,
Ондай сөзді айтатұғын хал біткен.
Енді бүгін міндетіміз дегендей,
Тартып дем,
Көмесіңдер тәртіппен.
Одан кейін қаза асына отырып,
Кезек-кезек сөйлейсіңдер лепіріп:
Талант еді, тамаша еді демеңдер –
Өтірік!
Сұранамын өтініп.
Жалған айтқан жандарды мен тек бірден,
Шеттерінен сояр едім от тілмен.
Әттең, әттең, өйте алмаймын, өйткені,
Жоқпын мен!
О дүниеге кеттім мен.
Бірақ, менің артта қалған ұлым бар,
Ұлым болса – сөнбейтұғын нұрым бар.
Бірте-бірте өзім болып жасайтын.
Ұғыңдар!
Өлмейтұғын жырым бар.
Рахмет, мені жерлей келгендер,
Бұл бейітке мезгіл жетпей келмеңдер,
Бүгін тірі екенбіз деп сенбеңдер,
Өлмеңдер!
Жаманшылық көрмеңдер.
Қош!
Қош!
Қош!