28.02.2022
  151


Автор: Абдрахман Асылбек

Тыныс

Бір танысым шақырып, үй көрсетті,
Үй көрсетті – сияпат-сый көрсетті.
Кез келгеннің қолынан келе бермес,
Асып-тасқан айрықша күй көрсетті.
Төрт бөлмесі тірелген асыл бұйым,
Болса, шіркін, осындай басыңда үйің!
Едендерде керемет түк кілемдер,
Еркін аттап, аяқты басу қиын.
Ыдыс-аяқ шетінен алтындаған,
Шағылысып сәулесі жалтылдаған.
Осыншама бағалы бұйымдардан
Ә дегеннен леп ұрды салқан маған.
Шыны заттың бәрі де хрустальдан,
Шұғыласын шашады бұрыштардан.
Тиіп кетсең, төгіліп кететіндей,
Сыңғырайды сиқырлы дыбыстардан.
Көздің жауын алады стакан да,
Бара бермес батылың ұстағанға.
Бір рюмка шарапты әрең алдым,
Үй иесі қиылып қыстағанда.
Мұражайға сезіндім кіргендейін,
Ішілмеді шарап та бірден кейін.
Ебін тауып есіктен шығып кеттім,
Дедім-дағы көңілді бір демдейін.
Шығысымен сытылып далаға енді,
Тынысым да кеңейіп сала берді.
Хрусталь мен алтынның арасында
Сол танысым көміліп қала берді.





Пікір жазу