28.02.2022
  289


Автор: Елена Әбдіхалықова

«Бір ғана белгі.. »

 


жырау Айнұр Ешбаевамен қоштасу сөз


 


Тәңірім! Күбір-күбір, жыбыр-жыбыр тіршілік тәнімізге жабысып алып, өз ықтиярына бағындырып, олай жүгіргізіп, бұлай жүгіргізіп бақи дүниеден бір-ақ шығарасың-ау. Бұл туралы айтып отырған мен емес, Тәңірім. Маған дейін талайлар, білесің бе талайлар айтып, аһ ұрып күрсініп, күңіреніп кеткен. Ендеше менікі жәй әңгіме. Жоқ, тіпті олай емес, күнделікті әдетім – күрсіну. Ал, күлкі  деген      сосын,


Тәңірім, одан соң барып....


.... Япыр-ау, менің шын халім осы ме еді, әлде.... қайда әлгі ахау әнім, сал жырым, күй домбырам!? Күйбең–күйбең өмі –ай, бәрі лезде жоқ болып барады ғой, әрине мен (тән - өзімді айтам) бар сияқтымын, жан-өзім жылайды неге?! Ә, жаныңның нұры түгесілді десейші... Неге екен? Кеше ғана еді ғой Ай нұрының жарықтығы, анықтығы. Кеше ғана еді ғой Айымның туғаны, Күнімнің күлгені. Е,


ашық күнгі найзағайдың оғы екен ғой аспандағы Айыма қадалып тұрған....


Тәңірім, мен білмеппін бұлтсыз күні де найзағай ойнап, жасыны жайратып салатынын. Мен тек ашық күнде де Ай-дың Нұр-ы төгіліп тұратынын сезетін едім, көретін едім. Бірақ ондай Айдың ғұмыры қысқа болады деп ойламаппын, аңдамаппын....


....Ол – Ай десе Ай еді, Нұр десе Нұр еді! Топты жарған талантына талайларды табындырған тарланбоздың бірі еді. Текті еді... Бәрі рас осы айтқанымның. Сен оның растығын өзінен сұрай алмайсың. Өйткені ол енді жоқ! Саған да, маған да, оған да менің Айнұрым жоқ. Тәңірім, түсінесің бе, тыңдаушым түйсінесің бе!? Мен ол туралы айтар болсам майдалап майпаздамай, мәнерлеп сүрлемей- ақ, мынау дүниеге естілердей айқайлап, аңырап айтқым келеді…Менің «Айнұр»   деген жай сыбырымның өзін жалпақ дүние дүр етіп көтеріп әкететінін анық сезем. Аппақ аспан алабұртып, аласұрып, аһ ұратынын білем. Ендеше менің жүрегімдегі қаршадай жырау Айнұр тек маған емес, маң далаға, маңғаз аспанға, қарлы тауларға, қара орманға, қараша үй, қара балаға, бәрі-бәріне керек еді. Көркі еді солардың....


.... Пенде болғасын кеудеге толған арманның орындалуын аңсайсың, талпынасың, тірлігіңді соған қарап икемдейсің. Әрине, оған сенің де, менің де мүмкіндігім жеткізеді. Кейде маған біреулердің бақытты болып жүргендігі кеудесіндегі арман аясының тарлығынан


 


сияқты болып көрінеді. Өйткені адами өмірді ішіп-жеу, киіну, байлық, дәулет, марапат, мансап тағы басқа пендеуи тірліктің көрінісімен өлшеп, соған алданып, жалданып, кейбіреулері мастанып, былғанып, бүлініп жүрген жандар аз ба? Қойшы, тіпті, соларды жөндейтін мен емеспін. Жөндегім, жөн айтқым, көрсеткім, көргім, көрінгім де келмейді. Мен тек бостандықты қажет етемін. Жанымның бостандығын. Ол да тап мендей бостандықты сүйетін еді. Бостандық деген болбырау немесе босаңсу емес. Өмірден өз үлесіңді алу да емес, бірақ келер өмірге өз үніңді, өз ізіңді қалдыру. Бұл әсіресе, өнер адамдарына өте қажет, онсыз өнер жасау мүмкін емес.....


Ал менің Айнұрымның жөні бөлек жырау еді. Оның домбыра қағу сауатын, қаздиып отырып шырқаған қоңырау үнінің әсерін елемеу, ескермеу тек көкірегінде саңылауы жоқ адамның ғана қолынан келетін шығар....


Кең тынысты ретімен қолданып, әрбір өсиет термені қазықтай қағып, тыңдаушысын тырп етпестей күйге салатын. Біреулер сахнада көзін қылмыңдатып, қасын қозғалақтатып, жорта көлгірсіп, әнді емес, әуелі өзін көрсетіп жатса, оған Айнұржанның еркекше кіжінетін жан тазалығына сүйсінетін едім. Кейбір «өнер адамдары» құдайдың берген өнері мен өз қолынан жасаған «жасанды өнерді» шатастырып, өзінің болар-болмасын дәріптеп, дақпыртып, далақтап жүрсе, Айнұр барынша қарапайым өмірдегі һәм өнердегі аз ғана ғұмырымен талайдың жүрегіне жол тауып еді.


Тәңірім, пендеміз ғой... Кейде «Айнұржан, сен өзіңнің бір сағат, жарым сағат концертіңді теледидарға жаздырсаңшы» десем, «Қойшы, осы күні өнер кімге керек, мен не тәйірі, ауылда (Қармақшыда) ешкімге керек болмай, құмның арасында талай саңлақтар қалып жатыр ғой» деп күлетін де қоятын. «Құмда қалып жатқан» ағаларының бірі – Бидас Рүстембеков екенін және қосып айтатын. Тағы да «Бидас ағам мені мақтаныш етеді» деп, шын қуанатын. Өйткені, Айнұр үшін ұстазы Бидас Рүстембековтің қуанышы мен мақтауынан асқан атақ, дәреже жоқ тұғын. Бұл Айнұрдың өнерге деген адалдығын танытады. Сыр бойындағы шынжыр балақ жыраулық өнерінің жүздеген әскер қатары болса, соның көшбасында тұрған Жиенбай, Рүстембек, Көшеней жыраулардың жалғасы Бидас ағадан бата алу Айнұр үшін әрине - бақыт. Ол соны жасырмай, шынайы көрсете білетін. Өзін сол өнерге қызметші есебінде міндетті адам деп сезінетіндігіне мен әбден қанықпын. Ал, менің кейбір (аға-апаларымда шаруам жоқ) іні- сіңілілерім өнерге емес, өнерді өз қажетіне пайдаланып, өнерді арттырмай, өзін асырып жүргендерін көргенімде жаным ауырады. Ондайларды «інім-сіңілім» деуге аузым да бармайды, оларды өнердің адал азаматы деп тани алмаймын да. Осы тұрғыдан келгенде өнер адамдарының арасында туатын күндестік, бақастық пайда болады. Бақасу, күндеу болымсыздың ісі екенін білген адамның іші қан жылап


 


қана қояды екен. Күресіп, жою ол күштінің ғана қолынан келеді. Ал, әлгілердің артында менің қалтасы қалың ағаларым, тұғыры мықты әкім-қараларым, тамыры білдей апаларым «қорғап» тұрады. Одан соң өз қолыңды өзің шабасың ба, барлығы менің өз елім, Отандасым, жерлесім, қайран қазағым...


Құдай-ау, мен Айнұрды айтқым келген екен ғой, неге өз жәйімді.... Иә, иә, оның да қолын жеткізбеген әлгіндей тексіз күншілдік, бақастық екеніне күмән жоқ. Өйткені, қыз жыраулардың ханшасы Шамшат апа Төлеповадан кейін Айнұр Ешбаеваның ақ ордасы тігулі тұруы керек секілді. Бұл менің өз ойым, өз бағам. Марқұмның көзі тірісінде осылай деп айтсам, «мені жұрт бағаламаса қойсын, сенің берген бағаң жетеді» деп әзілге жеңдіретін.


Былтыр күзде Маңғыстауға Ақкетік (Форт Шевченко) қаласының


150 жылдық мерекесіне орай өткізілген ақындар және жыраулар сайысына бару сапары Айнұр екеуміздің жолымызды тоғыстырды. Оның бұрын-соңды алыс сапарға шықпағандығын ескертіп, мамасы маған әдейі тапсырып, шығарып салып жатты. Барған жерде аяғымызды жерге тигізбей күтіп, қошемет көрсетілгенде жас жыраудың жарқылдай жанғанын көзіммен көріп едім. Айнұр жырлағанда бүкіл Сыр елі маңғаз Маңғыстауға көшіп келгендей бір жағынан асау Каспийдің толқыны ұрып, бір жағынан шағаладай шарықтатып Айнұр салған терменің құйқылжыған әуені мені одан сайын құмарландыра түсті. Сондай үннің, сондай ақиықтың қазасына күні бүгінге шейін хабардар болған Ақкетік азаматтары «сіңіліңнің алдынан жарылқасын» деп телефон арқылы көңіл білдіріп жатады. Мен үшін тағы бір тарихи жағдай мынау: сол елден келе жатқанда жол үстіндегі жағдайларға ашуланып, түрім бұзылыңқыраған болуы керек, Айнұр:


«Ой, Леке, түрің жаман болып кетті ғой, неғыласың! Айтпақшы, мен


саған бір ән көрсетейін деп едім, сынап берші» деп домбырасын алып ыңғайлана бастады. Сондағысын жай менің көңілімді аулап, ашуымда тарқату деп ұқсам да әлгі әнді тыңдаған соң қатты қуанып кеттім.


«Өзіңнің әнің бе, әнің нешеу, өлеңі кімдікі» деп қуанышымды үсті- үстіне сұрақ қылып үйдім. Ол бағанағы «жаман түр» мен жаңа жадыраған күйді түсінбей қалды білем, «Не дұрыс емес пе?» деп аңтарылып қалды. «Дұрыс, бәрі дұрыс, қане сөзін қағазға түсіріп бер» деп, домбырамды қолыма алып өзім ыңылдап үйрене бастадым. «Әлі әніңді мен айтамын» деп қоямын. Ол «өзі осы жалғыз ән, шын айтшы, айтуға бола ма?» деп сеніңкіремеген сыңай танытады.


Шындығында бұл ән маған қатты ұнаған еді. Өлеңін Кеңшілік Мырзабековтің жыр жинағынан алыпты. Сол бір жалғыз ән жүрегімдегі Айнұрды тіпті басқа жағынан танытты. Мен сол жолы оған өнер адамы ретінде де, жай адам ретінде де қатты риза болып, ғашық болып қалып едім. Сөйтіп жол бойы ән туралы пікір алысып, тебіреніп, толғанып, шер тарқатысып, жадырап елге жеттік.


 


Ешкімнің сіркесі су көтермей, еңсемізді сел қаптап жүрген заманда біреуден құттай жақсылық көрсем жарылып қуанатын мен Айнұрдың сол жолы алған әсерімді айтып жеткізе алмаймын. Дүниенің көзі былшық-былшық бұл заманда ондай адамдарды кездестіру сиректен сирек. Менің қолыма қалам алғызып, қамыға сөз жаздырып отырған сондай бір қимас жанның жоқтығы. Жоқтығы ғана емес, оны сүйетін, құрметтейтін жұртшылықтың жан күйзелісі.


Біреуден бұрын кеткендер де ол жақта ту тігіп жатпаған болар, біреуден кейін қалып дүниенің жыртығын бүтіндеп жатқанымыз да шамалы, тек қара жерді қайырып басып жүрміз демесек...


Әйтеуір ит тірлік өтіп жатыр. Бір өнер болмаса, бір бастың қамын жемес едім-ау. Ал, өлгенімізді жоқтамай, өзектен шер тарқатпай, өнеге көрсетпей, өрелі ел бола алмаспыз, сірә.....


... Тәңірім, амал не, сен мені естімейсің! Айым Нұр-лы, әнім мұңды-ақ болсын! Ән демекші «Көз алдымда тұрсың сен» - Айнұрдың әні, шын сезімнің әні, өмірдің әні, мәңгі соғар жүректің әні!


«. Бір ғана белгі қояр да қоймас. Қоя алмас!


Тас қойып барып табынғанға ешкім оянбас!», дейтін бе еді сол әнде.....


 


 


 


Қызылорда, 1997 жыл





Пікір жазу