Жанталас
Таңертеңмен сықиып киініп, жұмысқа келе жатқан қызметкердің кеудесіндегі үміт көгершіні жақсылықтың жаршысы болуды алдақашан қойған. Нан жеп, напаха айырып отырған қызметінің түрі сондай болғасын, көңіл көгершіні де тек бір күндік жемтік іздеп қана шарқ ұрады. Қарны тойса, ешкім тиіспесе, “сен тимесең, мен тимен, бадырақкөздің” кебін киіп, орғанына емес, қиғанына семіріп жатқан тіршілік иесі. Аз күндік тіршілігі – тіліп-тіліп сөйлеп, сілкінтіп жұмыс атқару емес, бұғып-бұғып жүріп, күн көру.
Теп-тегіс етіп асфальтталған тротуардың үстімен келе жатып “өмір қандай рахат” деп қояды ішінен. Рахаты – алдында жемтігі болса болды, артына бұрылып қарағысы келмейді. Қарағанда не көреді? Ауылдағы анасы “Қарағым, бәленшенің балдары жұмыссыз еді, қара жұмыс іздеп қалаға кетіпті, хабарың бар ма?” дейді. Хабары бар болғанда не істейді? Олардың да нан үшін жүргенін біледі. Ертең бір жерге тұмсық сұғып алса, өлмейді ғой. Бәрінен өзінің қызметін айтсайшы. Ертең бастығы ауысып кетсе, далада қалмақ. Соны ойласа болды манағы рахат өмірі кенет тамұққа айналып шыға келеді. Бастық әр өзгерген сайын бұл бір өліп-тіріледі. Қайта – қайта өліп- тіріле бергесін, көкірек көзі былшықтанып, зіл басып, бақыт құсын аңсауды қойған. Басымен қайғы. Арман-қиялы алға жетектеуді де ұмытты. Ол да тастап кетті-ау шамасы. Енді міне, жарқын күлкі, жақсы пейіл адамдықтың ауылынан адасып қалып, бір күндік аз – кем мансаптың жетегінде лауазымның құлы болып, емпеңдеп тағы да кеңсеге келе жатыр.
Сырт қараған адамға қызметі дардай, даңқы мен дақпырты
түпкір-түпкір ауылдарға дейін жетіп жатқанына масаттанып, маң-маң басып келе жатқан әжептәуір кісі. Ал көзіне қарасаң, жалтыл мен жұлтылдың орнына қулық пен сұмдық оранып қанталаған нұрсыз бірдеңе, бет-әлпеті ар мен ұяттың пердесін сыдырып қойып, шындықтың шығы түссе, сырғанап тұрмайтын тайғанақ жылтыр дөңге айналған. Екі құлағы едірейіп, қабағынан қасиеттің табынан гөрі, қасіреттің көлеңкесі көбірек көрінеді. Бірақ, осы күніне риза кейіп танытқысы келетін секілді ме? “Бөрі арығын білдірмес” деген осы емес пе? Өзі де опасыз бір күндік мансапқа құл болып бара жатқанын сезбейтін сияқты. Әйтеуір, жұмысы тыныш болса болды. Жұрттың соңғы кездегі пышың-пышыңы жаман. “Бәленше министрдің орнына түгенше келеді екен” деген сыбыстың айтылғанына да біраз айдың жүзі болып қалды. Тағы ырду-дырду басталмақ па? Мұның басы қайда домалар екен? Жатса-тұрса ойлайтыны – сол.
Қызметі құрғыр да қолдың кірі ғой. Жұрттың айтқан сыпсыңы
айнымай келіп, жыл айналар-айналмастан министрі қызметінен
босады да, орнына жаңа министр тағайындалды. Бұған дейін талай бас мүжіген, талай орынды тоздырған, енді қызмет істемесе де мұртын балта шаппайтындай жинап алған қоры үрім-бұтағына жетіп артылатын, десе де әлі де зейнет жасына шыққанша, екі-үш жыл ермек қыла тұратын бір биліктің тұтқасы болса жаны қарсы емес, тілегі - мансап біреудің тағы да бағы жанды. Бағы жанды деген сол емес пе, өзі болған министрліктің қызметіне қатысы болмаса да, жоғарыдан айтты бітті, министр болып шыға келді. Ең бастысы жоғары жақ айтса болды, талқылауға жатпайды. Мамандығы механик болса да білім саласын, тіс салатын дәрігер болса да сыртқы істер министрлігін басқара береді. Сонау уақыттың “Мамандар барлығын шешеді” деген қағидасы өзімен бірге кетіп, сүйегі қурап қалғалы қашан. Қазір керісінше мамандар ештеңе шешпейді, бастық айтса болды. Қандай рахат! Мұндай демократияны ойлап тапқан адамның атасына мың алғыс. Ендігі марқұм болып кеткен шығар, иманы саламат болсын.
Жаңа министрдің енді құлшына жұмыс істеп, көрініп қалуы керек.
Әуелі миында дызылдап “Мені жұрт мойындайтындай не істесем екен?” деген ой тұрды да қойды. Жаңа қызмет, жаңа кабинет, жаңа ұжым, жаңа көлік.... Ол да барлығын жаңаша бастауы керек. Алдымен ұжымдағы адамдарды “сүзгіден” өткізіп, “керек еместерін” лақтырып, орнына өз адамдарын - “командасын” орналастыруы керек....
...Бұл - қызметке жаңа тағайындалған министр біткеннің әдісі екенін жұрттың бәрі түсінген. Сүзгіден қалай аман қалудың да жолдарын жақсы меңгерген. Қарамағындағы қызметкерлер алдымен, келген министрдің өзі туған жаққа қатысы бар-жоғын іздейді, сосын оның бұрынғы қызмет істеген жерінен тамыр - танысын қарастырады, ең соңында осы екеуінен ештеңе шықпаса, лауазымы бар біреуге айтқызады. Сөйтіп аман қалмаса, анандай сүзгіден басқаша құтылуы екіталай. Министр қызметкерлерді өзі тікелей сүзгіге салмайды. Оған ең бірінші бұрыннан қызмет жасасып келе жатқан әріптестері көмектеседі. Қызметте сәл абыройы артып, халық арасынан жақсы аты шықса болды, кейбір әріптестерінің терісі жиырылып, ішкен асы тамағынан өтуді қояды. Ілік іздеп “Бұл қайдан келген? Кім алып келген?” деген сияқты жан-жақты зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Сосын сондай ілік іздеушілер топ-топ болып бірігіп жұмыс жасайды. Бірінің вице-министрге, екіншісінің министрге сөзін өткізетін мүмкіндіктері бар, барлық арман-тілегі жаңағы бір қызметкерді құрту болып, бар күшін соған сарп етеді. Сөйтіп, “құрту” операциясы жүреді. “Құрту” операциясы әсіресе, бір министр кетіп, бір министр келіп жатқан абыр-сабыр уақытта жүзеге асырылады. Министрліктегі департамент, басқарма басшылары мұндай “құрбандыққа шалу” әдісін өз қызметін сақтауға пайдаланады. Қызметкерлердің арасында сұрыптау жүреді. Баяғы колхоз, совхоздың кезінде үкімет малдың жас- кәрісін есептегенде сұрыптайды деуші еді. Бүгінде адамдардың
сұрыпы болатынын осы мемлекеттік қызметтен көресіз. “Анау ананың адамы, мынау мынаның адамы. Анау ананың көңілдесі, мынау мынаның балдызы. Анау ана жақтан, мынау мына жақтан. Ол бәлен жүздікі, бұл түген жүздікі”. Қойшы, әйтеуір сұрыптаудың небір классикалық үлгілерін көресіз. Қарға тамырлы қазақ екеніңіз осындайда білінеді.
Әрине жаңа министрмен бірге негізгі жауапты орындарға оның өз адамдары жайғасады. Әсіресе, финанс, бюджет - өз қолында болуы керек. Ал, бұрынғы министрдің тұсында қызмет еткендер орнымнан айрылып қалмайын деп жанталасады келіп. Ол жанталастың түрін көрсеңіз. Ең алдымен, бастықтардың мінез-құлқы 360 градусқа өзгереді. Жиналыста айқайлап сөйлеуді, кісіні ғайбаттауды, жай қызметкерлердің сәлемін алмауды қояды. Аса инабатты, өте тәрбиелі кейіпке енеді. Жусаннан аласа, бетегеден биік түрлері біртүрлі аяныш туғызады. Жағдайыңды сен “Саламатсыз ба?” дегенше өзі сұрап бітеді. Ақпандағы бураның жын шашқанындай мінез құлықтары селдетіп жауатын бұлттай түйіле қалып, министрлікте тымырсық ауа райы қалыптасады. Әрине, оның бәрі жаңа министрдің бұйрығымен орындарына қайта бекігенше ғана. Ал бекіп алғасын құтырған хайуандай жан-жағына “шабуыл” жасай бастайды. Неше апта, неше айдан бері іштеріне жиналып қалған жынын шашып, көзінен де, сөзінен өзінен басқа кісі жоқ, дүниеде ең ақылды өзі ғана болып шыға келеді. Өйткені, оған бұлтартпайтын айғағы бар - жаңа министр оның соншалықты “қабілеттілігін” бағалап, орнына қайта қалдырды ғой. Баяғы аз күндік иба, инабаттары көзден бұл-бұл ұшады.
Жаңа министр болса, баяғы арманын жүзеге асыру мақсатында
ұжымның екі аяғын бір етікке тығумен әлек.
Жаңа министрмен келген команда мүшелерінің айы оңынан туып, өктем сөйлеп, нық басып, барлық деңгейде құқылы күйде өмір сүреді. Баяғыдан қызмет атқарып келе жатқандар олармен ең алдымен өздері амандасады. Тәртіп солай. Әйтпесе, анау министрге бір сыбырласа, күнім бітті дей бер.
Ұжымда жаңадан келген команда мүшелерімен “оң” қарым- қатынаста болуға ықтияр адамдар пайда болады. Олар аналармен сол байланысын әжептәуір абырой көріп, демде өктемси қалады да, қит етсе, “кеше келген бәленшекеңнен сұрайын, сонымен ақылдасайын” деп ежелден еті ажырамаған кісіше әмпәй-жәмпай болып қалады. Бұрыннан ым-жымы бір адамдарша ұры көз, пасық пейілмен бәлденіп шыға келеді. Департамент басшылары министрдің командасындағы кісілерге ерекше ілтипатпен, қамқорлықпен қарайды. Бір жақтарға іссапарға шығу керек болса, ең алдымен министрдің командасы аттанады. Осы екі арада жақтырмайтын біреулерді құртуға талай жұмыс атқарылады. Ал, жаңа министр күн сайын “бұған дейін не бітіріп отырсыңдар?”, “кілең дым білмейтіндер” деп зекіп,
қарамағындағыларға бас көтертпестен, өз мақсатын жүзеге асыра береді, асыра береді.
Жаңа министр алғашқы айларда өз кабинетіне тек департамент басшыларын ғана шақырып, олармен жұмыс жасасқансиды. Өзі министр болып тағайындалған саладан түк хабары болмағандықтан, бүкіл министрлік болып жаңа министрді “оқытуға” көшеді. Бұл министрлік немен айналысатынан бастап, оның басқалардан не айырмашылығы барлығына дейін айтылып, жаңа министр қайта “мектептен” өтеді. Бұл процесс жарты жылдың олжақ-бұлжағына жетіп жығылады. Жаңа министрмен қоса, оның ізімен келген нөкерлері де осындай оқудан өтеді. Өзі қызметке келген министрліктің мазмұнын түсінбейтіндері қарапайым ежелден қалыптасқан заңдылықтарға көзін алартып, “А, почему так?”-деп айдалаға лаққанды көрсеңіз де, таңқалмайсыз.
Министрлікте бұрынғы министрдің атын аузыңа алуға қатаң тиым
салынады. Бірақ ол тиым ешқандай құжатпен, заңмен бекітілмеген, тек жай ғана біздің қоғамның салты сондай. Қаншалықты халыққа қызмет етсе де бұрынғы министрдің аты жаңа министрдің көзінше аталмауы керек. Алда-жалда “бұрынғы министрдің кезінде мынадай халыққа пайдалы іс жасалып бастап еді, соны жүзеге асыру керек” дей қалсаңыз, “чего, та была тупая программа” деп, аузыңызды жауып, “ойбай, мынау ананың адамы екен, саған жаңа министр ұнамаса, бұрынғы министрмен бірге кетпеймісің?”-деп маңайыңдағылар дұшпанға айналып шыға келеді. Одан соң ұрынарға қара таппай жүргендердің құдайы берді дей беріңіз. Оны айтасыз, кезінде “біздің бәленшеке, түгеншеке” деп министрдің асты-үстіне түсіп жүргендер лезде жаңа министрге бейімделе қалады. Бір кезде “О, бәленшекеңнің министр болғаны қандай жақсы, бұл кісі осы саланың адамы, енді күніміз оңынан туатын болды”- деп жүргендер бұрынғы министрдің сыртынан “өзінің де кінәсі көп, саланың жұмысынан хабар жоқ еді” деп, тайқып шыққанды да көресіз. Сөйтіп бұрынғы министрдің алды- артына бір уыс топырақты осылай атасыз....
Тап осы әдетінше тағы да біреу министр болып тағайындалды.
Енді қамшыны басып қалуы керек. Қолда барда мұрнын бір сіңбіріп қалуы керек. “Тіске жұмсақ қайда не бар екен?!” дегенше уақыт зыр етіп өте шығады. Үлгіріп қалуы керек. Жаңа министрдің жанталасатыны сол. Ертең “жаман айтпай, жақсы жоқтың” кері келіп, отырған орынтағынан аунап кетсе, “қап” деп бармақ шайнап қалмауы керек. Өмір шіркін бір-ақ рет беріледі ғой. Министрлікті де қайта-қайта ешкім бұған бере бермес.....
Ал, министрлікте баяғы дүрбелең, үрей мен күдікке толы кеудесін арқалап жүріп, толқынды теңізде тұншығып қалмайын деп, қалт-құлт етіп әр нәрсені қармалаған әркімдікі өзінше бір жанталас....
....Сықиып киім киген қызметкер осы сұмдықты күнде көзбен көріп жүрсе де, жүрегі дір етуді қойған. Тіпті, еті өліп кеткені сонша,
тітіркенбейді де. Кеш бата тротуармен тықылдата басып, үйіне қайтады. Осылай бір таң атады, бір кеш батады. Ол бәріне риза: өтірік біреуді мақтағанға да, жалтарып, жалған сөйлеп-күлгеніне де, әлсін- әлсін алмасқан бастықтарының бас көтертпей төпелегеніне де, қызметтестерінің адамдық дегеннің иісін сезінбей, сәл нәрседен сатып кететініне де, тіпті өзі де сөйте алатынына мәз.
Тротуар жиегіндегі тұнжырап тұрған ескерткішке қарап: “Иә, арсыз болмай, атақ жоқ, алдамшы болмай, бақ қайда?”-деп дұрыс айтқан екен ғой мына шал”-деп ойлап қояды. Солай күбірлеп келе жатқанда анау түпкіріндегі бір сезім селт етіп бас көтергенмен, құл санасы “қой, қой” деп ырық берер емес. Құл санасы оған тағы да “тыныш, жаңа бастығың қандай болып келеді, ойлан”-деп ақыл бергенсиді.
Тротуармен келе жатып зәулім үйлерге, биік ағаштарға көз салады. Бәрі көзін жұмып, құлағын басып, басын жел қалай шайқаса, солай қисайып, “тыс-с-с” дейтін сияқты. Кейде қаладағы у да шу көлік жүрісінен басы айналып, барлығын селк еткізіп, бар дауысымен айқайлағысы келеді. Тағы да құл санасы оянып шыға келеді де: “Қой, оныңды кім естиді?” дейді. Әйтеуір шыбын жаны жанталасып шықпай жүргенімен, іші өлгені анық. Жан-жағына қараса жұрттың бәрі сондай. Ендеше мұныкі не? Жанталасар жөні жоқ...
Осылай жан-дүниесі алай-дүлей болып жүріп, үйіне қалай жеткенін, қоңырауды қалай басқанын сезбей қалады. Тек есік ашқан аяулы жарының жарқыраған жанарын көргенде ғана жанталас өмірден жырым-жырым болып, әбден шайлыққан жүрегі лүпілдеп соға жөнеледі ....
тамыз, 2006 жыл